Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мейірбан көрші

Мейірбан көрші

Қалада туып-өссем де, Ақбасты елді мекеніндегі мектепке мұғалім болып баруға тура келді. Алғашында мектеп ұжымына, ауыл адамдарына араласып кету қиындау болды. Басымда баспана жоқ, қала өміріне қарағанда ауыл өмірінің қиыншылығы молдау екен. Күнделікті оқушыларға сабақ беру үшін сабаққа көрнекті материалдар даярлауға жағдай керек.  Сабаққа даярлайтын құрал-жабдықтар тек қала дүкендерінде, ал қалаға бару қиынның қиыны. Аудан орталығына қатынайтын арнаулы көлік жоқ.Тек адамдардың жеке көліктеріне жалынып, жағдай айтуың керек. Ауа райы қолайсыз болса, тіпті ауданмен қатынас жоқ. Ал үйге от жағу, отын тасу, үйді жылыту, тамақ даярлау, құдықтан су тасу, қолмен кір жуу сияқты жұмыстар күнделікті өзімізді күтіп тұрады. Бірінші орынға сабаққа  даярлауды қойып, ауыл өміріне қалыптасуға күш салдым. Ауылда байланыс жағы қиын. Компьютерді тек мектепте ғана қолдана аласың. Бірақ ауылда таза ауа, тыныш өмір.
     Мені жалғыз жібергісі келмеген, анам екеуіміз едені жоқ, зәулім үйлердің ортасында тұрған аласа ескі үйді жалдап алдық. Жаңбыр жауса, төбеден балшықтар  жерге түседі. Амал қанша, шыдауға тура келеді. Заман талабына сай  тіпті қала үйлерінен әсем салынған көп бөлмелі үйлер су келмесе де, бөлмеге ванна және туалет құрылыстары  жүргізілген жеке үйлер де бар. Оны бірақ бізге босатып берсін бе, анам екеуіміз осы үйдің табылғанына қуандық. Әрбір күн өз қуанышымен өтіп жатты. Осы қазақы ескі үйде тұрып жатып, жан жылуы шуақты, ғажап көршіге тап болды. Алғаш рет көруім. Таныстығым жоқ, үйге азын-аулақ әкелген заттарымызды кіргізуге көмектесе кетті. Оның әрбір істеген істері, жасаған жақсылықтары, өнегелі өрге сүйрер әңгімелері өмірімді күрт өзгертті. Өмір сүруге, еңбек етуге деген құштарлығымды арттырды. Біздің айналамыз тамаша адамдарға толы. Бақытты болу үшін адам алдына асқар да зор, ізгі мақсаттар қоюы қажет. Асыл арман, ізгі мақсат көздеген адамның өмірі қызықты әрі терең мазмұнды болады. Ұлы адамдардың өміріне қарап отырып, мен жақсы адам, бақытты болу үшін адамның қиыншылықсыз, аста-төк молшылықты рақат өмір сүруі міндетті емес деген ойға келдім. Адам деген атты жоғары ұстап, адамзат алдында, болашақ ұрпақ алдында құрметке ие болуына ар тазалығы куә болады деп топшылаймын. Бізде бұл ауылға толық көшіп бармағандықтан,  қажет нәрселеріміз көп болатын. Осы кезеңде көршінің жақсылығын айтуды жөн көрдім. Ауылда тұрып, ауыл емханасында қарапайым жұмыс  атқарып жүрген, аңқылдаған ақкөңіл отананың аты Майра болатын.
Майра апайдың кез келген адамға, жасқа да, кәріге де қызметі мен байлығына, мансабына қарамастан шынайы көңілімен қолынан келген жақсылығын аямайтын аяулы жан екенін сезіндім. Майра апай бізді өте жақсы түсініп, анама күнделікті азанмен сәлемін беріп, көзімен біздегі қиыншылықты бір шолып өтетін. Бізде не жетіспейді, өз қиыншылығына қарамастан бізге әкеліп беретін және оның қайтарымы сұралмайтын. Қалай ауырып қалсақ, дәрісін, ыстық сорпасын даярлап беруден ерінбейтін. Майра апай бір күн көрінбесе, біз де ол үшін елеңдеп отыратынбыз. Барша адам осы көршіміз сияқты адал жан болса ғой,  шіркін!
     Майра апай керексіз істерден аулақ, көңілін де,  жүрегін де таза ұстап, тура жолдан танбаған иманды жан. Біліп қана қоймай, білгенін өмірінің өзегі етіп, көпке нұрын төгіп жүрген ана. Майра апай: "әрбір жас білімді, еңбекқор, өнерлі болу керек. Сонда ол адам өз тірлігінің нәтижесін өзі көріп, бақытты өмір сүреді, сыйлы болады, – деп ақыл-кеңесін береді. 
     Майра апайдың үйінен қонақ үзілмейді. Ол кісіден тәрбие алған Уәлихан ұлының келіншегі Салтанат та қабағын бір шытпастан қонақтарға адал қызмет етеді.
       Майра апайдың жолдасы Бикен ағай екеуі бес баласын тәрбиелеп, құтты орындарына қондырған үлкен әулет. Әр баласы әр қалада өз отбастарымен, бала-шағаларымен бақытты өмір сүруде. Бикен аға мен Майра апайға әр мерекеде ұл-қыздары бала-шағасымен мерекесімен құттықтап, сыйлықтар алып келіп жатады. Бәрі тату, ортасында сол қуанышқа шат күліп жүрген Майра апайды көресің. Қызыға қарап, шіркін, Майра апайдың таза жүрегі-ай дейсің. Қазақтың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген халық даналығы тура осы жанның бойында қалыптасқан. Ауыл өміріне үйренбеген бізге қол ұшын беруге уақытын, көмегін, жүрек жылуын, ақыл-кеңесін аямаған көршінің адамгершілігіне бас иемін.    
          Шіркін, адамдарда Майра апайдай адамгершілік, мейірімділік, қарапайымдылық болса ғой. Бұл өмірдегі болып жатқан келеңсіз, арам пиғылды ниеттер, әділетсіздік, зорлық-зомбылық әрекеттер түп тамырымен жойылар еді.  Мен бұл көршімнің адалдығын көре тұра үнсіз отыра алмадым, адамдарға бар дауысыммен адамдықтың үлгісі осылай болу керек деп айқайлағым келеді.

Мейірім АБСАТАРҚЫЗЫ,
Ақбасты ауылы
24 тамыз 2021 ж. 760 0