Барды бағалай білейік
Биыл сонау 1920-1921 жылдардағы ашаршылық нәубетіне бір ғасыр, отызыншы жылдардағы аштыққа 90 жыл болып отыр. Сан сапырылыс пен талайлы тауқыметті бастан кешкен қазақ халқының тарихында сол жылдардағы ашаршылық ешқашан ұмытылмайды. Керісінше, уақыт өткен сайын зардабы сезіле беретін ауыр кесапат. Жаппай аштық жайлаған жылдары қаншама миллион қазақ дүниеден өтті...
Қазақ жазушысы Өтебай Қанахин балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп, балалар үйінде тәрбиеленгенін айта келе, бір естелігінде: "Жазғытұрым ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы қазақ әйелі еңіреп жылады. Мен «неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуің ғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен» деді.
Аш-жалаңаш, үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер ауды, қашты, босып кетті. Сол жылдардағы аштық жайында жазылған шығармаларды оқып көрсеңіз, тұла бойыңыз түршігеді. Мәселен, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметовтың балалық кезі нәубет жылдары өтіпті. Анасы туралы жазылған естелігінде жазушы: «...Ашаршылық жылы сен үш жаста едің. Емшекте нәресте қызым бар. Аштықтан өлетін болған соң түс кезінде Кемербаcтаудағы жездем Құрманбектің үйіне қарай жолға шықтық. Сені қолыңнан жетелеп, қызымды бауырыма алып, аштықтан бұралып, әрең жүріп келемін. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Сарттар еккен қауындыққа жеткенде ұялы қасқыр қамап, топырақ шашып, қаумалай бастады. Таяғымды көтеріп, айбат шеге айғайласам да қаймығар емес. Есім шыға, не істерімді білмей ораулы қызымды жерге қойып, сені арқалап сытылып шықтым. Сол-ақ екен, топ қасқыр қызға қарай бас салды. Шар еткен нәрестенің даусын естідім... Тура осылай болғандығын шешемнің аузынан естігем,– деп, анасының артында ізін жалғайтын ұрпақ қалсын дегені екенін кейін түсінгенін айтады.
Өткен тарихты ұмыту болашақ үшін қауіпті. Міне, жас ұрпақ өз тарихын ұмытпауы керек. Бейбіт уақытта жарты халқы аштықтан қырылып қалу қасіреті ешбір халықтың басында болған емес.
Қазір Аллаға шүкір, егемен ел атандық. Тәуелсіздігіміздің арқасында бейбіт елде, тоқшылық заманда өмір сүріп жатырмыз. Пендені тоқшылық, астамшылық, ысырапшылдық бұзады. Алдымызда әртүрлі ас, не ішемін, не киемін демейміз. Аштықтың дәмін татпаған, бар нәрсенің қадірін білмейді. Демек күллі адамзаттың басына қара бұлт үйіретін ысырапкершілікті жою үшін сананы тәлім-тәрбие, имандылық арқылы түзеуіміз қажет. Мұсылмандар Құран мен сүннеттегі осыншама ұстанымдарға құлақ түрсе, ысырапшылдыққа жол бермейтіні ақиқат.
Өткен жылдары барлық елде пандемия белең алды. Қаншама адам өлімі тіркеліп, тарихта азалы күн болып белгіленді. Көпшілік мойынсұнғысы келмей, тәубе етпей, шектен шығу, ретсіз той, есепсіз ысырап, тағы басқа жағдайлар болды. Ата-бабаларымыз ысырапшылдықтың, даңғазалықтың жақсылыққа апармайтынын ұрпағына айтып та, жазып та кеткен. Небір нәубет әр елде өткен, тарихта бар. Олар аштықтан өлейін деп жатқанда да "Аллаға шүкір, бұл да сынақ" депті.
Қазір мен де 80 жастан асып барамын. Осы жасқа дейін өмірдің ащысын да, тұщысын да таттым. Содан да болар, біз барды қадірлеп, жоққа сабырлық таныта білдік. Бүгінде заман жақсы. Мен ұрпағымыз тәуелсіздіктің қадірін біліп, қазақ халқының басынан өткен қиындықты, тарихты ұмытпаса екен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бейбіт заман болсын деймін.
Калима Науанова,
зейнеткер