Суыннан болған тұлпар
Біздің “Пятый” (1-ші шақырым) деп аталып кеткен төбеде небір жайсаң ақсақалдар болды. Шеттерінен сөзшең, өткен-кеткен әңгімелерді, шешендік-нақыл сөздерді майын тамызып айтқанда аузыңнан суың құрып, аң-таң қалатының жасырын емес. Сондай ақсақалдардың бірі – Бөгенбай еді, марқұм. Өзі әкеммен замандас. Кейде үйге келіп, "бәріміз де Көгістің баласымыз ғой, шақырған жерге бірге барайық" деп, әкемді ерітіп кететін. Ақадал, кеңпейілділігі ғой! Әйтпесе келе ме? “Өзі барады та, менің нем бар?” деп қолын сілтейтіндер сол кездерде де болған. Ол ондай сойылдан емес.
Сондықтан болса керек, төбенің қадірменді ақсақалы Бөгенбайды құдай жолы болсын, той-томалақ болсын үлкен-кіші демей, төрге оздырып, ортаға алып, әңгімесін тыңдағанды жақсы көретін (асыра мақтағандық емес, мұны өзім талай көргендіктен айтып отырмын). Әңгімелері ұғынықты, сұлу сөзден қамшы өргендей. Және де батасы да сондай керемет! Барған жерінің ыңғайына қарай, дастарқан батасы, ас қайыру батасы, отбасына, сондай-ақ жаңадан отау құрған жастарға берген баталары, көсем сөздерге толы, мейірің қанады.
Әсіресе, оның үш жүздің төбе билері – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билерден бастап, өзіміздің Арал өңіріне белгілі Сапақ би, Үмбет би, Жетес би, Мөңке би, Мырзағұл би, Құлбарақ би, ең аяғы Нұрбай бидің шешендік сөздерін, олардың елге жасаған жақсылықтарын, батырларымыздың жаужүректігін айтқанда, өзің де таңғаласың, не әңгіме болса да баппен айтады. Мұның бәрін қайдан біледі (оқыды) деп тағы да таңғаласың! Сұрасаң:
– Иә, қарағым, бізде не оқу болсын. Оқыған болсам Арал теңізі портында жүкші болып өмір бойы жұмыс істеймін бе? – деп ықыластана жауап беретін. Және де ел арасында естіген әңгімелерім ғой, есте қалған дейтін.
Бірде бас қосқан қауымда Бөгенбай ақсақалдан біреулер Жылқайдардың тұлпарын өзінің қарақалпақ Нұртай деген жолшысы ұрлап алып, қашып кеткені жөнінде сұрамасы бар емес пе?
– Бұл ұзақ әңгіме, – деді Бөгенбай ақсақал. Оны осы жерде айтып тауыса алмаймын. Ел болған соң әртүрлі қиюы келіспеген әңгімелер айтылады. Біреулер Нұртай жалшысы еңбек ақысына сұраған текті жылқысын бермегендіктен Жылқайдарды атып өлтіріп, өзі меңзең тұлпарға мініп қашып кеткен десе, енді бірінде бірнеше жыл жалшысы болған Нұртайға мінгізген текті жылқысы Хиуа жерінде тұлпар болып, бәйгеден бәйгі қоймағанын естіген Жылқайдар амалын тауып ұрлап, елге әкелгеннен кейін, артынан қуғыншылар келіп Жылқайдарды өлтіріп, жанұясын қырып кеткен екен дейді. Міне, көрдіңіз бе? Міне, мұны сіздерше, вариант дейді. Бір жүйеге түспеген әңгіме. Бірақ та негізгі оқиға – текті жылқыға (тұлпарға) байланысты болған. Ол былай:
– Қарақалпақтың елінен Нұртай атты жас жігіт өзінің жақын туысын өлтіріп, түнемелікке қашады. "Ауылға тығылсам тауып алып өлтіреді" деген оймен айдалаға бет алады. Таң атқанша ышқына қашып, біраз жер ұзап кетеді, жолда көсік, қарамық теріп жеп, елеусіз жерге келіп ұйықтап та алады. Содан келе жатып, мал жайында отырған қараша үйге келеді. Келген үйдің иесі бұдан жөн сұраса “дария бойында отырған апам бар еді, соған шығып едім” деп жалтарады. Үй иесі: “Дария бойы қашық қой, шөлдеп өліп қаласың” деп, аяп тамақтандырып, қалтасына құрт салып, жол сілтеп шығарып салады. Сол жүрісімен Нұртай дария жағасында мөлтек бақша егіп отырған ауылға келеді. Бұған ел аса мән бермейді. Бұйырған шай-суын ішіп, берген быламық-жармасын жеп алады. Қорқыныш артта қалған сияқты. Мұнда да “Не гәп, қайдан келесің?” деген үй иесінің сұрағына:
– Әке-шешем ертерек өліп қалған, ет жақын туыстарым жоқ. Көршілердің қамыс-пішенін ит шанамен тасып беріп, отын жақтым. Енді жігіт болғасын мейірімі түсетін адам болса, соған қызмет көрсетейін деген ойым бар еді. Сондықтан ел аралап, ақыл-кеңес беретін біреулер табыла ма деп, келе жатқан бетім еді, – дейді.
Ол кездегі адамдарда қулық-сұмдық жоқ. “Алла, пақыр-ай” деп аяп, мүсіркей түседі. Ертеңіне үй иесі:
– Шырағым, бұл ел жазда бақша, мөлтек егіп, диқаншылықпен айналысады. Сосын аз-маз тамақтық балығымызды аулаймыз. Бөтен тіршіліктің орайы жоқ. Ақылымды тыңдасаң, жөн сілтеймін. Тура жүре берсең, алдыңнан толқыны жар ұрған көк теңіз шығады. Бірақ ұзақ жол. Сол теңізді жағалап жүре берсең, сонда Жылқайдар деген бай мал жайлап отыр. Жылқысы өрескел көп. Әрі батыр, әрі би адам. Сендей жігіттер оған ауадай қажет. Жасы келген. Күнде жылқы қарап далаға шыға бермейді. Әрі-бері жүріп тұрған өткінші жаулары да аз емес. Бара жатқан, келе жатқан адамдарды байқап, хабар беру оған аса қажет. Соған барсаң сіңісіп кетесің, – деп ақыл-кеңесін беріп, шығарып салады.
Осылайша жөн сілтеумен шаршап-шалдығып Жылқайдардан бір-ақ шығады. Мұнда да жөн сұрастырса:
– Қызыл деген жерден келемін. Сізді жетім-жесірлерге қайырымы мол мейірімі түседі дегенді сол жақтан естіп келдім. Әке-шешем жасымда өлген. Еті жақын туыстарым болмаған соң, ағайын арасында отын-су тасып күнелттім. Жігіт болғанша бұл іс мойнымнан түспеді. Бір оңды ақсақал:
– Қасқа бала, қашанғы бүйтіп жүре бересің? Ұлы құм, кіші құм деген жерде Жылқайдар деген бай бар, оған сендей азамат керек дегесін ешкімге айтпай жүрген тұрғындарға еріп, жүре бердім,– дейді Нұртай.
“Батыр аңқау, ер көдек” дегендей, оның сөзіне батыр сенеді. Сары-ала май қымыз ішкізіп, әбден тынықтырып алғаннан кейін астына жарамды ат, қолына құрық ұстатып, үйір-үйір жылқыларын сеніп тапсырады.
Бір күні Нұртай қаз мойын атымен жылқыларын көрмек болып теңіз бойын жағалап келе жатса, бір ғажап көрініске тап болады. “Өңім бе, түсім бе” деп көзін уқалап жіберіп қараса, әлгі де ғана жағалауда сабаттап тұрған жылқыларына қарай мұз тәріздес бір айғыр теңізден шығып ұмтылып келеді. Мынау тереңге кеткен қай жылқы деп көзін айырмай қарайды. Мұз тәріздес айғыр теңізден шығып, жоғарыда тұрған мана көнек тор биеге байраққа түседі. Нұртай астындағы атын тебініп, алға ұмтылады. Жақындап келе бергенде көк айғыр қайта теңізге түсіп, сүңгіп жоқ боп кетеді...
Бұдан әрі Нұртай уақытының көбісін осы тор биені ешкімге көрсетпеу үшін бастырма қазып, қамап, алдына қолымен жұлған шөпті салумен түнде оттық жерге тұсап, арқандаумен өткізеді. Кейде жаңбыр жауғаннан кейін жетелеп жаяды. Қақтың суына суғарады. Сөйтіп, келесі жылы көк торы биеден көк мұз бурыл құлынды туғызып алады.
Көктем шыға бір-ақ байқады. Мана көк биенің сүтінен бе, әлде Нұртайдың ықылас пейілінен бе, көк мұз бурыл құлынның екі көзі тостағандай шатынап, тура қарағанда адамды таптап кететіндей сыңайы бар ма өзінің. Сауыры өте биік, толқындай көтеріліп, бұлттай көшеді. Алды еңкек. Екі танауы шелектей. Тыныс алғанда желінен қалпағың ұшқан демалады. Басы кішкене, құлағы қанжардың қынындай тіп-тік. Омырауы ашылған есіктей алшақ. Осыны көзімен көрген Нұртай өзіне-өзі сенбей түрлі ойға шома бастайды. Есіл-дерті осы көк мұз бурыл құлын тайдан асқанда мінсем өз бақытымды көремін ғой деп ойлайды...
Осы арада алдымызға ас келіп Бөгенбай ақсақалдың әңгімесі үзіліп, аяқталмай қалған-ды. Кейін мен естіген бұл әңгіменің жалғасын одан сұрап, жазып оны екі тақырыпқа бөліп аудандық “Құрылтай” тәуелсіз қоғамдық газетіне (2013 ж. №43, №47 сандары) қысқа да нұсқа әңгіме ретінде жарияладым. Кейін “Қолтаңбам қалар артымда” атты кітабыма (“Жиенай” баспасы. 2016 ж) енгіздім.
Бұл жерде айтарым, оны оқыған оқырмандардың ойландыратын сұрағы мынау болды. Мұз тәріздес айғырдың теңізден шығуы мүмкін бе?
Мұны көнекөз жылқышылардың сөзімен айтқанда мұндай теңізден шыққан айғырды суын дейді. Ел арасында да осындай сөз бар және де аты айтып тұрғандай, судан шығатын суын жылқы – мифтік бейнені білдіреді. Түп-тамыры орталық еуразиялық елдер мифінде де бар, түркі-моңғол және Қавказ халықтарының ескілікті аңыз-әңгімелерінде кездеседі. Су болғанда да теңізбен, оның ішінде Хазар (Арал) – Каспий теңізбен байланысты айтылатыны шындыққа жанасатын сияқты.
Сондықтан да қазақ мифологиясының негізін салушы ғалым Серікбол Қоңдыбайдың суын жылқы туралы терең толғанып жазған еңбектеріне зер салу керек деп ойлаймын. Суын – теңізден шығатын жылқы және ол көбіне еркек жылқы айғыр бейнесінде айтылады. Оның теңізден шығу мезгілі де бір деректерде жыл маусымының белгілі бір кезеңі деп берілсе, кей деректе ғасырда бір рет деп айтылады.
Не дегенмен, суын айғырдың теңізден сілкініп шығып, жағалауда жусаған көп жылқының арасынан бір биеге шабуы – жылқы баққан жұрттың арманы. Ол арман теңіз жағалауындағы қазақ пен түркімен жылқышылары үшін дау-дамайдың өзегіне айналған тұстарды жеткізеді көне жаңғырықтар. Өйткені, суын айғырдан туған құлын сымбатына сөз сай келмейтін сұлу, тұла бойынан небір сыншының өзі мін таба алмайтын ерекше мүсінді, шапса бәйгі бермейтін жұмыр тұяқтының жүйрігі, бабын тауып ұстай алса (Түркіменнің “Ақалтекесін” еске алсаң да болады) соңынан өзі секілді асыл тұқымды ұрпақ ертетін, құт саналатын оны халық дүлдүлге теңейді.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі