«Қан мен тердің» жарыққа шыққанына – 60 жыл
![](/uploads/posts/2021-10/thumbs/1634996483_eskertksh.jpg)
«Қан мен тердің» халықтың шығармаға айналуының себебі көп. Трилогияға арқау болған оқиғаны жазушы ойдан қиыстырған жоқ. Яғни, өмірде болған нақты оқиғалар. Қаламгер бұл жөнінде: «Кейпкердің бәрі өмірде бар адамдар. Бірақ мен оны типтестіріп, басқа адамның басында болған оқиғаны өз кейіпкерімнің басынан көрсеттім. Мәселен, Ақбала, Кәлен, Еламан, Тәңірбергендердің бәрі ойдан жасаған кейіпкерлер. Бірақ әр қайсының өзінің прототиптері бар» дейді.
Әлем елдерінің тілдеріне аударылып, оқырмандар жүрегінен жол тапқан «Қан мен тер» жайында шетелдік жазушылар да жоғары баға берген. Солардың бірі франциялық Лили Денидің: «Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген» деген пікірі.Сондай-ақ аты әлемге мәшһүр Луи Арагон, Томас Тадео, Реми Дор, Андре Стил, Жан Монтальбетти, Тристан Рено, Лили Дени, Жорж Буйон, Лео Кошут, Нелли Стефан сияқты қаламгерлер қазақ жазушысы Әбдіжәміл Кәрімұлының шығармашылық шеберлігі жөнінде тебірене жазып, Нұрпейісовті қазіргі заманның ұлы суреткерлерінің бірі деген қорытындыға келді.
Ал, қырғыз халқының ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматов қаламгер турасында: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да татымды прозасына баяғыдан бері ғашықпын. Одан көп нәрсе үйрендім, онымен сан рет сырластым да, бірақ онымен әр кездескен сайын, оны жаңа көріп білгендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ретінде ол әманда терең, салиқалы да сабырлы» деген екен.
Бүгінгі аға буын Арал азаматтары «Қан мен тердің» театрдың бағын ашқандығын аңыздай қылып айтып, «М.Әуезов театрында «Қан мен тер» қойылымы қанша рет қойылса да, көрермен қарасы көп болатын. Актерлердің шығарманың шырайын, кейіпкерлер бейнесін шынайы аша білгендері соншалық, көпшілік спектакль аяқталғанмен қозғала қоймайтын. Әсіресе сұлу да тәкаппар Ақбала рөліндегі Фарида Шәріпованың ойыны қандай керемет еді. Нағыз Ақбала дерсің. Қален бейнесін сомдаған оның жары Ыдырыс Ноғайбаевтың шеберлігін айтуға сөз жетпейді. Көретін көз, сезінетін сезім керек» дейді қойылымды талай тамашалаған аралдықтар.
Айтса айтқандай, бір спектакль қазақ театрының тарландарын жаңа бір қырға көтерді. Театр бұл спектакльді Мәскеуге апарып қойғанда, орыстың ұлы актері Иннокентий Смоктуновский Сүйеудің образына жоғары баға береді. Қазақтың өнерін бұрын-соңды мойындап көрмеген сахна шеберінің Сәбит Оразбаев туралы айтқаны Одақ көлемінде тарайтын басылымның бәрінде жарияланып, жас актердің атағы дүркіреп шыға келді.
С.Оразбаев өз естелігінде «Жас жігітпін. Қарияны сомдау оңайға түскен жоқ, Бастапқыда бұл рөлді менің ойнағаным авторға – Әбдіжәміл Нұрпейісовке аса ұнай қоймаған. «Сен қисайып-мисайып, ақсаң-ақсаң етіп, қайдағы бір шалды сомдап жүрсің. Сүйеу ондай кейіпкер емес», – деп наразы болды. Дегенмен режиссер қойған міндетті жоғары деңгейде орындау үшін барымды салдым. Сүйеуге өз бойымдағы бар қабілетімді ғана емес, өмір бойы халқым туралы ойлаған, сезген, білгенімнің бәрін салдым. Кейіпкеріме қазақ қарттарының жиынтық образы, халықтық мінездің сығындысы ретінде қарадым. Маған әсіресе, Ақбаланы ойнаған Фарида Шәріпова көп қолдау көрсетті. «Сүйеуді тапсырғанда тіземнің дірілдегенін көріп «Бұл да саған Құдайдың беріп тұрған мүмкіндігі шығар. Беліңді бу да, кіріс, өзіңді көрсет!» деп жігерімді қайрады» деп жазады. 1974 жылы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық театр ұжымы әдебиетіміздің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» пьесасын сахналағаны үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Сол жолғы лауреаттар тізімінде жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов, режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, суретші Александр Кривошеин, Еламан рөлін сомдаған Асанәлі Әшімов, Ақбала рөліндегі Фарида Шәріпова, Қален рөлін сомдаған Ыдырыс Ноғайбаев бар еді.
Ал, 1978 жылы Әзірбайжан Мәмбетов пен Юрий Мастюгин «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Басты рөлдерде: Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Ыдырыс Ноғайбаев және басқалар ойнады. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның "Алтын" медалін және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальде «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» аталымын иеленді.
Халықтың «Қан мен терге» деген құрметінің белгісіндей 2008 жылы Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл – әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды.
Міне, алғашқы идеясы жазушы ойына Арал жерінде оралып, парақ қағазға «Қан мен тер» деген сөз болып жазылған трилогия жаһан жұртына қазақ әдебиетінің кереметтігін танытты. «Қан мен терді» қолыма алған сайын мақтаныш сезімі бойымды билейді әрі жаңаша ой түйе түсемін.
Ботагөз САРБАСОВА,
«Арал қалалық тарихи музейі» филиалы меңгерушісі.