Бір ғасыр бұрынғы ереуіл
(Жалғасы)
– Ертеңгісін Жұбекештің балық қорасында боламыз, – деді Красников серейіп тұрған Солодовниковқа, өзі асығыс киіне бастап, – сол араға азанғы ондар шамасында бар, ал қазір жатақханаға кіріп шығайық. Біздің қыздармен біраз әзілдесіп, серігіп қайтқын!..
Амал қайсы, ол да, Нарке де қорбаңдаған ашулы шалдың ізіне ерді. Солодовников екі дәудің арасына кеп қыстырылғанын енді білді. Екеуінің бірі тақымының арасына салып езіп жібермесіне кім кепіл? Не істемек? Кімнен ақыл сұрамақ? Арқасындағы таудай панасы – Кеңес өкіметіне сүйенуді, соның атынан кесімді сөйлеп, дабыл қағуға бос кеуде жасқаншақтық жасады. Ол неде болса, бүгін де, ертең де тіл қатпауға бекінді. Ал бүгін соның сәті келіп-ақ кетті. Олар жатақханаға тойға жиналғандай қызыл-жасыл киінген, шырқата ән салып, дөңгелене би билеген қыздар қауымының қоршауында қалды. Төсек-орынның бәрі тау болып үйіліп, кең бөлменің бір бұрышында жатыр.
– Доғарыңдар енді! – деген Красниковтың өктем даусын да ешқайсысы есітпегендей, оның өзін де қыздар тобы би құшағына алып, шыр айнала берді. Красниковтың түтігіп, әрқайсысына аса таяғын ала жүгіргенінен де дәнеңе шықпады. Қаймыққан, қаша жөнелген болып аулақтай түседі де қайта қоршайды. Әрқайсысына бір жүгіремін деп әбден діңкәсі құрып, әлі кетті. Солодовников пен Нарке болса, – айдында жүзген аққулардың ортасына кіргендей алғашқыда тәкәппарланағандарымен, кейін бойлары балқып, өздерінің би толқынына қалай қосылып кеткендерін де байқамай қалды.
– Ой, оңбаңдар, оңбағырлар. Салдақы кілең, – деп бай қарғысты жаудырып шығар есікке таман жылжи берді…
***
Жұбекештің балық жинайтын ат шаптырымдай кең қорасына биіктен, назар салар болсаңыз – шаналарын түйеге, атқа, өгізге, ешекке жегіп, ал көлігі жоқтар шана толы балықты өздері тартып солай шұбап жатар еді. Бұрын үш бай қабылдаған балықты енді бір өзі алып, үлкен іске құлаш сермеген қияқ мұртты, шоқша сақалды, қызыл шырайлы, жүзі жылы, орта бойлыдан аласа, мығым денелі төртбақ жігіт ағасы – Жұбекеште “тым тәуір басталған істі бүлдіріп алмасам жарар еді, – деген қауіп бар-ды. Байлар әр пұтын 5 тиынға келіссе, бар балықты аудара салудан тайынар түрі жоқ-ты. Оған себеп, балық қырманы тіпті биіктеп, оны қатырып жөнелту жағы күннен-күнге сылбыр тарта берді. Атты тағалаудың өзі проблема еді. Оның ұстасы да байсыз тырп етпейді. Азық-түлік дүкендерін байлар жауып тастады. Қайсыбіреулердің үйді жағалап, балықты ұнға, шекерге, шайға айырбас жасай бастағандары да бұларға түрпідей тиді. Сосын жас балықтарды қатыру үшін мұз айдындарын қардан жалтыратып әлсін-әлі қолмен тазалау, тау-тау балықты айдалада күні-түні бірдей күзетудің қиыншылықтары да аз емес-ті. Осындай қарбаласта күн жылып, мұз ери бастаса, қыруар дүниенің ит пен құсқа жем болмасына аршашы кім? Ондай күш бізде жоқ.
– Келе жатыр! – десті осы кезде балық тапсырушылардың бірі.
– Кімдер, – деп Жұбекеш жалт қарады.
– Байлар!..
– Ашыққан ғой!
– Жата-жата жамбастары іскен шығар?
– Енді балықтың пұтына 10 тиын сұрайық.
– Қасқыр ішіктерінен жылы будың бұрқырауын-ай?!
– Әнебір мыртығы кім?
– Нарке та!..
– Ой, сол ма еді. Ал анау діңгектей биігі ше?
– Солодовников ауылнай емес пе?!
– Е-е, сыриған кім десем...
Бұлай деушілерге Жұбекеш сескене, үрке көз тастады. Гришаны іздеп еді, бесжұлдыз қызыл кепкасын одырайтып, солдат шинелін жалпақ белбеуімен қынай буып, әскери етігін жалтыратып, мұнтаздай киініп келіп, о да байлар беттеген балық қатырылған аумақты мұз айдынына шүйіліп, қоңырқай жүзі мың құбылып тұр еді. Оған да оңай тимей жүр-ау, деді Жұбекеш тағы да күбірлеп, – әнебір “Қанды өткелдің” қожасымын деп күркіреген көкжал Афоның да сенімсіз. Бағасын арзандат, деп кекірейіп шыға келсе қайтеміз? Қайдам, осындайда Бекшенің Қаласы бір ой тауып кетпесе…
Байлар темекілерін бұрқырата жүріп мұзға жайған дәу сазандарды таяқтарымен тамсана түртіп-түртіп қойды. Одан ақ қайрандарға, сосын қызыл бауыр кеспелтек семіз тырандарға жақындағанда бәрі де жұтынып, шыдамсыз Кесин шіңкілдеп тіл қатты:
– «Алтынның қолда барда қадірі жоқ!» – деп екі-үш апталық алай-дүлейде қаншама кірістен айырылғанына іші удай ашитынын сездіріп алды.
– Солай, байеке – деді оны жанай өткен қағылез қара жігіт.
– Несі солай? – деп Кесин кілт тоқтады.
– Біз де бұл алтынның нарқын білмей мұтқа, мүлде әшейін беріп, сіздердің байып шірене түсулеріңе қолма-қол жағдай жасап келіппіз, – мыжырайған түлкі құлақшынның солпы бір құлағын ішіне қайырған, қолдан иленіп, қолдан тігілген қой терісін тон етіп олпы-солпысымен үстіне іле салған бұжыр бет, жанарынан от шашқан жігер иесінен сескенгендей Кесин мырза тұрған орнында шегеленіп қалғандай қозғалмады.
– Сен менде нанбайшы болған, – деді ол бір кезде бетіне түгі шығып.
– Иә, болғанмын...
– Сен Бекшив!
– Иә, Бекшиев
– Сен ауды қайдан алған?
– Үш тартым ауды Марков мырзадан бұзаулы сиырға сатып алған, – деді байға өз акцентінде жауап қайырып.
Өз есімін есіткен Марков та кері бұрылды. Шегір көзін жыпылықтатып, «Сені қайда көрдім» дегендей төне түсіп:
– Ә, білем. Жақсы білем. Қызыл сиыр сүтті көп берген, – деді жіміскі езу тартып, – көріп тұрмын, сен ол аумен балықты көп алған. Мына шанадағы балықтың өзі кемінде бес центнер болатын шығар!
– Болып қалар, – деді ол түлкі құлақшынының екінші құлағын да ішіне қайырып, – бірақ, бұл бір апталық табысым. Үш тартым ауға не жөнді балық түссін!.. Оған қосымша “Тұщыға”, “Станға” қаза бастым. Тынымсыз мұз ойып, талай рет аударып та құрдым. Сондай еңбекпен тапқан балықтың пұтына 0,5 тиын аламыз. Ол не? Түк те емес. Оған жүз грамм крендель де түспейді.
– Енді қаншадан сатпақсың? – деді Красников сөніп қалған темекісін қайта-қайта тұтатып әуреленіп тұрып.
– Кемі он тиыннан!..
– 10 тиыннан! – деп байлар бір-біріне қарасты, – Жұбекешке де осы бағамен өткізесің бе?
– Иә, осы бағамен!
– Алмаса ше?!
– Алмаса қойсын. Қиналар біз жоқ. «Теміршіге» немесе анау “Бізге әкел!” деп құрақ ұшып отырған Афон мырзаға-ақ апарып береміз!
– Афонға?!
– Иә, Афонға. Сөйтеміз ғой, достар ә! – деп өзін қоршаған балықшылардың да пікірін есіттіргісі келгендей өзі кейін шегініп, өзгелерге жол берді, – ал айтыңдар енді!
– Айтсақ, сол. Он тиыннан кемі жоқ. Одан да үйге апарып жинап алғанымыз жөн. Кім біледі, абыржы ұзаққа созылса бала-шағаға асқатыққа жарап жатыр ғой, – деген Нұсқанның Тұрғанбайының сөзін Жайсаңбайдың Сыдығы,Тәшеннің Жүсібі, Жубанның Дүйсенбайы, Қозыбақтың Жақасы, Қуанышбайдың Шарабы, Төлегеннің Дәуіті, Бисембайдың Өтегені, және-жәнелері қоштады.
Афон аты аталғанда байлардың түсі бұзылып, бақталастықтың мылтықсыз майданына киліккендей сезінді. Ал «Темірші» станциясының саудагерлерімен, оның бер жағында Афон сияқты ірі тұлғамен әзіл өте қауіпті еді. Ілгеріде осы іспеттес тартыстың кесірінен «Теміршінің» саудагерлері жүз елу түйе шанамен келіп, осындай жиналған балықтың 1,5 есе қымбат бағасына алып, бір түнде тайып отырғанын есіне алған Красников өзінің жеңілгенін мойындап, айтқандарың болсын дегелі сөз сөйлеуге ыңғайлана бастағанда:
– Красников мырза! – деген жіңішке әйел даусы саңқ етті, –біз де адамбыз ғой! Ендігі жерде әйел де, еркек те тең праволы болады, бірінен-бірі жақсы көрсе қосылады, болмаса қосылмауына құқы бар деген лақап тарап жүр.
– Ой, сенің жақсы көргеннен садағаң кетсін, – деп Красников сілкініп қалды.
– Жо-қ, айтсын! – деп Дубовик алға ұмтылды.
– Айтсын! – деп әйелдер де, еркектер де шулады.
– Менің айтарым көп емес, – деді жұпыны әйел сөзін жалғап – біздің тапқанымыз тамағымыздан ауыспайды. Шаш тарақ та ала алмаймыз. Сондықтан да тамақты ақысыз-пұлсыз беруді талап етеміз. Біз кетпесін десеңіз – мынада жазылғандарды орындаңыз, – деп Красниковқа бір жапырақ қағазды ұсынды, – мұнда бізге үш мезгіл берілетін тегін тамақтың менюі көрсетілген. Көп бас қатырғанымыз жоқ. Бостан-босқа дерлік келіп жатқан балықтан дайындап берсеңіздер болды.
– Ой, бейбақ. Мына антұрған менюге дейін жасаған ба? – деп Нарке бұртиып.
Марков пен Кесиннің де көздері атыздай болды. Өйткені, мұнда ол екеуінің промыселінде істейтін қыз-келіншектер де түгел жиналған екен.
–Ал не дейсіздер бұған? – деді әлгі жіңішке дауыс, – талабымызды орындамасаңыздар, – осы тұрған жұмысшы қыз-келіншектер болып, түгелімізбен Темірші стансасына жетіп, пойызға отыруға уәде байластық.
– Иә, бәріміздің де айтарымыз сол!
– Мейлі айтқандарың болсын! – деді Красников даусы дірілдеп мойнына су құйылғандай ұнжырғасы түсіп.
– Міне, мұныңыз мырза деген атқа лайық, –деп құрбыларына оралған Фаяға шынында да Гриша сүйсіне қарап қалған-ды.
– Немене, ықыласың құлапты ғой, танымаушы ма ең, Фая деген «Ішкірің» осы, – деді Нарке оған сүйкене беріп.
– А-а, – деді Гриша таңырқап, – өзін жұрт «Маскүнем» дегенімен, сөзі оңды ғой…
***
Мана, кеңсе жабыларда бейтаныс картаң әйел Г.Дубовикке келіп, бір жапырақ қағаз ұстатып кеткен. Ашып қараса: «Балдырғанды құтқара көріңіз. Бүгін түнде» деген жазуды оқып, – байғұс қызды Аташтың жезтырнағынан қалай аман босатудың айласын ойлап, басын қатырумен отырып, өзінің қалғып кеткенін де сезбей қалды, жүдә… Қалиядан он сегізінші жылдың күзінде екі жылдық сауат ашу мектебі ашылып, іске кіріскен күндердің бірінде “Домалақ” көлінің жағасына қоныс теуіп, содан балық аулап, қамыс орып, одан ауысқанын сатып күнелткен Сәнау есімді өзіндей қу кедей жолдасының үйінде болғаны бар-ды. Сонда осы 14-15 жастар шамасындағы сымбатты бойжеткен сып-сыпайы амандасып, қысылмай кең отырып шай құйып берген.
– Қарындасың ба? – деді Сәнауға, – өзі қалада оқыған сияқты-ау!
– Қайдан білдің? – деп Сәнау жалт қарады.
– Өзге қыздардай басын жерден көтермейтін ұялшақ емес, жайдары екен, – деді.
Екеуі де қарқылдап күлді. Балдырған болар-болмас ғана миығын тартты. Сонысының өзі қыздың жібектей ұлпа мінезін бейтаныс жігітке паш еткендей әдемі шықты.
– Тауып айттық, Сәнау досының сезімталдығына разылық білдіре сөйледі, – «Сұлутамда» (Қазалы) туған нағашым тұратын. Соның қолында тиіп-қашып бір жылдай оқыды. Жақында ол кісі дүние салды. Басқа қарасты адамы жоқ, семьясының күнкөрісіне ортақтастырмайын деп көктемде алып қайттым. Содан үйде. Менің қаза басып, қамыс оруыма қолғабыс береді. Жеңгесінің де ыңқыл-сыңқылы көп. Қолымыз ұзарып қалды тіпі.
– Енді Кеңес өкіметінің мектебіне бер, – деді Гриша.
– Қайдағы?!
– Қалидан екі жылдық мектеп ашылып жатыр. Ұлдар да, қыздар да жатқханаға орналасады.
– Осы өзіміздің Қалидан ба?
– Иә, өзіміздің. Мақұл десең, ертең-ақ жеткізіп сал. Қағаз жағын реттеп қоям.
– Өзі білсін! – деді Сәнау.
Не айтасың, дегендей екеуі де мойын бұрып еді. Балдырғанның қос жанары от шашып, екі беті балбырап, қызыл шырайлана түсіп, баяу ғана:
– Оқысам-оқиын, – деді.
Сәнау сөзінде тұрып, ертеңіне жаяу ертіп әкеліп, бас-көз боларсың деп Гришаға қолқа салған. Балдырғанмен оның тілдесуі Аташ теріс ұққандай ғашықтықтан емес, ағасымен жолдастықтан және қыздың өзімен жеке таныстықтан еді. Одан бері де жыл өтті. Балдырған бұрынғысынан да толығып, ол толықтығы өзі сымбат денесін сұлулай түсіп, жігіт-желеңнің көз жауын алатындай мінсіз мүсінге айналғанын Гриша осы күні байқап еді. Байқады да қайран қалды. Сол бейне енді махаббат иіріміне өзін де тартып бара жатқанын айқын сезді. Сезді де, шошып кетті. Шошитын себебі – қазақ даласында қазақ қыздарының орыс жігітіне тұрмысқа шығуы ерсі көрінетін, тіпті сирек оқиға еді. Екіншіден, Сәнаудан ұялды. “Сенген серкем сен болсаң, мүйізіңді отайын” деп теріс айналса,не бетін айтпақ? Шошып оянып сағатына қараса, түн жарымы болып қалыпты.
– Қап! – деді ол анасы қасына қойған бір стакан қызыл шайды сіміріп жатып, – кешікпесем не қылсын!
***
Түн мұндайда қараңғы болар ма!.. Көзге түртсе көрінбес тас қараңғы. Аспанға бұлт айналып, еріншектеу жаңбыр сіркірейді. Теңізден соққан желдің де қаһары онша емес. Бұлтты айдап, жаңбырды тоқтататындай қайраты жоқтығына өкінгендей ышқына соғады да, ішін тартып тына қалады. Күн бата әр үйдің терезесінен тышқанның көзіндей жылтырайтын май шамдар да сөніп қалған. Гриша ештеңені айыра алмай, есік алдында біраз тұрды. Көзі үйренгесін жүршек еді, осы тұста интернат жақтан абалаған иттердің даусын естіп, жаңбырға сілейіп тұра беруге тағаты болмай, қою қараңғылыққа қойып кетті. Қыздар бөлмесіне кіретін жол қайырылысында ұзынды-қысқалы екі тұлғаға тап болды. Бірдеңені қолдап көтеріп, зытып барады. Гриша кілт тоқтап, бұға қалды. Олар өтіп кетті. Байқаған жоқ. Байқайтын да жағдайда емес. Гриша бұлардың кім екенін және не нәрсені алып бара жатқанын білген жоқ. Не де болса түн жорытқан қарақшылар ғой деген оймен ізіне түсті. Жағадан аулақта, теңізге шығар қосалқапқа желкенде үш кеме тұр. Үшеуі де байлардікі. Қажет болса Темірке сияқты саудагерлер жалдап алып пайдаланады. Онда да ара-тұра промысеь қожаларының өздерінен босай қалса. Мұз ерісімен “Алтықұдыққа” қатынаудан босамайды. Темір жолға жазда балық арзанға түсетін су жолы арқылы жеткізіледі. Ұрылар солай жүрді. Жағалауға беттеді. Гриша қарақшылардың сол кемелерден екеніне шүбә келтірген жоқ. Енді кешіксе жағаға қалдырған қайықтарына отырып, құтылып кететіндерін де жақсы сезді. Сезді де, арттарынан барын сала жүгірді.
Ол қарақшыларға белуарына дейін құрлыққа сүйреп шығарған қайықтарын екеулеп итеріп түсіргелі жатқан кезде жетті. Әлгі дүниелерін қайда қалдырды деп аңырып қалды бір сәт. Ох! – деді қайықтың ішінде болуға тиісті екенін есіне түсіп. Аянары қалған жоқ. Бетін байлаған екеудің біреуін бар пәрменімен періп жіберді. Ол ұшып түсіп, еңкеудегі суға күмп етті. Бірақ, екіншісі бұған тап берді. Және жуық арада берісе қояр түрі байқалмайды. Фаяның “жирафтай ұзын мойын біреуі бар” дегені расқа шықты. Сол ұзын мойынмен Гриша итшығыс түсіп, қайта тұрып аянбай алысты. Суға құлағаны да тұрып келе жатты. Ол ұзын мойынға көмекке келуді ойламайтын сияқты. Қайықты суға түсірмек болып қара құсына арқасын тақап күшене бастады. Қалайда қайықты жібермеу керек, деп түйді Гриша іштей. Ұзын мойыннан босана беріп, екіншісін көк желкеден қондырды. Бұл жолы құламады. Өзімен алыса кетті. Және бір аяғын қолына түсіріп жібермеді. Енді қайықты ұзын мойын итерді. Жылжытып түсіріп барады. Гриша бір аяғымен секеңдеп жүріп етбетінен құлады. Анау арқасына қонып алып, бас-көз демей соқты. Жан дәрмен тырбаңдап жатқан қолына құм жағадан шағыр тас ілінді. Мұндай тас құм арасында көп болатын. Манадан есіне қалай түспегеніне өкінгендей қайта күш жинап, шалқалай беріп үстіндегіні шекеге таспен соқты. Ол ыңырана аунап түсті. Тұра салып қайықты суға салуға жақындатқан ұзын мойынмен алыса жүріп, суға екеуі де құлады. Шалқалай түскен денесі қатты затқа тиіп, есі ауып, басы айналып бара жатты. Бірақ ол осы кездегі таң шапағымен таласа арқадан ескен таң самалы арқылы “Балдырған, қайдасың, сен!” деп өзіне ең қымбат есімді атаған орыс-қазақ қыздарының осылай жақын келген айқай-шуын анық есітіп еді…
Қыз құтқарылды. Бірақ жұрт сырттай тойшылағанымен «ұрылардың» есімі аталмай «құпия» қалды.
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері
Бөген ауылы
Арал ауданы
(Соңы)