Балалар тілінің бағбаны
Балалар әдебиетінің бағы мен бабын жандырған ақын- жазушыларымыздың сүбелі еңбектері – бүгінгі балалар әдебиетінің таңдаулы базарлығы. Осы бағытта елеулі еңбек, шұрайлы шығарма жазған ақындарымыз бен жазушыларымыздың ең таңдаулы жинақтары бүгінде біздің кітапхана қорымыздағы өлкетану тарихының алтын қорында құнды жәдігердей сақталуда. Бұл қатарда педагогика ғылымының кандидаты, ақын Әмірадин Әленов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жарасқан Әбдірашев, Қази Данабаев, Жұмабай Жақып секілді көптеген ақын-жазушыларымыздың есімдерін атап өтуге міндеттіміз. Педагогика ғылымының кандидаты, ақын, сазгер, аудан, облыс, республикаға танымал Әмірадин Әленов есімі өткен ғасырдың 50-80 жылдары тарих жылнамасында жарқырай жазылған. Балалар әдебиетіне тікелей қалам тартқан сүбелі ақындардың бірегейі болған. Ақынның алғашқы туындылары 1956 жылы «Жас жүрек» өлеңдер жинағына енгізілген. Өмірден ерте кеткен ақынның «Ақтолқын», «Шипалы су», «Әлімқара», «Айна» секілді жинақтары арқылы ел жадында мәңгілікке сақталған. Аударма саласында қалам тартқан ақын, педагог Әмірадин Әленов Александр Грибоедовтің «Горе от ума» комедиясын 1976-1978 жылдар аралығында «Ақылдан азап» деп қазақ тілінде сөйлеткен. Осынау толымды мұралар ақынның қарым-қабілетін, дара биіктігін айқындатқандай.
Ақын шығармасын тереңнен зерделеу барысында Арал аудандық мұрағат қорында сақталған аудандық «Толқын» басылымының 1966-1983 жылдардағы байламдарымен қатар кітапхана қорында сақталған 1991-2000 жылдардың байламдарын парақтай отыра ақын шығармаларымен қатар, ол жайындағы аудан қаламгерлерінің ерекше естеліктерін де аңғардық.Ақынға тақырып көп, мәселен олардың қайсысын жазса да өміршең етіп жазатындығында. Сүбелі еңбектер қоржынында балалар шығармашылығымен қатар өзге тақырыптарда да қалам тартқан басылым беттерінен аңғардық. Оған «Кестелі орамал», «Мен сені сүйемін» «Алатау», «Бақыт», «Ақын жаны» «Махаббат өлмейді» «Жасай бер» атты шығармалары сөзсіз дәлел.
Кітапхана саласының ардагер маманы Ранай Сатаева апай мен Бимұрат Үсеновтің ұлы Сәкен ағайдың көмегімен ақынның ұрпағы Әбдірахман Әленовпен тікелей телефон арқылы тілдесу мүмкіндігі және Алматыға барған бір сапарымда ол кісімен тікелей жолығу, танысу бақыты да бұйырды. Осы сапарымда қолыма түскен ерекше құнды жәдігерлер қатарында кітапхана қорында бұған дейін болмаған ақын мұраларына қолым жетті. Түпнұсқасы емес, әрине, тікелей еңбектің көшірмесі. Ақынның өмір жолынан тұтас хабар беретін жеке типтік құжаттарының барлығы деп атап айтуға болады. Сонымен қатар ақынның аударма саласындағы «Ақылдан азап» деп аталған жаңа еңбегі кітапхана қорына сыйға тартылды. Бүгінге дейінгі ақынның жеке мұрағатын көзінің қарашығындай сақтаушысы да, өз ұрпағына насихаттаушысы да – ақынның жары Әленова Мәрзия апамыздың еңбегі орасан. Ақынның жары болу бақыты бұйырған ананың бүгінгі өмір жолы Алатаудың бөктеріндегі Еңбекші қазақ ауылында жалғасуда. Ұрпағымен өсіп-өнген ақынның әулетінің алтын қазығы, ұрпағының қамқоршысы .
Ақын шығармалары бірнеше жинақтарға енгізілгендігін де осы зерделеу барысында кеңінен аңғардық. Мәселен, «Жас жүрек», қазақ балалар әдебиетінің литва тіліне аударылған «Степные маки», «Қазақ балалар поэзиясының антологиясы», «Сегодняшний день» секілді жинақтарға енгізілген.
Қолда бар құнды құжаттарды парақтай отыра ақын жайында жазылған әсерлі естеліктер ақынның балалық шағынан ерекше хабар береді. Әленовтің немере туысы Сағындық Тұрдалиев бауыры Әмірадин ақсақал жайындағы естеліктерінде бала Әмірадин белгілі жырау Нұртуған шайырдың шәкірті, Құмбазардың белгілі жырауы Дәріқұл Өмірқұлұлынан бата алғанын ерекше тебіреніспен жазып қалдырған. Өз өмір жолын ұстаздықпен сабақтастырған ақын қасиетті Құмбазар топырағының тумасы. 1931 жылдың 25 желтоқсанында өмір есігін ашқан. Құмбазар топырағы – ақындар мен жыраулардың кіндік кесіп, өсіп-өнген мекені. Бала Әмірадин әкесі Әленнің тізесінде отырып, Дәріқұл шайырға «Қартқожа» күйін, Нұртуған шайырдың ұлы ақын «Абайға» арнаған жырын орындап беріп, Дәріқұл жыраудан бата алып, көгерген жан екен. Дәріқұл жырау бар ықыласымен риза болып бала Әмірадиннің маңдайынан сүйіп:
Талабыңа нұр жаусын!
Көкірегіңе жыр жаусын!
Нұртуғандай шайыр бол,
Шалымды да алымды! – деп батасын берген екен. Сол өзі туған өңірдегі Құмбазар жеті жылдық мектебін тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүріп жыр жазған дара тұлға екендігін де Сағындық Тұрдалиевтің естелігінен аңғардық. Мектеп қабырғасындағы ұстазы Тілеужан Оспанов жас ақынға бағыт-бағдар беріп, үлкен білім жолына түсуге себепкер болып, анасы Алтынға қолқа салған деседі. Жетімдік тауқыметін ерте тартқан ақынның жемісті ғұмыры тынымсыз ізденіспен, терең біліммен сабақтасқан. Ақынның кәсіби саладағы білім жолы 1945 жылы Қызылорда педагогикалық училищесіне қабылданып, 1948 жылы бастауыш сынып мұғалімі дәрежесін алып шығудан басталған. Осы тұста ақын шығармалары аудандық, облыстық басылымдарда жиі жарияланып, ақын есімі елге таныла бастаған шағы. Кейін білім жолын Н.В. Гоголь атындағы Қызылорда мемлеккеттік педагогикалық институтын да үздік тәмамдаған. Білім жолынан кейін ғылым жолына талпынған ұлағатты ұстаз 1979 жылы А.И.Герцен атындағы Ленинград педагогикалық институтының аспирантурасын сырттай тәмамдап, педагогика ғылымдары бойынша өзінің кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Ақынның аударма саласындағы «Ақылдан азап» деп аталған еңбегіне алғысөз жазған ақын, филология ғылымының докторы Жанат Әскербекқызы ақын жайында ерекше естелік жазып, ақынның жаңа қырларын жаңғыртқан. Жоғары оқу орнында оқып жүріп нота мен неміс тілін еркін меңгергендігін тілге тиек еткізді. Оның домбыра мен скрипкада, виолончельде ән салған ерекше қырлары мен ойнау шеберлігі өз алдына бір төбе деп жазып қалдырған. Кеңес үкіметі тұсында ақынның сазгерлік қабілеті де елге кеңінен таныла бастады. Оған дәлел, ақынның «Шылдырмақ», «Ләззат», «Қазақстан», «Бейбітшілік үні» деген әндерін кезінде тыңдармандары жақсы қабылдаған. Мейрамбек Беспаевтың орындауындағы әйгілі «Ақ шолпаным» әнінің мәтінін жазған да осы ақын ағамыз. Елге елеулі болған тұлғаның алғашқы еңбек жолы қаладағы 100 жылдық тарихы бар Т.Г.Шевченко атындағы №13 білім ошағында ұстаздық етуден бастау алған екен.
Ұстаздық жолға қарай мен,
Ашқанда мектеп есігін,
Қарсы алды таныс шыраймен
Уа, Тарас, сенің есімің!– деп естелік жыр жазған. Осы тұстан ауданымызға белгілі ұстаз ақынның шәкірті Бимұрат Үсеновтің естеліктерімен бөлісуді жөн көрдік. «Толқын» газетінің 2010 жылғы «Ұстаз ақын» тақырыбындағы естелік жазбасында ұлағатты ұстаз болмысын ерекше мақтанышпен оқыдық.
"5 сыныпта оқимын, ағай ән-музыка, әдебиет үйірмесін басқаратын. Ақынның үйірмесіне мүше болу біз үшін қол жетпес арман болатын. Ағайдың жетекшілігінің арқасында алғашқы өлеңім 7 класта оқып жүргенде басталған еді. Әдеби үйірменің ол кездегі мүшелері Жақау Дәуренбеков, Абдул-Хамит Мархабаев, Сағындық Тұрдалиев, Елеусіз Кенебаев, Малкаждар Шыбынтаев, Серік Сейітмағанбетов және басқалары болатын", – деп естелік жазып қалдырған ұстаз бен шәкірт арасындағы хат бүгінге дейін Бимұрат Үсеновтің жеке қорында құнды жәдігердей сақталуда. "Ақын болмасам да хат тануды, ой жазуды осы әдеби үйірмеден таныдым" деп ұлағатты ұстаз алдында мәңгілік бас иген.
Елге танымал бүгінгі біздің ақын-жазушыларымызды әдеби ортада алғашқы толымды дүниелер жазуға бағыт-бағдар берген Әмірадин Әленов тұтас туған өлке мақтаныштарының ұлағатты ұстазы болғанын да зор мақтанышпен тілге тиек етеміз.
Ақынның "қазақ Корчагині" атанған Зейнолла Шүкіровпен әдеби ортадағы тығыз байланыста болғанын да осынау зерделеу барысында тағы бір аңғардық.
Ұлағатты ұстаз сонымен қатар қаладағы бұрынғы №15, №199 білім ошақтарында оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған. Қамбаш орта мектебінің, аудандық сырттан оқыту мектебінің директоры болып та еңбек еткен екен. Ақынның 1982 жылғы қорғалған кандидаттық диссертациясының тақырыбы «Жұмыс істейтін жастар мен ересектерді оқытуды саралап ұйымдастыру» тақырыбында қорғалған. Осынау ересектер мен жастардың кешкі мектептердегі білім алу системасына негізделген бұл ғылыми еңбек, "КАЗНБ" сайтында жүктелген. Аты аталып тұрған бұл ғылыми диссертация 1970-1980 жылдар аралығындағы Арал ауданы еңбеккерлерінің білім жүйесін оңтайландыру бағыттары қарастылылған.
Аяулы ұстаз, ардақты ақын Арал қаласынан Қызылорда қаласына қоныс аударып, Қызылорда педагогикалық институтының професорлық құрамында еңбек етіп, жас студенттерге дәріс оқып, ұстаздық бағытта тәлім берген.
Ақынның «Бақыт» атты туындысы адам баласының бақытын жан- жақты саралап, жырға қосқанын аңғарамыз. Адам баласы үшін мынау өмірде артына өшпес із қалдыру нағыз бақыт екендігін бүкпесіз баяндаған.
Біреу бар бақытты,
Абырой, даңқына.
Жақсы іздер жәдігер,
Қалдырар артына.
Бала жүрегіне тура жол таба білген ақынның әрбір жыры баланың тілінде кез келген оқырманмен еріксіз тілдестіреді. Әрбір ересек оқырманды өзінің өткен балалық шағына саяхат шектіртеді.
Ерте, ерте ертеде деп жыр жазған ақынның туындыларының басым бөлігі аңыз, ертегі негізінде поэмалық жанрда жазылған «Әлімқара» батыр дастаны мен «Шипалы су» дастандарын жеке дара атап өтуге міндеттіміз. «Жалмауыз балықтар жайлы ертегі» жырында Арал теңізінде мекен еткен барша балық атауларын тілге тиек етіп, әдемі жыр жазған. Осынау туындымен жақын танысар бүгінгі біздің барша жас оқырмандарымыз Арал теңізінің табанында тіршілік еткен, бүгінде тіршілік ететін су маржандары атауларын жақын таныры сөзсіз.
Ақынның әрбір туындылары бала білімінің базарлығы, өзі де сол асыл білімнің бағбаны бола білді. Оған ақынның «Әліппе», «Бастауыш», «Сүйікті үй», «Теңіз жағасында» деп аталған өлшеусіз туындылары сөзсіз дәлел .
Қаламгер де, ақын да – уақыт перзенті. Сол уақыттың елеулі оқиғаларын шығармаларына арқау ету – оның сүбелі парызы. Ақын шығармашылығының әрбір тынысынан ауыл баласының теңіз жағасындағы шат-шадыман қуанышқа кенелген бақытты кезеңдері де шебер суреттелген. Ақынға тақырып көп. Мәселе солардың қайсысын жазсаң да оқырман жүрегіне жол таба білетіндігімен және мәңгілік халық жадында қалғандығымен бағалы.
Ақынның аңыз-поэмаға негізделіп жазылған «Шипалы су» шығармасынан тап бүгінгі заман тұсындағы ауыр кезеңдерді аңғара отырып, терең ойға шомасың.
Тұтас елдің құтын қашырған залым патшаның таусылмас қаһарлы бұйрықтары арқау болған бұл поэмадан патшадан зәбір көрген қара халықтың ащы тағдыры баяндалады .
Ал тыңдаңдар жарлығымды бәрің де,
Әйел, еркек, жастарың да, кәрің де.
Бір жетіде түгел қырып болыңдар,
Алпыс жастан асқандардың бәрін де,– деп залым патша өз халқына үндеу тастайды. Бұл поэмадағы Қойшыбай әкесін өлімге қимай, әкесін елден жасырып сандыққа салып 10 жыл бағады. Ел-халықты есеңгіреткен патшаның екінші бұйрығы тұтас елге тегіс тарайды.
Заман тұрды теңіз дейін шайқалып,
Тыныш дәурен сүре алмады жай халық.
Айтқан сөзі атқан оқтай сол жауыз,
Бір күндері тағы шықты айқайлап.
"Бір жерлерде тамаша шипалы су бар, соны тапқан жанға өмір бар, таппағанға өлім бар" деп ашық айтып, елге жаңа заң шығарады. Бұл жарлықты Қойшыбай әкесіне айтып келеді. Сонда әкесі ол судың барар жолын баласына нұсқап айтып, Қойшыбай 30 күн жол жүріп патшаға шипалы суды ұсынады. Сонда патша "бұл ғажайыпты білетіндей жасқа жеткен жоқсың, қайдан білдің?" дейді. Сонда "бұл шипалы судың тарихын жасы 70-ке таяған қарт әкем айтты" дейді. Залым патша сол күннен бастап қарияларды өлтіруді біржолата доғартқан екен. "Қариясы бар үй мен ел – тұтас қазына" деген осы.
Осы бір тарихи еңбек бүгінгі заман көрінісін тегіс баяндатқандай тұтас ой салып, тұла бойыңды түршіктіреді. Бұл толымды жинаққа сонымен қатар туған өлке, Отан, балалардың жағымды, жағымсыз қылықтары жайлы ойнақы өлеңдері енгізілген.
Ақын жинақтарында сонымен қатар балабақша балғындары да сусындап өсер жырларды, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды да көптеп кезіктіре аласыздар.
Асылып ақша бұлтты аспанына,
Жөн төсеп бұғы, марал дастанына.
Ашулы Алатау қарт жатыр көлбең,
Қаһарлы аяз жинап қатпарына,– деп жыр жазған ақынның ұрпағы, жары Алматы қаласында ғұмыр кешіп келеді. Өз халқына қалтқысыз қызмет еткен ақын, ұстаз Әмірадин Әленов өмір жолында кіндігінің қаны тамған туған мекенге, маңдайының тері тамғанша елге, өзінен кейінгі ұрпақтың білім жолына қалтқысыз еңбек еткен аяулы азамат. Ел азаматтарының есімдерін ардақтау, ұлықтау – парыз. Бүгінде қалада ақын атында көше бар. Ақынның 90 жылдық тарихи ғұмыры мәңгілік ұрпақпен ұлықтала береді.
Гүлнұр ШАЛМАНОВА,
орталықтандырылған Абай кітапханасының кітапханашысы