Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өресі биік Оңталап

Өресі биік Оңталап

Балалық шақтың балдәуренін өткізген туған жер қай ақынға болмасын сезімдерін оятып, шабыт сыйлары анық. Шабанның топырағында аунап, Шөмішкөлдің суын кешіп, Қызылжардан түлеп ұшқан ақын Оңталап Базаралиевтің жырларында туған жерге деген сағыныш табы сезілгендей.                  
Туған жерден жырақтап, басқа ауамен демалса да Оңталап туған жерін әсте бір ұмытқан емес. Кең далаға сән берген атамекен «Ақшатау, ну-тоғайға толы сыңсыған Сырдың бойы шабытына шабыт қосып, ақын үнін алысқа жетелегендей.
 «Мен ылғалдан айналғандай бұлаққа,
Төзетіндей шамамда бар сынаққа.
Ауам басқа,қаным сенсің, туған жер,
Сенен шеттеп кете алмаспын жыраққа, - дейді Оңталап. Туған жері алдындағы перзенттік парызын молынан өтеп жүрген де осы Оңталап. Толыбай батырға тұрғызған кесененің басы-қасында жүрген ол батыр бабасын бүкіл халыққа танытып, ұзақ жылғы ізденістің арқасында «Толыбай батыр» кітабын жарыққа шығарды. Қанша жыл бойы көмулі жатқан қазына жер бетіне шықты. Барша кіші жүз халқы өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанған. Өйтпегенде ше. Батыр бабаларының тау тұлғасы мен қайтпас қайсарлығы, ер жүректілігі көз алдарына келгендей болды. Тарихи дүние туралы бұл еңбегі облыстық «Сыр бойы» газетінде жоғары бағаланып, кең көлемде мақала жарияланғанын білеміз. Сонау бір жылдардағы Арал теңізінің басына түскен ауыртпашылық ақын жүрегін бей-жай қалдыра алмады.Теңізін тебірене еске алатын есті жігіт Арал туралы да бірнеше өлеңдер жазды.
«Кеме қалды құм астында қаңсыған,
Тұз – дауылға ерік беріп наршыдам.
Апат аймақ – Арал бүгін, ал өзім,
Кейде езіліп, бордай болып жаншылам, - деген өлең жолдарынан ақынның теңізбен бірге сырласып, теңізбен бірге қиналғанын көресің.
Арал халқы Оңталапты жақсы біледі. Сырт тұлғасы нардай, тұлғалы жігіттің жүрегі нәзік. Оның әрбір өлеңін зер салып оқығанда нәзік жүректі ақын үнін сезгендей боласың. Сексенінші жылдардың басында №81 Қызылжар орта мектебін бітірген Оңталап Арал аудандық Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі, әдіскер болып жұмыс істеді. Кейіннен Ақтөбе өнер мектебін бітіріп, қолына диплом да алды.
Қызылорда облыстық филармониясында сценарист болып қызмет атқарған кезінде Р.Сейсенбаевтың «Қашқын», Қ.Мұқамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектакльдерінде басты рөлдерді сомдаған. Ең алғашқы балауса жырларын жиырма жасында жаза бастаған Оңталап 2002 жылы «Игілік бастауы» атты алғашқы жыр жинағын өмірге әкелді.
Жазармын алмас жырымды,
Өрелі оймен от қармап.
Рухы жырдың ұлыңды,
Қамшылаңдыр қапталдап,-деп басталатын поэзия әлеміндегі алғашқы баспалдақ Оңталапты жыр әлемінің терең тұңғиығына қарай еркін ентелетті. Оған куә ақынның әр жылдары шыққан «Санадағы сәулелер», «Ақсұңқар», «Армысыңдар, арулар» атты жыр жинақтары және үлкен тарихи тұлғаға арналған «Толыбай батыр» кітаптары көпшіліктің көңілінен шықты. Құрдастары арасында «Дәу қазақ» атанып кеткен Оңталаптың таудай биік кесек тұлғасы ақиық ақын Мұқағалиға да ұқсап кетеді. Оңталап өр мінезді, өршіл ақын. Ойына келгенін бүкпесіз айтатын, тура мінезі бізге бұрыннан таныс болса, оның шығармаларында да осы шыншылдығы әрдайым сезіліп тұрады. Жыр әлемінде Мұқағалиды пір тұтқан ол:
Жазылмапты-ау бір жырым өткір, бекем,
Бәлкім, жырды сырласым еттім бекер.
Мына менің жыр құмар жүрегіме,
Мұқағали от тастап кеттің бе екен?!, - дейді.
Бір ауылда өсіп, бір ауаны бірге жұтсақ та ақын ініміздің өресі әлдеқайда биік еді. Шығармашыл ортаны іздеп ол атағы дардай зиялы қауымдармен етене аралысып тұрады. Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырзалиев сияқты жақсылардың сарқытын ішкен Оңталаптың бірде Алматы, бірде Атырау, енді бірде Қапшағайда жүргенін көресің. Ақын деген халық жүріп-тұруы керек. Жүрген сайын, көрген сайын сезімдерге шырмалып, әдемі-әдемі ойлар түйесің.
Жақын болып заманның тектісімен,
Ой бөлістім орайлы, оттысымен, - дейді Оңталап.
Жақында Шәмші Қалдыаяқовтың тұяғы Әбілқасыммен кездескенін жазыпты. Екеуі бірге түскен суретін де жіберген екен. Мақтаншылық немесе мансап үшін емес, ұлы сазгердің ұлағатты сөздерін баласының аузынан өз құлағымен естіпті. Біз білетін Оңталап солай, жақсыға қызығады, жақсы істерге ұмтылады. Көпшілікпен етене араласқанның арқасында көптеген тағылымы мол дүниелер жинайды. Онысын оқырмандарымен бірге бөліседі.
Қазақстанның түкпір-түкпірін шарлап жүргені қыдырымпаздықтан емес, ой түйіп, ой бөлісу екенін ақынның өзі де айтады. Баспадан шығарған кітаптарынан басқа да өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінен көрініп жүрген Оңталап Базаралиев өзі мойындамаса да біз үшін танымал тұлғаға айналған ақын. Оның жырларымен сусындаған облыстық мектеп оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері көптеген кездесулер ұйымдастырғанын да білеміз.
Оңталаптың 30-ға жуық өлеңдеріне ән жазылған. Оны орындаушылар да қазақ сахнасының белгілі тұлғалары М.Жүгінісова, Қ.Рахым, «Азия» тобы тағы басқалар. Оңталаптың бойындағы қасиеттің бірі – оның суырыпсалмалығы. Сөз өнерінің қадірін бір кісідей білетін оған қазақтың қара өлеңі кідіріссіз құйылып тұрғандай көресің. Әсіресе, оның көптеген термелерін оқыған адам бәйге аттың тұяғынан шапшыған құм кесектері сияқты зор екпінді көргендей болады.
.... Қарасақал Ерімбет,
Өзі емес пе еді алыптың,
Әбілқан аға шайырды,
Ұстаз көпке таныпты
Семердей серік сөзінен,
Бойыма қуат алыппын, - деп кете беретін жыр төкпесі тыңдап отырған халықты бей-жай қалдырмасы анық.
Өзінің өршіл өлеңдерімен кеңінен танымал болған Оңталап ақынынң жұмыс орыны жұмсақ креслода емес. Мамандығы да қаламсап ұстайтын емес, қалақ ұстайтын тас қалаушы. Сонау Атырау облысында вахталық әдіспен жұмыс жасайтын мұнайшы. Қарапайымдылықтың тұтқасын ұстаған, жағымпаздыққа жаны қас ақынның бұл да бір мінезі болса керек. Күнұзаққа төрт қабырғаға телміріп, аспаннан шабыт тілегенше қара жұмыстың қара қазанында жүріп қалам ұстағаным дұрыс деген шығар бәлкім. Ол да дұрыс. Сұрауы бар үймен, сұрауы бар жұмыстан еркін жүріп, еркін шығармашылықпен айналысқанға не жетсін?! Бойына Махамбет ақынның батылдығы, Мұқағалидың шыншылдығы дарыған Оңталап ініміз сарай ақындарындай байлаулы тұлға болғысы да келмейді. Ақын деген қашанда еркіндікті сүйетін халық. Оның ойы – халықтың ойы. Қандай биікте тұрса да ол халықтың атынан сөйлейді.
Оңталап «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін мақалға сай жігіт. Оң қолынан өнері тамған жан бос уақытында немерелерімен қыдырып, сүйікті ісімен де айналысады. Қолынан қаламы бір сәт босаса, ұсталық құралдарын қолына алып, ағаштарды қиюластырып, әр түрлі бұйымдарды жасайды. Жасаған заттары нағыз шебердің дүниесіндей кемшіліг жоқ, құнды бұйымдар болып шыққанын көргенде еріксіз сүйсінесің. Өйткені ол жастайынан еңбекпен айналысып, күректей алақанымен жер қазған адам. Қара жұмыстың қазанында қайнап өскен адамға қимылсыз өмір қызықта емес. Оның үстіне шеберлік икемі бар Оңталап үйіне, балаларына қажет нәрселерді өзі-ақ жасап ала береді.
Ақынжанды жігіттің бұл да көпшілік біле бермейтін бір сыры болса керек. Бүгінде облыстық жыр керуенінің басында жүрген жерлесіміз ақын Оңталап Базаралиевтің жыр шумақтары көпшілік көңілінен шыққандай. Оған куә оның поэзияларының аудандық, облыстық әр түрлі кештер мен сайыстарда жастардың қызыға орындауы.
Қара сөз түсірместен тегіңе мін,
Қара өлең арқауыңмен өрілемін.
Бұйдалап мен әйтеуір өрге тартам,
Керімсал жырдың кербез керуенін.
Ұлы Абайдан ой түйген, Мұқағалидың өр мінезі мен өршіл өлеңдерінен үлгі алған аралдық ақын Оңталап Базаралиевтің де жыр керуенін әлі талай алға сүйреп, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен қалатыны сөзсіз екені бәрімізді де қуантып тастағандай.
Жақында Оңталаппен хабарласқым келген. Бірақ үйде болғаннан, түзде жүргені көп ақын ініміз Нұр-Сұлтанға жол тартыпты. Мен кешегі Арал аудандық  мәдениет үйінің табалдырығын шаңдатып жүрген қара домалақ баланың биікке бет алғанын көрдім. Қалай десек те Оңталап Базаралиев біз үшін мықты ақын. «Мықтылық дегеніміз – әдемі тұрмыс құрып, бақытты ғұмыр кешу емес. Қоржын арқалап жүрсең де, адамдығыңды ұмытпау» деп еді Оралхан Бөкей. «Лайым, биіктерде бол Оңталап» дедік біз де іштей.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені
04 желтоқсан 2021 ж. 1 098 0