Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сырдың саңлақ Сейтқалиы

Сырдың саңлақ Сейтқалиы

Қазақстанның Халық әртісі, этнограф, композитор Александр Затаевич «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді...» деген екен. Бұл сөзді атақты композитор бекер айтпаған. Өйткені әу демейтін қазақ жоқ. Дара халықтың топырағынан талабы талайды таңдай қақтырған тума таланттар жаралған, жарала да бермек. Үздіктің де үздігі болатыны сияқты, әншінің де әншісі бар. Даладай кең дауысымен, сазды әуенімен қазақ атын әлемге паш еткен жезтаңдай әншілер – халқымыздың қазынасы іспетті. Сондай жанның бірі – әнші Сейтқали Сейтмұратов.Жарасқан туымына тұлға мүсін,
Дауысым бар танытардай әннің күшін.
Жұрт не десе о десін, жұмысым жоқ,
Мен үшін Сырдың саңлақ Біржанысың,– деп әнші Сейтқали Сейтмұратовты Біржан салға теңеген ақиық ақын Әбілхан Маханов болатын. Сырдың саңлақ Біржаны  атанған Сейтқали ағаның туған жері – Сексеуіл кенті.
"Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары" деген ғой. "Тербенбес" тауының етегінде тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржолшылар кентінде кіндік қаны тамған Сейтқали Сейтмұратов кенттегі темір жол клубында директор болып, яғни бір мекемеде 40 жыл абыройлы еңбек етті. 1980 жылы институтты бітірген соң аталмыш клубқа қарасты темір жол кітапханасына Сәкеңнің қарамағында кітапхана меңгерушісі болып қызмет ету бақыты бұйырды. Сол кездегі поселкелік атқару кеңесінің төрағасы Абылай Айтмамбетов марқұм Ержігіт әкемнің үзеңгілес әрі сыйлас әріптесі болатын. Тораптық партия комитетінің хатшысы Әкімжан Мусин аға да ақыл-кеңесін айтудан бір жалықпайтын.
Әр адамның алғаш қанат қаққан қызмет ортасы болады. Сол кітапхана терезесінен сырт әлемге қарап, маған жауапты жұмыс тапсырса ғой деп армандаушы едім. Сол ойымды дөп басқандай ұстазым Сейтқали аға сан-салалы қоғамдық жұмыстарды да тапсырып, өмір жолыма бағыт сілтеді. Өнер адамының берген рухани тәрбиесі өмір мектебі болды. Өнер маған өмір берді. Сейтқали ағаның ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, "Сегіз қырлы, бір сырлы" десем де болады. Жан-жақты кент жастарына кәсіптің алғашқы әліппесін үйретті. Бәлкім, нарықтық қатынас заңы сол кезеңде қолға алынғанда, кенттен танымал кәсіпкерлер көптеп шығуы мүмкін еді. Клубта мереке күндері лоторея ойындарын ұйымдастыратын едік. Осы ойыннан түскен мол қаржыны бір тиынын да шашау шығармай, кассаға өткізетінмін. Қыруар қаржыны қымқыру, жымқыру дегенді ойымызға да алмайтынбыз. Пайда ойламайтын, арды ойлайтын жастарды қалыптастырды.
Мәдени, саяси, тақырыптық кештер мен түрлі кездесулер жиі-жиі ұйымдастырылатын. Жастар белсенді әрі мәдениетті демала да білетін. Жүргізген тынымсыз жұмыстары өз жемісін берді. Әнші ағаның жанында жүріп теміржолшылар кітапханадан кітап алып оқитын, кинотеатрда кино тамашалап, би алаңдарында би билеп, түрлі үйірмелерге қамтылатын. Клуб пен кітапханадан жастар үзілмейтіні соншама, мәдени-көпшілік шаралар "аншлагпен" өтетін. Клуб жұмысына қарттар мен аналардың да, қыз-келіншектердің де қызығушылығы басым болатын.
Өңіріміздің саяси, рухани, мәдени дамуы мен өсуіне айрықша жан-тәнімен еңбек етіп, үлесін қосқан сол кездегі комсомол жастар десек қателеспейміз. Олар халықтың шынайы тірлігіне араласты. Іздене жүріп, уақытпен санаспай еңбек етті. Ол кездегі жастар ақша, байлық қумайтын. Еңбексүйгіш, жүрегінде имандылығы басым, адал жүректі жандар болды. Олар биік белестерді бағындыру мақсатында қажырлы еңбек етті. Сол кезеңдегі жалындаған жастардың игі істері ұмытылмақ емес. Кезінде комсомол активі мен бастауыш комсомол ұйымының секретарьлары, бүгінгі таңда бір-бір мекемені басқарып отырған басшылар.
 Сол кезеңдегі комсомол мектебінен өткен белсенді жастар да  тәуелсіз қазақ елінің көркеюіне сүбелі үлесін қосып, түрлі салада қызметте жүр. Әр адамның жан-жақты қалыптасуына қоғам, орта, еңбек ұжымдарының әсері мол ғой. Иә, осынау игі істің басы-қасында Сейтқали ағадай жақсы ұстазымыздың тұрғанын мақтанышпен еске аламыз.
Іргелі орта мектепте "Локомотив" педагогикалық отрядын құрдық. Әрине теміржолшылардың белсенді өмірлік позициясы болмаса, Сейтқали ағаға және маған жұмыстарды жүргізу оңайға түспесі анық. Сол кезеңдегі жастардың қоғамдық өмірге, еңбекке деген көзқарасын жоққа шығаруға болмас. Олар апта сайын ізбасарларына келіп, теміржолшы мамандықтары туралы, еңбектің қыр-сыры жайлы әңгімелерін айтудан жалықпайтын. Олармен кездесуге оқушылар ықыласты болатын. 
"Локомотив" педагогикалық отрядының мүшелері кешкілік ДНД– ерікті халық жасақшылары құрамында түннің бір уағына дейін кезекшілікке шығатын едік. Нәтижесінде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмейтін. Сонымен қатар мектепте "Қыз Жібек" эстетикалық клубын құрдық. Әрине клуб оп-оңай құрыла қалған жоқ. Оның қыры мен сыры, қиындығы мен қызығы мол болды. Клубқа жасөспірімдерді жинап, қызықты әңгімелер айтылып, түрлі тақырыпта диспут, зерделі жастардың көкпар сайысы және кездесу кештерін ұйымдастырдық. Сол жұмысты ұйымдастырған кезде ұстаздарым Сейтқали аға мен мектеп директоры Әбдіразақ Досмырзаев, мектептен және кластан тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы Ағыбай Текебаевтай ағаларым болатын. Әр кештен кейін берілген қорытынды бағаның үлкен әсері болды. Тәжірибе жинадым, сыннан қорытынды шығарып, оны болдырмауға күш-жігерімді жұмсадым. "Ел іші – өнер кеніші" демекші, талантты оқушыларды "Қыз Жібек" клубына қонаққа шақыратынбыз. Жастарды жақсылыққа баулитын бір-ақ нәрсе бар. Ол – өнер. Бр кездері аталмыш клубқа қонаққа ауданның озат өнерлі оқушылармен кездесу өткіздік. Қазір сол оқушылардың бірі елімізге белгілі жырау болса, бірі әскери қызметте полковник, ал бірі облыс әкімдігінде жауапты қызметте.
"Әнге әуес. күйге құмар бала өмірге құштар болып өседі" деген ғой заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов. Жасампаз халқымыздың ерлікке толы жылдары іргесі сөгілмес елдігін танытқан кезеңдері Отанымыздың тарихына алтын әріптермен жазылған Ұлы Жеңістің 40 жылдығын жоғары деңгейде ұйымдастырдық. Сейтқали аға бастап, Сексеуіл орта мектебі Батыс Қазақстан темір жолына қарайтын Ақтөбе қаласында 200-ге тарта темір жол мектептері арасында бірінші орынды иеленіп келуіміз көп нәрсені аңғартқандай. Елдікті де, ерлікті де жасайтын жастар ғой. Біз жастарды түсіндік. Олар бізді үлгі тұтып, жанымызда үйіріліп жүретін. Олардың жан-жақты еңбекқор болып қалыптасуына С.Сейтмұратов та сүбелі үлесін қосты. Жастардың жанында уақытпен санаспай, жұмыстан бос кезінде қоғамдық тәртіпті сақтауға белсене кірісіп кететін. Мерекелік кеш, кездесулердің жоғары деңгейде өтуіне іс-тәжірибесін айтудан аянбайтын.
Әнші ағаның өмір жолы өнегеге толы, қандай құрметке де лайықты. Ол өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан. Мәдениет үйінің көзге көрінбейтін сан-салалы жұмыстарын ұйымдастырып жүретін іскер жан. Жастардың бойына имандылықты, сыйластықты, еңбек адамдарының өнегелі ісін дәріптеп, бағалауды үйретуден әсте жалықпайтын. Имандылық қасиетін бірінші орынға қоятын. Әрекеттерін белгілі бір қалыпқа түсіретін ішкі рухани реттеуші қадір-қасиет, адам бойындағы адамгершіліктің, ізгіліктің, кісіліктің белгісі деп айтып отыратын. Сейтқали әншіге деген халықтың ықыласы ерекше болатын. Ол әр адамның бойына осындай игі істері арқылы жан-жақты тәрбие беретін. Тынымсыз жұмыстарының нәтижесінде теміржолшылар клубы, мәдениет ошағы аудан бойынша алдыңғы қатарлы мәдениет ошағына айналды.
Бүгінгі таңда Біржан салдың лайықты ізбасарлары ұрпақтар сабақтастығын жалғап, кенттегі игі істерді жалғастырып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ұрпақтар сабақтастығы заңды жалғасын тауып келеді. Кенттегі білімді де білікті ізбасарларымыздың көптеп өсіп, өркен жайып келе жатқанына марқайып отырамыз. Олар қоғамның түйткілді мәселелерін қозғап, кент тұрғындарының көкейкесті мәселелерін түрлі әлеуметтік желілер арқылы да көтеріп, тиісті органдарға қойып, оң шешілуіне ықпал жасап жүргені қуантады.
Өнер жанашыры Сейтқали ағамыз мәдени-көпшілік жұмыстармен қатар спорттық шаралар, яғни салауатты өмір салтын ұстануға да мұрындық болды. Мекемелер мен мектептердегі ұжымдарда ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекетті қолдау деп түсіндірді, өзі де бел ортасында жүрді. Ол жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Олардың бойынан зиянды әдеттерден аулақ болуды түсіндіруден еш жалықпайтын.
Бүгінгі таңда да Сейтқали ағаға деген халықтың ықыласы ерекше. Ол адам бойына жан-жақты тәрбиені өнер арқылы, мәдени-спорттық істер мен қоғамдық жұмыстар арқылы беруге болатынын ісімен дәлелдеген бірегей өнер адамы.
Өмір деген сағыныш пен сарғаюдан тұрады ғой. Халық сүйіспеншілігіне бөленген әнші ағаны сол кездің жастарының сағына еске алуы заңдылық. Әннің құдіреті, әншінің шеберлігі бәлкім осында ма дерсің. Ол қай әнді де ерекше, әдемі орындайды. Арманшыл жастар, сол кезде бұл аға Алматының үлкен сахналарында жүретін әнші ғой деп армандайтынбыз. Арманымыз алдамапты. Әнші ағаның бел баласы Нұрболат бүгінде үлкен сахналарда өнер көрсетіп, әкесінің атын шығарып жүр.
Әке арманы орындалды деген осы шығар. Нұрболат пен келіні, ақын Құралайдың бағындырар биігі алда. Киелі сахнаға шыққанда арқаланып кететін, ал өмірде қарапайым, үлгілі жан. Жары Бейбіт анамыз да әншіні баптады, жанын түсінді, бар жағдайын жасады.
Біз көзін көрген сексеуілдік Сейтқалиды Біржан салға тектен текке теңемеген ғой ақын Әбілхан аға. Ол ән салғанда құлақтың құрышын қандыратын. Көрермені көп талантты әншіге халықтың ықыласы ерекше, ал әншінің өнер жолы жарқын болды.
Иә, өнер халықтікі болғаннан кейін, сол өнерді халықтың ортасына алып барған сол дүйім жұрттың ортасында біте қайнасып, бірге жүрген Біржанның өзі болмаса да, көзіндей болған әнші Сейтқали сал осындай абзал жан еді. 
Құндыз ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
03 тамыз 2021 ж. 414 0