Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Түркістанға түр берген

Түркістанға түр берген

Бүгінгі күндері түрленген Түркістан – егемен еліміздің көз тартар, көңіл жайландырар бір жауһар қаласы болып отыр. Айналдырған аз ғана жылдың бедерінде кешегі аудан орталығы Қазақстандағы ең үлкен аймақтардың бірінің облыс орталығы мәртебесіне ие болып, күрт дамудың, қарқынды өркендеудің көрсеткішіне айналды. Және де басқаны айтпағанда, бұл байырғы қаланың барша Алаш жұртының  рухани астанасы деген атағы да бар. Ол – күллі түркі әлемінің рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауидің мәңгілік орнын тапқан жері. Тарихи деректер бойынша, Түркістан атауы "түркілер елі, мекені" деген мағына береді. Қаланың іргетасы сонау V-VІ ғасырларда қаланған. Ол – Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала. Кейін Қазақ хандығының астанасы болған тарихи, мәдени қала. Тарихқа көз тастасақ, мұнда сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешімдер қабылданған. Ал қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген.
         Иә, Түркістан ықылым заманнан-ақ ел тұрғындарының орталық шаһарына, мақтанышына айналған. Ұлтымыздың бір дарабоз ақыны Мағжанның:
         Түркістан – екі дүние есігі ғой,
         Түркістан – ер Түріктің бесігі ғой,– деп асқан сүйіспеншілікпен асқақтата жырлауы тегіннен-тегін емес. Ол – халқымыздың мәңгілік рухының алтын қақпасы десек те болады.
         Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында ел болып етек-жеңін жинаған жас мемлекетіміз соңғы жылдары ескі де жаңа Түркістан қаласын заманауи өркениет талаптарына сай көркейтуді қолға алғаны рас. Қалада қазіргі сәулет өнерінің небір ғажайып үлгілері бірінен соң бірі жарыса бой көтеріп, шахбаз шаһар салтанатын тіптен асыра бастады. Ұлтымыздың, өнер мен мәдениеттің алтын діңгегіне айналған Түркістанның бүгінгі келбеті қараған көз тоймастай жылдам өзгеруде. Енді, міне, әрбір қазақ баласы қайда тірлік етіп жүрсе де, Түркістанға бір рет те болса әдейі ат басын бұруды, қазіргіше айтсақ, туристік сапармен барып-келуді, зиярат етіп-көруді армандайтын күнге де жеттік. Табаны киелі топыраққа тиген адам жаңа Түркістанға, жаңарған Түркістанға таңдай қағып тамсанып, оның көркем кешендерін, еңселі ғимараттарын айтқанда тілдерінен бал тамғандай боп жүр. Соңғы жылдар жүзінде тіпті осы қалаға бармаған адам аз десек болар. Статистикаға қарасаң, елімізден бір жарым миллиондай адам жылына киелі қаланың қонақжайлығын көріп қайтады екен. Тағы бір-екі жүз мың шетелдіктер бар.
         Біздің айдынды Аралдың да үлкен-кішісі қасиетті жерге барған сапарларынан "Біз Түркістандамыз" деп сан түрлі суреттерін жамырата әлеуметтік  желілерге салып, қуана жариялап жатқанының куәсіміз. Шынымен де Түркістан адамдардың жүрегіне нұрлы қуаныш сыйлайды. Өзгеше бір сезімде боласың. Киелі деген сөзді осы қаланы, Ясауи кесенесін көргенде түсінгендей боласың.
         Әріден тартқан бүгінгі әңгімемізде осы киелі Түркістан қаласының бас архитекторы, яғни оның жаңарған жасампаздығының сәулетшісі біздің туған жеріміздің бір перзенті екенін айтып, жұртымыздан кәделеп сүйінші сұрасақ та артық болмас. Арал топырағынан шыққан, атағы алысқа жеткен дарабоздарымыздың абыройлы жолын қуып, биіктерден көрініп жүрген жас түлектеріміздің бар екеніне көңіл сүйсіндіру – журналистік жаңалыққа құмар парызымыздың бірі. Ордалы отызды енді ғана орталап жүрген Айдос Зейноллаұлы Кеңтоғаевты айдынды өңірдің тілекші қауымына бір танытып өтудің реті де, жөні де орайласып  келіп тұр. Біздің бұл жаңалық хабарымызға біраз жұрт "Ол кім?" деп елең ете қалып жатқан шығар. Өйткені сыр мен сымбатқа толы Түркістанның қазіргі қарқынды сәулеттенуі, ертегідегідей ерен қалаға айналуы әрине ең бірінші қаланың бүкіл бет-бейнесін айқындайтын Бас архитекторға тікелей байланысты екенін көкірек көзі ашық жандардың анық білетіні шындық.
         Ал отыздан енді асқан жас жігітке еліміз бойынша аса маңызы, ұлттық мәні зор қаланың тұрпат-келбетін айқындауға сенім білдірілуі – саңлақ сәулетшінің бұған дейінгі елеулі жетістіктеріне, өзіндік биік мақсат-мұратына, іскерлік дара қабілетіне тікелей байланысты емес деп айта алмаспыз. Өйткені дәл мұндай сенім – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ.
Қазақстандық сәулет өнерінің талантты өкілі Айдос Кеңтоғаев 1986 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Атасы Қайрадин Кеңтоғаев уақытында Арал Май зауытын ширек ғасыр басқарған тұлғалы азамат. Ол туралы "Аралдың ақтаңгер азаматы" деген кітап та шыққан. Айдос Зейноллаұлы қаламыздағы №220 мектептің табалдырығын аттап, алғаш білім жолына түскен. Содан бері жиырма бес жылы ілім алуға бағытталды. 2003 жылы Қазақ Бас Құрылыс және сәулет академиясының жанындағы колледжге түсіп, сәулет ғылымының парақтарын ашып, "Техник-сәулетші" біліктілігін алып шыққан. Дипломды жас маман осы жылдардан бастап қала құрылысы мен архитектура саласында ізденіске толы қызметін бастады. 2005-2008 жылдары Құрылыс және сәулет акадамиясының қабырғасында білім алып, кәсіби білімін арттыра түсті. Жан-жақты білімге деген құштарлық Айдосты мұнан кейін де 2011-2013 жылдары Орталық Азия университетінде оқуға алып келіп, құқықтану бойынша мамандықтың дипломына қол жеткізді. Ал 2014-2015 жылдары аталмыш университеттің "Өндірістік және азаматтық құрылыс" мамандығы бойынша жақсы оқып бітірді. 2015-2016 жылдары магистратурада  тағылым алып, "Академиялық магистр дәрежесіндегі сәулетші" біліктілігін алды.
         Өз мамандығына шексіз берілген Айдос Зейноллаұлы әр жылдары "КБК" ЖШС "Saulet" жобалау орталығында, "Алматы қала құрылысы кадастры" мекемесінде, "ART and PEOPLE", тағы басқа құрылыс, архитектура орталықтарында түрлі лауазымдық қызметтер істеді. Осы күнгі жұмысына дейін "Алматы бас жоспары" ғылыми-зерттеу институтында директордың орынбасары  боп, Алатау баурайындағы Алматының сәулеттенуіне біршама үлес қосты. Осы жылдар ішінде Айдостың шығармашылық ізденістері, ілкімді жобалары халықаралық, республикалық байқауларда беделді сарапшылар назарына әлденеше мәрте ілігіп, жоғары марапаттарға ие болды. Оның кәсіби сәулетші ретіндегі жетістіктері осы сала жайындағы жинақтарға, альбом-кітаптарға үлгілік ретінде енді.
         Еселі еңбектің жемісі болады. Талантты жігіт Айдос Зейноллаұлы Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының мүшесі. Ол – еліміздегі Жас Сәулетшілер мен Құрылысшылар қорының негізін қалаушысы болып, кейінгі жас буын мамандардың кәсіби қалыптасуына, шығармашылық ізденістеріне жол ашылуына орасан зор еңбек етті.
         Оның архитектурадағы белестері көпшіліктің көз алдында. 2008 жылы 24 жасар талапкер сәулетші "Бірегей жоба" тақырыбы бойынша жылдың "Ең үздік жобасы" байқауының жүлдегері атанған. Бұл марапат Айдосты ыждағатты жұмыс істеуге ынталандыра түскен. Ұзамай есімі Қазақстанның 20 үздік дизайнерлерінің тізіміне енгізілді. Бұл – оның сәулет өнеріндені өз қолтаңбасы бар дарын екендігін айқындады.
         2018 жылы 19 маусымда еліміздің өткен тарихына құрмет көрсетіліп, киелі Түркістанның бүкліхалықтық маңызына мән беріле отырып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгеруі нәтижесінде аймақ орталығы боп ауыстырылған Түркістан қаласы жаңа статус алды. Одан бері де төрт жыл өтіпті. Аса көп уақыт емес. Алайда дамудың жаңа жолына түскен көне шаһар жаңаша кейіпке бағытталып, енді, міне, елімізде туристік бум тудырып отыр. Кең көлемдегі инвестициялар тартылып, гүлденуге бет алған шаһар жалпы өлкенің дамуына оң әсер етуде.
         Қазір Түркістан біздің республикамызда үлкен құрылыс алаңына айналды. Әр даңғыл-көшенің, жаңа ғимараттардың, көз тартар кешендердің, тарихи киелі орындардың, яғни жаңашылдық пен елдік құндылықтардың қала келбетінде үйлесім тауып, шырайлана, әйбаттана түсуі – Бас архитектордың жұмысының бұлжымас негізгі ұстанымы екені сөзсіз. Айдос Зейноллаұлы жетекшілік ететін Түркістан қаласының "Сәулет және қала құрылысы" бөлімі рухани астанамыздың бас жоспарына сәйкес жұмыс үрдісін қалыптастырған. Қаланың сәулеттік бейнесін жақсарту және абаттандыру үшін эскиздік жобалар дайындайды. Қала аймағындағы құрылыстың заң талаптары мен құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін нысандарға жүйелі мониторинг жүргізеді.
         Қала облыс орталығына айналғалы жыл сайын ондаған ғимараттар бой көтерді. Тіпті қаланы осыдан төрт жылғы кезімен салыстыруға тіптен болмайды. Айырма – жер мен көктей.
         Түркістан қаласының тарихи-мәдени орталығы шығыстық және ұлттық стильде көркейіп келеді. Қаланың іскерлік орталығында 7 және 9, 12 қабатты үйлер сап түзеуде. Қала құрылыстары 2050 жылға дейін тиянақты жоспарланған. Қала жасыл желек құшағында. Әсіресе Тұңғыш Президент және Яссы саябақтары ерекше жайқалып тұрады. Кесене жанында қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінен сыр шертетін этноауыл көз қызықтырады. ХVІІІ-ХІХ ғасырдан көрініс беретін кешен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында орналасқан. "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының аумағы мен Ясауи кесенесінің бекініс қабырғасы этнографиялық мұражайдың ортасына орын тепкен. Кесенеге келушілер қазақ халқының бай мәдениетімен танысып, тіпті көне заттарды қолымен ұстай алады. Иә, көшпенділер өркениетінің дәуірлеген заманын көргісі келген адам мұнда барса дән риза боп қайтатыны рас.
         Қаладағы әлемдік деңгейдегі әуежай Түркістанда бірінші рет салынған. Қала қонақтарын ерекше қызықтыратын орталық – Азиядағы ең ірі туристік кешен –"Керуен-сарай" қарсы алады. Ереше стильде салынған нысан Ұлы Жібек жолындағы сауданы елестетеді. Мұнда қонақ үйлер, зәулім мейрамханалар, фуд-кордтар, шығыс базары, қолөнершілер көшесі секілді сауда және ойын-сауық орталықтары бар. Сондай-ақ шаһарда "Ұлы Дала елі" мұражайы, Шығыс моншасы, Конгресс Холл, Жібек жолы саябағы жаңадан салынған нысандар.
         Енді қаланың ескі аумағын дамыту мақсатында жаңадан он мыңнан астам гектарға егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының тізгінін Айдос Зейноллаұлы ұстап отыр. Болашақ мұнда да жұрт тамсанар сәулет өнерінің тың шедеврлері салынатыны күмәнсіз.
         Міне, айдынды Арал топырағында кіндік қаны тамған жерлесіміз, талантты сәулетші Айдос Кеңтоғаев орда бұзар шағында жұрт аузында "Екінші Мекке" атанған, руханиятымыздың астанасы Түркістанда болашақ ғасырларға жететін сәулет өнерінің керемет үлгілерін халқымызға табыстап жүр. Ұлтымыздың бар киесін сақтаған қасиетті мекен өркендеп, өсе берсін!
Ерғали АБДУЛЛА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
26 наурыз 2022 ж. 691 0