Қайран, Алаш арыстары-ай!
Тарихшы, алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлы «Алаштұлғалы» атты еңбегінде: «Елді сүю керек. Бірақ қалай сүю керек? Міне, мәселе қайда? Мұның керемет үлгісін Алаш арыстары көрсетіп кетті емес пе?».
Алаш ардагері Әлихан Бөкейханов бір естелігінде: "1906 жылдың қаңтар айында Керекуден Семейге қарай шыққан мені «ұстайды» деген хабар Семейге келеді. Абайдан озық тәрбие көрген Омарбек пен Кәкітай мені қашырмақ болып үш атпен бір адам жіберіпті. «Тұз-қалаға» бір көш жетпей ұсталғанымды есітіп кейін қайтты. Бірақ мен ана адамға жолықсам да қашпақ емеспін. Себебі мен қашсам, іздеп отряд шығып, қырдағы қазақты қор қылмай ма? Абақтыда бір кісі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы емес пе?" – деп, Әлекең басына іс түскенде қара басын емес, елінің қамын ойлаған ғой!
Штраф төлеудің орнына...
«Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында: «Газеттің 80-ші нөмірінде жаңа закон жобасы туралы жазылған бас мақала үшін Оренбург губерниясының бас начальнигі шығарушыға мың жарым сом штраф төлеу немесе үш ай абақтыға қамау жайлы үкім етеді» дейді.
Ал шығарушы Ахмет Байтұрсынов. Ол не істейді?
Газетке мұнша ақша төлеу ауыр болатынын ойлап, 20 қазанда кешкі сағат 10-да абақтыға өзі отырады. Халықтың көзі мен құлағына айналған баспаны сақтап қалу үшін көпшіліктен жылу жинайық деген ұсыныстарға да қарсы болады. Не деген мәрттік десеңші!
Қылағай қызыл сиырлар
1920-1921 жылдары Торғайда алапат аштық болады. Жұрт әбден тарыққан тұста қылағай қызыл сиырлар қаптайды. Жүдеубастау, тұрқы кішкене, сүті аз мал. Десе де жүрек жалғауға жетіп жатыр.
Қайдан келді? Көпшілік аң-таң. Сөйтсе, Алаш арыстары Жүсіпбек Аймауытов бас болып, М.Дулатов, Қ.Сәтбаев қостап, Семей өңірінен жүздеген сиыр жинап, Торғайға жаяу-жалпылап айдап әкеліп, халыққа тегін таратқан екен. Әні, елге қамқорлықтың ең үлкені осы болар!
Дайындаған Захир ЖҰППАМБЕТ,
Арал қаласы