Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ең бастысы – елдің амандығы

Ең бастысы – елдің амандығы

Жақында әлеуметтік желіде Жаңаөзен тұрғындарының жаппай наразылыққа шыққаны туралы әртүрлі бейнежазбалар тарады. Ақпаратқа сүйенсек, Жаңаөзен тұрғындары жергілікті биліктен газ бағасын түсіруді талап етіп, бейбіт митингке шыққан. Халқы да, тұрмысы да, көлігі де газға қарап қалған өңірде бұл өте өзекті мәселе.
Елімізде 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көгілдір отын бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттаған. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибрагимовке үндеу жолдаған жергілікті тұрғындар әкімдікке бір ғана талап қойған. Ол – газ бағасын 60 теңгеге дейін төмендету. Халықтың бұл талабы орындалды да. Бүгінде аймақтардағы көгілдір отын бағасы 2 есеге дейін арзандады.
Ашық ақпарат көздеріне сенсек, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 15-орынды иемденеді. Ал газ игеру және өндіру бойынша 19-орында. Бұл дегеніміз, Қазақстан газға қатысты көрсеткіштер бойынша үздік жиырмалықта деген сөз. Алайда газ бағасы оған қарамастан еселеп көтеріліп жатыр. Қазақстанды қымбатшылық қысып тұр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары мен баспана, жанармай мен газ бағасы тоқтаусыз өсуде. Президент жолдауда инфляцияны түсіру туралы тапсырма берсе де, айтарлықтай өзгеріс болмай отыр. 2020 жылы бағаны тұрақтандыру үшін 30 млрд теңге, 2021 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Осының өзі жағдайдың қаншалықты қиындағанын көрсетіп тұр.
Мұндай келеңсіздікке ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірден назар аударып, Үкіметке тапсырма берді. “Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқы бар. Бірақ бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес атқарылуы тиіс” – деп мәлімдеген еді.
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, дизель отынының тапшылығы жасанды екендігін, жанар жағармайдың қымбаттауы транспорттық компаниялармен қатар, күнделікті тауарлардың да бағасының өсуіне әкеліп соқтыратынын баса айтқан болатын.
Елдің жағдайы жақсаруы үшін, халықтың талап-тілегі орындалуы тиіс. Жаңаөзендегі жағдайдың мәнісі – халық жаппай қымбаттауға наразы боп жатқандығында болды.
Халқымыз бұрыннан сөзге тоқтаған. Сондықтан бәрін де өзара келісіммен шешкеніміз абзал. Иә, халықтың талабы дұрыс. Дей тұрғанмен, баса-көктеп қиратпай, билікке талап-тілекті дұрыс әрі нақты жеткізе білген жөн. Президент "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын құрғанын, ол көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отырғанын жақсы білеміз. Еліміздің тұтастығы, ынтымақтастығы  әрдайым маңызды. Сондықтан ауызбірлік бәрімізге қажет. Басты байлығымыз – елдің амандығы.
К.  Махсұт
10 қаңтар 2022 ж. 1 203 0