Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнерге жетелеген өмір

Өнерге жетелеген өмір

Тоғыз жолдың торабы Сексеуіл кенті біздің ауданның басты елді мекені болып саналады. Осы станцияда ғұмыр кешкен аудандық мәдениет бөліміне қарасты кенттік мәдениет үйінде еңбек еткен марқұм Сейтқали Сейтмұратов атамыз көктемнің алғашқы айы наурыздың 8 күні дүние есігін ашқан. Үнемі аналар мерекесі күні туғанын мәдениет сала әріптестері әзіл-шыны аралас айтылатын сөздерді жібек мінезді қожа ұрпағы атамыз жымиған күлкісімен жылылық беретін кездері еске түседі.Сейтқали Сейтмұратов 1941 жылдың 8 наурыз күні Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1960 жылдан Арал аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастады.
Міне, биыл Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» Сейтқали Сейтмұратов атамыз осы 2021 жылдың көктемінің 8-наурызында тірі болғанда 80 жасқа толғанын атап өтер еді.
Атамыздың мәдениет саласында 40 жылға жуық еңбек еткенін біреу білсе, біреу білмейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші атамыз байсалды байыпты мінезімен аудан, облыс, республика сахналарынды жұмсақ, қоңыр үнімен ән салғаны баршаға аян. Ол кісі ән салып жүргенде, өнердің теңдесі жоқ екенін әсем сазды әндерімен баураған дауысы әріптестеріне үлгі болғаны соншалық, ешкімнің қарсы келер шарасы да болмады, себебі даусының ерекшелігі сондай талай саханаларда шалықтады.
Жарты ғасырға жуық аудан мәдениеті мен өнерінің дамуына белсене араласты. Ол басқарған кезеңде кенттің мәдениет үйі аудандағы алдыңғы қатарлы мәдени орындардың бірі болды. Мәдениет үйі жанындағы көркем-өнерпаздар ұжымы аудан, облыс, республика көлеміндегі шығармашылық байқауларды жыл сайын жоғарғы жүлделі орындарға ие болып отырды.
Кенттегі өнерлі талантты өнерпаздарды аудандық, облыстық байқауларға қатыстырып, өнерін шыңдатты. Олардың ішінде: Республикаға белгілі жыршы, термеші, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Бейімбетова /Қызылорда қаласында тұрады/, әнші, ҚР «Мәдениет қайраткері» Гүлмира Қаналиева /Құлсары қаласында тұрады/, күйші, «Назқоңыр» домбырашылар оркестрінің көркемдік жетекшісі Аққалқа Ахметова /Алматы қаласында тұрады/, әнші, термеші, халықаралық республикалық байқаулардың лауреаты Зағипа Иманғазиева /Нұр-Сұлтан қаласында тұрады/, әнші, республикалық байқаулардың лауреаты Әсет Әлиев /Атырау қаласында тұрады/. Өнер қанатында таланттыларға адал еңбегінің жемісі осындай өнерге иелік еткен ұл-қыздар ауыл өмірінде бастау алған белестерінің нәтижесі екенін ешбірі естен шығарған емес.
Сонымен бірге ол өзінің әншілік өнерінің жемісі Арал аудандық мәденеиет үйі жанындағы Қазанғап атындағы Халық ұлт - аспаптар оркестрінің әншісі болып, зор үлес қосқанын айта кетуіміз керек. Оркестрден іргесін ажыратпаған бір жан болса, ол Сейтқали ғана! Концерттік бағдарламамен облыстың, ауданның елді мекендерің, алыстағы малшы, балықшы ауылдарын тұрақты аралап, елдің ыстық ықыласына бөленді.
С.Сейтмұратов оркестрдің сүйемелдеуімен Абайдың «Айттым сәлем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», өнердегі үзенгіліс әріптесі ҚР-ның компазиторы, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының ерен еңбегі медаль иегері Мұрат Сыдықовтың сырлы әндері «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Шалқи бер дала», «Аққуым менің», «Майдангерлер мәңгі жасайды», Қазақтың белгілі компазиторлары Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында, «Қайдасын», Мұқан Төлебаевтың «Кестелі орамал», Теміржан Базарбаевтың «Аяулым», Нұрғиса Тілендиевтің «Аралдағы жеңеше-ай» атты әндерін көмейден тамылжытып төгілткенде, шығармашылығындағы ән қанатында құлақты әсерлі сезімге баулайтын үнін естіген көрермендер разы болған кезеңдеріне талай мәрте куәсі болдық.
Сол бір дарынды әнші С.Сейтмұратовтың өнер жолына 1967 жылы Алматыда өткен көркемөнерпаздардың Республикалық байқауында «Сағындым Сарыарқаны» әнін тау бөктерінде үлкен шеберлікпен орындағаны үшін «Лауреат» атағын алғаш иеленді. Араға жеті жыл салып, Москвада өткен Бүкілодақтық өнер фестивальда қазақтың әнін шырқаған Сейітқали атаның жұлдызы жанып жүлдегер атанып, Құрмет граматасын алды. Ұлы Жеңістің 40 жылдығында патриоттық әндерді насихаттаудағы ерен еңбегі ескеріліп, екінші рет «Лауреат» атағын алып, төс белгісімен марапатталды.
1978 жылы Қарақалпақстандағы Қызылорда облысының күндеріне қатысып, Әму бойындағы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қандас бауырларына бірнеше рет республикалық теледидардан, әсем даусымен қазақ композиторларының әндерін шалықтата шырқады.
Аудандық мәдениет үйі жанындағы «Халық театры» мүшесі болғанын айта кетсек, атамыз Біржан Сара операсын қойған кезде Біржанның рөлін ойнаған Сейтқали ақиық ақын Әбілхан Маханов былай деп өлең шығарған екен:Жарасқан туымыңа тұлға мүсін,
Дауысың бар танытырдай әннің күшін,
Жұрт не десе о десін жұмысым жоқ,
Мен үшін Сырдың саңлақ Біржанысың деп, айтқан шумақ сөзін әріптестері айтып жүретін. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын атамыз қай салада да ойып тұрар орны бар бірегей туған өнер адамы болатын.
Сол өнерде жүрген кезде, елді мекендерге шыққан сапарында аудан өнерпаздары халық театры жанындағы «Тамаша» ойын- сауық отауының сахнагері Мирон Бәйімбетов әйел образын сомдайтын, соның сахнада нанымды рольіне тәнті болған атамыз ішек- сілесі қатып күлетін. Өйткені атамыздың отбасында ер балалар болғандықтан ба, Миронның нанымды ойнау шеберлігін айта жүретін. Кейіннен кенже баласы Нұрболатты өнерге баулады. Сол Нұрболаты әйел образына жақын болғанын білеміз. Кейіннен Нұрболаты әншілік өнерін, әке жолын жалғастырып, ол да республикалық дәрежеде өнер көрсетіп, облыс сахнасының алғашқы концерттік бағдарламаларының ашылуында әншілік өнерін жалғастырды. Нәтижесінде «Мәдениеттің үздік төс белгісі» медаль иеленді.
ҚР-сы Тәуелсіздік алғанан кейін 1991-1993 жылдары Аудандық мәдениет бөлімі жанынан өз алдына дербес филармония құрған. Осы филармония әншісі С.Сейтмұратов құрған топтың мақсаты ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайыра назарға салып, 60-70 жылдары жұртшылықтың сүйсіне шырқайтын әндерін насихаттау болды. Арал, Қазалы аудандарының шалғай ауылдарын аралап, ән-жырмен және «Тамаша» ойын-сауық отауы шығармашылығында халыққа әншілік өнерімен аудан өнерпаздарымен бірге мәдени қызмет атқарды.
Өнер жолында КССРО-ның, ҚР-ның Мәдениет министрінің құрмет грамотасымен, республикалық, облыстық, аудандық құттықтау қағаздарымен бірнеше мәрте марапатталды.
Сонау ХХ ғасырдың 1977 жылынан басталған өнердегі еңбек жолы, ХХІ ғасырдың 2004 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шыққанша Сексеуіл кентіндегі мәдениет үйінің директоры болып жұмыс жасады.
Әншілік жанрында қайталанбас өнер тұлғасы ретінде мәдениет саласында алар орны ерекше жан болғаны кейінгі ұрпаққа үлгілі тұлға болып біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Сейтқали Сейтмұратов зайыбы Бейбіт ана қазір қарашаңырақта 6 бала өсіріп, немере, шөбере сүйіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп отыр.
2011 жылы атамызға 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұйрығымен «Мәдениет қайраткері» атағы берілді. Еңбегінің еленгенін қуанған атамыз 70-тен асқан шағында, сол жылдың маусым айында дүниеден озды.
Жалпы қай салада болмасын, еңбегі еленіп, мараппатқа лайық жұмыс жасалса құба - құп болары сөзсіз.
Аудандық мәдениет үйі Сейтқали Сейтмұратовтың 80-жылдығына орай маусым айында «Ән ғұмыр» аудандық әншілер байқауын жоғары ұйымдастыру жоспарланып отыр. Атамыздың құрметіне іс-шаралармен бірге кітап шығарылса нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз, себебі марқұм Сейтқали ата өнерде орны бөлек қайталанбас тұлға. Аудан әкімдігі осы атаның құрметіне өнердегі шығармашылық жолында көп жылдар жұмыс жасаған жері Сексеуіл кенттік мәдениет үйіне Сейтқали Сейтмұратовтың атын берсе деген ұсынысты биылғы атамыздың 80-жылдық мерейтойында аруағы ырза болар еді деп сұраймыз.
Д. БАЙҚАДАМОВА,
мәдениет саласының ардагері
09 наурыз 2021 ж. 514 0