Жауынгер ұлын іздеген ана
Дүние жүзін дүр сілкіндіріп, адамзат баласын қызыл қанға бояп, қырғынға ұшыратқан екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ажал оғы жауған майдан өтіне жауынгер ұлын іздеп барған асыл ана туралы алғаш естігенімде, осынау жанның нәзік қаһармандығына, сонан соң асқан батылдығына, не болса да перзентін бір көру үшін тас түйін шыққан батылдығына таң қалдым. Және де қаншама соғыс туралы кітап оқып жүрсем де, мұндай әйел-ананың басынан өткен ұлы ерліктің мысалын естімеппін. Тек есіме кеңес заманында талай мәрте кино экраннан көрген «Отец солдата» фильмі еске түсті. Грузин шалы Георгий Махарадзе солдат ұлын іздеп, басынан талай қиындықтар, азапты, мехнатты шақтар өтіп, аяғында неміс жеріне жеткенде қатты жаралы болған ұлын табады. Бірақ ұлы әке қолында өледі. Атақты режиссер Резо Чхеидзенің осы киносы сол жылдары әлемді шарлап кеткен. Танымал кино туынды. Бұл кинодағы оқиға өмірде болды ма, болмады ма, ол жағын білмейміз. Бірақ соғыстың лаңын жеңген бейбіт сүйгіш әке рухы алдында бас иеміз.
Ал айдынды Арал жағасында құбатөбел тірлік кешіп, кейін қан майдан шебіне дейін барған ана туралы не білеміз. Арал қаласының күнбатыс бетіндегі Базарная площадь көшесінің (қазір М.Рысқұлов көшесі) №105 үйінде тұрған Тұрсынкүл Байзаққызы тектілердің бір ұрпағы еді. Ол 1901 жылы оңтүстіктегі рухани орталық Түркістан қаласының маңындағы Құсшы ата деген жерде туған. Әкесі осы өңірдегі ең соңғы датқа, кезінде болыс та болған Байзақ деген өте белгілі кісі болған дейді. Ел-халықты туралығымен, әділдігімен басқарып, халықтың жүрегінен орын тапқан тарихи тұлға. Қазақ шежіресіне жүгінсек, руы-орта жүздегі Қоңырат тайпасының жетімдер аталығы. Байзақ қызы Тұрсынкүлді кішкентайынан үйде оқытып, сауатын ашқан. Содан да ол араб, парсы, орыс тілдеріне жүйрік болған. Бұхар медресесінен оқыған, ұстаздарынан тәлім алған екен.
1917 жылы Қазан революциясы болып, кеңес өкіметі орнағаны белгілі. Пролетариат диктатурасын орнатқан қандыкөз өкімет патша заманында кеше бай болған, дін иесі болған адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқаны шындық. Патша заманында аты дүркіреп тұрған Байзақ датқаның да басына екі талай күн туады. Міне, сол кезде ол пананы Арал қаласынан табады. Қалай табады. Оған себеп болған белгілі қайраткер, айтулы ертұлға Жағал Таушанов болатын. Арал маңындағы ақ пен қызылдар соғысында отряд басқарған ол өңірімізде белді азамат еді. Жағалдың бір туысы Түркістан жаққа қызын берген еді. Сол деректі Түркістанға барып жүрген Жағал кезінде Байзақ датқамен айырылыспас дос болды. Датқаның басына күн туғанда оны жасырын Аралға көшіріп алады. Бұл 1919 жыл еді. Датқаның қызы Тұрсынкүл көп ұзамай жергілікті жердің Нармағамбет атты жігітіне тұрмысқа шығады. Әкесі Байзақ күйеу баласының кең ауласының бір жағынан жертөле үй салып алып, сонда өте қарапайым тіршілік кешіп, 1939 жылы 94 жасында дүниеден өтеді. Айтпақшы, Байзақты Түркістан өңірі ұмытпаған екен. Атақты Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне көп адамдардың аты жазылған тақтада оның да есімі тұрған. Онда туған жылы 1845 деп көрсетіліп, өлген жылы белгісіз деп жазылған екен. Кейін зерттеушілер Аралға індете іздеп келіп, ол туралы деректерді алып, Жарбол қорымындағы қабірі орнына барып көріп кеткен.
Арал қаласындағы базарда базарбасы боп істеген Нармағамбет пен Тұрсынкүл 1921 жылы ұлды болып, атын Шекербек қойыпты.
Арал теңізі жағасындағы портты қалада туып-өскен Шекербек осындағы №13 орта мектепте үзенгілестерінен жақсы оқып, 8-сыныпты бітірген соң, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер дайындайтын жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Осында 2 жыл оқып, «тарих пәнінің мұғалімі» деген куәлік алып шығады. Ол жылдары ауданда арнайы білім алған мұғалім адамдар саусақпен санарлықтай аз еді.
Ұстаз боламын деп қолына дипломын алып келген балаң жігіт Шекербек Нармағамбетовті аудандық білім бөлімі Арал теңізінің батыс жағалауындағы үлкен балықшы ауыл Ауандағы орыс-қазақ мекебіне мұғалім етіп жолдама беріп жібереді. Бүкіл батыс өңірді қамтитын, сол беттегі ауылдардың балалары бастауыштан соң келіп оқитын жеті жылдық мектеп уақытында үлкен білім ұясы саналатын. Айтқандай-ақ, 30 жылдардың аяғында, 40 жылдардың басында ауылдың алғашқы мұғалімдері Иса Айтубаев, Әлім Жидебаев сияқты замандастарымен қатар Шекербек алғашқы ұстаздық жолын бастайды. Жұмысшы факультетінде алған тиянақты білімі бар, тілге жүйрік жас мұғалім мектептегі орыс және қазақ сыныптарына қатар сабақ берді. Түкпірдегі ауыл болғанымен де, бірнеше ұлт өкілдері тұратын. Бұл барған жылы білім ұясы үлкейіп, тоғызжылдық мектепке айналған. Балықшы балалары білімге сусап отыр. Шеттерінен зерек, шеттерінен алғыр. Шәкірттерін жанындай жақсы көретін Шекербек тарихтың терең қатпарларын ақтарып, оларды қанаттандырып отырды.
Ұлағатты мамандықтың қыр-сырын дендеп, бір жағынан қияндағы ауылдың мәдени-рухани өсуіне күш-қайратын салып еңбектеніп жүрген жігіттің биік-биік мұраттары болатын. Алайда 1941 жылы фашистік Германия тұтқиылдан соғыс ашқан сәттен бастап, өмір басқа арнаға бұрылып жүре берді. 20 жасар жігіт өзі сұранып, Отан қорғауға бел буды. Білімі бар жігітті әскери комиссариат демде шақыру (повестка) беріп, Орал қаласындағы әскери училищеге жіберді. Соғыс тәңірі аталған артиллерияның құпияларын игерген курсант ары қарай Еділ өзеніне жақындап қалған майдан жолына 13-атқыштар дивизиясының 92-полкінің құрамына беттеген.
Аға сержант Шекербек Нармағамбетов бар әскери бөлімше Ұлы Отан соғысында болған аса ірі шайқастар өткен атақты Курск-Орел доғасындағы ұрыстарға түсті. Артиллерист ретінде осындағы танктер соғысында жаудың тажал қаруларын дәл көздеп жоюға ұмтылды...
Тұла бойы тұңғышы әскерге кетіп, Оралда училищеде оқып жатырмын деп әуелгі хаты келген. Тұрсынкүл анадан маза кеткен. Есіл-дерті ұлын көріп қайту болды. Жиған-тергенін алып қойып, алыс жолға жинала бастады. Ана жүрегі баласын бір ретте болса, кеудесіне басып еміренгісі келген.
Қазақстанның батысында Орал қаласы майдан шебіне жақын еді. Еділ өзеніне гитлершілдердің таяп келуіне байланысты Қазақстанның батыс қиыры бейсауыт жүргіншілерге жабылған болатын. Жәнібек ауданының жерін неміс ұшақтары бомбалай бастаған. Тұрсынкүл ана Арал аудандық әскери комиссариатқа барып, рұқсат қағаз (пропуска) жаздырып алды. Қолында бар барлық алтын-күміс сақина, сырғаларын сатып, жолпұл қылды.
Арал теңізі стансасынан пойызға отырды. Ана тәуекелділігіне қандай жол да бөгет бола алмайтын. Неше күн жүріп Орал қаласына жетті. Бұл жеткенде жауынгер баласы училищені тәмамдап, Сталинград бағытына жөнелтілген бөлімдерге кеткен екен. Тұрсынкүл ана қайта жолға шықты. Бірде пойыз, бірде сырқылдақ машинамен майдан өтіне де жақындады. Қаншама тексерістерден өтті, әйтеуір мақсатынан бұрған кісі болмады.
Бұл кезде Шекербек Нармағамбетов қызмет ететін 13-атқыштар дивизиясы шайқастардан соң, тылға ығыстырылып, резерв ретінде қайта толықтырылып жатқан-тұғын.
Тұрсынкүл ана 92-полктің штабына жетті. Полк командирі оның сонау қазақ жерінен, Арал теңізі жағасынан қалай жеткеніне таң қалды. Басын шайқай береді.
Ал дивизия командирі:
–Біз әскерімізді тылдан жетізе алмай, жаралыларды кері жібере алмай жатырмыз. Ал сіз жалғыз өзіңіз қалай жеттіңіз? – деп сұрақты төтесінен қойды. Ана шындықты жасырмады.
–Дүниеге қызықпайтын жан жоқ. Алып шыққандарымды беріп отырып жеттім. Орыс арағы да көп жерде өтуіме мүмкіндік берді, – деді.
Дивизия командирі оған риза болғандай, қайсарлығына тәнті болғандай бір қарап алып:
–Жиырма төрт сағатқа ұлыңызды жаныңызға беремін. Сосын ертең санитарлық машинамен кері қайтасыз, – деді.
Ана жүрегі қуаныштан жарылып кете жаздады. Көзінен ып-ыстық жас сорғалап қоя берді...
Дивизия командиріне шақырылған аға сержант Шекербек Нармағамбетов ойы сан-саққа кетіп, штабқа ентіге жеткен. Осы жерде адам сенгісіз, үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жай болды. Қан майданның қияндағы бір шетіне туған жері Аралдан келген асыл анасы Тұрсынкүлдің жол азабынан тотыққан жүзін көргенде, көзі кіреукеленіп кетті. Құлағына тек «Құлыным,құлыным» деген даусы анық жетіп тұрды.
Ананың жауынгер ұлын іздеп, мехнатты сапарға шығуы офицерлерді де, жауынгерлерді де таң қалдырды. Олар қазақ әйелінің жігер-қайратының алдында бас игендей болды.
Тұрсынкүл ана ертеңіне алыстағы Аралына қарай жолға шығып, кері қайтты.
Кешегі ұстаз, соғыс уақытында Отанын қорғаған Шекербек Нармағамбетов арада бір жыл өткенде 1944 жылдың мамыр айында татар елінің астанасы Қазан қаласында госпитальда қайтыс болды.
Аралда «Сен де ер жетер ме екенсің?! – деп, алты-жеті жасар ұлы Даниярды әлпештеп отырған ана қолына үш бұрышты қара қағаз келді. Өмірлік жолдасы Нармағамбет екеуі үлкен қайғыны бірін-бірі демеп отырып жеңуге тырысты.
Соғыс өрті басылды. Бейбіт күн орнады. Ер жеткен екінші ұлы өмірге араласты. Қазақ әйелінің тұлғасын танытқан асыл ана Тұрсынкүл Байзаққызы баласы Даниярдың қолында 1970 жылдардың аяғында дүниеден өтті.
Аралдық ананың қандай-қандай қиындықтан, алапат соғыстан тайсалмаған айрықша сапары кешегі бір заманда Сібірдің, Қиыр шығыстың мыңдаған шақырымдық жерлерінде айдалып, ит жеккенде сүлделері жүрген күйеулерін іздеп барған алашорда қайраткерлерінің зайыптарының ерен әрекетін еске түсіреді. Азапты күндер өткізіп жүрген арыстардың жүрегіне сәулелі үміттерін жаққан әйелдер еді ғой олар.
Қарапайым қазақ әйелдері міне осындай! Ерліктеріне дастан арнауға, бастарынан өткен жайларды суреттеп, жазып беруге сөз құдіреті де жетпейтіндей. Оларға қазақ жерінің барлық қалаларында еңселі ескерткіш-монументтер қойса да артық болмас.
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі