Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рамазанда ауыз бекіткен және бекітпеген мұсылман қалай өткізгені абзал?

Рамазанда ауыз бекіткен және бекітпеген мұсылман қалай өткізгені абзал?

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлынан сұрап білдік.

Ауыз бекіткен кісі осы қасиетті айда мүмкіндігінше оразаның әдептерін сақтап, құлшылығын көбейтіп, адамдармен көркем қарым-қатынас орнатып, мүмкіндігі келіп жатса, тарауық намазына қатысып, Құранды толық оқып, оның мағынасына ой жүгіртіп, егер жағдайы келіп жатса, пітір садақасын беріп, ауызашарлар ұйымдастырып, адамдардың батасын, алғысын алуға тырысуы керек. Сонымен қатар Алладан көп кешірім сұрап, тәубе етіп, салауат айтып, Аллаға мадақ айтып, әрбір сәтін дұғамен, жақсы амалмен өткізуі керек. Өйткені бұл айда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, адамдардың ізгі амалдарының сауабы еселеніп жазылады. Мысалы, нәпіл намаздардың сауабы парыз намаздардың сауабындай ұлғайса, Рамазан айында жасалған ұмраның сауабы қажылықтың сауабындай артады, – деді Ағабек Қонарбайұлы. 
Сондай-ақ діни басқарманың бөлім меңгерушісі ауызашар берген адам ораза ұстаушылардай сауап алатын айды ораза тұтпаған жандарға қалай өткізуге болатынына да тоқталды.  
Қарттықтан, денсаулығына байланысты, жүктілік немесе бала емізу сияқты себептермен ораза ұстамаған адамдар өздерінің қолынан келген құлшылықты жасайды. Мысалы, Алладан кешірім сұрау, дұға ету, мүмкіндігі болса, пітір садақасын беру, Құран оқу, Алланы зікір ету, салауат айту, ауыз аштыру, ауыз бекіткен адамға қызмет көрсету (ауыз ашуына, ұйықтап қалмай, сәресін ішуіне мейлінше көмектесу). Өйткені Алла алдындағы парыз оразасын себебі болғандықтан ұстай алмаған жан адамдарды пітір садақасының көлеміндей таңғы және кешкі асын беріп, тойдырғаны абзал, - деді ол.
Биыл діни басқарманың арнайы пәтуасы шықты: ауыз бекіте алмаған азаматтарымыз мейлінше садақасын беріп, қайырымдылық істерге араласып, жақсылықтың басы-қасында болғаны дұрыс. 
Егер бір адам Раббымыздың мейірімі төгілетін Рамазан айы туралы мәлімет алмай, оны байқаусызда жіберіп алса, одан кейін Рамазанның ішінде оның күнәлар кешірілетін, мың айдан да қадірлі түні бар қасиетті ай екенін түсініп, ораза ұстауға ниет етсе, кеш емес. Біздің дінімізде әрбір іс соңғы нәтижесімен өлшенеді. Сондықтан тіпті Рамазанның аяқталуына бір күн қалса да, ауыз бекіткен абзал. Өйткені бұл айдың мүмкіндігін жіберіп алмауымыз керек. Кейін Рамазан аяқталған соң өткізіп алған күндерді бөліп-бөліп ұстауға болады, – дейді ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы.  

baq.kz​​​
06 сәуір 2022 ж. 816 0