Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жат болмағанда нең қалды?

Жат болмағанда нең қалды?

Атам қазақта: "Ағайын-туғанға араласып, барыс-келісің болмаса жат болып кетесің" деген тәмсіл бар. Шынында да, ағайын-туған күнде емес, ретті жерінде той-томалағына, қайғылы қазасына шақырады. Мұндайда қызмет бабыңа байланысты, болмаса аяқ асты жұмысы болып бара алмайтындарға өкпе жоқ. Ал екі қолын қалтасына сыйғыза алмай жүрген ағайынға айтсақ, баратын жерін алыссынып, танымайтынын айтып қала береді. Бұған не дерсің? Рас, көбісі жұмысты сылтау етеді. Дұрыс-ақ дейік. Бірақ қолы босағанда немесе демалысында келе алмағанын айтып, қуанышты тойына арымасын, қазасына көңілін білдіріп баруға болады ғой. Ол да жоқ. Жат болмағанда нең қалды?
Кейде (жасым үлкен болғандықтан) інілеріме: "Ағайын шақырып отыр ғой, жиналып барайық" десең, "танымаймын, өзің бара бер" дегендей, екі-ұшты жауап бергеніне тіпті ұялады екенсің. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай өзім араласып-құраласып жүрген інілеріміз арасында арагідік кездеседі.
Барған жеріңде алдыңнан шығатын ағайының: "Ау-у, інілерің қайда?" дегенде, не айтарыңды білмей сасатының рас. Ондайда "жұмысы болып қалды", "ауылда жоқ" деген секілді түрлі сылтаулар айтып, құтылатынымыз бар.
Ағайындардың бірін-бірі танымайтынын да жоққа шығара алмаймын. Қазақ "Бір көрген біліс, екі көрген таныс" демей ме? Танымасаң, бір көргенде біліп, екінші келгеніңде танып, танысып алсаң, одан кейін келгеніңде әлгі туғаныңды бауыр басып, айқара құшақтайтыныңа мен кәміл сенемін. Мұны әкем айтқан. Демек, той-томалақ қуанышты сәттерде, қайғылы қазада ағайынмен араласып, танысасың.
Бұл жолы мына бір оқиғаны айтайын. Жақсықылыш кентіндегі ағайындар жақын ініміздің өмірден өткенін айтып, қазасына шақырды. Марқұм ақкөңіл, пейілі кең, ағеден інім еді. Асқар ініміз жоғары оқу орындарының бірінен мамандық алғаннан кейін, Арал кеден бекетінде қызмет атқарып жүрген-ді. Көшеде кездескен сайын қос қолдап сәлемін беріп, мәз-мейрам болатынбыз. Соңғы жылдары көрінбей кеткен. Сұрастырсам, қызмет бабымен Шымкент кеден бекетіне ауысып, сонда қызмет істеп жүр дегенді естігенмін. "Ауру аяқ астында" демекші, қызметте жүргенінде басы ауырған, емделгенмен еш нәтиже бермеген соң, ота жасатқан. Не керек, ақыры ауру інімізді алып тыныпты. Қысқасы, ағайындар мәйітті алып келіп, өзінің туып-өскен топырағына жерлейтін болып шешкен екен. Ағайынның осы қайғылы хабарын естісімен қалай шыдап тұрасың?! Аяғым басқызбай, белім ауырғанына қарамастан туыс інілерімді ертіп бардым.
Ауласына аяғымыз аттасымен қызмет жасап жүргендерімен амандасып, жақсылық тілеп, үйге кірдік. Марқұмның шаңырағының бір бөлмесінде жылап-сықтап отырған келін мен қарындастарының, қыздарының алдында отырып, көңіл айттық. Бізден кейін біраз адамдар келді. Көбісін таныңқырамадым. Қайран ағаларым-ай! деймін ішімнен. Олар болғанда "Жәкеңнің баласы" деп төбемді көкке көтеретін-ді. Ол ағалардың бірде-біреуі жоқ. Бәрі де мәңгілік мекеніне аттанып кеткен. Олардың артында ұрпақтарын да білемін. Бірақ не пайда, танымаған соң. Сірә, олармен жат болып кеткен сияқтымыз-ау.
Асқар інімнің жаназасын шығаратын болып, сыртқа шықтық. Бәзбіреулер келіп, қолын беріп амандасып жатты. Ол жерде әдеп сақтағаның дұрыс, "кімнің баласысың?" деп сұрауға арың да жібермейді. Тек марқұмның інілерін шақыртып, көңіл айттым. Жаттықтан құдай сақтасын, біле жүрсін деп өзімді "ағаңмын" деп таныстырдым. Шүкір, ізімізден қуатын інілеріміз, балаларымыз бар. Соған қарап марқаямыз, Алладан медет тілейміз.
"Ойды ой қозғайды" демекші, бұл менің ата-бабамыздан келе жатқан дәстүріміз – ағайын-туғандар арасындағы қазіргі барыс-келісіміз жайлы ой-түйсігімнің бір ұшы ғана. Оқырман түсінер деп ойлаймын. Бәріміз де аспаннан салбырап түскеніміз жоқ қой. Мүмкін, өзім де 15 жылдан бері аяғым ауырғандықтан кейбір ағайындарға қатыса алмай жатсынып кеткен шығармын деймін. Сіз ше, ағайын? Барыс-келісің болмаса, жат болмағаныңа көзің жете ме? Ойлансақ қайтеді?..
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
17 сәуір 2021 ж. 384 0