Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сабыр түбі – сары алтын

Сабыр түбі – сары алтын

Мына жалған дүниеде кез келген пенденің басына талай қиындықтар мен қайғылы жағдайлар келетіні хақ. Өйткені, өмірде қуаныш пен қайғы егіз төлдей қатар жүреді. Бұл - өмірдің өзіндік заңдылығы да. Себебі, өмір атты қиын жол сындарлы сынақтардан тұрады.

Сондықтан, Алла Тағала кей кездері басымызға қуанышты да, қайғыны да бере отырып, біздерді ауыр сынақтардан өткізеді. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Сөзсіз сендерді қорқынышпен, аштықпен және де малды, жанды әрі жемістерді азайту арқылы сынаймыз, алайда сабыр етушілерді сүйіншіле!» («Бақара» сүресі, 155-аят) дей келе адам баласын әртүрлі қиындықтармен сынайтындығын баяндайды.
Демек, бұл жалғанда кез келген пенде қауіп-қатер, жоқшылық, таршылық, адам және мал шығыны сынды қиын да қайғылы жағдайлармен сыналады. Дегенмен, Алла Тағала жоғарыдағы аяттың жалғасында қиындықтар алдында ұстамды болып, сабыр еткен жандарды зор сауап күтіп тұрғандығын ескертеді.
Құран Кәрімде жетпістен аса жерде сабыр жайында сөз қозғалады. Сонымен қатар, Хазірет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мүминдерді сабырлыққа шақырған хадистері де мол. Бұлардың барлығы Хақ дініміздің мұсылмандарды мейлінше сабырлыққа үндейтіндігін көрсетсе керек.
Сабыр – қиындықтар мен қайғылы жағдайларда адам баласына күш-қуат беріп, басын идірмей, аяғын нық басуға көмекші болатын ерекше қасиет. Адам баласы сабыр ету арқылы тағдыр тауқыметінің кез келген түрін жеңіп шығумен қатар, Жаратушының сындарлы сынағынан да сүрінбей өтетіні сөзсіз.
Жазылмас дертке шалдығу, дүниенің қызығын тамашалар екі жанарыңның нұрынан айрылу – пенденің басына келетін ауыр жағдайлардың бірі. Дегенмен, Жаратқанның жазғанына разылық білдіріп, жалғанның қиындықтары мен ауыртпалықтарына сабыр ете білу мүмин пендені күмәнсіз Алланың сүйіспеншілігіне бөлеп, ақыретте мол сауапқа кенелтеді.
Фархат Әбдірәлиев
«Ақмешіт» мешітінің наиб имамы
21 ақпан 2022 ж. 1 465 0