Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сынақтың салдары қандай?

Сынақтың салдары қандай?

Жер бетіне тіршілік орнағалы бері хатталған тарих пен зерттеу жұмыстарының нәтижесі бүгінгі күнге дейінгі көптеген ақпаратты бізге жеткізіп отыр. Әрине, олардың барлығы бірдей адамзат тарихының сәулелі тұсын ғана суреттей бермейді. Ұзақ жылдар бойы құпия сақталған, адамзат үшін залалы көп көлеңкелі тұстары да жетерлік. Тіпті алғашқы сынамасы жан-жануарларға жасалған түрлі эксперименттермен адам баласын да тексерген кездер болған. Мысалы, Хиросима мен Нагасакиге атом бомбаларын тастау. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында АҚШ-тың Жапонияға қарсы атом қаруын қолдануы. 1945 жылы 6 тамызда Жапонияның Хиросима қаласына бірінші атом бомбасын тастады. Қаланың елеулі бөлігі қирап, 140 мыңнан аса бейбіт тұрғын қаза тапты, жарымжан болды. Бір ғана жарылыстан осынша адамның зардап шеккенін ойласақ, бірнеше жарылыстан соң қалалардың, халықтың жағдайын ойлау да қорқынышты.

Ең өкініштісі, мұндай сынақтың қазақ жерінде де болғаны. Қазақстан аумағында атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. 1949 жылдың 29 тамызында Семей облысында таңғы сағат 7-де жерден 38 метр биіктікте қуаты 20 килотондық алғашқы атом бомбасы жарылып, сынақтан өтті. Бұл жарылыстан орта есеппен 900 мыңдай бейкүнә адам 100-250 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған болса, 1963 жылдар аралығында аса қуатты бомбалардың жарылысынан 2 миллионнан аса жазықсыз халық 300-400 рентген мөлшерінде радиация қабылдаған.
Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 456 ядролық сынақ өткен. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонна мөлшерінде болған. Одан 1.5 миллион адам зардап шекті. Одан кейінгі 25 жыл жер асты жарылысынан адамдар түрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де арқалаумен келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы ғылыми негізде дәлелденді. Халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Одан әрі жер астына жасай бастады. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.
Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге көбейген. Ал сары ауру, іш ауруы, туберкулез сияқты ауру түрлері халықты әбден меңдеп, арасында көпшілігі нағыз тұқым қуалайтын дауасыз рак, паралич, анемия, жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлеріне душар болып отыр. Сынақ зардаптары дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз етіп, адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлерін туындата бастаған. Жалпы, Семей өңіріндегі полигонға жақын бұрынғы бес аудан халқының денсаулық жағдайын сараласақ, жүйке ауруына шалдыққандар саны (1995 жылғы деректер)
– 1650-ге таяу, ақыл-ойы кемтарлар 4700-ге жетіпті. Ал 3700 адам жүйке тамыры ауруына шалдыққан. Әсіресе, екі әйелдің бірінде тамақ бездерінің ауруы асқынып қабынуы, ауруға шалдығушылардың иммунитеттері нашарлығы байқала бастаған. Осынау жарылыстардың салдарынан бір кездері жартастардан құралған Дегелең тауы іс жүзінде қиыршық тас үйіндісіне айналды. Ұзақ жылдар бойы жасырын түрде атом-сынақ аймағына айналған Семейдің құпиясы ашылып, Семей ядролық полигонын жабу үшін ғалымдар, жазушылар, қызметкерлер, жұмысшылар және басқа көптеген адамдарды біріктірген «Невада-Семей» қозғалысы үлкен үлес қосты. Бұл – танымал қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің орасан зор еңбегі.
Осылайша 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Невададағы полигоннан кейін әлемдегі ең қуатты екінші орында тұрған «Семей ядролық полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды. Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы қазақ халқы қырық жыл күткен тағдырлы шешім болды.
Осы сынақтың салдарын өз көзімен көріп, ядролық сынақ аумағында болып келген жерлесіміз Жақсыбай Сабырбаев әскердегі күндерін былайша еске алады.
– Әскерге 1971 жылы барып, 1973 жылдың желтоқсанында елге оралдым. Семейдегі қазіргі Курчатовада карантинде болғаннан кейін, Балапан деген жерге борышымызды өтеуге жіберді. Ол кезде әскерде жұмыс жасау деген болатын. Мамандығымызға, әскерге дейін жасаған жұмысымызға қарай жұмысқа алды. Сөйтіп ол жақта жұмыс істеп жүрген азаматтармен бірге жіберді. Барлығының айтатыны бір сөз. "Бұл жақта мұнай қоры бар. Соны тауып, көзін ашу керек" деп, әр жерден ұңғымалар қазады. Және олар өте терең қазылады. Сосын "Бұл жерден мұнай шықпады" деп тағы басқа жерді бұрғылауға көшеді. Ол аймаққа айналада қоныстанған ауыл тұрғындарын кіргізбей, күндіз-түні арнайы көліктермен бақылап жүретін.
Біз ол кезде жаспыз. Мұның құпиялығын тіпті байқамайтын да едік. Бірақ сол екі жылдың ішінде бірнеше рет мынадай оқиға орын алды. Толықтай арнайы киім кигізіп, бастан-аяқ тұмшалап, қауіпсіз киіндіріп, бір аймаққа алып баратын. Көзімізбен көрдік. Біз тұрған жерден алыстау тұста сынақтар жасалатынын көрдік. Кәдімгі саңырауқұлақ тәрізді болып көкке көтеріліп, біраз уақыт төбемізде тұрып алатын. Тіпті сынақ өткен соң 4-5 минуттайда біз тұрған қара жердің өзі толқынданып, қозғалғанын да сезетін едік.
Қазірде сол сынақ аумағынан аман-сау оралғаныма шүкірлік етемін. Бірақ елге келген соң бас ауруы күшейіп, шыдатпайтын болды. Әскерде өткен екі жыл бойы мұрнымызға күйген әлдебір заттың иісі келетін де тұратын. Соның барлығы кейіннен шықты. Бірақ мемлекеттің қолдауына алғысымды айтамын. Көп көмек жасады. Бүгінгі таңда бас ауруынан дәрігерлік тіркеуде тұрамын, – дейді.
Иә, расында Семей сынақ-полигоны жабылғаннан кейін сынақ аумағында болған азаматтарға көптеген жағдай мен жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетіліп келеді.
– Семей атом-сынақ полигонының ардагерлеріне ай сайынғы жәрдемақы белгіленсе, одан бөлек мемлекет тарапынан бір реттік әлеуметтік төлем тағайындалған. Бір реттік көмектің есебі 30 айлық есептік көрсеткішпен бағаланады. Биыл бұл көмек ауданымыздағы тағайындалған 27 адамға да берілді, – дейді аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің маманы Нұрлан Айшуақов.
Түйін: Қастандықтың соңы қасіретке соқтырады. Әсіресе, елге, жерге жасалған қастандықтан қаншама халықтың зардап шеккенін ойлар болсақ, кеңестік солақай саясаттың салқыны қазақ үшін қандай салмақ салғанын көре аламыз. Сөз соңында сынақтың ортасында болып қайтқан Жақсыбай ағамыздың "Еліміздің егемендігі баянды, тұғыры биік болып, кейінгі ұрпақ ендігі жерде мұндай сұмдықты көрмесін" деген сөзін біз де айтқымыз келеді.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
28 тамыз 2021 ж. 900 0