Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жарамсыз жеміс (әңгіме)

Жарамсыз жеміс (әңгіме)

Шағын қаланың банктерін, әкімшілік ғимараттарын жағалап, танауын көкке көтеріп, әлдеқандай болып менменси қарсы алатын стол басындағыларға  өтінішін айтып табанынан таусылғанына бір апта болды. Сонда да бітер шаруасының шегі көрінбейді, бірі екіншісіне, екіншісі үшіншісіне, ол тағы басқасына сілтеумен ертеңді күнді кеш қылып жүр. Арнайы келген жұмысының шеті көмкерілмек түгілі, кең жазира далада бұлдыраған сағым қуалаған жанға ұқсап бара жатқандай. Тіпті барлығына қолын бір сілтеп, ауылға қою күрең шайын балды бармағы майыса, қаймақты сүт қатып құйып беретін айдай аппақ Гүлжанына тартып-ақ кеткісі келген, бірақ алты бөлмелі хан сарайындай шешесінен қалған үйді  өз атына аудару жайы алдынан шығады да тұрады.
Несіпбек бүгін ертемен тұрып ағасының әйелі дайындаған шайды апыл-ғұпыл іше салып, көшеге шықты. Атқарар іс әлі көп, баратын жер де жетерлік. Қаланың ойдым-ойдым шұрық тесік асфальт  жолмен келе жатып, осының бәрі неден басталғанын ой елегінен өткізіп көрді. Осынша шырғалаңға түсермін деген ой үш ұйықтаса қаперінде болмаған.
  Жеңіл костюмінің етегі желпілдей, бурыл шашын самалға тоса, құжаттар салынған папкіні қолтығына қысып, жай адымдаған Несіпбектің көз алдына осыдан сәл ғана бұрынғы басынан кешкендері көлбеңдей берді.
     Аққұдық орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Несіпбек Сейітұлы біреуден ілгері, біреуден кейін  тұрмыстың жуан ортасында тірлік етіп жүріп жатты. Жасы елуді  алқымдаған,  сөзде де, істе де ешкімге дес бермейтін Гүлжан деген әйелі бар. Бұл отбасы шаруаларына мығым, үй айналасы, қора маңынан сынық сүйем қиқым жатпайды. Жинап тастайды. Үш баласы бар: екі ұл, бір қыз. Жүріңкіреп үйленгендіктен ең үлкені биыл ғана мектеп бітірді, қалғандары оқушылар.
      Аққұдық ауылдық әкімшілігінің салық жинаушысы Сағымбай бір күні Несіпбекті кеңсесіне шақыртты. Әне-мінемен уақыт өткізіп, түске дейінгі бір сабағын беріп тастап жеткен. Тарихшы әдетте асыға қоймайтын, уақыттың қадірін бағалай бермейтін еді. Әлдебір іс бастамас бұрын біразға дейін ертең істермін деумен соза беретін. 
     Столының үстіндегі топан папкілердің ортасында мойны қылқиып көрінген тапалтақ салық жинаушы амандасқасын:
– Келіңіз, Нәке, келіңіз, – деп, кеңсенің терезе бетіне қатарластыра қойылған орындықтарды нұсқады. Солардың біріне құйрық басты.
– Нәке, сіз көптен бері үйіңіздің салығын төлемепсіз. Баспанаңыз екі жыл бұрын қайтыс болған анаңыздың атында тұр. Бұл қалай? – деді. 
– Осы кезге дейін сонда тұрып келеміз. Шешемнің жастай жесір қалып қара күшімен салғаны үйі ғой.  
– Біліп отырмын, үйді атыңызға аудартуға өсиет жаздырпадыңыз ба?
– Бәрі аяқ астынан болды, небары бір ай ауырды. Абыр-сабырда не ойға келуші еді.
–Жылжымайтын мүлікті жекешелендіруге жүргізілген науқан кезінде неге айтпадыңыз?  
Несіпбек еш нәрсе айта алмады. Сол акция кезінде Гүлжанның құлаққағыс қылғаны бар. Қашанғы арқаны кеңге салатын жайбарақаттығымен қолын бір сілтеген. Әйелі шыж-быж болып көндірмек болғанымен міз бақпады, алған бетінен қайтпады. «Үйді біреу тартып алады деймісің?» деп ойлаған. Сонысының осынша әуреге салатынын білмеген, енді мынау табанынан таусылып, тауы шағылып жүргені.
   Кеше сәулет бөліміндегі қозы қарын, бұйра бас, сары бастық бұны үй құрылысының сызбасын жасайтын жеке мекемеге жіберді. Осыдан бір айдай бұрын ауылға келген екі жас жігіт үйінің іші-сыртын, ауласын өлшеп қағазға түсіріп кеткен. Бара жатқан мекемеде солар болуы мүмкін, онда тіпті жақсы болар еді. 
Маңдайлығында «Жаңа құрылыс» ЖШС деген үлкен жазу айқайлап тұрған екі қабатты мекенжайға кіріп барды. Қабылдау бөлмесіндегі компьютер алдында отырған шынашақтай қыз:
– Кімге келдіңіз? – деді сыпайы ғана.
– Мұның бастығы қайда? – деп бұл дүңк ете қалды.
– Сәл күте тұрыңыз.
Осы кез бастықтың есігі ашылып, өткендегі ауылға барған жігіттің бірі шыға келді. Несіпбек әкесін көргендей:
– Әу, қарағым, кідіре тұршы, шаруам бар еді, – деді.
– Маған ба? – деді анау таң қалып.
–Саған, саған. Өткенде екеуің барып үйдің сызбасын жасап едіңдер, сол керек болып тұрғаны.
– Оны өткізіп жібергенбіз.
– Қайда?
– ЦОН-ға.
– Ондағылар мені сандалтып қойды ғой.
Жігіт иығын қиқаң еткізді. Бастығының да жауабы әлгіндей болды.
«Әй, ақымақ басым-ай! Қатын айтқанда істей салғанымда мұндай сарсаңға түспес едім» деп ойлады ішінен.
     Несіпбек ЦОН-ға қайтып келді. Енді қайда баруды ойланып тұрғанда ауылдасы Нұрқанның кездесе кеткені. Амандасқасын өзінің апта бойы бері бітіре алмай жүрген шаруасын айтты.
–Ақшаң көп пе? – деді ауылдасы жылы жымиып.
– Бар ғой...
– Осында шәкіртің Қалбай істейді, шаруаңды бітіріп береді. Тек көбірек беруің керек.
– О неге?
– Бастық қой, тәбеті жақсы.
– Өз оқушым еді, соған жолықтыршы.
Нұрқанмен жетектесіп, екінші қабатқа көтеріліп, есігіне «Бөлім бастығы Қ. Қалданов» деген бөлмеге кірді. Ортадағы столдың арғы жағында толық қара жігіт отыр. Нұрқан самбырлай сөйлеп, амандық сұрасты. Қалбай ерін ұшымен үн қатып, сөйлеуге ерінгендей. Мұғалім бір кезде алдынан сабақ алған баланың осынша өзгергенін байқады. Шәкіртімен мынандай жүздесу ішін мұздатып жіберді.
Несіпбектің жұмысын Нұрқан айтып бергесін Қалбай:
– Құжаттарыңызды беріңіз, – деді ресмилеу қатқыл дыбыспен.
        Ұстаз қолындағы папкіні бере салды.
         Қалбай қағаздарды аударыстыра қарап: «Маған тастап кетіңіз, ертең дайын болады» деді.
      Несіпбек әйелі ұл тапқандай қуанды. Қалбай:
– Сіз шыға беріңіз. Нұрқанмен сәл әңгімелесейін, – деді.
Құжаттарын тапсырып, қолы босағасын сыртқа беттеді. Он минуттың шамасында ауылдасының басы көрінді.
– Енді ақшаңды бере ғой, – деді бұған саусағын жыбырлатып.
– Қанша?..
Нұрқан біраз сома атады.
– Әу, үйге құжат дайындағандар аздау айтып еді...
– Қызықсың, Нәке. Қалбай ақысын төлесең, боқысын шығарады.
– Апыр-ай, қалтамдағы аздау еді, кімнен қарыз аламын.
– Ағаңнан сұрасаңшы, Қалбай ақшаны менің әкеліп беруімді өтінген.
– Ол неге?..
– Қайдан білейін?
Нұрқанды ерітіп, ағасының жұмыс орнына тартты. Айтқан ақшасын тауып беріп, ол да мұншама көп теңгеге таңданып қалды. Несіпбек шаруасының бітуіне асықты.
–Үйді рәсімдеу осынша қымбат болғаны, – деп ішегін тартты.
–Бала сияқтысыз, Нәке. Қазір қалтаңыз қалың болмаса, ісің бітпейді. Береген қолым алаған...
– Сонда да өз оқушымның маған...
–Оған сіз клиент ғанасыз, сонымен бітті. Өзі... – Нұрқан саусағымен қарнын шертіп қойды.
   Несіпбектің бар жұмысы келесі күні бітті де, ауылға тартып кетті. Көңілінде шәкіртіне деген реніш қалды. Сұрастырып көрсе, оқушысы шағын қаладағы ең ауқаттылардың қатарынан екен. Екі қабатты коттедж, қос-қостан машина. Айтушылар оның туған әкесін де аямайтын мінезін жайып салды. «Әкесін аямаса, маған не жорық» деп ойлады ішінен.
    Қалбайларға алғаш мектепке қызметке тұрғанда сынып жетекшісі болған. Салдырлап сөйлеп тұратын бала еді, сабағы орташа. Қай жұмысқа да білек сыбана кірісіп кететін жас кезі, сабағында да, былайынша уақытта да оқушыларымен қоян-қолтық араласты. Кімнің кім екенін тани бастады. Сыныптағы жиырма бір баланың жеке мінезі бар, бірі тентек, бірі сабырлы, бірі жақсы оқиды, бірі нашар.  
 Мектеп интернатында жататын оқушылардың дүкен қоймасына ұрлыққа түскені туралы хабар бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Интернаттағы ересек балалармен бірге мұның бесінші сыныбындағы Қалбайдың да бұл іске қатысы болып шықты. Қай нәрсенің де қат кезі, қойманың терезесі сындырылып, балалар осы жерден ішке кірген. Екі қабатты терезеден олардың қалай ішке кіргеніне сенбегендер болды.
     Мектеп директоры оқушыларға қатты кейіп, оңаша сөйлесті. Түсін суытып, балаларды еңбекпен түзеу колониясына жіберетіндігімен қорқытты, заң орындарына тапсыратындығын айтып ұрысты. Бұл оның шындықты білу үшін жасаған әрекеті еді. Жоғарғы сынып оқушылары  тырс етіп үн шығармағанмен, Қалбай жылап алды.
   Оқушылардың құлыпты бұзбай терезеден түскеніне директор да сенбеген. Балаларды ертіп қойманың көзі сынған терезесіне барды.
– Қане, қайсысың терезеден ішке түскен? – деді даусын қатқыл шығара.
Ересек балалар кейін шегіншектеп кішкентай Қалбайды алға итермелей берді.
– Ал Қалданов, көрсет өнеріңді, – деді директор, – алға, қанекей! 
Қалбай терезенің кергі ағаштарынан ұстап көтерілді де, ортадағы үлкен көзден ішке сып етіп кіріп кетті. Директорға еріп келген Несіпбек те, басқалар да ананың еш жерін ілдірмей ішке топ еткеніне таңданысып қалысты.
– Сосын не істедіңдер?
– Іштегі шұжық, сусындарды алып бердім .
– Оларды не қылдыңдар?
– Бәріміз асханаға барып жеп алдық.
Екінші күні төрт ұрлықшының ең кішісі Қалбай директордың кеңсесіне жеке кірді.
–Ал Қалданов, сонымен терезені кім сындырды? Мынадай басқа тартса аяққа, аяққа тартса басқа жетпей жатқан заманда бұл үлкен қылмыс. Сені заң орнына тапсырсақ бұл жақсы болмайды, –деп зекіген.
– Ағай, ешкімге айтпайсыз ба? – деді Қалбай жыламсырып.
–Нені?
–Менің терезе сындырып, ұрлыққа түскенімді айтпасаңыз, әкемнен бір қой әкеліп беремін.
Директор шалқасынан түсе жаздап, креслосына жантая кетті.
– Қойыңның керегі жоқ, әкеңе хабар айт, терезенің көзін тауып берсін!
– Айтам, салып береді.
Екі-үш күннен кейін әкесі келіп қоймаға әйнек тауып  салып берді. Баласына  мықтап ұрысқан көрінеді. Кейіннен директор Несіпбекке:
– Апырмай, не деген қу бала? Қалай құтылудың жолын  тапқанын қарай гөр. Бес жасамай жатып мұны қайдан біледі өзі? – деген. Несіпбек болса: « Қалданов қандай азамат болып шығады екен?» деп ойлаған.
Несіпбек оқушыларымен сабақта да, одан тыс кезде де үнемі ой бөлісіп, пікір алысып тұрады. Бірде тәрбие сағатында адалдық туралы әңгіме қозғалды. Оқушылар да өмірден мысалдар келтіріп, жақсы пікірталас болды. Әңгімеге көбірек араласып, ойын бүкпесіз айтатын Қалбай:
– Адалдық дейсіз, қазір адал адам бар ма өзі? – деді.
– Неге олай дейсің? Дәлелің бар ма?
– Өзіңіз қараңызшы, ең адалмын дегендер күнін көре алмайды, арамнан жинағандар күйлі тұрады.
– Мысалы кімді айтар едің?
– Неге жоқ, анау Қойбағар соншама дүниені адалдан жинады дейсіз бе? Мүлдем олай емес, әркімді алдап, алыпсатарлықпен айналысып, жиғанының бәрі қарап отырсың арамнан жиналған.
– Оны қайдан білдің? 
– Әкем айтып отырады.
Несіпбек әңгімесінің далаға айтылып жатқанын түсінді. Адалдық, адамгершілік жайында бірнеше мысал келтіргенімен, оқушысының өз пікірінен қайтпайтынын байқады.
– Ал Қалбай, өскенде кім боласың?
– Бастық боламын.
– Сонда қызметіңді адал атқармайсың ба?
– Оны уақытында көрермін, – оқушысының аласы мол көзінде «өзім білемін» деген сөз жазулы тұрғандай көрінді. 
         Мектепті орташа бітірсе де, әкесі Қалбайды шығынданып институтқа түсірді, жақсы қызметке таныс арқылы қойды. Содан кейін-ақ жас жігіттің тасы өрге домалағанын естіген.
Ауылына қайтатын көлікке жайғасқан Несіпбек өзімен-өзі ой кешті. Көз алдында Қалбайдың толық денесі, баяу қозғалысы, адамға тура қарамайтын жұмбақ мінезі келе берді.   Отыз жыл бойы балаларға сабақ беріп, тәрбиелі болуға, елге қызмет етуге, адалдыққа үйреткендегісі осы болғаны ма? Қалбай секілді өзіне сабақ берген мұғалімді таныса да танымаған түр танытатын оқушылары қанша екен?
Қаншама жылғы жұмыс тәжірибесінде бұл оқушыларына айдаладағы құмды өлкеге бақша отырғызып, суын жеткізе алмай, жарамсыз өнім алатын диқан жайында көп айтатын. Мұнысы шәкірттері өздері қорытынды жасап, ой түйсе дегендегісі болатын. Дәл қазір Несіпбек өзін сол диқандай көріп отыр. Қалбай мұның жарамсыз жемісі болып шықты. Сонда бұл қай жерден нені ескермеді, шәкірттерінің барлығы сондай емес шығар, дегенмен бірлі-жарымының өзі қанша жылғы қызметін жоққа шығарғандай болады емес пе? Өз ұстазын танымаған түр көрсеткен оқушысы тағы да көз алдына келді. Оның лас тірлігінен жиіркенгендей болды. Ал ол осы қылығынан қандай күй кешеді екен? Жоқ-ау, қайта әлгіндей істерінің берекетіне қуанатын шығар, дүние жинап күннен-күнге байып бара жатқанына  мерейі өсетін шығар. Мол байлыққа кенелген сайын рахаттанатын болар, сонау оқушы кезіндегі айтқаны, арамнан мал тапқандар туралы әңгімесі есінде ма екен? Өзінің сондай боларын білген екен ғой.         
Несіпбек мінген көлік ауыл ортасындағы үй жанына тоқтады. Басқалармен қош айтысып, сөмкесін қолтықтап, аулаға енді. Мұндағылар әкелерін  асыға күтіп отыр екен. Бәрі жапырласып қалды. Әрқайсысы оны көрмегеніне бір аптадан асқанға сағынып қалыпты. Алғашқы амандық сұрасудан кейін: 
– Не қылдың, жұмысыңды бітірдің бе? – деді Гүлжан.
– Бітірдім.
– Жақсы болған екен.
– Бірақ жемісім жарамсыз болып шықты.
Несіпбектің мұнысына әйелі де, балалары да: «Не айтып тұрсыз?» дегендей состиысып қалды.                                                                                                                               
Өтебай СЕРӘЛІ
17 мамыр 2022 ж. 986 0