Отан үшін от кешкен Абиболла ата
Отанды сүю, қорғау жай ғана сөзбен көрініс табатын дүние емес. Әрбір азаматтың еңбегі мен бар күш-жігері Отан үшін жұмсалғанда ғана патриотизм жайлы айтуға болады. «Жастарды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі – бұл мәселенің қоғам үшін айрықша маңызды екенін көрсетті.
Баланың тұлға болып қалыптасу кезеңдері мектепте басталатыны белгілі. Сондықтан оқушыға әскери адамның мәртебесі жайлы жиі насихаттап отыру қажет. Әскерге ынталандыру мектеп қабырғасынан бастау алады. Ал әскери өмір жауапкершілікке, тиянақтылыққа, шешімді тез қабылдауға, ата-ана, туыстың қадірін білуге үйретеді, оқушы бойында отансүйгіштік қасиет қалыптасады. Ата-ана да баланы тал бесіктен ер етіп тәрбиелеп, кешегі батырлардың жолын насихаттаулары керек. Ұлт үшін келешек елдің тұтқасын ұстайтын жастардың білімі мен білігі, рухы мықты патриот болғаны абзал. Ата-ана да, ұстаз да оқушының смартфонға кіріп алып, атыс-шабыс, адам өлтіруді, қарумен атысуды көрген бала соған қызығып, кейін сол іс-әрекеттерді шынайы өмірде қолдануы мүмкін. Сондықтан оқушыда бос уақыттың болмауын қадағалап, баланы түрлі үйірмеге қатыстырып, рухани түрде дамуына баса назар аударуымыз қажет. Бабалардың батырлығын, қазақ халқының ұлы тарихын бойына сіңіріп, ұлтжанды етіп өсіруге атсалысуымыз керек.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы қағиданы ескере отырып, жастарға ерлігі, өткен өмір жолы үлгі болар ел азаматы, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері Абиболла (Әбішкен) Қалыбаев ата өмірін зерттеп-зерделеп, жастарды ата жолынан үлгі алып, елі сүйер патриот болуға бағыттағым келеді.
Абиболло ата 1925 жылы Ауан ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Балалық шағын, нағыз бақытты кезеңдерін әке мен ана құшағында еш алаңсыз өткізді. Өйткені оның қасында өзін ерлікке, батырлыққа, еңбекке, адалдыққа, әділдікке үйретер әкесі болды. Бұл бақытты балалық шақ 13 жасқа келгенде көзден бір ұшты. Сүйікті, қамқор әкесі Қалыбай атамыз өмірден өтті. Абиболла ата үшін бұл кезең төңіректі бұлт басқандай болды. Әрі ол заман да ауырлау кезең болатын. "Өлмегенге өлі балық кездесер" дегендей, жесір қалған анасына, өзіне, інілеріне, Абиболла атаның ағасы Бірдем ағасы көмектесе білді. Ол отбасының тарықпауына, тамақтан ашықпауларына, бар көмегін аямады.
Атамыз Ауанда 9 жылдық мектепте оқып жүргенде батыста Ұлы Отан соғысы өрті бұрқ ете қалды. Халық басына қаралы күн туып, ер азаматтар тегіс ел қорғауға соғысқа аттанады. Сөйтіп 9 жылдық мектепті бітіре алмай, Абиболла ата соғысқа аттанады. Ол комсомол мүшесі болатын. Атаның жазып қалдырған естелігінде:
– Мен 1942 жылы қазан айында әскер қатарына шақырылдым. Аудан орталығына Ауаннан шанамен, арасында жаяулатып жетем дегенше әскерге жөнелтуге үлгіре алмай, ақыры 1943 жылдың басында 17 жасымда әскер қатарына алындым. Иығыма ілінген винтовканың дүмі жерге тиіп жүретін, – дейді.
Атамыз соғысқа Ақмолада 39-атқыштар полкінде 1 ай дайындық жаттығуларына қатысқан. Содан соң соғысты I-Украина майданында 105-атқыштар полкінде жалғастырады. Ол соғыста барлаушы болады. Катенец- Подольск облысы, Фештин ауданы, Медведка қыстағы және Житомир облысы Львов қаласы, Коломия, Хусты, яғни Украина, сондай-ақ Румыния, Чехословакия, Польша жерлерін азат етуге жанқиярлықпен қатысады. Богдан Хмельницкий орденді 271-ші Парлов атқыштар дивизиясы құрамындағы 867-ші Прикарпат атқыштар полкінің барлаушысы болып жүргенде, 1943 жылы 3 тамызда Разточки ауылы маңында қарсы шабуыл кезінде алғы барлауда немістің 4 автокөлігін жойып, бөлімге бас көтертпей жатқан немістің 2 пулемет ұясына граната лақтырып, бөлімнің алға жылжуына мүмкіндік жасағаны үшін 1944 жылдың 20 тамызында «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталады. Осы жылдың 24 наурызында Подольск облысына қарасты Медведка селосы үшін болған шайқаста басынан жарақаттанып, контузия алады. Тіпті оны өлдіге санап, 1944 жылдың 25 сәуірінде елге қара қағаз да жіберген. Онда атамыздың аталған шайқаста ерлікпен қаза тапқанын, Медведка бейітінде жерленгені жазылып келеді. Сол жылғы 23 наурыздағы Сатанов ауылы үшін болған шайқаста Абиболла ата немістердің алғы шебіне жасырын жетіп, бөлімнің алға жылжуына кедергі келтірген неміс пулеметшісінің көзін жойып, ерлік көрсетеді. Бұдан кейінгі қоян-қолтық ұрыста Абиболла ата 2 неміс сарбазының көзін жойған ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, кейін III дәрежелі "Даңқ", II дәрежелі "Отан", ордендерімен наградталады.
1944 жылы 16 қазанда Абиболла атаны офицерлік курсқа жібереді. Курста оқып жүргенде соғыс аяқталып, курс оқушыларын әр жаққа бөледі. Атаны Карпат маңындағы жойғыш ұшақ корпусына әуе қару-жарақ шебері қызметіне жібереді.
Сол жерден 1948 жылы соғыстан елге оралған соң, Абиболла ата колхозда, Ауан балық зауытында кассир, есепші болып қызмет атқарады. 1948 жылдың жазында атамыз өзінің сүйікті жары Жаңыл әжемізбен бас қосады. Қазақтың ежелгі үйлену дәстүрі бойынша тойларын Аққұдықта өткізеді. 1961 жылы Абиболла атамыз Қызылорда қаласындағы сырттай қазақ орта мектебіне оқуға түсіп, 1962 жылы қолына аттестат алады. Арал қаласынан рабфакты бітіреді. Теңіз қайтып, Ауан балық зауытының жабылуына байланысты, 1975 жылдан Құланды жылқы зауытының №3 фермасында есепші болып абыройлы қызмет атқарады. Осы саладан 1989 жылы зейнетке шығады. Абиболла атамыз бен Жаңыл әжеден дүниеге Балбала, Люаза, Нәбира, Алаш, Бақшагүл, Жарас атты балалары дүниеге келді. Атамыз өте балажан кісі болатын. Балаларға деген айрықша махаббаты әр баланың дүниеге келген күнін зор қуанышпен, ауылдастарымен атап өтуі ғажап болатын. Мысалы, 1958 жылы Алаш баласы дүниеге келгенде қуанғаннан 1 мамыр күні ұлан-асыр той жасап, ат шаптырып, палуан күресін өткізген. Ауыл ақсақалдарының батасын алып, жас нәрестеге бақыт тілеген. Ат Қаражыңғылдан жіберіліп, Аққұдық арқылы Ауанға дейін шаптырған. Ат жарысында Сүлеймен ақсақалдың Қарақалпақтан алып келген көк аты бірінші келген. Шабандоз Мырзажан деген атамыз сол кезде 21 жаста болған екен. Абиболла атамыз өте кішпейіл, ақ көңіл, оған қоса ел айта жүрер мәрттігі де болған. Оған айғақ атамыздың екінші ұлы Жарас дүниеге келгенде сүйінші сұрап келген Темірбай деген атамызға өзі мініп отырған «ИЖ» мотоциклін сүйіншіге береді. Ол кісінің есте сақтау қабілеті өте жоғары болғандығы соншалық, өткен оқиғаларды айтқанда жылын, күнін еш уақытта ұмытпаған. Мектептің 70 жылдық мерекесін өткізетін кезде мектеп тарихы, директорлары туралы көп мәлімет бере білген.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалсыз өлмейді» деп халық айтқандай, Абиболла атамыздың пешенесіне соғыстан елге аман-есен келуді жазған. Соғыста ерлікпен қаза тапты деп қара қағаз келген атамыз соғыстан кейінгі елді қайта қалпына келтіру жылдары аянбай еңбек етіп, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагері атанып, бұл фәниден 2009 жылы өтеді.
Бүгінде ата-ана тәлімінен өнеге алған ұлы Жарас Ақбасты елді мекенінің әкімі, мектепте тәжірибелі қызметтерін атқаруда. Жұбайы Бақтыгүл №22 орта мектеп директоры. Жарасымды жұп әділ басшы, мейірімді ата-ана, ұлағатты ұстаздар. Абиболла атаның ерлік істеріне тағзым ете отырып, атаның еңбек жолын жастарға насихаттауды мақсат етіп келемін. Аталарымыз аманаттап кеткен ел мен жерге деген ыстық ықыласты берік сақтауымыз керек.
Сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Қасық қаны қалғанша, кеудеден жан шыққанша майдан даласында жан аямай күрескен аталарымыздың ерлігі еш уақытта ұмытылмақ емес. Олар оқ пен оттың арасында жүріп, өз Отаны мен жерін қорғады. Отан үшін от кешкен Абиболла атамыздың ерлігі де ешқашан жастар есінен шықпауы керек. Жыл өткен сайын соғыс тарихы алыстап, ардагерлер қатары сиреп барады. Десек те олардың жасаған ерлігі бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі сақталады.
Мейірім АБСАТАРҚЫЗЫ,
№22 орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық жетекшісі,
Арал ауданы,
Ақбасты елді мекені