Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәуелсіздік белесі: Қиындықтарға толы жыл болды

Тәуелсіздік белесі: Қиындықтарға толы жыл болды

1995 жыл. Ел тәуелсіздігінің төрт жылын қорытындылады. Республика тіпті әлемдік деңгейде Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы тойланды. Қазақстанда тұңғыш рет екі палаталы сайлау өтті. Экономиканың жаңа бағдарламасы айқындалып, іске асыру бағытында батыл қадамдар жасалды. Дегенмен халық экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайында қиындықтарға тап болды. Сол жылдары Арал ауданының әкімі болған Б.Қаюпов аудан көлеміндегі орын алған қиындықтарды шешуге барын салды.
Шетелдерден тұзға сұраныс болмауы салдарынан «Аралтұз» АҚ-да 350 мың тонна тұз ешқайда жіберілмей, жинақталып қалды. Аудандағы вагон жөндеу зауыты Батыс Қазақстан темір жол басқармасынан 1500 вагон жөндеуге тапсырыс алған. Арал-Қазалы аудандарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған "Сарыбұлақ су құбыры" басқармасына аталған аудандар 46 миллион теңгенің үстінде қарыз болды. Осылайша аталған мекемеге түсетін басты қаражат көзі аңтарылып қалды.
Ауданда шаруашылықтардағы мал басы күрт төмендеді. 1994 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара малы 36, қой 31 басқа, ал жылқы 7,8, түйе 4,3 пайызға кеміп кеткен. Сол кезде Арал ауданы облыс көлемінде өнеркәсібі көп ауданның бірі болды. Бірақ нарық қиыншылықтарына орай көп өнеркәсіп өз жұмысын тоқтатқан еді. Сол кездегі вагон жөндеу зауыты Батыс Қазақстан темір жолының меншігіне берілді. Бұдан бөлек, тігін фабрикасы мен электротехникалық зауыттың, «Аралтұздың» жұмысын жандандыру керектігі тұрды. Себебі сол кезде «Ажар» тігін фабрикасында 2 миллион теңгенің дайын өнімдері өтпей тұрып қалған. Ал нан цехтарында ұнның қоры бір күнге ғана жететін. Ал мұнай өнімдерінің базасында жанар-жағармай мүлде болған жоқ.
Балық шаруашылығымен айналысқан еңбеккерлер қанша тырысқанымен, «Аралбалық» АҚ-да жыл көлемінде ауланған балық 130 тоннаны құрады. Істің ебін тапқан балықшылар ет тартатын қуатты механизмдерді балық өңдеуге икемдеп, балық қалдығынан фарш жасауды қолға алды. Десе де мемлекет тарапынан экологиялық апаттан зардап шеккендер мен зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасыларға қолдаулар көрсетіле бастады.
Осындай қиындықтармен бетпе-бет келген аудан халқы келер күннен үміт үзбей, жарқын болашаққа қадам басты. Бұл мәселе бір ғана ауданның не сол салада еңбек етіп отырған қызметкерлердің басында болған жоқ. Егемен елдіктің алғашқы жылдары экономикалық қиындықтар тұтас республика көлемінде байқалған еді.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
13 шілде 2021 ж. 283 0