Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер деп соққан жүрегі

Өнер деп соққан жүрегі

Арал аудандық мәдениет үйіне қарасты Райым ауылдық округі жанындағы Шөмішкөл елді мекеніндегі ауылдық клуб меңгеруші болған марқұм Қуаныш Қоңдыбаев ағамыз жөнінде естеліктер өткен күндерден сыр шертеді.
Ағамыз 1952 жылдың 28 шілдесінде дүниеге келген. Мектеп бітіре сала еңбек майданына араласқан ол кітапханашы болып жұмыс істеген.1974 жылы ауылдық клуб меңгерушісі қызметін атқарған. 1986-1989 жылдары Жетісай мәдени-ағарту техникумын клуб меңгерушісі мамандығы бойынша сырттай бітіріп, мәдени саладағы жұмысын жалғастырған. Жылдар ағымында, сонау ХХ ғасырдың 70-90 жылдары  Қуаныш Қоңдыбаев ағамыз ауыл тұрғындарына мәдени қызмет көрсету барысында ерен еңбек еткен кезеңінің куәсі болғандығым бүгінде өзіме мақтаныш.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген сөз осы кісіге арналғандай еді. Жаңалыққа жаны құмар ағамыз кейінгі інілеріне үлкендігін көрсетіп, ниетін білдіріп жататын. Тіпті әлемнің жаңалығын жария етіп, отырған жерінде жаңалықтың жаршысы іспетті жариялап, талқыға салатын жан еді.
Ақкөңіл, ақжарқын, ақеден азамат шығармашылық салада замандас өнер тарландарымен бірге араласып жүретін. Олардың қатарында М.Сыдықов, С.Сейітмұратов, Б.Тілепов, Т.Ерғалиев, С.Тілепов, Б.Тәңірбергенов, С.Мырзаев, А.Абатов, О.Нұрмаханов,  Б.Әлжанов,  Ж.Келмағанбетов, А.Молжігітова,  К.Көшерова, Г.Дәрменқұлова сынды өнердің сол кездегі тарландары бар болатын.
Өнерде де, өмірде де ойып орын алар ұшқыр ойлы ағамыз ақындығымен танымал жан болатын. Ақындар айтысына қатысып, талай айтыста суырыпсалмалық қасиетімен дараланды. 1989 жылы облыстық ақындар айтысында Манап Көкенов атындағы жүлде, 1991 жылы аудандық айтыста бірінші орын, 1992 жылы облыстық байқауда екінші орын иеленген болатын. Ағамыз мектепте жүрген кезден қолына қалам алып, «Пионер» газетіне мақалалар ұштаған. Бертін келе ақынның "Қарындасым, қимасым", "Аққұс", "Тоқсан боздақ", "Жарыма", "Ата Заңым", "Жарым З-ға",  "Тарландар тазалығы", "Ананы еске алу", "Боздаққа", "Шындығым, "Өнерпаздарға", "Ұлыма", "Сүйінші", "Ұлымның қазасына", "Тілек", "Абаймен сырласу", "Темірханмен тілдесу", "Нұр-аға", "Қырық жас", "Қос Толқыным", "Арнау", "Қарттарым", "Балдыз інім" (Оңталапқа)"," Самалбекке", "Перзент пейіл", "Алаңдама, қарағым", "Беташар" сынды өлеңдері осы басылымға жарияланды.
Ағамыздың көпшілік ортада сауықшыл, әзілге де жақын, көрген-білгендерін ұтымды қолданып айта білетін,  өткір тілімен, адам көңілін қонымды сөздерімен баурайтын ерекше қасиеті есімізде. Көбіне ағамызды қалжың да болса шындығы бар, жүрген ортасында, әріптестері арасында "Аралдың Мұқағалиы" деп айтылып  жүретінін естіп жүрдік.
 Сол кезеңде  мәдениет саласы дамымаған, құжаттарды түрлі-түсті фломастер қаламдармен әрлеп, қанша бет болса да баяндама, сценарийлер жазып, ауданға тапсыратын кез. Ауылдық клубта 3 эстрадалық гитаралары бар "ТУ-100" деген аудан өнерпаздарынан артылған ұлттық киім ол да кей клубтарда жоқ кезі.
Сол кездері аудандық мәдениет бөлімін  басқарған марқұм ҚССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құдайберген Жасекенов  ағамыз жақсы адам болатын. Қуаныш ағамыз бір ауданға келген сапарында  клубтың мән-жайын айтпақшы болып бөлім басшысына кіре бергенде  Қ.Жасекенов:  «Ал Қуаныш келді, енді бұл жылайды жоғын айтып» деп күлісіп, әйтеуір қажетті сұраған заттарын алып шығатын. Ол кезде аудандық мәдениет бөлімінде материалдық-техникалық базасы аудан орталығында жасақталатын. Сонда Қ.Жасекенов басшымыз «осы Қуаныш Қоңдыбаевқа риза болам, келеді де сұрайды, ол дұрыс, кейбір клуб қызметкерлері бар сұрауға қорқып, анадайдан қашып жүретін» деп әзіл-шыны аралас: «Ана Қуанышқа қараңдаршы, келеді де жылайды. Қалай бермейсің, міне, жұмыс істейтін адам осындай болу керек» деп үлгі етіп отыратын.
Мен сол кезде аудандық мәдениет үйінің аға әдіскері болатынмын . Міндетім – аудан көлеміндегі мәдениет мекемелеріне әдістемелік бағыт-бағдар берумен бірге айлық, тоқсандық, жылдық жұмыстарды  қорытындылап, аудан, облыс көлеміне ақпарат беріп отыру, жұмыстарын ұйымдастыру болатын.
Сол кездері Қуаныш ағам да әдеттегідей жұмысын тапсырып отыратын. Бір күні Қуаныш аға көрші Қызылжар ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Аманғос Абатовтан  Шөмішкөл ауылдық клубының есебін толық дайындап, хат жазып беріп жіберіпті. Хатында: «Дәмегүл қарындасым, менің шұғыл шаруам шығып, бара алмай қалдым, өзің бір Сырдың сұлу қарындасысың, өтінішімді орындарсың... Айналайын, ағаңды кешір. Мендей ағаң біреу ғана» деп астына «Сәлеммен Қуаныш ағаң» деген  екен. Енді қараңыз, қандай жағдай болса да, осындай шығармашылығы мол бір ғана ағамды неге кешірмеске деп, Қуаныш ағаның бір аманатын орындағыным бар.
Қуаныш Қоңдыбаев алты балалы отбасының әкесі еді. Әкелік міндетін атқарған абзал жан шынайы өмірде шәкірттеріне домбырасын өлеңмен сөйлетіп, сахнада сырнаймен қосылып құйқылжыта ән салатын. Аудан мен ауылға талантты өнерпаз ретінде танылған ХХ ғасырдың от жүректі азаматы екенін бірі білсе, бірі білмес.
 Ауданға келген кезінде үйіне қайтуға асыққан ағамыз "ауылда балдарым бар, апаңды сағындым ғой" деп күлкіге  жеңдіріп, өзіне тән жарасымды сөздерін  айтып отыратын.
Айта кететіні, аға өмірден өткеннен кейін баласы Нұрлыбек сол Шөмішкөлдегі клуб үйінің меңгерушісі болып орналастырылды. Марқұм Нұрлыбек те әке жолын жалғастырып, өз ісінің маманы болып, ауыл мәдениетіне үлесін қосты. Әке өнегесінен тәлім алған ол салмақты, тыңғылықты, ер мінезімен жұмысын атқарған болатын...
Сол бір кезеңдерде ағамыз өз ісіне тиянақты, қолда барды пайдаланып, жоқты бардай етіп, ауыл мәдениетін өркендетуге өзіндік үлесін қосты. Осындай жаны жайсаң азаматтың өнегелі өмір жолы мәңгі жадымызда сақталады.

Дәмегүл БАЙҚАДАМОВА,
аудандық мәдениет сала ардагері
13 шілде 2021 ж. 620 0