Лев Толстой исламды қабылдаған ба?
Жер бетінде ең жас діннің бірі деп аталып жүргенімен Исламның кеңінен таралғанына ешкім қарсы пікір айта қоймас. Ұлтқа, тілге бөлінбейтін діннің де биіктігі сонда. Жүрек қалауың қайсысын қаласа, сол діннің көрсеткен жолымен жүруге хақысы бар. Бірақ бұл ретте тек қана бір дінді ұстанатын мемлекеттердің де бар екенін ұмытпаған жөн.
Исламның кең тарағанына көптеп мысал келтіре берсек болады. Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымыздан басталатын асыл дінге мойынсұнып, мұсылмандықты қабылдаған танымал адамдар да тарихтан белгілі. Мәселен әлемге әйгілі боксшы Кассиус Марцеллус Клэй исламды қабылдап, Мұхаммед Әли есімімен жаһанға танылса, америкалық танымал әртіс Уилл Смит те исламды қабылдағанын жариялады. Ол бұл шешімге Мұхаммед Әлидің рөлін сомдағаннан кейін келгенін айтып «Біз, мұсылмандар, терроризм мен қылмысты жақтайтындардың қатарында емеспіз», деп бұл діннің тазалығын ашып айтқан.
Ал америкалық ғарышкер Нил Армстронгтың мұсылмандыққа бет бұру оқиғасы тіпті бөлек. Ол бір «Ай Одиссеясының құпиялары, жұмбақтары және аңыздары» атты мақаласында «Аполлон — 11-мен» Ай бетіне аяқ басқан сәтінде алыстан ашық тұрған үлкен кітапты байқаған деп жазады. Артынша, олар бір әуен естіген. Ғарышкерлер алғашқыда ол әуенді радио толқынының жаңғырығы болар деп те ойлайды. Бірақ, олар қонған ай бетінде радио толқындарын қабылдауы мүмкін емес болатын. Жердегі ғарышкерлермен байланыс орталығындағылар да арнайы байланыс құралы арқылы сол әуенді естіген. Ғарыш орталығындағылардың бірі «Дауыс жерден шықты» десе, енді бірі «Айдан келіп жатыр» деп, тартысқан. Дауыстың қайдан келіп жатқанына нақты дәлел таба алмаған соң орталықтағылар бір байламға келе алмайды. Ғарышкерлер кітапты суретке түсіріп, әуенді таспаға жазып алады. Алайда оған ешбір ғылыми негіз таба алмағандықтан, тылсым дүниені жұмбақ күйінде құпия сақтаған. Арада он төрт жыл өткенде, 1983 жылы американдық ғарышкер, астронавт Нил Армстронг ғылыми конференцияға қатысу үшін Мысырға келеді. Конференция өтіп жатқанда президиумда отырған Армстронгтың құлағына Ай бетінде естіген құпия әуен қайта естіледі. Айдағы әуенді Жерде естіген Армстронг жан-жағына елеңдеп, түрі өзгеріп кетеді. Таңғалысын жасыра алмаған ғалым айналасындағылардан: «Бұл қандай әуен?» деп сұрайды. Олар мұның жай әуен емес, мұсылмандарды намазға шақыру белгісі – азан екенін айтады. Сонда Армстронг алғаш Айға қонғанда осы дауысты естігенін айтады.
Жоғарыда аталған оқиғалар жайлы осы уақытқа дейін де жиі айтылып келді. Бірақ орыстың танымал қаламгері Лев Толстойдың исламды қабылдағаны туралы көпшілік біле бермесі анық. Ол да тек өмірінің соңында ғана емес, одан ертеректе де ислам дінін айрықша құрметтеп, оған қызығушылықпен қарағаны 1894 жылы жазған хатында:
«Егер сіз менімен бірге бір дінде болсаңыз, мен аса қуанышта болар едім. Сонда сіз менің өмірімді аздап ұғынар едіңіз. Байлық, даңқ, құрмет секілді жетістіктер қазір менде жоқ. Достарым, тіпті туыстарым да менен теріс айналды. Либералдар мен эстеттер мені есуас санайды немесе Гоголь тәрізді ақылы тайыз деп біледі. Революционерлер мен радикалдар қиялшыл мылжың көреді. Үкімет адамдары зиянкес революционер деп ұғады. Ал православиеліктер тажал санайды. Мұның бәрінің мен үшін аса ауыр екенін мойындаймын. Сондықтан мені мейірімді мұсылман деп қана санауыңызды өтінемін» – деген.
1910 жылы жасы 82-ге келген орыстың атақты жазушысы, ұлы ойшыл Лев Толстой үйінен, өзінің отбасынан, туған-туысынан біржолата безді. Зерттеушілер Толстойдың Ясная Полянаны тастап кеткен уақыттың күнін ғана емес, сағатына дейін дәл біледі. Ұлы кемеңгер 10 қарашада таңғы сағат бесте әйелі Софья Андрееваға хат қалдырып, өзінің ақтық сапарына аттанып кете барады. Хатта ол жұбайына:
– Саған ауыр тиетінін жақсы білемін. Өзім де өкінемін, бірақ, басқа амалым қалмады. Өмірімнің соңғы сәттерін тыныштықта өткізгім келеді, – дейді. Осыдан кейін Лев Толстой Козлов станциясына қарай бет алады. Бірақ жолда оның өкпесі қабынып, Астапов деп аталатын кішкене станцияда бөгелуіне тура келген. Ол осында 10 күн ауырып жатып, 20 қарашада қайтыс болады.
«Лев Толстой өмірінің ақырғы жылдарында ислам дінін қабылдаған». Бүгінде зерттеушілер арасында осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Мұны жақтаушылар жазушының өмірінің соңғы жылдарында жазған «Мені Мұхаммедтің жолын ұстанушы деп санауларыңызды өтінемін» («прошу считать меня магометанином») деген сөзін алға тартады. Толстой қартайған шағында өз дінінен безінді дегенге оның отандастары сенгісі келмейді. Ал, шындығында қалай?
Лев Толстой 1901 жылы православиялық шіркеуден аластатылғаны орыс әдебиетімен жақын таныстардың барлығына белгілі. «Ол өзінің шығармаларында құтқарушы, адамзат үшін, біз үшін азап шеккен Иисус Христосты жоққа шығарды. Православ халқының қасиетті сеніміне қарсы ауыр сөздер айтты» деп православиялық шіркеуі сотының қаулысы шыққан. Қартайған шағында расында ислам әсер етіп, осындай қадамға барғаны ма?!
Ислам Толстой үшін жұмбақ әлем емес. Оның мұсылман ілімімен таныс-біліс болуы бала кезінен басталған. 13 жасында оның отбасы Қазан қаласына қоныс аударады. 1844 жылы Толстой Қазан университетінің шығыс тілдері бөліміне оқуға түседі. Осында екі жыл оқыған ол орыс шығыстану ғылымының негізін салушы Мырза Қазымбектің жетекшілігімен араб және түркі тілдерін меңгереді. 1851 жылы Толстойды ағасы Николай өзімен бірге Кавказға ала кетеді. Терек өзенінің жағасындағы казак станицасында тұрған Толстой әскери қимылдарға қатыса жүріп, жергілікті мұсылман халқының әдет-ғұрпымен, наным-сенімімен танысады. Мұсылман халқының өмірі, таным-түсінігі оның осы кезде қаламынан туған көптеген шығармаларына арқау болған.
Қырым соғысы кезінде қырым татарлары арқылы ол ислам туралы түсінігін кеңейте түскен. Тіпті, соғыстан кейін де Толстойдың көптеген мұсылман татарларымен, тіпті, Мысырдағы ислам реформаторы Мұхаммед Абдомен хат жазысқаны туралы деректер бар. Мұның бәрі де Толстойдың өмірінде исламның ерекше орын алғанын байқатады. Тіпті ислам дінін қабылдаған соң есімін де Абдо деп өзгерткендігі туралы кейбір деректерде айтылады.
Тіпті христиан дінінің қағидаларына мойынсұнғысы келмеген Толстой исламды одан әлдеқайда әділетті әрі ақиқат деп таныды. Бір күні мұсылман азаматына күйеуге шыққан орыс әйелі Е.Векликова ұлы жазушыға хат жазып, балаларының ислам дінін қабылдағысы келетінін айтып, ақыл-кеңес сұрайды. Сонда ұлы жазушы оған былай деп жауап қайтарады:
«Православиеге қарағанда мұсылмандықты жоғары қоюға келетін болсақ, мен мұндай таңдауды жан-тәніммен қолдаймын. Шын мәніндегі христиандық мұраттар мен христиандық ілімді жоғары қоятын мен үшін бұлай айту – таңғаларлық нәрсе. Дегенмен, мен үшін Ислам өзінің мән-мазмұнымен шіркеулік православиеден айрықша биік тұрғанында ешқандай күмән жоқ. Сондықтан егер адамға шіркеулік православтық не Ислам дінін таңдау еркі қойылса, онда кез келген саналы адамның күрделі де түсініксіз үштік, күнәні жуу, құпия суреттері бейнеленген әулиелер мен құлшылықтың күрделі түрінің орнына кімде-кімнің Алланың жалғыздығы мен Елшісін мойындау қағидасын ұстанатын Исламды таңдайтынында еш күдік жоқ...» депті.
Дайындаған Оңталап Жолдасов