Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Арманы аласармаған Айкөрген

Арманы аласармаған Айкөрген

...Әлі есімде. О заманда мектеп шәкірттері жергілікті, облыстық, республикалық газеттерге өлең, мақала, қысқа хабарларды күн құрғатпай жарыса жазатын. Бейне бір олар тай жарыста тақымдарын қысқан кәнігі шабандоз балалар сияқты еді. Ат бәйгеде құлақтарынан жел гулеп, алдағы сөреге бір-бірін шаң қаптырып кимелей жан-жақтан жарыса жазып, ойдағы-қырдағы оқырмандарын жалт қаратқан қайран сол бір қатарластарым, замандастарым қайдасыңдар?
Сонау Қаратерең балық зауытынан Бегімбай Ұзақбаев, А.Нарымбетов, №59 Қарақұм орта мектебінен Қази Данабаев, №57 Шижаға орта мектебінен Сағынай Ешекенов, №19 Сольтрест орта мектебінен Жайберген Болатов, Бақтыбай Бердібаев, Көкаралдан Айдос Құлманов, №15 орта мектебінен Еркін Әбілов, Айкөрген Әбілов, Жаңабай Кемал, №13 орта мектебінен   Шархан Қазығұлов, Жетес Өтебалиев, №20 Бөген орта мектебінен Қуаныш Жиенбаев және осы жолдардың авторы, №81Қызылжар орта мектебінен Серік Дінахметов, Шөмішкөлден Қуаныш Қоңдыбаев және басқа ауыл тілшілері сол кездері үлкен бір қауым еді.
Ауыл-ауылдан  келсек, бәріміздің Арал қаласындағы барар жеріміз, басар тауымыз, «Хан базарымыз» бұрынғы Ворошилов көшесі №34 жатағандау ескі үйде қоныс тепкен «Толқын» газетінің редакциясы болатын. Солардың бірі – менің кейіпкерім Айкөрген Әбілов осы  қаладағы бұрынғы №15 орта мектепті ойдағыдай тәмамдады. Сонан жазғандарын қойын-қонышына тығып, Алатау етегіндегі талайға арман болған Алматы шаһары қайдасың деп тартып кеткен еді. Жасыл желек жамылған қызылды-жасылды алып  шаһар теңіз жағалауынан арман қуып алқына жеткен бозбаланы жатырқамай қарсы алады.
Бұған дейін 1950 жылы қарлы-боранды 7 қаңтарда Арал қаласында Арал теңізі порты бригадирінің отбасында дүниеге келген Айкөргеннің әкесі Әбіл, анасы Балжеміс ештеңеден тарықтырмады. Ол да жалғызбын деп ата-ана желкесіне мінбеді. Оқу-білімге құмартты. Момақан, тәрбиелі болып ержеткен. Сабаққа алғыр шәкірттің шағын хабарлары, мазмұнды мақалалары аудандық газет беттерінде алпысыншы жылдары ара-тұра жарық көріп тұратын.  Сонан қуат алған  ол мектеп бітірген жылы осылайша С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат тапсырған болатын. Бұл жөнінде Айкөргеннің курстас досы, елімізге есімі етене таныс, әзілі қадірлі, сатирасы әмірлі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері кәдімгі Көпен Әмірбек былай деп жазады:
«Менің өмірімде достыққа адал бір адам болса, ол – Айкөрген. Шалдың жалғыз баласы қазаққа тән қасиетті тұла бойына тұндырып құйып алғанына тәнтімін. Уәдесіне берік. Мәрт. Біртоға. Бәз біреулердің басын кемсітіп, сыртынан ғайбаттаған емес. Сенің сырыңды шашпайды. Қашанда қамқор. Жоқ-жітікке қол ұщын бергісі кеп тұрады. Ықыласы жақсы, ниеті түзу. Міне, жігіт!
Айкөрген десе – Айкөрген. Дене бітімі дембелшең, көз тартатын көрікті жігіт. 1968 жылы, оқуға түскен жылы алты курстас, белгілі ақын Қайырбек Асанов, Аманкелді Жұмабеков, белгілі прозашы Марат Қабанбаев, Өмірәлі Смайылов, Айкөрген Әбілов және мен орыс кемпірдің құзданып құлайын деп тұрған жаман пәтерінде бірге тұрдық. Айкөрген екеуміз төсек-орын  жетпегендіктен, пештің түбіндегі темір керуетте егіз қозыдай боп бірге жаттық.
Мектеп қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан Айкөрген кейін университет комсомол комитетінің, Алматы қалалық «Буревестник» спорт қоғамының мүшесі атанды. Студенттер арасындағы дойбы чемпионатына ҚазМУ-дың атынан қатысып, қала чемпионы атанғаны да бар. Бұл туралы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеті суретімен көлемді мақала жариялаған болатын. Тіпті, университеттің әйгілі «Муза» клубының белгілі мүшесі бола жүріп, болашақ ақын-жазушылардың, журналистердің алғашқы қадамына қанат бітіреді. Жазда Торғай даласында  студенттермен бірге астық жинау науқанына үзбей атсалысады. Университет жанындағы әскери кафедраны ойдағыдай тәмамдап, 1972 жылы запастағы лейтенант шенін иеленді.
Бір сөзбен айтқанда, өзі алдынан дәріс алған Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин, журфактің студенттеріне сол жылдары дәріс берген ғұлама ғалымдар Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Мырзатай Жолдасбеков, Сонарбай Таңқаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтердің есімдерін ылғи да алғыспен еске алып отыратын.
Қазақы мінез қанымызға дарыған ұлттың ұрпағы емеспіз бе. Сол дәстүрден  ҚазМУ-дың журфагын ойдағыдай аяқтап, омырауына ромбигін тағып, қолына дипломын алған Айкөрген де аса алмады. О бастан «ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» деген сөз бар біздің халықта. Айкөргеннің алдында ағасы, артында інісі болмады ғой. Әйтпесе, жоғарғы оқу орнының жолдамасымен әлдеқашан Маңғыстау облыстық газетіне  қызметке орналасып, білдей білікті журналист атанбас па еді. Тағдыр оны туған ауылынан асырмады. Ата-ана ақылымен ақыры №73  Аманөткел орта мектебіне орыс тілі пәнінің оқытушысы болып орналасқан. Ауыл сайлаушыларының аманатын арқалап бес мәрте Аманөткел ауылдық кеңесінің депутаты болып сайланды. Төрт жыл аудандық ішкі істер бөлімінің ауылдағы аймақтық қоғамдық инспекторы, комсорг, бастауыш партия ұйымының хатшысы тәрізді талай қоғамдық жұмыстардың қазанында қайнап пісті. Мектептегі қарбалас қызметінен қол үзбей жүріп, 2000 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік гуманитарлық университетін  тарихшы мамандығы бойынша тәмамдады. Қарапайым ұстаз, оқу ісінің меңгерушісі қызметінен бастап мектеп директоры сияқты сан алуан сатыдан өтті.
Аманөткел – атақты Сыр шайыры Нұртуғанның атақонысы. Айкөрген мектепте қызмет атқарған жылдары ақын ауылының атын асқақтатуға өз үлесін қоса білді. Соның нәтижесінде оның тікелей атсалысуымен тоғыз жолдың торабындағы ауылда «Достық бағы» және спорт алаңы пайдалануға берілді. Осынау сан-салалы қоғамдық қызметтің қиындығы мен қызығын қатар көрген Айкөрген шығармашылықтан бір сәт қол үзбеді. Мектеп мұғалімдерінің аудандық байқауында «Кестелі орамал», «Ұлы достық» және «Ана туралы баллада» композициялары қатарынан үш мәрте үздік шығып, жүлдегер атанды. Сонымен қабат ойлы өлеңдері, әсерлі әңгімелері, мазмұнды мақалалары әр жылдары аудандық басылым беттерінде жиі-жиі жарық көріп тұрды.
2005 жылдан зейнет демалысына шыққанша мектептің тәрбие жұмысын ұйымдастырушы және тарих пен дінтану пәнінен білім ұясындағы жас шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берумен шұғылданды. Ол жалықпай қанына  сіңген қазақы тәлім-тәрбиесін жарты ғасырға жуық уақыт бойы ауыл шәкірттерінің бойларына сіңірген ұлағатты ұстаз, қаламы жүйрік журналист, өнегелі отбасының иесі атанды. Университет бітірген жылдары бас қосқан өмірлік қосағы мамандығы педагог Айымгүл көршілес Бөген ауылының бір кездегі сүйріктей сұлу бойжеткені еді. Қайран уақыт! Ол да жетпіс жастың желкенін көтеруге жақын. Екеуі тәрбиелеп өсірген алты перзенттерінің әрқайсысы өмірден өз орнын тапқан.Тұла бойы  тұңғыштары Индира Алматы Басқару академиясын бітіріп, қазір бизнес саласын басқарады.  Әз-Жәнібек болса №73 мектепте менеджер, келіншегі Ақгүл үй шаруасында. Әзибегі Нұр-Сұлтан қаласында инженер-прораб, келіншегі Ақбаян кәсіпкер, Әлибегі де Астанада құрылысшы прораб. Келіншегі Қаракөз бизнеспен шұғылданады. Жандарбегі сол қалада өз мамандығы бойынша қызмет істейді. Кенжесі Гүлжазира болса Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде жауапты жұмыс атқарады.
Үстіміздегі жылғы 6 шілдеде жетпіс бір жасында бұл пәниден о дүниеге озған Айкөрген дос туралы курстас досы Көпен Әмірбектің жоғарыдағы жазбасындағы мына жолдарға көзіміз түсті.
«Ол – ұлағатты ұстаз бола білді. «Біз ғылыми-техникалық революцияның арқасында аспанда құсша ұшуды үйрендік, суда балықша жүзуді үйрендік. Бірақ адамша өмір сүруді үйрене алмадық» деп Бернард Шоу айтқандай, Айкөрген досым ұстаздықтың ұстынын тұрғызып шәкірттерінің адамша қалпын сақтауына айрықша назар аударды. Өйткені, оның болмыс-бітімі, парасат-пайымы солай. Ұлтымыздың әдет-ғұрпы, салт-санасы мен ғажайып дәстүрін қастерлеп өскен нағыз қазақ, нар қазақ».
Иә, ішкі-сыртқы мәдениеті мінсіз, мінезі сары майдан  қыл суырғандай сарас азамат, салиқалы ақсақал атанды ол көзі тірісінде. Тағдырына төтеп берді. Өмірден өтерінен екі жыл бұрын ауыр сырқаттан амалсыз қол арбаға таңылып, тілі байланып қалса да ол тағдырына қарсы тұра білді. Ауылда жаңадан бой көтерген мешіт имамы қызметін атқарып жүргенде төсек тартып, Алланың сынағына төтеп бергенінің өзі талайға сабақ болары хақ.
Орыстың ұлы ақыны Н.Некрасов «Ақын болмау өз еркің, азамат болу борышың» деп айтқандай, ол журналистік дипломы бола тұра, жан жүрегімен ұстаздықты қалады. Сол жолда абырой биігінен көрінді. Талай шәкірттері егеменді еліміздің тұс-тұсында тәуелсіз Отанымыздың игілігі жолында тер төгуде. Ол да марқұм ұстаздың жас ұрпаққа көзі тірісінде берген тәлім-тәрбиесінің белгісі болар.
Ұстаздық мамандық. Ақындық, жазушылық өнер. Ешкімді елу жыл оқытып, ақын не жазушы етіп шығара алмайсың. Бұл Алланың адам бойына сыйлаған сирек қасиеті. Ал біз білетін Айкөрген ұлағатты ұстаз, қаламы жүйрік журналист, албырт көңілді ақын, парасатты прозашы бола білген абзал азамат. Оған біздің қолымызға жолдасы, ардагер ұстаз Айымгүл Кемалашқызы Ермағамбетова қолтаңба жазып ұсынған «Мен іздеген жол» атты Айкөрген Әбіловтің кітабы. Кітап өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ақмешіт» баспасынан балаларының демеушілігімен жарық көрген. Түрлі-түсті жанұялық суреттермен безендірілген марқұмның алғашқы әрі соңғы еңбегіне әр жылдары жазған, баспасөз беттерінде жарық көрген әңгімелері, өлеңдері, очерк-мақалалары молынан топтастырылыпты. Оқып шығып, терең ойға қалдық. Балаларына әкеден қалған, немерелеріне атадан қалған асыл мұра сірә, осы болар.
Толыбай АБЫЛАЕВ
31 шілде 2021 ж. 689 0