Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Мәдениетсіз "мәдениет", кембағал көзқарас

Мәдениетсіз "мәдениет", кембағал көзқарас

Әннің де естісі бар, есері бар.
Тыңдаушының құлағын кесері бар, – деген Абай атамыз өнердің өлшемін екі ауыз сөзбен бағамдаған. Бұған дейін қазақ әндерінің әртүрлі ритмін айыптап, сөз бен әнді қатар сыбап келгеніміз бар. Реті келгенде сахна мәдениетіне жат дүниелерді де біздің халық қатаң айыптады. Сынды көтере білген өнер адамдары осы кезге дейін өзіндік болмысын қалыптастырып, әрбірі тыңдарманның жүрегінен орын алды. Хош дедік. Алайда біз сөз бен әнді сөз етіп жүргенде орындаушының да өзіндік өлшемін пайымдай алмаппыз. Әннің жетегінде кеткен халық әншіге аса мән бермеген сыңайлы. Өйткені қазіргі жастардың тілімен айтсақ хит әндер тыңдарманды да талғамсыз етті. Бастысы, ырғағы келіссе қалғанында шатағы шамалы көбінің. Осылай кете берген кембағал көзқарастың салдарынан салдыр-гүлдірге құмар қуыс кеуде жастардың белгілі бір тобыры қалыптасты. Солардың сұранысынан туындаған қазіргі сахна тіптен басқа арнаға кетіп бара жатқан тәрізді.

Қандай да бір Тәуелсіз ел үшін оның рәміздерінен асқан құндылық жоқ. Оның құндылығы мен қолданыс аясын біздің еліміз де арнайы заңмен қорғайды. Мемлекет басшылары ресми кездескенде немесе байрақты бәсекелерде қолданылатын мемлекеттік Туды қорлауға ешкімнің құқығы жоқ. Оны аяқ асты ету, қалай болса солай мыжғылап ұстау да ұлтты сыйламау немесе құндылықтарды қадірлемеу болып саналады. Өкінішке орай біз оны да көрдік. «Shiza» есімді әлгі әншісымақ бұл мәселеде халық наразылығын тудыратын өрескел қателікке бой алдырды. Бұл әрине кешіріммен қарайтын жағдай емес. Бұл қателігі үшін оны Қазақстан азаматтығынан айырып, елден аластатып жіберуге де болар еді. Алайда біздегі солқылдақ заң аталмыш тұлғаға айыппұл салумен ғана шектеліп отыр. Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік Туды өртесе немесе аяқ асты етіп қорласа, айыппұл салумен қатар 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Бұл мәселеге біз де атүсті қарамауымыз керек. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев:
– Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы», – деді.
Соңғы кездері халық ішінде қызу талқыланып жатқан "Ирина Кайратовна" тобы мен «Shiza» есімді әншіге қатысты даудан хабарыңыз бар болар. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында халықтың алдында бейәдеп сөздерімен тұтас қоғамды дүр сілкіндірген өнер иелерінің бұл әрекеті өз алдына, ішімдікке сылқия тойып алып еліміздің көк туын қорлағаны тағы бар. Бұл жайт бүгінде қоғамның қызу талқысына түсіп, әлгі жігіттерді жауапқа тарту керектігі ашық айтылды. Мәселеге мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де бей-жай қарай алмай, бұл әрекеттері үшін әлгілер жауапқа тартылатынын айтты.
– Олар концерт ұйымдастырған кезде ішімдік ішілуіне жол бермеуге, басқа да оқыс оқиғалардың алдын алуға тиіс. Біз мемлекеттілігіміздің, тәуелсіздігіміздің символы саналатын Мемлекеттік туға зор құрметпен қарауымыз қажет. Оны аяқасты етуге жол бермеуіміз керек. Туымызды немесе басқа да рәміздерімізді қорлаған әрекеттер құқықтық-нормативтік актілерге сәйкес жауапкершілікке тартылады. Себебі заң баршаға ортақ. Еліміздің әрбір азаматы Мемлекеттік туды құрметтеп, қастер тұтуы қажет деп санаймын, – деді Ерлан Қарин.
Артынша әлгілер жауыр болған қарапайым әдісті қолданып, арнайы видеоүндеу арқылы халықтан кешірім сұрады. Мәселе осымен шешіледі, дүрліккен қоғам қалғып қайта қалпына келеді деп ойлаған болар. Жоқ... Керісінше, мұндай сахна мәдениетінен жұрдай жетесіздердің әрекеті тұтас қоғамның, қала берді өнер жанашырларының шамына тиіп отыр. Айтарға сөзі жоқ, атарға оғы жоқ олар бүгінге дейін әлеуметтік желілер арқылы өздерінің наразы көзқарастарын тұс-тұстан білдіріп жатыр.
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Бергалиев Facebook-тегі парақшасында «Ирина Кайратовна» тобы мен «Shiza» есімді әншіге қатысты Бас прокуратураға және ІІМ-ге ашық хат жолдағанын жазды.
– 25 мамыр күні Алматы қаласындағы Балуан Шолақ сарайында өткен «Ирина Кайратовна» тобының концертiнде әншiлер, оның iшiнде «Shiza» лақап атты әншi сахнада мәдениетсiздiгiмен Туды қорлады, сахна әдебін сақтамады. Әрбір қазақ азаматының намысына тиетін әрекетке барған видеосы жарияланды. Бұл өз кезегінде халықтың ашу-ызасын келтіріп, түрлі әлеуметтік желілерде кеңінен тарады, – деді ол.
Сондай-ақ хатта бұл жағдайды аяқсыз қалдырмай, әншілерге заң жүзінде жаза қолданылу керек екені жеткізілген. Ашық хатқа ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері мен жазушылар қол қойып, тиісті құзырлы органдарға жолдады.
«Аталған жағдайды аяқсыз қалдырмауды, заңмен жазалауды талап етемiз. Жас ұрпақтың тәрбиесi үшiн алаңдаймыз, жарқын болашақты күтетін болсақ, бiз өнердi және өнерге деген құрметті қалыптастыруымыз керек. Келешекте де осындай бассыздықты болдырмау және алдын алу үшiн барлық заңдық шараларды қабылдау керек. Өтiнiмдi аяқсыз қалдырмай және дер кезiнде заң аясында жауапқа тартуды сұраймыз», – делінген ашық хатта.
Бізде өнерпаздардың өнері мен құқықтық мәдениетіне, әдебі мен этикасына бақылау жасап отыратын Мәдениет министрлігі бар. Қоғам наразылығын тудыратын қандай да бір іс-әрекеттерге құқықтық баға беретін, өз құзіреті шеңберінде тіиісті шараларды қабылдауға қауқарлы бұл министрліктің бұл жағдайға айтар өз уәжі бар. Келеңсіз жағдайға өз пікірін білдірген ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің Мәдениет комитетінің басқарма басшысы Ғани Мұратов:
– Әрине бұл келеңсіз оқиға бәрінің жадында, ел азаматтары бұған бей-жай қарамай, өз пікірлерін жазып жатыр. Бұл мәселеге біздің министрлік те бей-жай қарамайды. Заңнама тұрғысынан келсек, Ата заңымыздың 20-бабында барлық азаматқа шығармашылық еріктілік берілген және де цензураға тыйым салынған. Бұдан басқа 34-бабында Ұлттық рәміздерді қастерлеу керекпіз. Ал құқық бұзушылық Кодексінде сахнада және қоғамдық орындарда мас күйінде жүрген азаматтар арнайы жауапкершілікке тартылады. Яғни, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 күнге темір торға қамалады. Мұндай жағдай қайталанатын болса, 15 тәулікке дейін қамау мерзімін ұзарту қарастырылған, – дейді министрлік өкілі.
Біздің заңның осалдығы осыдан байқалып тұр емес пе?! Мәнсіз-мағынасыз өлең жаздырып, сахна мәдениетін сыйламай жүрген әлгі әншісымақтардың әлеуметтік желілерден табатын табыс көзі миллиондап есептелгенде 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды төлеу қиын болып па?! Жоқ әрине. Оларға миллиондап айыппұл төлеудің өзі қиын болмасы анық. Өйткені ондайларға түрлі жолдармен есепсіз қаржы құйылып жатыр. Сахнада сылқия тойып, күнде думан, күнде той қылып жүргені де сондықтан.
Түйін: Бәрін айт та, бірін айт, бүгінгі буынның беталысы осы болса ойланар тұсымыз да осы жерден. Құр даңғазаға еліктеп, оның тасасында қалып қоятын құндылықтарды қадірлемесек, жағдай шын мәнінде қиындай түскені. Бара бара біз намысы жоқ, бойында елге, жерге деген жанашырлық сезімі оянбайтын босбелбеу ұрпақпен күресетін боламыз. Ән мен биге әуес, өзгенің қаңсығын таңсық көретін қазіргі жастардың «шоу бизнес» деп айдар таққан саласын түгел тыймасақ, қазақтың ас ішіп, аяқ босатудан өзге ісі болмайтын сияқты. Бізге бастысы дамудың түрлі тетігін ойлайтын, ұққанын ұмтылыстарға арнайтын дарынды ұрпақ керек. Қазақтың келешегі сонда ғана баянды болмақ.

А. ҚАРАСАЙ
04 маусым 2022 ж. 1 266 0