Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шындығында, Қамбар батырдың қабірі қай жерде?

Шындығында, Қамбар батырдың қабірі қай жерде?

Қазақ халқының қаһармандық эпостық жырларының бірі – Қамбар батырдың 19 нұсқасы бар. Яғни алғаш жазып алған Л.Майер оны "Киргизская степь Оренбургского края" (1865 г.) атты журналда бастырған. Бұл Қамбар оқиғасын Сыр бойындағы Алтыасар тарихымен байланыстырады. Осы үлгі бойынша Қазан университетінде "Кисса и Камбар" (1888 г.), Қазан қаласында "Тоқсан үйлі тобыр" (1903 ж.) деген атпен жырдың алғашқы нұсқалары жарияланған. Сондай-ақ фольклоршы-ғалым Ә.Диваев жазып алып, 1932 жылы Ташкентте бастырған, 30 жылдары С.Сейфуллин, С.Мұқанов, М.Әуезов те жырды жариялаған және бұл жыр 1957 жылы жеке жинаққа енгізілген.
Қазақ даласының әртүрлі аймақтарынан жазылып алынған жырдың өзіндік ерекшеліктері бар. Өйткені жырдың сюжеті алғаш аңыз түрінде туып, бертін келе эпостық жыр үлгісіне ауысқаны аңғарылады. Сондықтан ондағы көптеген ономастикалық атауларға қарап, ғалым Ә.Қоңыратбаев "Қамбар батыр" сюжетінің кейбір нұсқалары Сыр бойында туған деген тұжырым жасаған. Бірақ қай маңайда  болғанын атап көрсетпеген.
   "Қамбар батыр" жырының басты тақырыбы – жер мен ел намысын қорғау, оқиға Әзімбайдың байлығы мен сұлу қызы – Назымды суреттеуден басталады. Сондай-ақ Назымның Қораз, Дораз, Қарымсақ, Қабыршақ, Алшыораз сынды ағалары дара мінез иелері екендігі жырда айқын бейнеленеді
         Жыр оқиғасы он сегіз жасқа толған Назымның жар іздеген назынан басталады. Бұл кезде Қамбар да ержетіп, "Алпыс үйлі Арғын, тоқсан үйлі тобыр" атанған елін асырап отырған батыр тұлғасындай көрінеді. Осыған қарағанда, жырдың бастапқы саласының басқа болуы да мүмкін. Эпостағы этномәліметтер де оның кейіндеу туғанын аңғартады.
         Әлқисса, жыр Назым сұлуды:
...Алпыс сомдық әр кезі,
Үстіне асыл кигізді.
Жорғадан жегіп қаракөк,
Көзі түскен пенденің,
Жүрегін оттай күйгізді.
Ашылған гүлдей нұрланып,
Қылығымен сүйгізді.
Уызында жарыған,
Ерте туған бағландай,
Толықсытып жүргізді.
"Назымға таңдау қоям" деп,
Бұл хабарды Әзімбай,
Алашқа тегіс жүргізді,– деп суреттеуден басталады. Одан әрі бір төбенің басына салдырған биік мұнараның жанына жиылған жұртты:
Назымды малсыз алмаққа,
Шалдар да жаман желпінісіп,
Жердің жүзін шаңдатты.
Жиылған қоршап адамы,
Қасқа мен жайсаң, бектердің,
Таусылды ақыл, амалы,– дейді. Оның үстіне, қанша дегенмен жолбарыстай алты ұлдың (ағаларынан) айбатынан сескеніп келе алмаған пенделер болған.
Сол арада Назым сұлу бірде-біреуін ұнатпай, қайтарып тұрғанда:
"Мерекеге келмеген,
Әзімбайдың баласы.
Қарақасқа атты Қамбар бек,– деп
біреу Назымға білдіреді.
Ерлікті елден асырған,
Айыбы жалғыз кедей",– дейді. Бұған қыз назар салмайды. Іші сезсе де, сыр білдірмейді. Өйткені Қамбар батырдың ерлігін ел-жұрттан естігені бар-ды.
         Қамбар батыр құлан мен киік кездесе ме деп, даланы аралап келе жатса, бұтына құйрығын қысып алдында жолбарыс жатқанын көреді. Сескенбейді. Жақындай бергенде, жолбарыс та түгінің бәрін жатқызып, арандай аузын ашып, тұлпарға асыла кетеді. Сол-ақ екен, Қамбар батыр да бар қайратын салып жолбарыстың құйрығынан көтеріп, басынан айналдыра қырық қадам жерге лақтырып жібереді. Жерге дүрс етіп құлаған жолбарыстың ырылдауға әлі жоқ болып жатқан кезде, тұмсығын тарақ балтамен соғады. Сөйтіп жолбарысты алдына өңгеріп, құйрығы шұбатылып бара жатқанын жұрт көреді.
         Бұл – бұл ма, "шұбырған малдың бірі еді, жағалай құлын байлаған, теңіздің бойын жайлаған" дегендей, қыз Назымның ауылының үстінен талай рет көлден құс атуға бара жатқанда, Қамбардың есіне жоқшылық кіріп, "Қымыра бар деп ақ үйдің, түсемін барып несіне" деп қырындап кететін. Бұл жолы да сөйте ме деп Назым сұлу Қамбардың қайтатын кезінде жолына жеңгелеріне өрмегін тездетіп жүгіртіп, тоқуға отырады. Қасына қымыз тостағанына дейін қояды. Бұған да Қамбар мойнын бұрмайды. –Адыра қал,– деп Назым сұлу тоқып отырған өрмегін кесіп, қиып тастайды да: –Тоқтай тұр,– деп артынан жүгіреді. Қарақасқа атына қаз бен үйректі, тырналарды артып келе жатқан Қамбар батыр артына қарай бұрылып тоқтайды. Бұлардың сөйлесіп тұрғанын көрген Назымның үлкен ағасы Қабыршақ (эпоста: адамда жасық сол еді. Сақалы ұзын ақымақ деп сипаттайды) айқай салып келеді:
         – Қораз, Дораз, Алшыораз, қайдасың?
         Әп-сәтте Әзімбайдың ұлдары, ауыл-аймақ дүрлігеді. – Аттан түсіріп, тепкілеңдер, соғыңдар,– дейді айқайшы.
         Жетіп келген Назым сұлудың ағаларының ішінде Алшыораздың ақылы бар екен:
         Қамбардың көңілін қалдырма,
         Қайратты туған ер еді.
         Болар,– деп бір күні кезегі, дегендей, араға түсіп, Қамбар батырды жолынан қалдырмайды.
         Жырда осы Алшыораз қалмақтың ханы Қараманның Назым сұлуды алмақ болған ниетпен әкесі Әзімбайға жаушы жібергенде, оның "бері кел, амандасайықшы, қолыңды әкел" деп, қолын бере бергенде атынан жұлқып түсіріп, құлағын, мұрнын шұнтитып кесіп, қан-жоса қылып еліне қайтарады. Хан келген жаушысының түрінен шошып кетіп, кектеніп Әзімбайдың ауылын шабуға жасағын жинайды. Мұны естіген Әзімбай балаларымен ақылдасып, Қамбар батырға Алшыоразды жібереді. Одан болған оқиғаның мәнісін түсінген соң, ойланбастан Алшыоразға:
         –Қайта бер, артыңнан бір-екі күнде жетермін,– деп жауап береді.
         Уәделі күні Қамбар батыр бар сауыт-сайманымен жарақтанып Әзімбайдың ауылына келеді. Әзімбай да ханға кідіре тұр, қызымның хабарын беремін деп "әне-мінемен" алдарқатып тұрған екен. Қаһарына мінген Қамбар батыр қалмақ ханының жасағымен жалғыз өзі айқасып, ойран-топанын шығарып, ханын өлтіреді.
         Әне, осындай ерлік көрсеткен Қамбар батырға Әзімбайдың балалары қастық ойлап, Назым сұлуға түн жарымында кездесіп жүргенде, бір күні қарындасын үйден шығармай, өздері салға шырақ жағып, күтпек болады. Күтті де. Бірақ батыр жақындаған сайын, салды білдірмей кейін шегіндіре отырып көлдің тұңғиығына оны ат-патымен батырып (әрине бұл эпоста айтылмайды) өлтіреді.
         Жақында жеке мұрғатымдағы "Сыр бойы" газетінің 2013 жылғы 31 қаңтар күнгі санында жарық көрген "Қамбар батырдың қабірі қайда жатыр?" деген мақаланың қиындысына көзім түсіп, қайта оқып шықтым. Мұнда жалағаштық автор Рысбай Кәрімовтің мақаласына ой-түрткі болған Ш.Қалдыбаевтың қазақ эпосының қаһарманы, қарақасқа атты Қамбар батырдың сүйегі жатқан жерде тайға таңба басқандай деректері таңғалдырған. Егер шын болса, аймақтың тарихи мұраларын зерттейтін құзырлы орындардың тым-тырыс жатқанына не деуге болады? Осы жайттардан  оқырмандарды хабардар ету үшін сол кездері жарияланған мақаланың мәтінін тауып алып, қайта баяндауды жөн көрдім, депті.
         "Қамбар батырдың Сыр бойында жерленгендігі жайлы ел аузында әңгімелер бар. Бұрынғы хабар Арал теңізіне жақын аймақты нұсқайтын. Жақында "Шаған елді мекенінің тұрғыны Ж.Қарабаевтан соны деректер естідім. Жалағашқа қарасты "Жаңадария" кеңшарының "Аққалқа" деген жерінде Биебай деген кісі қой бағып жүріп жаңбырдың астында қалады. Биебай әлі күнге дейін сол өңірде тұрады. Нөсер үш күнге созылады. ""Аққалқадан" жиырма бес шақырымдай жерде қой бағып жүрген Биебай амалдың жоқтығынан қойларды  "Қамбар батырдың қорғанына" апарып қамайды. Түнде Қамбар батыр Биебайға аян беріп, "Әбден басынып болдыңдар, енді кетіңдер" деп жатыр екен. Ертеңіне Биебай отарын ауылына  алып келеді. Бірнеше мәрте қайыру бермеген  отары "Қамбар қорығына" барып, жартылай обығып өледі. Биебай қорғанды аралай жүріп, айнала қазылған терең орды, терең зынданды, бейітті көреді. Бейіт басындағы құлпытаста "Қамбар" деп арабша жазылған қаріпті оқиды. Бұл хабар елден елге жетеді. Сонымен, елдің шамалауынша, Қамбар батырдың бейіті "Аққалқаның" арғы жағындағы жиырма бес шақырым жерде жатыр. Биебай сол "Аққалқада" әлі күнге дейін тұрады. Іздеу салып баратын жан болса, батырдың бейітін көрсетуге әзір",– деп жазады Ш.Қалдыбаев.
         Бұл мақаланың жазылғанына да жиырма жыл өтіпті. Жоғарыда аттары аталған  жандар бұл дүниеде бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Сонда қалай, осы уақытқа дейін  бір жан сол жаққа ат ізін салып анықтап,  жариялылық жасамаған ба? Егер шынында да Қамбар батырдың денесі сол жерде жатса, ол аймақ үшін үлкен мәртебе емес пе? Мысалы, үкімет тарапынан ұйымдастырылған ғылыми экспедиция жылдар бойы Ақтөбе облысының Қобда өзенінің бойында жерленген қара қыпшақ Қобыландының бейітін тауып, бүкіл елге жар салып, "Мәдени мұра" бағдарламасына енгізіп, басына зәулім құлпытас тұрғызып, халықтың батырға тәу етіп баратын орнына айналдырды. Ал егер осы мақалада жарияланған жерде шындығында да Қамбар батырдың денесі жатқан болса, "өлілер тірілердің көзін ашады" дегендей, біздерге не болған деген заңды сұрақ туады,– деп тұжырымдайды автор. Бұл – дұрыс пікір.
         Алайда, бұрында да, қазірде де көнекөз қариялардың айтуларына қарағанда, Қамбар батырдың өмірі Арал өңірінде, соның ішінде Қамбаш көлі маңайында өткен деп отыратынын талай рет құймақұлағымызбен естігенбіз. Өйткені Қамбар батыр түн жарымында ғашығы Назым сұлумен кездесу үшін, яғни уәде бойынша шырақ жаққан салыға әне-мінемен жете алмай, көлдің иіріміне батып кеткенінен жұрттың бәрі хабардар. Халық шулап қалған. Сондықтан Қамбаш көлінің бұл жерін әлі күнге дейін "Шулаған" деп атайды. Осы тақырыппен аудандық "Социалистік Арал" газеті мақала да (ұмытпасам, өткен ғасырдың 50-ші жылдардың аяғы болса керек) жазды.
         "Жүре берсең, көре бересің" демекші, сонау 70-жылдары "Приарал"кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы (босатылған) қызметінде болып жүрген кезімде, кеңшардың партия комитетінің хатшысы Әзберген Жақсылықов екеуміз  кеңшардың бұрынғы шабындық жерлерінің біразына шөп шықпай Ақшатау көлі маңынан қоғамдық мал үшін шөп дайындап жатқан механизатор-шөпшілерге мәдени қызмет көрсету мақсатында жолға бірге шыққанбыз. Мақсат лекция-концерт ұйымдастырып, механизатор-шөпшілердің көңілін көтеру болатын. Лекциямызды оқып, кеңшар көркемөнерпаздар үйірмесінің  концертін бергеннен кейін, үйірме мүшелерін мініп келген машинасымен қайтардық та, өзіміз Әзекеңнің жеңіл "Уазигімен" қайтатын болдық. Аманөткелден шыға "Сарыкөлде" ыстығымызды басып, бір-бір шомылып алдық. Қосжарға қарай келе жатқанымызда Әзекең жүргізушісіне сол жақ өрге қарай жүр деп нұсқау бергендей болды. Көп ұзаған жоқпыз, тау беткейіне келіп тоқтадық.Тоқтаған жеріміз бейіт. Қам кірпіштен өрілген. Жауын-шашыннан, желдің өтінен мүжіле-мүжіле белден сәл-пәл төмен қалпында екен.
         – Мына бейітті білесің бе? – деді Әзекең жерге түскеннен кейін. Білмейтінімді айттым, бірақ сол арада бейіттің көлемі 4,5х3,5 метрден кем емес екенін көзіммен шамалап шолып шықтым.
         – Білмесең айтайын, Қамбар батырды есітуің бар ма?– деді сәл-пәл үнсіздіктен кейін, – міне, сол Қамбар батырдың атының басы жерленген жер. Халық құрметтеп атының басына бейіт орнатқан. Мұндай оқиға хан дәуірінде, яки батырдың аты ұрыста өлгенде осылайша дәріптелген,– деді.
         Енді, міне, соны ойға алып, неге сол кезде марқұм Әзекеңнен Қамбар батырдың жерленген жерін сұрамағаныма өкінемін. Және де біз тұрған бейіттің маңы сол кезде "Приарал" кеңшары №2 фермасының шопандары жаз жайлаудан  келіп, күз айларында отарларын жайлайтын аймақ болатын. Мүмкін, тіс қаққан шопандар да білетін бе еді?..
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
өлкетанушы-журналист
07 қыркүйек 2021 ж. 1 290 0