Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

“Күлпаш”

Қазақ халқының басынан өткерген азалы күндері аз емес. Соның ең қиыны және көпшілік жадында мәңгі сақталғаны – ашаршылық жылдары. Осы бір жұттың пайда болу себебі де сан түрлі болады. Көбіне саяси-әлеуметтік үдеріс пен табиғаттың қолайсыз ахуалы салдарынан туындайтын әлеуметтік апат болып табылады. Ғылыми деректерге сүйенсек, 1919-1922 жылдар аралығындағы аштықтан бір миллионнан астам адам аштықтан көз жұмған.
Иә, 20-30-шы жылдардағы ел басына қара бұлт төнген қасапты қырғын туралы қаншама ақын-жазушыларымыз сөз етті. Соның бірі – Бейімбет Майлиннің «Күлпаш» әңгімесі. Әңгіме желісі бойынша зұлмат жылдың қасіретін тартқан айрандай ұйыған бір отбасының басынан өткерген қиын күндері сипатталады. Шаңырақ анасы Күлпаштың үстінде тозығы жетіп, әр жерінен жамап тігілген ескі көйлек, оның сыртынан азып-тозған тулаққа айналған ескі тон және басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Тұла бойы тоңып, кішкентай бөлмелі үйдің пеш жанында Күлпаш жыртық күпіге оралған баласы Қалиді құшағына қысып отыр. Үй іші қара суық, жамаулы терезенің жыртығынан ішке кірген ызғар ана мен баланы тоңдырып барады. Үйді жылытуға пешке жағатын отын да жоқ. Қара судан басқа нәр татпағанындарына бүгін үшінші күн еді. Бұдан бұрында алты айғы қыс бойы тартқан зардаптары аштық болатын. Бар үміті жолдасы Мақтым еді. Жолдасы бала-шаға қамы үшін ел аралап, тілек тілеп, үйден ерте кетіп, кеш оралады. Бірақ оның да табары жоқ...
         Әйтсе де жолдасы Мақтым үйден шығып кеткен соң, азық қылар бірнәрсе әкелетіндей көріп, өзін алдаумен ұзақ күнді кеш қылатын. Күлпаш өзінен бұрын қолындағы баласын аяйтын. Бір жұтым болса да, сорпа ішсе екен деумен отырады. Ескі дәстүрдей абысын-ажынымен кезек-кезек ауысып тамақ берудің де ізі жойылды. Тіпті жұпыны дастарқан үстіне біреу келсе, қабақтары түйіліп, көзбен шығарып салатын болды. Мұны сезген Күлпаш арланып, көрші үйлерге қатынауды тоқтатқан.
         Күлпаштың ішкі жан-дүниесін аштықтан басқа мазалайтын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың шырмауында жүргеніне бүгін екінші күн. Осындай қыстың ызғарлы күдерінің бірінде Күлпаштың туған сіңілісі Раушан келіп оған 40-50 қарасы бар, ауыл байы Жұмағазыға көңілін аудартқысы келетін. Тіпті,“осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өмірінді қорлыққа салма... жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамынды ойла”-деп кететін. Бірақ Күлпаш бауырының бұл сөздеріне мән де бермейтін.
         Араға екі-үш ай салып, аштық зардабы күшейе түсті. Тұрмыс түрі де қиындай түсіп, баласы тамақ сұрап жылайтын жағдайға жетті. Баласының аштықтан қиналғанына жаны төзбеген Күлпаш сіңілісінің айтқан сөздеріне ойланып қарайтын болды. Терең ойдың тұңғиығында отырған уақытында Раушан үйге тағы да келді. Жұмағазының нұсқауымен келген Раушанның бұл жолғы ойы әпкесін біржола көндіру керектігі еді. Күлпашты қызықтыра сөйлеп бастады: “... Не бар тамақ соның үйінде: бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ... Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қылғанда, «одан артық қатынды іздесем де таба алмаймын ғой» деп қутың-қутың етеді...”
         Бұзылмаған қазы-етті естігенде Күлпаштың ауызының суы құрып, келісім бере жаздады. Осы уақытта баласы Қали әкесін сұрап еді, Күлпаш: “Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!” деп қойып қалды. Күн батуға таяп, жел ызғары күшейе түсті. Күлпаш ауыр күрсініп, Раушанның айтқандарын ойынан шығара алмады. Бір сәтте даладан тықыр еткізіп есік ашылды. Әрине, үйге кіріп келе жатқан кісі – Мақтым еді. Қали ана құшағынан аунап түсіп, әкесінің сөмкесіне қарай жүгірді. “Қалқам-ау, дым жоқ!..”-деп Мақтым жылап қоя берді. Осы арада Күлпаш та Мақтымға әлгі Раушанның әңгімесін қалай айтарын білмей тентіректеп отырып, ақыры айырлысқысы келетінін жеткізді.
         Көктем мезгілі келе жер бетіндегі қар жылтырап, ызғары да басылған сәт. Алыстағы жіңішке жолмен аяңдап келе жатқан әйел бейнесі көрінеді. Иә, бұл – Күлпаш еді. Жұмағазымен отау құрғанына шамамен жиырма күндей өткен. Аштықтан құтылдым екен деп, Күлпаш мәз-мейрам салып жүргені жоқ. Түнде көзі іліне кетсе түсіне жалғыз баласы Қали кіреді. «Күлпаш үйден шығарда «қалқам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бүртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді.Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бүртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған... Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды...»-деп суреттейді жазушы шығармасында. Келесі бір күндері түсінде Мақымды көреді. Ол да Күлпашқа ренжулі, олда ашулы.
         Дүниедегі ең қымбат және жақын жандары жолдасы мен баласын ренжітіп, өзін ғана ойлап кеткен қылығынан Күлпаш намыстана бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген де ой кірді. Міне, бүгін Жұмағазының үйде жоқтығын пайдаланып, бұрынғы үйіне бет алып келе жатқаны. Мақтым ренжімей, кешіріммен қараса ескі тұрмысқа қайта оралу да ойында болды. Қойнына екі кесек ет бар. Оның бірі Мақтымға, екіншісі Қалиға деп салып алғаны.
         Күлпаш ескі үйіне де жетті. Аяқ-қолы дірілдеп, біртүрлі қобалжулы еді. Есік алдын қар басып тастаған, кіріп-шыққан адамның ізі көрінбейді. Сол қарды аяғымен тазалап, есікті ашуға ыңғайланады. Ендігі үйге беттеген сәтте суық леп бетке соғып, үй іші тас қараңғы болды. Әрі қарай дауыстап аттарын атап көріп еді, жауап қатар үн болмады. Күлпаш асыға терезе жаққа барып, күртік қарды қолымен тазалап терезені ашты. Күннің ашық сәулесі терезе арқылы үйге түсіп, ішті жарықтандырып жіберді.
Тазалаған қарларын жалма-жан Күлпаш тастай беріп, пеш түбіне көз тастады. Пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті. Іші елжіреп көзіне ыстық жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып тағы бір есімдерін атап, төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..
         Не істерін білмеген Күлпаш жолдасы мен баласының жансыз денесін тек құшақтауға ғана әлі жетті...
         Осы әңгімені оқып отырған оқырман көзіне еріксіз жас келері сөзсіз. Ел басына күн туып, ертеңгі күніміз не болар екен деген уайыммен көз ілетін қалың бұқара тағдырын суреттейді. Аштық зардабын тартқан бейкүнә бүлдіршін Қалидің не жазығы бар десеңші?!        Сан-қилы қиындық көріп, бір үзім нанға зар болған қалың қара қазақ тағдырын бүгінгі заман жастарына анық көрсетеді.
         Қазір қоғамда барлық сала жоғары деңгейде дамып жатыр. Адамзат баласы өз қалауынша ішіп-жеймін десе, тағамның түр-түрі алдында тұрады. Тіпті арнайы кафеге бармай-ақ жеткізу қызметімен алдырады. Иә, бұл да бір жетістігіміз болар. Бірақ, «Біреуі тоңып секіреді, біреуі тойып секіреді»-демекші, күнделікті алдында тұрған тамақты елемей, аяқ асты етіп жататындарды көріп жүрміз. «Судың да сұрауы бар»-деп бекер айтылмаған, ертеңгі күнімізді ойлауға мұршамыз болмай алдымызға келген тағамды ысырап етіп жатамыз. Жаратушының сүймейтін істерінің бірі – ысырапшылдық болса да бұл жат әдеттен әлі күнге дейін арыла алар емеспіз.
         БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметіне сүйінер болсақ, әлем бойынша ысырап болып, бүлінген тағамдардың көлемінің бастапқы баламасы 15 млрд тоннаға шыққан. Қоқысқа тасталған жарамсыз заттардың да жартысы тамақ қалдықтары. Әрине, одан ауаға зиянды заттар тарайтыны белгілі. Сол себепті адам баласы ысырапшылдықтың алдын алар болса, өзіне тигізер пайдасы зор. Мәселен, аштық мәселесі шешімін табады, сондай-ақ жасанды тамақ өнімдерінің санын және қоқыс үйінділерінің көлемін біршама азайтады.
         Тағы бір қозғайтын мәселе – аш балаларымыз. Иә, барлығы дамыды, аштық жоқ деп өзімізді алдаусыратып жүргеніміз анық. Көше кезіп, бір күндік азық іздейтін кішкентай бүлдіршіндер арамызда жоқ емес. Міне, сол үшін қолымыздағы артық қалған асымызды қайырымды іске жұмсасақ өзімізге де жақсылығы тиеді.
         Санамыздың түбінде қатып қалған осы бір жат ұғымнан арылып, жағдайы төмен, ішерге ас таппай жүрген отбасыға қол ұшын берсек нұр үстіне нұр болар еді.
Айсәуле НҰРЛАНОВА
12 наурыз 2022 ж. 1 109 0