"Қара қайық шайқалып, теңізде малтыдық"
Мына індеті құрғыр толастар емес. Жиын-той азайды. Жамағат аяғын аңдап басады. Десе де аса қажеттіліктен Ел ағаларының аз-аздап бас қосатын кездері болады. Осындайда әртүрлі мазмұнда сыр шертіледі.
***
Есіктен кіргенімде сексенді енді-енді толтырғалы отырған келімді кісі сөйлеп отыр екен. Құлақ түрдік. Жақайым атаға «Ақшатау» көлінің жағасынан Ескерткіш-кесене қойғанын, одан кейін 2017 жылдары Жақайымның Асанынан тарайтын Шатырқұл бабаларына да Жамбыл облысының Қордайынан тас дайындап әкеліп, белгі орнатқанын, «Шижағадағы» Сәурен Жандәулетовтің үйіне үш рет жиналып, ақылдасып, мал шалғанын шежіреде ғып баяндады.
Бұл қаржысыз бітпейтін шаруа ғой, оған кімдер қол ұшын берді, деген сауалға да жауабы дайын. Бөлекбай және Әли Бектұрғановтармен қатар, Кеңес Канибаевтың, Әуез Оразбаевтың, Алдан Әбденхалықовтың және жәнелеріне разылық білдірді.
«Қайда көрдім, жүзі таныс қой өзі?» деп таңырқап қалғаным да рас-ты. Е-е, есіме түсті. Зымыран уақыт-ай! Содан бері де отыз жыл заулап өте шығыпты-ау! Иә, оның аты-жөнін де ұмытпаппын. Бостандық Ормаханов қой. Иә, иә... соның өзі. Кейінгі жылдары сауда саласының ардагері ретінде таныдық. Аудандық тұтынушылар кооперациясының автогаражында механик, сосын директоры болып қызмет атқарды. Жарамсыз деп істен шыққан техникалардың өзін ту-у Украйнаға апарып, жөндетіп әкеліп өндірістік мекемелерге жалға беріп пайда тапты. Жұртшылық сауда ісінің білгірі деп бағалаған Тілес Боқаевтың басшылық еткен тұсында Бостандықтың есімі жаңашыл, реформатор сапында аталып жүрді.
***
Заңды демалысына шыққалы да қоғамдық, елдік, құда-жекжаттық іс-шаралардың басы-қасында жүретінін де есіткенмін. Көппен араласқандықтан болар оған сұрақ қоюшы көп те, жауап беруші-ол. Және бір қитурқы сауал түсті.
– Сен ғой,-деді қысық көз біреуі жымың етіп, езу тарта күліп,-«Ақшатаудың» тумасысың, сол кіндік қаның тамған өңірдің бүгінгі жағдайы қалай?
– Е-е түсіндім,-деді Бостандық тіктеліп жайғасып,-сауалыңда тікенек аралас бірдеңе де жүр-ау, әйтсе де өмір дерегімнен толық мағұлмат берейін,-«Ақшатау» да өз алдына колхоз болған. Бастапқы басқармалар Ералы Әкімов, Әбекен Оразалиев, Тәжімұрат Қуанышбаевтар еді. «Аманөткел» колхозына қосылғасын Өтеген Сырлыбаев пен Төлебай Орынбаевтар басқарма төрағалығына сайланды. Сол Сырлыбаевтың тұсында менің өмірімде бір оқыс, қауіпті оқиға болды.
– Е-е, ол қандай? – деп тыңдаушылар елең етті.
– «Ақшатауда» жеті жылдық мектеп болды. Бесінші сыныптың оқушысымын. Жасым-12де. 1954 жылдың жаз айы. Каникул кезі. Мені және Рахметов Жамбыл деген баланы адам жетіспегендіктен балық аулауға қосты. Және ауылдың маңы емес, жүз шақырымнан астам теңіз ортасындағы «Көзжетпес» аралына баруымыз керек.
– Ол несі, тым жас емессіздер ме?
– Онысын қайдам, Өтеген басқарманың тәртібі солай дегенсін, жаңадан бір жылым бригадасы жасақталып, 2-3 үлкен аталар мен бір-екі әйел де жанымызда. Ол кезде, әсіресе, жаз айларында көлден, өзеннен балық аулатпайды. Бұл жақтағы колхоздың бәрі теңізден көшіп аулайды. Сонымен қайықты, ау-құралды, воротушканы (жылым шығаратын ағаш машина) мен жылқыны машинаға тиеп теңіз жағалауындағы «Жыңғылтүп» деген аялдамаға келіп, машинадағы бар жүкті жылым қайыққа салып теңіздің ортасындағы «Көзжетпес» аралына (ара-қашықтық 30-40 шақырымдай-ау) келдік. Балықты «Көзжетпестен» ғана емес, жан-жағындағы қосалқап, басатты қойнаулардан да қайықты есіп барып жылым тартамыз. Қайықтың ішінде Воротушканы айналдыратын қызыл-күрең жылқы да болады. Бір жақсысы балық қабылдайтын приемкалар уақытылы келіп тұрады.
– Әлгі оқыс оқиғаны айтсаңшы енді?
– Екі айлық мерзім біткен шамада шағын кемемен төраға Өтекең (Сырлыбаев) келді. Моторисі Ідіріс Досаев. Қайыққа жылым, воротушка, қызыл күрек ат және Жамбыл екеуіміз міндік. Жамбыл қайықтың рулінде, мен воротушканың үстіндемін. Жылқының бас жібі воротушкаға байланған. Басқалары моторлы кемеде. Кеменің артындағы кішкене кабинада окошка бар. Содан бізге көз тастап қояды. Жолды орталап еңсеріп қалғанбыз. Қызыл күрең оқыранды, бұлқынды, оның салмағымен қайық шайқалып, бір жағына қисайды да жылқы теңізге кумп берді. Жылқышымен бірге воротушка да, үстіндегі мен де теңізге құладық.
– Ойбуй!
– Қайық қайта түзелді. Рульдегі Жамбыл есен-сау кете барды. Қызыл күрең де, мен де теңізде малтып жүрдік. Теңіз тынық. Толқын жоқ. Сол аброй болды.
– Кеме оралмады ма?
– Екі-үш шақырымдай ұзап барып оралды.
– Апыр-ай ә? Бір ажалдан қалған екенсіз. Осы сіз «Рыбвод» (балық қорғау инспекциясы) мекемесінде әжептәуір қызмет атқарған сияқты едіңіз-ау!-деп сұрады және бір қария.
Иә, онжылдықтан соң Қызылорда ауылшаруашылығы техникумының техника факультетін, араға біраз уақыт салып Атыраудың «Рыбтехникумын» да тамамдап, сол «Рыбводта» аудандық инспектор және оперативтік топты басқардым. Мырзалы Бәйімбетов ағамен көп жыл істес болдым. Теңіздің қайтуы себепті мекемелер жабылғасын 1979 жылы, 37-ім де саудаға ауыстым ғой. Сонда 27 жылымды өткізіп, заңды демалысыма шыққан жайым бар-деді де:
Әй замандас-деді Бостандық манағы шатаяқ сауал берген танысына бұрылып,-«Ақшатау» қазір де бұрынғы дәрежесінен пәлендей кеміген жоқ. Ел орнында, мектеп бар. Үдере көшкен ешкім жоқ. Арал-Қазалы кәсіпкерлері балық өсіретін өндіріс ашты. Оған бірсыпыра тұрғыны жұмысқа кірді. Болат Өтемұратов бауырымыз Арал қорына 213 миллон теңге қаржы аударды. Соның есебінен «Аманөткелдің» аспайы жөнделіп, реттеліп жатыр. Сол құрылым бітсе, со маңдағы (Ақшатау-Қамыстыбас жүйесіндегі) көлдерге су толып, бұрынғы қалпына келеді деген сенімдеміз. Сол еңбектің бәрін есітіп, біліп отырып, шалғай жыртар мысқылмен кері тартқанша, құрғақшылыққа тап болған мына халыққа рухын көтеретін жөнді сөз айтқанымыз ләзім-ау!
***
Ол сәл тыныстады да:
Сөз қадірін—білгенге,
Жол қадірі—жүргенге.
Өмірдің жайы белгілі,
Ұзақ өмір сүргенге...
***
Ат шамасын білерсің,
Ұзақ сапар мінгенде.
Жаманның тілі ызғарлы,
Қара суық күзден де,-деп екі шумақ өлеңді көп алдына тастап жіберді. Кімге айтты, неге айтты, онысын бағдарлай алмадым. Ал өлеңнің авторы «Ақшатауға» іргелес «Мырзаста» туып-өскен осы өңірге танымал ауыл ағасы болған Абдолла Жаңабаевтікі екенін ғана аңғардым.
Әңгімені қағазға түсірген Шахир ЖҰППАМБЕТ
Арал қаласы
Суретте: Бостандық Ормаханов