Ағаштан ою ойған
Қазақ халқы өнерінің өзіне тән даму тарихы бар. Бұған ертеден қалыптасқан ұлттық мәдениетіміздің мұралары куә бола алады. Соның ішінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мұраларымыздың бірі–қолөнер шеберлігі. Мәселен, ата-бабаларымыздың қолөнер шеберлігінің нәтижесінде ағаштан жасаған бұйымдарын, аттұрман әбзелдерін, зергерлік әшекейлерін, құрақ көрпе, кілем-алашалары мен тұскиіздерін ешкім кеміте алмаған және де олардың күнделікті үй-тұрмысында кеңінен пайдаланғанын айтсақ та жеткілікті.
Дегенмен Кеңестік заман жылдарында ұлттық өнерімізді дамытуға жан-жақты жағдай жасалмауы және мән берілмеуі салдарынан ата кәсіп қолөнеріміздің ұмытыла бастағанын да жасыруға болмайды. Бір жақсысы, заманымыздың жаңаруына, республикамыздың тәуелсіздік алуына орай бұл өнеріміз қайта жандана бастады. Әдепкі жылдары әкімдіктің қайсысы болмасын қолөнер шеберлеріне мән беріп, қолдау көрсетті, тіпті жәрмеңкелерде бұлардың бұйымдарын сатуды да ұйымдастырды. Оны көзіміз көргендіктен емес, жанында жүргендіктен айтамын. Талай рет олардың туындыларынан әртүрлі тақырыпта аудан, облыста, тіпті республика астанасына дейін көрмемен шыққанымыз әлі де көкейімізде сайрап тұр. Ең аяғы ауданда қит еткен жиналыс, не жәрмеңке ұйымдастырылса, қолөнершілердің бұйымдарынан көрме ұйымдастыратын едік. Сонда аудан қолөнер шеберлері бір марқайым қалатын. Ал қазір ше? Айта алмаймын...
Сол кезде ауданымызда 40-тан астам (олардың аты-жөні, хоббиі менің архивімде әлі сақтаулы) ағаштан ою оюшы, сүйектен мүсін жасаушы, темірден түйін түюші, күмістен сақина, білезік, қарсы ілгек, шолпы, сырға жасаушы алтын қолды зергерлер, ат-тұрман жасайтын шеберлер, алаша, кілем тоқушылар және киіздің түрлерін басушылар сияқты қолөнер шеберлері болды. Бұлардың ішінде қайсыбіреулері қайтыс болып кеткендер де бар. Бірақ «Ел іші – өнер кеніші» демекші, өнер жерде қалмайды, ізбасарлары да болуы мүмкін. Тек оларға қамқорлық көрсетіп, демеушілік жасай білуіміз керек. Сонда ғана қолөнеріміз де дами түседі.
Сайып келгенде, қолөнер ісмерлікті, шеберлікті, шынайы талғамдылықты қажет етеді. Бұл талапты кезінде сүйектен мүсін жасаушы Зиянсыз Баймаханов, зергер Құдайберген Құлмамбетов, ағаштың хас шебері Бисембай мен Молдахмет Дүйманов, кілем тоқушы Айсәуле Әбдірейімова, ер соғушы Садуақас Адаев сынды және басқа да қолөнер шеберлерінен көрдік. Бұлардың арасынан суырылып шыққан зергер Құдайберген Құлмамбетовтің республика көлемінен тыс шетелдерде көрмесі ұйымдастырылып, есімі халқымыздың мақтанына айналғанын әсте ұмытпауымыз керек.
Осындай өнерлі адамдардың бірі әрі бірегейі әкелі-балалы қолөнер шебері атанып кеткен, ағаштың хас шебері Бисембай Дүймановтың іскерлік қолөнері жайлы кезінде жазып, еш жерде жарияланбаған эсселерді назарларыңызға ұсынғалы отырмын.
...Ол бүгінде қиялға беріліп, түннің бір уағына дейін тыным тапқан жоқ. Қолына ұстаған томаршадай ағашты жалғыз жаман пышағымен о жер, бұ жерін бір кесіп, мыжғылап отыр. Оның үстіне ағаш та ойындағыдай болмай, бұтағы көп болып ырыққа көнер емес. Өзі әбден терге малшынған.
Аз-кем үзілістен кейін қолына шаппасын қайтадан алып, ағашты одан әрі жона бастады. Қалайда өз қиялында тұрған дүниені шығармай қоймайтын бұл-ағаштан түйін түйген хас шебер Бисембай еді.
Бисембайдың есімі сол кездері аудан халқына ғана емес, облыс көлеміне кеңінен таныла бастаған. Өйткені, оның көптеген тамаша туындыларын әр үйдің төрінен, әр тақырыпта өткен көрмелерден, тіпті, шетелдіктердің қалап алғанын көргенде өзің де сүйсінесің.
Осыншама абыройға ие болатындай Бисембай кім? Бір қарағанда оның былайғы жұрттан айырмашылығы жоқ, кәдімгі қарапайым қазақ баласы. Ал оның қолынан шыққан туындыларын көргенде, тап мына дүниелер Бисембайдың қолынан шықты деуге сенер-сенбесіңді білмейсің.
Иә, Бисембай қарапайым Молдахмет жанұясындағы жеті баланың бірі еді. Жастайынан әлжуаз әрі аурушаң болды. Ол 1968 жылы Армия қатарында жүріп ауырып, туған ауылына ІІ топтағы мүгедек болып оралды. Науқастығына байланысты басқадай жұмысқа жарамады, үйде отырып қалды. Бұл жағдай әкесі Молдахметке де қатты батты. «Баланың тепсе темір үзетін шағында осылай қарайып, мүгедек болып үйде отырып қалғаны ма?» деп ойланғанда өзін қоярға жер таппады. Мұндай жағдайда әкеге қарағанда балаға көбірек дем беріп, жәрдемдесетін анасы Әлима болса Бисембайда ол да жоқ, бақиға аттанған.
Күндер өтіп жатты. Осындай күндердің бірінде Молдекең «Қой, бүйтіп жүнжи бермейін, жүнжи берсем баламды өлтіріп алармын немесе біржолата мүгедек етермін, онан да оған алданып отыратын бірдеңе ойлап табайын деген» ой түсті. Өйткені, баласының мектеп қабырғасында оқып жүргенінде үйренген ағаш ұсталығы өнерін білуші еді. Міне, осындай тоқтамға келген Молдахмет бірде Бисембайға бір-жар ағашпен қоса, өзінің жаман шаппасын беріп жатып:
–Балам, «Өнерді үйрен де жирен» дегендей, үйде қарап отырғанша мына ағаштарды ермек қыларсың, – деді. Және де бұл жерде ағаштан түйін түюді өзін көптен ойландырып жүрген қияли ойын да бүкпесіз айтты. Ондағы мақсаты «баласының бірдеңе шығара алса, жарап кетер-ау» дегені еді.
Әкесінің ақылы демеу болды ма, қайдам, Бисембай сол бойда іске кірісіп кеткен-ді.
...Әділетті жекпе-жекті қалаған,
Атқа қонып үшкір найза қолға алған.
Кенже батыр қазағымның бір ұлы,
Ел абыройын, өз намысын қорғаған.
Бұл Бисембайдың қолынан шыққан дүние бүкіл үш жүзге белгілі Кенже батырдың бейнесі еді. Бура санды ат үстінде қолында найза, иығында қалқаны бар батыр отыр. Ат та шомбал, батыр да шомбал, қарсы келген жауын жайпап жіберетіндей шабынып тұр. Осынысы арқылы қазақ халқының азаттығы мен бостандығы жолындағы батырлардың бейнесі көз алдыңда тұрғандай әсер қалдырады.
Енді бір мүсінін көрейікші: Жарлауыт жағада қайтқан теңіз ұлтанына қарап қария-кемеңгер отыр. Астында тоқымдай киіз, басында төбетей. Киіз де, төбетей де қошқар мүйіз оюмен өрнектелген. Кемеңгер қазақтың бар салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына жиып алғандай, алысқа қарап тас түйін отыр. Қайтқан теңізін ойлап отыр ма, халқының болашағын ойлап отыр ма, оны бір өзі біледі. Мүсінге қарап отырып өзің де кемеңгер бабамен бірге үлкен ойға кетесің. Болашағыңды, халқыңның қазіргі жағдайын ойлап тебіренесің.
Бисембай туындалары бірнеше тақырыптарға арналып, топ-топқа бөлінген. Олардың ішіндегі негізгілеріне келсек: Арал өңірінің қазіргі экологиялық жағдайына, ата-баба салт-дәстүріне, әдет-ғұрыптарына ерекше мән беріп, ою-нақыштарымен берілуі дер едік. Өйткені, халқымыздың бұрында болып, қазір жоғалып бара жатқан ою-өрнектері мен нақыштарын өз қалпында көрсетуге тырысса, екіншіден, күнделікті үй тұрмысында қолдануға, мысалы айна-тарақ салғыш, өрнектелген киіз үйдің сықырлауық есігі, жүк аяқ, тағы басқа дүниелерінің ерекшелігі өзіңді баурап алатындығында. Үшіншіден, әрбір туындысы арқылы, айтайын деген ойының философиялық тереңдігінде жатса керек. Кейде Бисембай дүниелерінің бірнешеуі қосылып, біртұтас бейне жасап, бір ойды білдіретіні бар. Бұларды көргенде бейне бір ақын поэма оқып тұрғандай әсер аласың.
Бір сөзбен айтқанда, Бисембай туындыларының қайсыбірін алып қарасаңыз да халқымыздың жоғалып бара жатқан-ағаштан түйін түйіп, ою ойған қолөнерін қайта қалпына келтіру арқылы жастарды өнерге баулу, ізгілікке, адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу сияқты тәлім-тәрбиені аңғарасың.
Әсіресе, бұл дүниелерінің тууына әкесі Молдахметтің де көп еңбегі бар. Өйткені, Бисембайдың жасаған туындыларының идеялық көркемдігі – ол Молдахметтің идеясы, ойы десе де болады.
Әкелі-балалы екеуі да ақын жанды. Екеуі де өлең жазды. Сондықтан болар, кейбір дүниелерін өздерінің өлеңдерін арқау етіп алғанын жасырмады да...
Ағаштан ою ойып, жан бітірген әкелі-балалы Бисембай мен Молдахметтің бұ дүниеден өткеніне да алды жиырма жылдай болды. Көзі тірісінде облыстық тарихи-өлкетану музейіне 40-тан астам, ал аудандық тарихи-өлкетану музейіне 20-дай жәдігерін (дүниесін) сыйға беріп, мұраға қалдырған-ды. Бұл жәдігерлер музей залдарына қойылып, көрермендердің хас ағаш шеберлері Дүймановтардың шығармашылығына ден қойып, танылуына музей қызметкерлерінің ілтипаты зор.
Аманкелді ӨТКЕЛБАЕВ,
өлкентанушы, этнограф, журналист