Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Туған жерім – Көкқабақ

Туған жерім – Көкқабақ

«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дейді халық. Расында да солай. Арал қаласында жарты ғасырдан аса тұрсақ та, бір жерге барғанда Аралды сағынып, қайтқанша асығып, Арал қанша ыстық болса да, өзіңнің кіндік кескен, балдәурен жастық шағың өткен жерің жүрегіңнің бір  түкпірінде одан да ыстық болып тұрады екен.

 Менің осындай балалық жастық шағым өткен жер – Көкқабақ. Көкқабақ деген қай жер, әрине оны көпшілік білгенмен, кейбіреулер  білмеуі мүмкін.
Аралдан шығысты бетке алып, Сульфаттан сәл ассаңыз, үлкен айдау  қара жол ерте заманнан тұз қазылып жатқан үлкен айдынды тұзды сорға  апарады. Осы жерде революция деп аталатын Ұлы төңкерістен бұрын   орыстың  ірі  алпауыт байлары  әртүрлі жазамен жер аударылғандар мен  жергілікті жалдамалы жұмысшылардың арзан күшін пайдаланып, тұз өндіріп, оны Ресейге жөнелтіп отырған. Солардың жатқан  казармаларының құлаған сұлбасы әлі күнге байқалады. Осы жерден әрі ассаңыз, 47  шақырымда  «Қайдауыл» деген  жерге  тап  боласыз. Басында өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері бүгінге дейін ағып тұрған  скважина бар. Суы кермектеу, мал іше береді, қайнатып адам да ішеді. Бұл жерде жазда малшы үйлері отырып, осы суды пайдаланады. Осы скважинаның қасындағы үлкен қара жал төбенің ұшар басында биік  мұнара тұр. Бұл Кішкене атамыздың Құттық деген баласынан туған  Қайдауыл әулиенің моласы. Жер аты осы кісінің атымен аталған.
Қайдауылдан әрі бірқыдыру жүргенде алты шақырымдық кіші  айтақыр, кейде оны жұрт "Ізбән тақыр" дейді, одан бір дөң асқанда айнадай жарқырап он екі шақырымдық үлкен айтақыр шығады. Ғажайыптарға толы  табиғатта бір жағы бұйра-бұйра құм, бір жағы шеті көрінбейтін жазық  дала. Екеуінің ортасында кішігірім көл тәріздес осы тақырдың пайда болғанына таңғалмасқа шараң жоқ. Айтақырдың бетінің тегістігі сондай, Еуропадағы ең айтулы деген асфальт жолыңның өзі жолда қалар еді. Жаздың аптап ыстығында шөлін басу үшін киіктер айтақырға бауырын   төсеп, топ-тобымен жататын. Үстінен шыққан машиналар киіктерді қуамын деп талайы құлаған да, әйтеуір адам шығыны болған емес. Колонна болып келе жатқан машиналар осы тақырдың басында қаз-қатар тұрып, тақыр аяқталғанша жарысатын. Сонда менің Жетес нағашым үнемі  озып шығатын.
Айтақырдан әудем жер жүргенде қара жолдың тура жиегінде екі үлкен үйтам «мавзолей» кезігеді. Бұл – Дүйісбай-Тамен үй тамы. Көнекөздердің сөзіне қарағанда, Дүйісбай-Тамен екі ағайынды, екеуі де бай, заманында беделді кісілер болған дейді. Болса болған шығар, өйткені анау-мынау адамға мынадай алып мавзолей тұрғызбас еді. Шикі қам кірпіштен тұрғызылғандықтан үй тамдардың бірқатар жерлері  құлаған, дегенмен әлі бастапқы қалпын сақтап тұр. Бүгінде Дүйісбай-Таменнен қалған ұрпақтар бар ма, әлде жоқ па, ешкім білмейді. Үй  тамдардың тұрғызылған уақыты да белгісіз.
Осы жерден әрі асқанда алдыңызда маңдайы жарқырап атақты  Құлжұмыр-Қасқа төбе тұр. Төбе басқалардан бөлектеу, әрі биік жұмыр  болып келген. Жол жақ беті ақ құм, алыстан қарағанда жарқырап көрінеді. Сондықтан да Құлжұмыр-Қасқа деп аталған болу керек. Бұл жерде 1710  жылдың 10-шы шілдесі күні Үш жүздің игі жақсыларының басы  қосылып, құрылтай өткен. Оған Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр хан, Бөгенбай батыр, Сартай батыр және басқа сол кездегі қазақтың  көптеген нарқасқалары қатысып, жоңғар қалмақтарына қарсы күрестің  алғашқы пәтуасы  жасалған дейді.
Шежіреші марқұм Ізжан Жалғасовтың жазып қалдырған дерегіне   қарағанда, бұл жерде осы жылдың осы күні Құрым батырға ас  берілген. Құрым әрі батыр, әрі бай болған. Батырдың балалары үш жүзге сауын  айтып, әкесіне ас берген. Асқа жоғарыда айтылған қазақтың бетке ұстар  қаймақтары жиналып, жоңғарға қарсы күрестің алғашқы пәтуасы жасалғаны да анық. Ауданға белгілі азамат Амангелді Есенбаевтың бұдан  бұрын осы «Толқын» газетінде жарияланған мақаласында Құрым  батырдың зиратының Сыр бойында екені айтылған. Соған қарағанда,  батыр қысты Сырда қыстап, жазда Құлжұмырда жайласа керек. Қалай болғанда да Құлжұмыр-Қасқа тарихи төбе. Нәжмадин Мұсабаев аудан әкімі болып тұрған тұста бір жылды «Қарақұм құрылтайы» деп  жариялап, осы   Құлжұмыр-Қасқа төбенің басына ескерткіш-белгі қойғызды.
Міне, Құлжұмыр-Қасқа төбеден әрі жүрсеңіз, алдыңыздан түйенің  өркешіндей бір-бірінен аумайтын, қаз-қатар тізіліп тұрған бес төбе  шығады. Бұл «Бес-төбе» деген жер. Басында өткен ғасырдан бері ағып тұрған скважина бар. Суы кермектеу, мал іше береді, қайнатып адам да ішеді. Біздің үй осы бес төбеде отырып бірнеше жыл ферманың 700 қойын бақты. Жазғы үш ай каникулға шыққанда мен де қой бақтым. Қой деген жарықтық, бір ғажап мал ғой, түнде қара ағаш үйдің алдында дәл бір  симфониялық оркестрдей әрқайсысы әртүрлі пысылдаған дыбыс шығарып, күйсеп жатады. Солардың арғы шетіне көрпе-төсегімді жерге жайып жіберіп жатамын күзет-қарауыл есепті. Ит-құс тиіп немесе қой түнде  өріп кетпесін дегендік. Жылан, бүйі, қарақұрт шағып алар деген қорқу  жоқ. Өйткені қой жүрген жерге олар жоламайды. Ал қарақұртты қой қуып  жүріп жейді және оны жеген қой өте семіз болады. Осының сырын ғалымдар әлі күнге ашқан емес.
Бір күні қой жайып жүрсем, анадай жерде жатқан үлкендігі футбол добындай бір затқа көзім түсті. Бұл не болды екен, мүндай айдалаға доп қайдан келуі мүмкін, әлде тас па, тас болса неғып домалақ, әлде әскерилердің сынағынан түскен ракетаның бөлшегі ме деп әлгіге  жақындай түстім. Он қадамдай жақындағанда өз көзіме өзім сенбей тұрып қалдым. Әлгім құртша қайнап, жыбырлап жатыр. Қанша қорықсам да қызығушылығым жеңіп, анықтап қарай бастадым. Сөйтсем, жіп-жіңішке кілең оқ жыландар. Бір-біріне шырмалып, әбден домалақ болып  оралған. Домалақтан тек бастары мен құйрықтары шығып, жыбырлап жатыр. Қорықсам да бірауық қарап тұрдым. Табиғаттың бұл не  жұмбағы. Ойнағандары ма, әлде байқаусызда оралып қалды ма, ол жағын білмедім. Мал жайып жүргенде сәті келіп, қоян, киік кездессе атып алармын деп, өзіммен бірге алып жүрген қосауыз мылтығым бар еді, дәл ортасынан атсам бәрі де жайрап қалмай ма деп мылтығымды кезеп тұрдым да, ойға  қалдым. Үлкендерден естігенім бар еді, "ордалы жыланға тиме, аман қалса, өзіңе зиян келтіреді" деген. Атпай, тездетіп жөніме кеттім. Ертеңіне қой  жайып, әлгіні көрейінші деп барсам, зым-зия жоқ. Домалақ та, шұбырып  жүрген жылан да жоқ.
Осы бес төбеден әрі 18 шақырым жерде менің туып-өскен жерім  Көкқабақ тұр. Аралдан 180 шақырым. Көкқабақ бұрынғы "Приарал"  кеңшарының №1 фермасының орталығы. Елді мекеннің солтүстік  бетінде бір беті көкпеңбек болып биік құм төбе тұр. Жердің Көкқабақ аталуы да осыдан болса керек. Сол кезде ферма солтүстігі Ақсақал  Тәуіп, Ырғыз, оңтүстігі Жаршағыл, батысы "Қарақұм" совхозы, шығысы Атанши, одан әрі Жезқазғанға дейінгі үлкен аумақты жерді алып жатты. Көқабақта 4 жылдық бастауыш мектеп, дүкен, медпункт, тағы басқа көптеген үйлер болды. Мектеп директоры Әубәкір Сембеков деген ағай бізге сабақ берді. Өте жақсы адам болатын. Бәлдір деген баласы бізбен бірге оқыды. Әкесі директор болғасын, кейде сабаққа келмей қалады. Ағай, Бәлдір қайда  десек, "Бәлдір-Бәлдір бәрі өтірік" деп бізге күліп жауап беретін.
Фермада 30-ға жуық отар болды, әр отарда 700-800-ден қой. Жылма-жыл мемлекетке қыруар ет, жүн, қаракөл өткізіп отырды. Ферма кезінде аудан бойынша алдыңғы қатарлы фермалардың бірі болды. Сол жылдарда фермадан Жеткерген Рзамбетов, Жамал, Барақ Сыдықов, Қарабала Қайыпов, Сейдраш Қарабала Қайыпов, Махажанов, Жаңабай Әбілдаев, Денжалы Әбілезов және басқа озат шопандар өсіп шықты.
Ферманы алғашқы болып Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Жұбандық Пірімбетов, кейін Тәлекен Сырымов ағаларымыз басқарды.
Көкқабақтың айналасындағы құмдар мен төбелерде жуа, көсік, сағыз, қарагеней дегендер сыңсып өсіп тұратын. Соны Тәуіпбай, Жұбатқан, Жалғас, Ұзақбай, Тәжібай сияқты достармен бірге теріп  жеп, құмында асыр салып талай ойнағанбыз. Маңайдағы Қараның құмы, Қатын сойған, Қасқырлы, Шатырлы, Жүндібай, Бөрік қалған, Алты құдық, Қарашеген деген құмды-жазықты жерлерде қысы-жазы мыңғырған мал  бағып ауылдар отыратын. Сырттай қарағанда меңіреу дала, тіршілік ету мүмкін емес сияқты. Егер нулы-сулы Еуропадан біреу келсе, мыналар қалай өмір сүріп жатыр деп шошып кетер еді. «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» дегендей, жарықтық, сол ысылдаған құмның бір шұңқырын бір жарым-екі метр қазсаң тұщы су бұрқ ете қалады және қандай дерсің, мұп-мұздай, мөп-мөлдір. Ал су болған жерде өмір бар, жері болса да от. Еркек   шөп, жусан, сағыз, дүзгін, қоянсүйек, шағыр, жантақ, көкқасқа, құрақ, түйе жапырақ, итсигек, жыңғыл, сексеуіл, сораң, селеулі, құдай-ау, тағы не  керек тұнып тұр. Оны жеген мал семірмегенде қайтеді. Менің Көкқабағым, міне, осындай болатын.
1963 жылы ферманың жерін сынақ жасау үшін әскерилер тартып алды. Бүкіл ел мал-жанымен бірі Ақбайға, бірі Мойнаққа, бірі Аққұлаққа, енді бірі Көктемге бөлініп-бөлініп кетті. Қазір бұл жерде жеке малымен отырған шаруалар бар шығар, ол жағын білмедім.
Бүгінде елсіз, қу медиен дала болып қалса да, Көкқабақ бәрібір мен   үшін қымбат. Себебі ол жерде менің балалығымның балдәурен қызықтары мен естен кетпес естеліктері қалды.

Жақсыбай ТӨРЕБЕКОВ,
мәдениет саласының ардагері
17 тамыз 2021 ж. 650 0