Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Заманауи үлгідегі кітапхана қашан салынады?

Заманауи үлгідегі кітапхана қашан салынады?

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.
Міне осы асыл қазынаны оқу қазіргі таңда төмендеп отыр. Шекспирдің: «Кітап маған тақтан да қымбат» деп атап көрсеткен құнды қазынасы бүгінде тақтан түскендей әсер қалдырады. Көркем әдебиетке деген балалардың қызығушылығы азайды. Өзгенің әсері арқылы болмаса құлықсыздық пайда болды. Оның себептерін күнделікті қолданысқа енген ғаламтор, компьютер секілді құралдардың әсері деп білеміз. Бұдан соңғы себеп, аттаған әр қадамыңыз ақша керек болатын күнделікті тіршілік қамы адамдардың кітапқа деген ынтасын төмендетіп жіберетіндігі. Бала кітап оқып, ойын қорытудың орнына теледидардан дайын өнімдерді көруге бейім. Мұның барлығы балалардың кітап оқуына үлкен кедергі келтіреді. Ал ата – аналар тым жұмысбасты.
Баланың теледидар қарауын белгілі бір уақытқа ғана шектеп, кітап оқуына арнайы көңіл бөліп, қадағалап отыруға олар уақыт таппайды. Әрине, мұны жауап деуге де келе қоймас, өйткені, бұл себеп көзіқарақты адамның бәріне мәлім. Қоғамымыздың рухани әлемін жұтаңдатып әкетіп бара жатқан осы мәселеге ден қоюымыз да тегін емес.
Жалпы кітаптың құндылығы қандай? Біз әдетте ақын жазушылар мен авторлардың ғана пікірімен санасып қана қоятынды әдет еткенбіз. Бірақ кітаппен ақыл толыстырып, рухани байлыққа сусындап өскен ел ағалары бүгінде арамызда жүр. Солардың бірі ауданға белгілі азамат, ауданның Құрметті азаматы Әнес Әуезов ағамыз біздің басылымға берген мақаласында:
– Бүгінгі таңда мәдени, рухани байлықтың орталанып, төмендеп бара жатқаны да ерекше алаңдатады. Рас, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылды. Дегенмен, осы бағыттағы іс-шараларды әлі де болса жандандыра түсу қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан көп болып, ақыл қосып, мәдени ағарту мәселелеріне байланысты жағдайымыздың қазіргі жайын қайта-қайта таразылап, оның қайда бара жатқанын бағдарлап, соған сәйкес бетбұрыс жасамасақ, оның ақыры рухани ашаршылыққа әкеліп соғатыны белгілі. Адам тағдыры – ел тағдыры. Сол себепті адам танудан ақша тану басымдау болып тұрған мына заманда оның материалдық жағын ғана емес, рухани жағын да ойлап, ойлы да жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Ол үшін не істемек керек? Ең алдымен, білім, мәдениет, ағарту мекемелері, әрбір отбасы санасы сергек, ойы озық, талғамы биік, қиялы жүйрік, ұлттық рухани құндылықтарды бағалай, зерделей білетін қоғамымыздың болашақ азаматтарын тәрбиелеуге ерекше мән берсе екен деймін.
 «Тәрбие – тал бесіктен» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ұлттық тәрбиенің негізі ананық әлдиінен басталатынын өмірдің өзі, ғылымның көзі – халықтық педагогика әлдеқашан дәлелдеген. Бұған Бауыржан Момышұлының мына бір айтқан аталы сөзі дәлел болады ғой деп ойлаймын: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім, енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген бесігі жоқ елден қорқамын. Екінші, немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқамын. Үшінші, дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ». Батыр Баукеңнен артық не айтуға болады?! Ертегі білмейді екенбіз, білсек жөндеп айтып бере алмайды екенбіз, неге бір сәтке күйбеңі таусылмайтын тіршіліктен саңылау тауып, немерелеріміздің ұйқыға бас қояр сәтінде қазақ, әлем ертегілерін, тәрбиелік мәні зор қысқа әңгімелер мен өлеңдерді кітаптан, «Балдырған» журналынан оқып бермеске. Мұны айтып отырған себебім, осындай жолмен балаларды кішкентай кезінен-ақ кітапты сүюге, сол арқылы рухани байлықтың ең биігі – әдебиетті сүюге баулыр едік.
Бала кітап оқымайды дейміз. Дұрысы, соны оқыта алмай жүрміз-ау, шамасы, – деген болатын.
Расында ойландыратын мәселе. Кім кінәлі?! Оқымайтын бала ма, оқыта алмайтын ата-ана ма? Себебі неде екенін білмек болып әлеуметтік сауалнама жариялаған болатынбыз. Нәтижесінде кітап оқуға қарағанда ғаламтордың көмегіне сүйенетіндер көп болып шықты. Себебін сұраған сәтте, Ақгүл Жұмабайқызы есімді оқырманымыз:
– Кітап оқу жайлы әңгіме қозғала қалса балалығым еріксіз есіме оралады. Баланың басты міндеті білім алу, сабақ оқу емес пе?! Сондықтан болар, мұғалімдеріміздің тапсырмасын орындағанша асығатынмын. Кітапхана жағалап, тапсырманы орындаушы едім. Осылайша кітапқа деген қызығушылығым артты. Қыз бала болған соң анамызға да көмектесу керекпіз. Кітап оқимын деп қанша рет сөз естігенім де есімде. Қазір де ата-ана болдық. Балаларымның да білімге құштар болғанын қалаймын. Қазір жақсы оқиды. Бірақ кітап оқу қазір олардың үйреншікті әдетіне айналмаған. Оған себеп те бар. Біріншіден адамның жұмысбастылығы, уақыттың тапшылығы. Одан қалды қазіргі уақытта балалар әдебиетінің дамуы кенже қалып барады. Ол да бұл жағдайға себепші. Бірақ ең бастысы мәселе басқада. Ол – кітаптың бағасында. Мәселен кез келген кітапты кітапханадан табуға мүмкіндік болмай қалатын кездер бар. Сондай сәтте оқушының зейінін ашатын кітаптарды сатып алып бергіміз келеді. Бірақ бағалары аспандап тұрған мұндай кітапты сатып алуға екінің бірінде мүмкіндік жоқ. Сондықтан кітап оқуды, баланың кітапқа қызығушылығын арттыруды ойласақ бұл қиындықты да естен шығармасақ екен, – дейді.
Расында сөздің жаны бар. Кітапханалардың босап, кітап дүкендерінің жұмысы тоқтауына бұл жағдай да әсер етеді. Сондай-ақ кітапханалардың техникалық жабдықталуы мен келушілерге жасалатын жағдай да оқырмандардың азаюына әсер етеді деген пікірлер де кездеседі. Осының ақиқатын анықтамақ болып тиісті орындарға да хабарластық. Айтуынша аудандағы ахуал мынадай.
Арал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша 39  кітапхана бар (1 аудандық орталық кітапхана, 1 аудандық балалар кітапханасы,1 қалалық балалар кітапханасы, 3 қалалық кітапхана, 33 ауылдық кітапхана). Бүгінде бұл кітапханалардың барлығы уақыт талабына сай жұмыс жасап келеді десек болатындай. Себебі барлық саланың жұымысына өзгеріс әкелген пандемия уақытында да жаңа форматта жұмысын одан әрі жалғастырған кітапханалар жұмысының да жетістігін айтса болады. Келген оқырманның бос уақытын тиімді пайдалану үшін Коворкинг орталығы ашылып, 6 кітапханада жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнан бөлек түрлі жобалар жасалған. Бірақ бұл барлығы бірдей талапқа сай деуге келмейді. Мәселен аудандық орталық кітапхана, қалалық №1 кітапхана, орталық балалар кітапханасы, қалалық №3 кітапханалар 2014 жылы апатты деп танылған. Сараптама қорытындысында қайта салу қажет деп көрсетілген. Арал ауданындағы 200 мың кітап қорына арналған кітапхана құрылысына жобалау – іздестіру жұмыстары /ПИР/ жасалды. Ақпан айында жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына бюджеттік өтінім табысталған. Жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 16097,2 мың теңге қаржы қажет. Жаңа кітапхана құрылысын салу үшін Арал қаласынан 1 га жер телімі берілген. Алайда, бюджеттің мүмкіндігіне қарай мәселе шешімін таппады. Ал мұндай дүниенің қолдау таппауы аудан жұртшылығының рухани жүдеуіне алып келу қаупі барын да ойдан шығармаған дұрыс болар. Өйткені қалалық №1 кітапхана ғимаратының бүгінгі көрінісі осының анық дәлелі. Кітапхана қызметкерлерінің халыққа қызмет көрсетулері өте қауіпті. Осыған орай, кітапхананың халыққа қауіпсіз орында қызмет көрсетуін қамтамасыз ету мақсатында, заманға сай кітапхана салу немесе мекемені басқа ыңғайлы ғимаратқа көшіру жөнінде аудандық мәдениет бөліміне, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысына ұсыныстар беріліпті.
Түйін:
Бірақ істелген жұмыс ұсыныспен емес, нәтижемен көрінеді. Рухани жұтаңдық ұлттың келешегіне кедергі болатын жағдай екенін мұнан әрі айтудың да қажеті жоқ шығар. Кітапханалардағы оқырмандарды көбейтіп, тек жастар үшін ғана емес, барша кітап сүйер қауымды қуанышқа бөлейтіні даусыз. Тек ол ғана емес, білімнің қайнар көзіне айналған кітапқа құрмет қылсақ, том-том тарихымыз бен бүгінгі ұрпаққа ұлағат бола алатын тұлғалар жас ұрпақтың санасында қайта тірелері анық. Сондықтан кітапхана жайы баршаны ойландыру қажет.

Оңталап ЖОЛДАСОВ
11 қыркүйек 2021 ж. 1 419 0