Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Еңбегі ерен, білімі терең, рухы биік азамат

Еңбегі ерен, білімі терең, рухы биік азамат

(Соңы. Басы ресми парақшаның 21 мамыры күні жарияланды)

Осы орайда атпал азаматтың рухани күш-қуатының толысып, мәдениетті адам болып қалыптасуына тек көркем әдебиет қана емес, оның көркемөнерге деген қызығушылығы мен құштарлығы да айрықша ықпал еткенін атап өткеніміз жөн болар. Нева өзенінің жағасындағы тарихи, әдеби, мәдени, өнер құндылықтарына бай ару қала студент дүниетанымының, өмірлік көзқарасының дұрыс қалыптасуына, рухани жағынан байи түсуіне ерекше әсер етті. Әсіресе Ленинградтың символына айналған тамаша ақ түндерін айтсаңызшы! Ертегіге бергісіз табиғат-ананың осы бір ғажайып құбылысының аясында жыл сайын ұйымдастырылатын фестивальдерге, театрларға, ашық алаңдардағы концерттік бағдарламаларға, әлемнің әр елінен туристік сапармен миллиондап ағылып келіп жататын жалпыхалықтық серуенге Қайрекеңнің уақыт тауып, қатыспай қалған күндері болған емес.
Сонымен бірге ол тарих қойнауынан сыр шертетін мұражайларды, әйгілі «Аврора» крейсері, Патша, Сенат  сарайлары, көрнекті монументальді ескерткіштер сияқты өшпес мұраларды көріп, санасына түйіп эстетикалық ләззат алып, өзінің саяси, мәдени деңгейінің көкжиегін кеңейте түсті. Сабақтан сәл қолы босаған кезде Ұлттық кітапханаларға бас сұғып тұруды да  ұмытпады. Әскери теңіз корабльдері мен су асты қайықтарын, әртүрлі алып кемелер мен танкерлер жасайтын, іргесін бұдан 318 жыл бұрын бірінші Петр қалаған, атағы жер жарған «Адмиралтеец верьфіне» экскурсияға барып, адам ойының озық жетістіктерін өз көзімен көруі, болашақ инженердің ой-өрісін кеңейтіп, санасына сәуле түсіріп, қиялын қанаттандырып, көкке өрлетуші еді. Осылайша Қайрекеңнің білімді, мәдениетті адам болып қалыптасуына көркем әдебиет пен көркемөнер ерекше әсер етті. Бүгінде қызығы мол қайран студенттік өмірдің сағымға айналғанына да 57  жыл болыпты-ау!...
Осы айда Абылаев мырзаңыз өмірінің 85-көктемін күтіп алды. Ол бұл жасқа «ақырын жүріп, анық басып», шаршамай, шалдықпай жетіп отыр. Алдына келгенге ақылын айтып, артына ергенге қамқоршы болып, саламатты өмір салтын берік ұстанып келеді. Тік тұрады, тік жүреді. Көп сөз, қақ-соқпен ісі жоқ. Бес уақыт намазын оқып, құдайына құлшылық етеді. Өз қолымен өсірген бау-бақшасына күтім жасағанды ұнатады. Үй жанындағы стадион ішінде жүгіріп, дене шынықтыру жаттығуларын жасап тұруды тұрақты дағдыға айналдырған.
Халық даналығында «Әдемі қартая білу – өмірдегі соңғы сын» деген ұлағатты сөз бар. Жүрегі ізгілік пен тазалыққа, азаматтық пен адами қасиетке тұнып тұрған ардақты ақсақал бүгінгі күні әдемі қартайып, барына қанағат, жоғына салауат етіп, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын сол кездегі зауыт директоры Жақсыбаев Қожақ салдырып берген қара шаңырағында біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, отбасымен бірге орташа ғұмыр кешіп келеді.
Қорыта айтқанда, жер басып жүрген көптеген пенделердің болмысында бола бермейтін Абылаев әлемі, міне, – осындай!
Данышпан Абай өсиеттегендей: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер  мал шашпақ» іспеттес бес дұшпанын бойына жуытпай, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» сияқты бес асыл істі жанына жақын тұтқан, жүрегінің жылуы мол, азаматтық арын кір шалмаған рухтас ағама «Өскелең ұрпақ  үлгі тұтатын тағылымы мол өміріңіз жалғаса берсін!» деп тілек білдіргім келеді.
Өндіріс көшін өрге сүйреген Абылаев
«Менің жұмыс орным – өндіріс» деп өзі айтқандай, Қайролла Шалғынбайұлының еңбек жолының барлығы дерлік тікелей өндіріспен байланысты болды. Ол 1961 жылы институт қабырғасынан өте сирек кездесетін «Ішкі жану двигателі» классификациясы бойынша жоғары сұранысқа ие  инженер-механик мамандығын алып шығады. Оқу орнының жолдамасымен жас инженер осындай кадрге зәру Қарағанды қаласындағы мотор жөндеу зауытына жіберіледі. Аталмыш кәсіпорында 4 жыл шебер, бас механик болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. 1965 жылы еңбек дәстүріне бай Арал кеме жөндеу зауытына ауысып, шебер, цех бастығы, құрылысшы прораб, инженер сияқты жауапты жұмыстардың барлық сатыларынан өтеді. 1972 жылдан бастап, өндіріс технологиясын жетік меңгерген Қ.Абылаев 1996 жылы зейнетке шыққанға дейін әртүрлі бағытта өнім шығаратын осы зауыттың 7 жыл бас инженері, 18 жыл басшысы болып абыройлы қызмет атқарады.
         1979 жылы оның Арал кеме жөндеу зауытына директор болып тағайындалуы теңіздің күн сайын, ай сайын жағалаудан алыстап, кемелердің жүзуі тоқтатыла бастаған кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл кәсіпорынның аты да, заты да бірнеше рет өзгеріске ұшырап, Одақ, республика көлеміндегі әртүрлі министрліктер мен ведомстволардың қарамағына өткен кезі еді. Осы уақыттан бастап, СССР соғыс-теңіз флоты әскери бөлімінің кемелері Ақеспе елді мекені маңындағы қолтыққа, ал теңіз қатты қайта бастаған кезде 340 шақырым қашықтықтағы Құланды түбегінің тұсындағы Шығанақ қойнауына қатынап, кеме жөндеушілер әскери кемелерді сол жерлерге барып жөндейтін болды. Бұл әрине уақытша тірлік еді. Іргелі кәсіпорын тоқтап, тоқырауға ұшырамас үшін жас басшы жаңа жұмыс орындарын іздестіре бастады. Осындай мақсатпен  Кеңес Одағының су жолдарындағы порттармен экономикалық байланыс жасалып, әріптестік орнатылды. Инженер-техниктер ірі қалалардағы кеме құрастыру, кеме жөндеу зауыттарына, ғылыми-зерттеу институттарына барып, білімдерін көтеріп, тәжірибелерін байытты. Теңіз флоты министрлігінің тапсырмасына сәйкес жұмысшы-қызметкерлердің бірнеше тобы Одесса, Киев, Термез, Чарджоу, Ильичевск, Тольятти, Подмосковье, Ленинград, Горький қалаларына барып жұмыс істеді. Осы жылдары зауыттың өзінде тайызда жүзетін шағын катерлер, баржалар, жүзгіш насос стансалар құрастырылып,  1980 жылдың ортасынан бастап 25, 30, 40, 60 тонналық ролл-трейлерлер, портта пайдаланылатын жартылай прицептер, Батыс Германия технологиясы бойынша 9-13 милллиметрлік шынжырлар шығарыла бастады. Сонымен бірге балық қабылдайтын, тоңазытатын, өңдейтін кеме-балық базасы, тағы басқа да өнім түрлері игеріліп, темір жол арқылы Кеңес Одағының 70-тен аса пунктіне жіберіліп отырды.
         Қайролла Шалғынбайұлы басшылық жасаған зауыт ұжымы үшін бұл жылдар өндірістің нағыз өрлеу, өркендеу жылдары болды. Жалпы өнім көлемі 23 есеге өсті. Ұжым мүшелерінің ұзын саны 1298 адамға жетті. Осындай табыстарға қол жеткізген алтын қолды кемешілердің әлеуметтік жағдайын шешу мәселелері де кәсіпорын басшылығының назарынан тыс қалмады. 140 орындық типтік жобадағы жаңа балабақша іске қосылды. «Тұрғын үй - 91» бағдарламасына сәйкес қаланың ішінде, «Судоверьф», «Курорт» поселкелерінде 20 тұрғын үй салынды. Жұмысшы-  қызметкерлердің балаларын зауыт өз қаражатымен  Астрахань, Одесса, Алматы, Ленинград, Ақтөбе, Қызылорда, Байқоңыр қалаларындағы жоғары және арнаулы орта дәрежелі оқу орындарында оқытып, мамандар даярлап  алды. Екі қабаттық асхана-дүкен кешені іске қосылып, шаштараз, почта, аяқ-киім жөндеу, тағы да басқа тұрмыстық  қызмет орындары жұмыс істей бастады. Спорттық сауықтыру кешені салынып, «Водник» стадионы күрделі жөндеуден өтті.
         Осы орайда кәсіпорын жұмысының жандануына, ұжым мүшелерінің әлеуметтік жағдайының жақсаруына Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы,  СССР Жоғары Кеңесінің депутаты, КПСС Орталық комитетінің мүшесі, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің үлкен ықпалы болғанын айтпай кетсек, ақиқатқа қиянат болар еді. 1986 жылы білікті басшы өзімен бірге Қайролла Абылаевты Москваға ертіп барып, министрліктің алдына Арал көтеру транспорты зауытын тездетіп дамытудың шешімін табу мәселесін қояды. Соның нәтижесінде 1986-1990 жылдары кәсіпорынның модернизациялануына, яғни оның техникалық жағынан қайта жабдықталуына, жаңа технологиялар енгізуге, жалпы жаңалау-жаңарту жұмыстарына 8,71 миллион сом қаржы бөлінді. Құрылыс учаскесіне 1 бульдозер, 2 кран, жүк тасып өзі түсіретін 2 автокөлік, ағаш жөндейтін және өңдейтін 2 станок, 1 жүк көтергіш, 10 дана дәнекерлеу аппараты, эксковатор, автогрейдер, ағаш кесетін ара рамасы алынды. Осы жылдары мекеме жұмысшыларын өнеркәсіп және азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін «Торгмортранс» кеңсесі ашылды.
         «Осындай толағай табыстарға біз, ең алдымен, аянбай тер төккен алтын қолды кемешілеріміздің, жұмысшы-қызметкерлеріміздің бір кісідей, жұдырықтай жұмылып, аянбай еңбек етуінің арқасында қол жеткіздік», – дейді бізбен әңгімесінде зауыт жетекшісі Қайролла Шалғынбайұлы.
 – Айтыңызшы, мықты басшы болу үшін тек білікті, білімді, ұйымдастыру қабілеті мол басшы болу  жеткілікті ме? Сонымен қатар оның мінезі жағымды, болмыс-бітімі, адамгершілік қасиеті мен кісілік келбеті бөлек, әділ болуы да қажет емес пе? Сіз қандай басшысыз? – деген сұрағымызға өзін дәріптеп, жарқылдап жұрт көзіне түсе беруді жаны қаламайтын ағамыз: «Оны халықтан сұрағаныңыз жөн болар» – деп, жауабын қысқа қайырды.
         Иә, «Бақыт қонса басшы болу оңай, ал азамат болу бақыт қонса да қиын» деп тұжырымдаған, халық арасына кең тарап кеткен мағынасы терең ұлағатты сөз бар. Бұл азамат деген ардақты атқа кір келтіріп, өзінің лауазымын одан биік қоятын мансапқорларға қарай бағытталып айтылған халықтың әділ бағасы болар, бәлкім. Ал ұзақ жылдар бойы мыңнан астам жұмысшы-қызметкерлерге басшылық жасаған Қайрекең болса, өзінің азаматтық ар-ұжданын бәрінен де жоғары қойды. Білімділігі мен біліктілігі, әділеттілігі мен адал еңбегі оны абырой биігіне көтерді. Тәкаппарлықтан бойын аулақ ұстады. Табиғатынан қарапайым басшының жаны орынсыз қаталдықты құп көрмеді. Қарамағындағыларға қылдай да қиянат жасамады. Қоғам мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қойған, болмысынан ашкөзділікке, алаяқтыққа, дүниеқоңыздыққа жаны қас, қолы таза білдей басшы әсіре байлыққа бой алдырмады, ит дүниені қызықтамады. Бір қарағанда, мінезі жұмсақтау көрінгенімен, еңбек тәртібін бұзу фактілеріне ымырашылдық танытпады. Әсіресе қоғамдық ұйымдармен (партия, комсомол, кәсіподақ) бірлесе отырып, зауыт мүлкін ұрлауды әдетке айналдырған, қолдарының сұғанағы бар адамдардың жолына тосқауыл қойып, оларға қатаң шара қолданып отырды. Осының барлығы, айналып келгенде, еңбек ұжымының «бір жағадан бас, бір қолдан жең шығарып», ынтымақтаса еңбек етуіне игі ықпалын тигізді. Еңбек адамдары мен басшылық арасындағы қарым-қатынас жақсара түсті. Сондай-ақ, кеме жөндеушілердің рационизаторлық ұсыныстарын қолдап, өндіріске енгізуге, оларды марапаттап отыруға, озат тәжірибені тарату мен насихаттауға ерекше мән берілді. Ең бастысы, өндіріс тарланы 20-ға жуық әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын ұжым мүшелерінің күш-жігерін еңбек өнімділігін арттыруға бағыттай білді.
         Нәтижесінде, осы кезге дейін бірнеше бағытта, түрлі жобада жұмыс істеп, өнім шығарып келген кәсіпорын республикадағы ірі өндіріс ошағы ретінде өңір мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағынан өсіп, дамуына елеулі үлес қосты. Зауыт ұжымы бесжылдық бедеріндегі еңбек бәйгелерінде жеңімпаз атанып, бірнеше рет одақтық, республикалық, облыстық дәрежедегі ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алып, ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Әрине 30 жылдан астам осы өндірістің еңбек көрігінде ысылып, қазанында қайнап, зауыт гудогымен таңды атырып, зауыт гудогымен күнді батырып, басшылық қызметтің қиыншылығына мойымай,  жарғақ құлағы жастыққа тимей, аянбай тер төгіп, адал қызмет еткен Қайролла Абылаевтың  еңбегі де бағаланбай қалмады.  Бүгінгі күні ол Арал ауданының құрметті азаматы, ҚР транспортына еңбегі сіңген қызметкері, СССР рационализаторы, Кеңес Одағы теңіз флотының құрметті қызметкері атақтарының, Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс, «Еңбек ардагері», «Астананың 10 жылдығы» медальдарының иегері. Сондай-ақ Одақ, республика министрліктерінен, Орта Азия мемлекеттік пароходствосы мен басқа да салалық ведомстволардан алған Алғыстары мен Мақтау грамоталарының өзі бір төбе...
***
...Міне, ол үйінен шығып, жай аяңдап келеді. Бағыты – кеме жөндеу зауыты... Ішке кіргеннен-ақ мүлгіген өлі тыныштыққа тап болды. Қаңырап тұрған цехтар. Жарым-жартысы ұрланып, жарамсыз болып қалған алуан түрлі техникалар... Жабырқау, көңілсіз көріністен оның тынысы тарылып, көңіл-күйі құлазып сала берді. Талай жыл мыңдаған адамдармен бірге осы іргелі кәсіпорынның ыстығына күйіп, суығына тоңып, қуанышты-ренішті сәттерді бірге өткізген сағынышты жылдар көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты... Жұдырықтай жүрегінің бір бөлігін осында қалдырған өндіріс майталманының көмейіне өксік тығылып, жанары жасаурады...
Бір сәт... Иә, бір сәт қиялына ерік берген оның құлағына алыстан бүкіл зауыт техникасының тарсыл-гүрсіл дауысы жеткендей, іргедегі Судоверьфтің жағалауын ұрғылаған теңіз толқынының шуылы естілгендей болды...
Зауыт ішіндегі келеңсіз көріністерге қатты налыған өндіріс саңлағы кенет бойын кернеген өкініш пен реніш сезімін ойынан лезде аластатып, жүзін торлаған мұң пердесін ысырып тастады. Бойынан бір ауыр жүк түскендей тынысы кеңіп сала берді. Қарт көңілі бір сәтке болса да қуанышқа толып, зауыт қақпасына қарай беттеді. Шыға бере, қайта оралып, күзетшіге келді. «Өмір бір орында тұрмайды, балам! Теңіз әлі-ақ қайтып келеді. Зауыт жұмыс істейтін болады. Қызығын біздер көрмесек, келешек ұрпақ – сендер көресіңдер. Қалған дүниеге ие бол, айналайын!», деп шалт бұрылып жүре берді. «Тәңірім сол күндерді өзіңізбен бірге көруге жазсын, көке»,– деп қала берді күзетші.
Асыл арманы мен үкілі үмітін жанына демеу еткен ардагер аға еңсесін тік ұстап, ширақ адымдап, зауыттан алыстап бара жатты...
Әнес ӘУЕЗОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
24 мамыр 2022 ж. 958 0