Мекке – тіршіліктің бастауы
Жер бетіндегі әрбір мұсылманның жүрек түкпірінде Мекке қаласына деген ыстық сезім, қажылыққа барсам деген арманы бар екені шындық. Біздің ата-бабаларымыз Мекке қаласына ерекше құрмет көрсеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: "Алла тағала аспандар мен жерлерді жаратқан кезде бұл қаланы құрметті етіп қойған және ол қала Қияметке дейін Алланың қалауымен құрметті болып тұрады" деген екен. Бұл Мекке тарихы адам баласы пайда болуынан да бұрын басталғанын аңғартады.
Мекке – мұсылмандардың қасиетті шаһары, Исламның орталығы. Мекке Мүкәррәмә – Адам Ата мен Һауа Ананың өмір сүрген жері, бұл қасиетті жерде Ибраһим пайғамбар мен Исмайыл пайғамбар (ғалейһима-с-сәләм) халыққа уағыз айтқан. Мекке Мүкәррәмә – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кіндік қаны тамған жер. Осы қасиетті мекеннен Ислам дінінің ақиқат жолы бастау алады. Мекке Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласынан 75 шақырым жерде таулы аймақта орналасқан.
Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі туып-өскен, Алла тағаланың ақиқат дінін насихаттаған Меккеге Ислам дінін ұстамайтын адамдарға кіруге тыйым салып, әл-Кағба, Ибраһим мақамы, Зәмзәм кұдығы бар бұл қасиетті мешітті «Мәсжид әл-Хәрәм» деп атаған. «Мәсжид әл-Хәрәм» – мұсылмандардың басты мешіті. «Мәсжид әл-Хәрәм» Мекке қаласының ортасында орналасқан. Қазіргі уақытта мешіттің көлемі – 309 мың шаршы метр. Мешіттің 9 мұнарасы бар, биіктігі – 95 метр. Мешіттің 4 үлкен қақпасы және 44 кіретін есіктері бар.
Меккеде қасиетті Қағба орналасқан. Әлемнің әр түкпіріндегі мұсылман қауымының қажылық жасайтын жері әрі әлемдегі ең ежелгі қалалардың бірі саналады. Ежелгі тілден аударғанда «Мекке» «үй» деген мағынаны білдіреді. Әр кезеңде Мекке түрлі атауларды еншілеген. Олар: Бакка, Умм аль-Кура, Балад аль-Амин және бүгінгі атауы Мекке.
Біздің эрамызға дейінгі он екі ғасыр бойы Алланың бұйрығы бойынша Мекке жазығына пайғамбарлар жіберіліп тұрды. Ибраһим пайғамбардың жұбайы Хаджар жүгіріп су іздеген кезде зәм-зәм суы пайда болады. Алла тағала оның дұғаларын қабыл етіп, зәм-зәм суының көзін ашады. Осы оқиғадан кейін бұл маңға тайпалар қоныстана бастайды.
5–6 ғасырларда Мекке маңызды сауда-саттық орталығына айналған. Мекке арқылы Иран мен Йеменнен шыққан көпестер Үнді теңізі мен Қызыл теңіз жағалауларына жол тартты. Cауда-саттық үлкен табыс әкелді. 10 ғасырдың орта шеніне дейін Мекке мен Хиджаздың бірқатар қалалары әуелі Умай әулетінің, одан кейін Аббасид әулетінің билігінде болды.
941 жылы египеттік-сириялық Мұхаммад Ишхидтің иелігінде болды. Содан бері Египетке тәуелді болды. 1517 жылы Мекке түрік сұлтандарының егемендігін мойындады. 1916 жылғы Хусейн ибн Әлидің Хиджаздағы көтерілісі түрік билігіне тойтарыс берді. 1924 жылы Меккені Ибн-Сауданың әскері алды. 1932 жылы Сауд Арабиясына енді.
Ғалымдар ғарыштан түсірілген суреттен Мекке мен Медине қаласының әрқашан жарқырап тұратынын анықтаған. Қасиетті Құранның "Әли-Имран" сүресінің 96-аятында Мекке қаласы туралы: "Ақиқатында, адамдарға ең алғаш салынған Бәккедегі үй. Ол әлемдер үшін құт-береке әрі тура жол" делінген. Бұл аяттан Меккенің әлемдер үшін айрықша мекен екенін айғақтайды.
Барша мұсылманның арманына айналған Мекке қаласының біз біле бермейтін қасиеттеріне тоқталсақ. Меккеде ислам дінінен басқа ешбір дін іргесін салмаған. Мұнда Аллаға күпірлік ететін адамдардың кіруіне тыйым салынады, егер ондай адам қайтыс болса, қасиетті жерге жерленбейді екен. Меккенің жануарына, құсына қиянат жасауға, тіпті ағаш бұтағын сындыруға да болмайды, күнә болып саналады. Мұнда жоғалған болмашы затты иемденіп алуға тыйым салынған.
Су ішкен жанның тілегі қабыл болады. Адамның ойы да күнә болып жазылатын жер бетіндегі жалғыз мекен. Бұл жерде миллиондардың күнәсі төгіледі, зағиптың көзі ашылады, мүгедек аяққа тұрады, қиналғанның жолы ашылады. Бұл аймақтағы 1 намаз басқа жақтағы 100 мың намазға тең келеді екен. Әрі мұнда жасалған тілектер мен Алланың арасында перде болмайды.
Мекке қаласының ең негізгі міндеті – қажылыққа келушілерді қабылдау. Бұл "қажылық" орындалатын жер бетіндегі жалғыз мекен. Меккені саф-саф болып періштелер қорғап тұрады. Тау-тау кешірілместей күнә арқалап пенде мұнда анасынан жаңа туылған сәбидей пәк болып үйіне оралады. Меккеге Алла шақырған адам ғана келеді, әрі мұнда келген адам Алланың қонағы болады.
Мекке – Алланың ең алғашқы аяты түскен қала және адамзат баласының Адам атадан басталған алтын бесігі. Барша әлем мұсылмандарының жүзі бұрылатын Құбыла осы қалада. Мекке – Құнанбай қажылық жасап, Шәкәрім тәубе еткен жер. Мекке– Исламның бұлағы, пайғамбарлар тұрағы. Жер шарының кіндігі, Құбыласы шырағы. Бұл Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с) дүниеге келген жер.
Меккеде жасалған құлшылықтар үшін сауаптар еселенеді. Бұл жерде оқылған бір намаз жүз намазбен пара-пар екен. Жердің басқа бір бұрышында тұратын адамдар Қағбаға қарап намаз оқыса, Мекке тұрғындары жан-жағынан айналып келіп, құлшылық жасай алады. Осыншалықты құрметті қалаға қонақ болған адам да құрметті болмақ.
Алла тағала сіз бен бізге осыншалықты Қасиетті Мекке қаласына қажылыққа барып, құлшылық етуді, қадірлі қонақ болуды нәсіп еткей!
Дайындаған К.Махсұт