Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Үйлену тойында

Үйлену тойында

Жасым орда бұзар жастан асып, қамал бұзар  қырық жасқа жақындағанда, «үйлену керек!» деп шештім. Бұл 1989 жылдың  желтоқсан айы болатын.
Үйлендім. Қыз – 19-да. Мен – 34-те. Бәрінен маған жолдас жігіт, қызға қыз жолдас табу қиын болды. Ақыры таптық. Маған інім Нұртайдың досы –Жазықбай болды. Ол бір кездері өзіме биология пәнінен сабақ берген Арықбай Смағұловтың баласы. Қыз жолдас – көрші үйге қыдырып келген қыз болды. Ол кезде қазіргідей кафе, мейрамхана дегендер атымен жоқ. Ағам Әбдібайдың үйіне кешкілік басқосу жасадық. Сағат кешкі 9-дар шамасы. Яғни, 21.00-де. Біз төртеуміз төрде отырмыз. Яғни, мен, сары қыз (Гүлмира), жолдас қызы және Жазықбай.
Кенет есік ашылды. Ішке Гүлмираға  жолдас қыз боп отырған көрші үйге қыдырып келген қыздың айтуы бойынша, «кіл кісілер» кіріп келе жатты. Жай «кісілер» емес-ті. Ылғи қырғын төбелестен мүмкіндігі щектеулі жандарға айналғандар! Ақсақ та, соқыр да, талтақ та, жалпақ та бар. Бұлар менің ауылдас құрдастарым-ды. Саулары да оңып тұрған жоқ.  Шетінен қалжыңбас. Олар менің сыныптас достарым. Олардың бірнешеуін атап өтсек. Балтабай, Амантай сынды қылжақбас арыстандар! Әрине, сыныптастарымның ішінде Қасымхан сияқты сабырлысы да бар. Бірақ, оның да бір қасиеті сол – бір билесе, есіңді тандырмай қоймайды. Яғни, ол да қара жаяу емес-ті.
Менің құрдастарым мен сыныптас достарымның кейбір қылжақпас мінездерін болашақ  жарым – сары қызға (Гүлмираға): «Олар қылжақпас  болғанымен,  шетінен батыл әрі адал жандар. Ерсі ойындары бар, бірақ ақкөңіл. Сондықтан, шошып жүрме!» – деп алдын ала айтып ескертіп қойғанмын.
Құрдастарым мен сыныптас достарымның репеттерін көргенде, сары қызға (Гүлмираға) жолдас қыз боп отырған қыздың көзі алақандай күйде болды, жан-жағына үрейлене көз тастайды.
Дастарқан жайылып, шай да әкелінді. Ол кездің жазылмаған заңы бойынша арақ-шарап та көл-көсір!
Шамалы уақыттан соң, көтеріңкі дауыстар жарқын-жарқын шыға бастады. Қарқылдаған күлкілер құлақты қақ жарғандай. Ауылда «қой-қойлап» отыратын дос қыздарым да, сыныптас қыздарым да жоқ болғандықтан, бір-жар сыныптастарымның келіншектерін елемеген бірыңғай еркек достарымның алды қызынып, барқырай бастады. Той басқаратын тамада жайына қалды. Отырғандардың бәрі  бас-басына тамада болып кетті. Бір кезде біреуі жайына қарап тұрмай, "Горька!" деп айқайлап жіберді. Сол-сол-ақ екен, ерігіп отырғандар онысын іліп әкетті. "Горька!" деген дауыстар алғашқыда шашыраңқы шыққанымен, артынша бір ізге түсіп, қаһарлы ұранға айналғандай болды. Құдды ата жауына шабуылдап жатқандай дауыстары өршелене шығады. Енді бір сәтте біреуінің ұлттық намысы оянды-ау деймін, орыстың "Горькасын" қазақшаға салып айқайласын кеп:
      – Ащы!... Ащы!
       Мұны естігенде, бағанағы айқай-айқай ма?! Ұлттық намысы оянып, арқасы қозып, дүр сілкінген жұрттың айқайынан үй құлап, астында қалатындай күй кешкен тойға жиналған ауыл-аймақ, көрші-қолаң, ағайын-туғандар қорыққаннан қалш-қалш ете бастады.
     "Қырсыққанда қымыран іриді" деген рас қой, өкінішке орай, өмірі қызбен жүріп, оны шүлпілдетіп сүйіп көрмеген мен байғұс мұныма тұңғыш рет қатты өкіндім. "Ең болмағанда, комсомол, я коммунист болғанымда, коммунистік партияның басшысы Брежневке еліктеп, тәжірибесіне сүйеніп, алдыма келген адамды былшылдатып сүюді жақсы меңгерген болар едім-ау!..."
      Кенеттен келген осы ой өкініштен өзегімді өртеп жіберді. Дегенмен, адамды сүюден тым қара жаяу емес екенім де рас-ты. Үйдегі бөпелерімді сүюден алдыма жан салмайтын, өте балажанмын. Бірақ өкінішке орай, олардың бетінен емес, көтенінен сүйіп машықтанғанмын. Өйткені, еміренгенде де  қатты сүйіп жіберіп, бетіне дақ түсіріп алармын деп аса сақтанатынмын. Дегенмен, осы бір жетік тәжірибемді сынақ  ретінде пайдаланып, мына бір жын-ойнақ айқайдан қалайда құтылуды жөн санадым. Өйткені, кісі шошытарлық бұл  айқайдың екпінінен үй құлап қалып, қаншама қазақ орыс дәстүрінің құрбаны болып кетер деп қорықтым. Онсыз да аз халықпыз! Әр қазақ– жалғызым!...
    Әйтсе де, өмір-бақи жиған бойымдағы бар-жоқ тәжірибем мына айқайды басуға аздық етті. Өйткені, бөпелерімнің көтендерінің қоңды жерлерінен сүйгенім сықылды келіншегімнің екі бетінен иіскегенім орыс дәстүрлері санасын улап, бойына сіңе бастаған сыныптас, ауылдас жастардың көңілінен шыға қойған жоқ. Олар үшін келіншегімнің тек ернінен сүюім  керек екен.
Айқай басылар емес, жын қаққандай сорақы дауыстар өрши түсті. Амал жоқ, айқайды басу үшін батыл қадамға баруға тура келді. Шулаған жұрттан тезірек құтылу үшін, келіншегімнің ерніне ернімді тигізбекке жақындай бергенім сол, кенеттен ақ сары жас қыздың үлбіреген ерні үйдегі ағамның баласы – бөпемнің көтенінің зәр шығаратын жері сияқты көз алдыма елестей кетті. Мұны көз алдыңа елестетіп тұрып, ал сүйе ғой!...Кенет бетім тыржия қап, сүймек боп шүртиіп келе жатқан ернімнің бағыты күрт өзгерді де, келіншегімнің маңдайына барып тірелді. Бұл көрініске көңілдері толмаған жұртшылықтың айқайы үдеп, алды аттанға ойбай қоса бастады. Айнала ызы-шу, қым-қуыт!
Тек есімде қалғаны әншейінде кетік тістерін көрсетпеуге тырысып, аузын басып, булығып күлетін Балтабайымның күлгенде де аузы су сиыры - бегомоттың аузы сықылды барынша арандай ашылып кетіп, опырық тістерінің бар құпиясын жалпақ жұртқа жария етіп,  талайды шошындырып жатыр екен. Онысын көріп, ішек-сілесі қатқан Қасымхан сұқ саусағын шошайтқан күйі, ішін басып, екі бүктетіле селкілдеп, есін жия алмай, анадай жерде аунап жатыр. Айнала апай-топай!  Басқасына көзім түсер емес.
        Кенеттен әлдебір жиіркенішке толы ішкі сезімім алдымда тұрған араққа толы стақанға еріксіз қол создырды. Екі жүз грамдық қырлы стақан қолыма тиер-тиместен, көз ілеспес жылдамдықпен тартып жіберген әрекетімнің шұғылдығы сонша – қызынып алған көпшілік орыстарға еліктеп, "түбіне дейін тарт!"– деп айқайлауға да мұршалары келмей қалды.
Адамның жүрегі айнығанда ішкен арақтың дәмі болмай қалады екен. Сылдыр су секілді сіміреді екенсің! Соны білдім. Әншейінде арақты тыржиып әрең ішетін әдетімді білетін достарым бұнымды көргенде, бір сәт селт етіп тоқтап қалғандай болды да, жаңа леппен тағы да айқайламақшы боп дайындала беріп еді, үлгіре алмады. Кенеттен шыққан қаһарлы үн дыбыстарын шығартпай тастады.
– Әй, орыстанған шуылдақтар өңшең! О заманда бұ заман қазақтар жұрттың көзінше қатынының ернін сүйіп пе?!... Әкесінің құны кеткенше арақ сіміріп пе?!... Жетер енді! Маңдайынан сүйгені де жарайды! – деді зілді дауыспен.
 "Қазақтың намысын, салт-дәстүрін қорғаған бұл қай қазақ!" – деп сүйсіне көз тастасам, өзімнің жақын бір ағам екен. Мұнан кейін жұрт есін сәл жиғандай болды. Қанша дегенмен, үлкенді сыйлаған халықпыз ғой!
Аздан соң, ішке шайтан сықылды кіріп кеткен орыстың күшті арағы бәрібір өз "жеңісін тойлады". Яғни, сананы билеп алған арақ өз дегенін істетті. Тағы да айқай-шу! Сөйтіп, абыр-сабыр болып жатқанда, Амантай дауысын қаттырақ көтеріп, сары қызға (Гүлмира) қарап:
      – Әй, сары қатын! Біз анда-санда сатаныңнан бүйтіп бүріп алатынымыз бар! – деп, сары қыздың (Гүлмираның) жуан санынан бүріп  кеп қалғаны!
   Обалы нешік, табан асты сары қыздан «сары қатынға» айналған Гүлмира шыдап, сабырлық танытты.
  Бір кезде Балтабайдың «фу-фу-фу!» деген өзіне тән күлкісі естілді. Бұл Балтабайдың бабына келе бастаған сәті екенін сездім. Көп ұзамай, «Аққу, қаздар!» әнін шырқайды-ау деп тұрғанымда, Қаламбектің «Ленин ата – біз ұлан!» деген әні көкке көтерілді. Қасымханның «Өйдөйт!» деген  қарлығыңқы дауыспен қолпашы да қосарланды. Демек, бұл дегенің – қазір басталатын биде талайдың діңкәсі құриды деген сөз!
    Шынында да, кілең ақкөңіл,  арда жігіттер жиналған кешкі бас қосуымыз өте көңілді өтті. Қыз жолдас та еті үйренген соң, армансыз күлкінің астында қалды.
Амантай  Жетес би бабамыздың тікелей ұрпағы – шөбересі ғой! Аузы дуалы екен. Амантайдың қойған аты –  «Сары қатын», келіншегім Гүлмираға жұғысты боп, бүгінде «Сары қатын» атанып кетті.

"Менің сыныптастарым" кітабынан үзінді.

Өздеріңіз білесіздер, ол кездің  орыстанған дәстүрі бойынша, желтоқсан айы толайым Жаңа жылды қарсы алуға кетеді. Яғни, күнде кәйіп, күнде мас!...Мұндайда қатының түгілі, өз аты-жөніңді де ұмытып қаларсың! Біз де  сол күйді бастан өткердік. Оның үстіне, көптен күткен жаңалық – үйленсең... Ішуге себеп бар!
Қазір рақат! Құдайға шүкір, «Ауру қалса да, әдет қалмайды» десек  те, Тәуелсіздіктің арқасында, осы  бір орыстан жұққан әдеттерден біртіндеп арылып келеміз.
       «Орнында бар, оңалар» деген, ең бастысы, тәуелсіздігіміздің  тізгіні қолымызда!... Уақыт өте, бәрі де қалпына келер! Қазақы  дәстүріміз шыңға да шығар! Осыған сене отырып, сөз аяғын арақ-шарапсыз-ақ: «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!» деп аяқтағым келеді.
Нұрбай ЖҮСІП,
Қамыстыбас ауылы,
Арал ауданы
01 қаңтар 2022 ж. 934 0