Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алтын балық (поэма)

Алтын балық (поэма)

Бұл еңбегімді даңқты аға буын Арал балықшыларының рухтарына арнаймын.
Автор


Баяғыда теңіз жағасында кемпір мен шал өмір сүріпті. Бірде шалдың ауына алтын балық ілігіпті. Алтын балық шалға жалынып: "Мені теңізге жібер, не сұрасаң соны орындаймын" депті.
А.С.Пушкин
І
Балықшы ісі ертегі, ол нағыз жан,
Ғұмыры найзағай намыстан өрілген.
Аумайтын желкені аңыздан,
Айдында алыстан көрінген.
Ақ дауылға оның толы өмірі,
Айвазовскийдің "Тоғыз балындай".
...Үстінен тау толқын төнеді ірі,
Тағдырына ол жүр жалынбай.
Ештеңе бөгеп тұрмайды жолын,
Еңбегі үлгі Ертеңге.
...Жағада жары бұлғайды қолын,
Алыста жүзген желкенге.
Соры артық басқаның арзан бағынан,
Аралдың жыр-әні өзі.
Тулаған торда су маржандарынан,
Былайғы жұрттың тұнады көзі...
Аспан мен жердей теңізбен арасы көлдің,
Ел аз ба, егіз көретін.
Ержүрек балықшы баласы менмін,
Теңізде туып, теңізде өлетін.
Жүз жыл бұрынғы жеткен Еділге,
Аштықтан сақтап алтын балығы.
Поволжье... Пермь өткен өмірде,
Аралдың атымтай салтын таныды.
ІІ
Қымбатты Арал балықшылары!
Үстіміздегі жылы бүкіл Еділ бойы мен Приуральенің бір бөлігін аштық жайлағанын, Астрахань губерниясынан бастап, Татар республикасы мен Пермь губерниясына дейінгі жердің егінін қуаңшылық күйдіріп кеткенін өкінішпен мәлімдеймін. Сіздерде жағдай біршама жақсы көрінеді. Сондықтан революциялық көмектеріңізді 8 миллион еңбекшілер мен қарттарға, әсіресе өлім қаупіндегі 7 миллион балаларға беріңіздер. Сіздер мұнымен жұмысшы революциясының ісін нығайтқан боласыздар.
В.И.(Ульянов) Ленин.
Мәскеу. Кремль.
7 қазан, 1921 жыл.
Жолдас Ленин!
Аспанда ұшқан құстай боп үндеуің келді,
Аралдың түкпір-түкпірлеріне.
Уездік уәкіл жинады үлгеріп елді,
Жаңалық құмар қарамай жұрт түрлеріне.
–Қол жинап ақтың қаныпезер қашақтарынан,
Бай-құлақ біткен біраз алдады.
Зәрезап болдық залымның тас атқанынан,
Түнәукүнгі өрт те тегін емес лабаздағы.**
Жылымның торын кескілеп, желкенді жыртып,
Қайығымды таппадым қарап бір күні мен.
Кездесе қалсаң қапыда желкеңді түртіп,
Шаруаңды тындырар шолақ мылтығымен.
***
Жұмысшы-шаруа революциясынан,
Аянып қалмайды аралдық қасық қандарын.
Жазып отырмын ВКП/б/ бастауыш ұясынан,
Бауырдың батты ашыққандары.
Баршаңа Арал,
жолдайды сәлем, Бөгенім.
Қолын қысады қауымдас ер де.
Жуық күндерде жөнелтпек және ел көмегін.
Поволжье, Пермь– бауырлас елге.
–Аралдың халқы ағеден, аңғарды бұл ел,
**Нұртуған ақынның нәр алған достық жырларынан.
Жеті миллион қарттар мен балдарды түгел,
Құтқару парыз аштық тырнағынан.
...Боран мен үскірік, кей жанның құлағы кеткен,
Есесіне олжа көп көрім тіпті.
Қаңтардың қып-қызыл шұнағы көптен,
Балықшылардың беттерін үйітті.
Қозыкөш жерден қыр жаны күн салып қарар,
Кішігірім төбе – ақ балық, тыран, шабағы.
Ойлаған жоқ ек олжаны мұншалық болар,
"Жасасын төңкеріс!"
Балықшы қауым ұран салады.
Тілектес саған күллі Арал...
Қаратүп...
Бөген...
Қағаз қат, түртсем көш-құлаш тізім қыламын,
Балықшы сәлемін айтпақшы, Болатов деген,
Қағазға түсіруші қызыл мұғалім.
1921 жыл, желтоқсан. Арал теңізі
Қамыстыбас бекеті,
Қара-құрым халық,
Азынап тұр жолда "Қара айғыр".
Ақ қармен өзгерген дала түрі анық,
...Сонан бері өтті талай жыл.
Ағылған керуен Аманөткел... Бөгеннен,
Түстікке тартқан жыл құсы бейне.
...Қалың қар кешіп бөгелген,
Кісінейді уәкіл жылқысы кейде.
Бақырған түйе... ақырған уәкіл,
Балық толы шана салмағы ауыр.
Бұлдырап көрінеді қар басқан сонау,
Қамыстыбас... Қосжар алдағы ауыл.
Сықырлап қарда шана табаны,
Сиқырлы саздан құлақ тұнады.
...Ерте-кеш өстіп бара жатады,
Құрдай шұбырып...
Соңы емес бірақ бұл әлі.
Бұл қырда нені халық көрмеді,
...Жаяды алдан дала төсі құшақ.
Болат жолда барады балық керуені,
Баяғы шұбырған баба көші құсап.
Домбыққан қол... бет... ақырған аяз,
Соғады боран.
Екінді.
Белсенді болса бақырған ояз,
Ашуы бейне секілді.
"Он төрт вагон балық – Отанға!"
Жалынды уәкіл үндеуі.
...Буы атқылап алып отарба,
Батысқа тұр жүргелі.
ІІІ
Қымбатты Ленин жолдас!
Арал бассейнінің балықшылары 14 вагон шикі балық жөнелтті. Бұған Бөген балықшылары ерекше белсенділікпен қатынасты.
Арал Совдепінің председателі Т.Медетбаев.
23 желтоқсан, 1921 жыл.
Бауырлас достан алыстағы,
Аянып қалмайды Арал көмегін.
Жерқазба және күн кешкен қоста қамыстағы,
Балықшы ауылдан сәлем дер едім.
Сәлем беремін атынан айдынды Аралдың,
Кенде емес біз жақ рас, балықтан.
Туысқан, әлі-ақ бөлісіп қайғыңды алармын,
Немізді аяймыз кіл аш халықтан.
...Жырақтау елміз, жетпей жүр "Правдаң" бізге,
Губерния барып, Гришадан таптым бір бетін.
Қарық боп сонан ау, қайық-құралға күзде,
(Қарапайым осы жұрт ұққан таптық міндетін).
Айтпақшы айтсам ақтардың "Алтықұдық" маңында,
Тұмсықтарына қан жалатқанымызды.
Туысқан елдің құрметтеп салты, ғұрыптарын да,
Мақтан тұтамыз кеңестік мәңгі одақтарымызды.
...Қазақтың пейілін Махамбет, Абай толғады,
Түспейміз сонан төмен бір елі.
Жұмысшы-шаруа төңкерісі оңай болмады,
Төңкеріс...
Бостандық...
Уа, неткен кенен жыр еді!
...Көмкерген қазір Аралдың ақ қар етегін,
Жиырма бірінші жылдың қысып тұр қысы.
Қаһарман Бөген балықшыларын мақтан етемін:
Құрметке лайық Жүсіп...
Тұрдысы...
ІV
Еңбек Советі мен Қорғаныс комиссиясының председателі Крицман жолдасқа!
Аралдың кеме жөндеу құрылыстары үшін "Парсенс" системалы төрт, "Артур-Коппель" системалы екі, экскаваторларға және токарьлық, фрезерлік станоктар қажеттігі жөніндегі "Туркрыбтың" өтінішін 24 сағатта қарап, олардың пайдасына шешуді ұсынамын.
В.И.(Ульянов) Ленин.
Мәскеу. Кремль.
Жолдас Ленин!
Рахмет, көмегің үшін!!
Токарьлық станок тіпті қат еді,
Тағатсыз күткен ауылда кісің мен едім
және әлгі...
Кеме зауыттың күтті Мәкені.
Апыр-ай, сонда өзіңізге болғаны ма, мәлім?!
Аралдың кеме зауыты қиян шеттегі.
...Қызыл алаң және Кремль қорғаны да қалың.
Қасиетті Мәскеу көкейден қиял кетпеді.
Сорайып тілдескен сұр аспан,
Сұрғылт бұлттармен,
Соборлар алтын көп дейді көрген.
Қанішер патша қылғып жұтқанмен,
Достықтың бағы көктейді термен.
Жә, бірді айтып ғафу ет, бірге кетемін,
Қолымда қымбат станок – ардақ құралым.
Кеңестік Отан қайтсем де іргелі ел етемін,
Жастыққа сірә, тимейді-ау, жарғақ құлағың.
Шаруамыз біздің... жап-жақсы, жуырда оңалған.
Көз тұнбақ теңіз көшінен кеменің.
Пойызбен келген станок буылған, оралған,
"Парсенс", "Артур" – несібем дер едім.
...Станция басы. Көпшілік иін тіресті.
Көсемнің өзі жіберген...
Жарандар ғажап!
Басымыздан кештік мұнан да қиын күресті,
Зауытта қазір мамандар аз-ақ.
Тәуекел, жолдас!
Жарқын күн түбінде болады,
Буржуйдан маман біз үшін сұранба бола,
Саша мен Мәкен кей-кейде күлімдеп алады.
Қожайын көзбен сүйсініп құралға жаңа.
V
Зерттеушілердің мағлұматтарына қарағанда, асыра сілтеу саясатынан соққы жеген қазақ халқы 3 миллиондай жанынан айырылыпты...
Баспасөздерден.
... Қазақта жігіт қаншама қараңғы түнде,
Шамшырақ көрген әулеті, елі.
Сарғайтып бітті білте-үміт санамды мүлде,
37-ші жылдың нәубеті мені.
Білімнің нұрын шашсам да халыққа қараңғы,
"Халықтың жауы" атандым, адамның соры.
Жексұрын жендет, қанекей, анықта жалаңды,
Сақтаулы саған заманның оғы!
Адамның атын жамылып ардақ қылатын,
Қоғамның атын көрсоқыр былғаған пенде. 
...Тайганың іші. Тас түрме. Қарғап тұр ақын,
Қамауға түсіп,
Қан жылап жыр,
қалам демде.
Қатыгез тағдыр,
перзентті қалай көрмейсің?!
Ажалға тіккен елі үшін басын.
Жендетке неге бір ауық сана, ой бермейсің?!
Шыңырауға тыққан шен үшін досын.
Ақиқат, сені қанша жыл аңсап келемін.
Тағдырым ұқсас жылауық күзге...
...Мәскеуге жаяу-жалпылап барсақ деп едім,
Бостандық болса бір ауық бізде.
Жендеттің орыны – қуыста, жарғанат тұрағы.
Аяулы жолдас, тік ұста еңсені бекем!
Ақиқат түптің түбінде салтанат құрады,
Өмірден мынау осыған мен сеніп өтем.
Ұжымдастыру... артель... көп іс етіпті,
Аралдың жастары... қарттары жұмылған.
Бастарынан сұрапыл соғыс өтіпті,
Сұм ажал қақпаны құрылған.
Оқ болып жауып жауға балығым,
Боядық Бранденбург қанға қамалын.
Нығайтып аудан адымын,
Нық басты алға қадамын.
Жеңістен кейінгі жетістіктеріміз,
Облыс асып... Одаққа танылған.
Теңіз төсінде өтіпті істеріміз,
Кезім көп большевик қонаққа бағынған.

Арал аймағының қазіргі жағдайы жер жүзі халықтарын қатты алаңдатып отыр. Қазіргі таңда Арал теңізін қалпына келтіру үшін 65 миллион текше метр су қажет. Арал тағдыры – адам тағдыры.
ХХ ғасырдың сексенінші жылдардағы баспасөздерінен.
Ей, Ресей,
есен бе, аймағың?!
Аралдың жайын айтып мен деп едім берсем.
"Жұмаққа" әлгі жұрт көшкен көшем бе, қайдағы?!
Құм көміп жатыр атышулы Бөгенімді өңшең.
Құм көміп жатыр барымды,
бағымды менің.
Айнала аптап, атжалман билеп тұр құйын...
Ақ тақыр асау теңіз бен ағынды көлім,
Құлағың шалмайды қамыстан үйректің үнін...
Ну тоғай қамыс, қап-қалың қарасы сиреген,
"Құрбақа ойнар құлағында құлаған құланның".
Аралдың көріп шалшықты шарасын...
именем.
Астамсып кеткен кезі осы мұрадан ұранның.
Табиғат қорғау–
қорғаумен Отанды бірдей.
Аялау атамекенді ережесі қоғам.
Атанам қайтіп азамат атамды білмей,
Мен – Қызыл мұғалімнің немересі болам.
Куәсі болған көк өрім қандай шақтардың,
Жапырағын төгіп жылайды саялы бақтар.
Қаңсыған қайық...
құм іші...
таңдай қаққанмын.
Көк теңіз – Қозысын, Жібек жел – Баяны жоқтар,
Ақ күрішті ауыл,
Ақсақал мұрап айтатын:
– Су екеш суға бір күні сұрау болады.
Тоздырып жібермегей түгі май
Тұран ойпатын,
Аралдың аңызақ мынау бораны!
Арық атандай жапырық дала,
Күйдіріп кетті аптап жаз қырда шөбімді.
Қайнаған бейне мыс қазан қапырық қала.
Қандыра алмай жүрмін Сырда шөлімді.
VІІ
...Арада жүйткіп ғасыр өтіпті,
Уақыт шіркіннен не күшті.
Сол уақыт қалайы қасық етіпті,
Баяғы алтын шөмішті.
Артында қалған жұртына боздаған,
Аруана сияқтымын мен де бір.
Бабалар ерлігі ұмытыла жаздаған,
Уақыт та бір, жел де бір...
Талайдың тайып астынан тағы,
Биліктен біржола үзді қолдарын.
Аралдың қайтып басынан бағы,
Антарктидаға жетті тұзды сорларым.
Бақ шіркін шын екен дегенің құстай,
Балықшы ауыл шұбырды көшіп.
Қонысын тастап Ақбасты... Бөгенім түсте-ай,
Көшті де кетті іңірді кешіп...
...Ғажайып ан-ау ғасырлық бөгет,
Қара тас... қара темірді қабаттап өрген.
Айбатымызды асырдық ерек,
Табиғи тосын апаттан келген.
Көркем үйлерді көрем елдегі,
Бөлеп тұр нұрына Бөгенді Айдың.
Елбасының ерен еңбегі
Кіші Арал
көз жеткісіз көлемді айдын.
VІІІ
А.С.Пушкиннің бұл алтын емес балығы,
Қарт балықшының қармағын қапқан.
Ол алтын балық көмескі анығы,
Аңыз-жыр дейді ел ар жағын жатқан...
Ақырған кемпір анық албасты,
Ескі лашықты құрым басады.
Жамаулы жарық астаулы,
Бұл үйден бақыт қырын қашады.
Қиялым құстай қақса қанатын,
Ақ таңым қанша алда атыратын.
Бәйбіше де жоқ патша болатын,
Босағада байғұс шалға ақыратын.
Ойлантқан орыстың ойлы ақынын,
Оқиға аян бұл әлгі.
Адамның ашкөз қайда тұратынын,
Мысал қып Пушкин шығарды.
Ойға алып өткенді босады көңіл,
Ақпейіл дархан халық құшағы.
Арал балықшыларының асары со бір,
Алтын балықтың анық мысалы.
***
Не дейсің ХХІ ғасыр алдағымды?!
Несібе – бақ бер жүздері жарқын халыққа.
...Қармағымды қапса асыл арманымды,
Айтамын мен де алтын балыққа.
Толыбай АБЫЛАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
**Лабаз –жергілікті балықшылардың ауызекі сөзі. Дұрысы – ловбаз.
**Нұртуған Кенжеғұлов 1887-1934ж.ж. Арал аймағында өмір сүрген ақын.
 
14 қыркүйек 2021 ж. 975 0