Сарбаздар неге сыр берді?!
Маңғаз Маңғыстаудан тағы бір суыт хабар жетті. Бұл жолы да сарбаз өлімі тіркелді. Бейбіт күнде бақи болған бала жайында әлдебір себеп іздеп ақталды әскери бөлімдегілер. Алайда адам өлімі тіркелген жерде ақталудың қажеті шамалы-ау! Соңғы кездері тым жиілеп кеткен бұл жағдайға қатысты Мемлекет басшысы орын алып жатқан осындай келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмау үшін өзінің көмекшісі Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетовтің басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды. Алдағы уақытта мұндай жағдайға жол берген погондағылар жазаланатын болады. Солай болады деп үміттенейік.
Қасиетті Отанымызды қорғау осы елде тұратын әрбір қазақ баласының борышы, қала берді міндеті. Халқымыз үшін қастерлі бұл ұғымнан айналып өту мүмкін емес шығар. Алайда соңғы кездері жиі орын алып жатқан осындай келеңсіздіктерге қарап, әскердегі әділетсіздікті ашық айыптаған жөн бе деп қаласың.
Еліміздің әрбір әскери бөліміне барған сарбаздың сұрауы бар. Мүмкін ол бір әулеттің үкілеген үміті шығар. Олай болмаған күннің өзінде, бейбіт күнде әр қазаққа бауыр ет баласынан айырылу оңай дейсіз бе?! Осындайда қасапханаға айналып бара жатқан казармалардың қазіргі жайын жіті тексеріп, дөң-айбат көрсеткіш дембельдер мен өзгенің қолымен от көсейтін офицерлердің айылын жидыру керек секілді. Бұлай жалғаса беретін болса, бізде дені сау әскер, оған қызыға қарайтын қазақ баласы да қалмайды.
Несін жасырайық, соңғы үш айдың өзінде сарбаз өлімі жайлы суыт хабар жиілеп кетті. Алдымен Ұлықбек Бердешов, кейін Әлібек Қалдыбай енді міне Еділ Тешебаев әскерге аман-сау аттанып, үйіне табытпен оралып отыр. Қазалының қарадомалақ баласы Ұлықбектің үрейлі өлімі тұтас қазақты дүр сілкіндірді емес пе? Сарбаз жоғалғаннан кейін арада бір айдай уақыт өткенде әскери киім көргенін әлдебір қойшы шекарашыларға хабарлаған. Киім ізімен барған сарбаздың туыстары жартастың ұшар басында ілініп тұрған Ұлықбектің денесін көреді. Үміт үзілді деген осы шығар. Кейін бұл жағдайдың нақты дәлел-дәйектері анықталып, сот-сараптамасы жүргізілетіндігі айтылды.
Шет аймақтағы шыңырау құздың басындағы жас сарбаздың өлімі де жұмбақ жағдайда қалып барады. Алғашында "әскери бөлімшеден қашты" деп шығарған. Енді сараптама оның "қанында спирт пен есірткі анықталды" деп шығарып жатыр.
Кейін әскерге шақырылған сарбаз Әлібек Қалбай Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі әскери бөлімде қызметі басталғанына төрт күн болғанда сапта тұрып есінен танып құлап, артынша бақилық болып кетті. Оны да жасырып-жапқысы келгенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен сарбаз өлімінің нақты себептерін анықтау қажеттігі туындады. 3 мамырда Әлібектің өліміне күдікті ұсталды. Бас әскери прокуратура қамауға алуға куәгердің айғақтары мен зорлық-зомбылықпен өлім белгілері бар сот-медициналық сараптамасының қорытындысы негіз болғанын алға тартады. Күдіктінің әрекеті адам өліміне әкеп соққан заң нормаларын бұзу ретінде сараланады.
Енді, міне, Еділ есімді жас сарбаз өзіне қол жұмсап, әскери бөлімшеде қайтыс болып отыр. Бұл жағдайлардан соң әрине еліміздегі Қорғаныс министрлігін ақтап алуға келмес. Бұған қатысты да тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілмек.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, арнайы құрылған комиссия әскердегі әлімжеттік пен әділетсіздікті һәм өлім-жітімді болдырмаудың алдын алады деп үміттенеміз.
Бұл мәселеге қатысты Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов:
– Жастар Отан алдындағы борышын өтеуге тиіс. Мүдделі мемлекеттік органдар, соның ішінде бірінші кезекте Қорғаныс министрлігі осы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті, – деді.
Естеріңізде болса, осы Арал ауданының бір азаматы әскерден үйіне есі ауысқан күйі келді. Жақындарын танымай, тылсым әлемнің тұсауына түскен Ренат Ақтау қаласындағы Теңіз жаяу әскерлері бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда, «сәл ауырыңқырап қалды» деген сылтаумен әскери бөлім оны үйіне қайтарған. Туған жері Қызылжарға келген бала туыстарын да танымай, сандырақтаған күйі ойына келгенін істеген. Тіпті анасын келеке етіп, әкесін ұруға дейін барған. Жағдайдың мұнша ушыққанын айтып ата-анасы дабыл қаққанмен, ҚР Қорғаныс министрлігі мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, Ренат әскерге қабылданғанда денсаулығы жақсы болған, оған әскерде ешкім қысым көрсетпеген. Құдай оңдағанда бүгінде Ренаттың жағдайы жақсарған. Қатар-құрбыларымен теңдей ойнап, ел қатарлы ауылында жүр.
Иә, көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқанында ата-ана үшін басты уайым баласын әскерге жібермеу сияқты. Өйткені ол жаққа баруға баланың да құлқы жоқ. Оның үстіне әскердегі әлімжеттіктің арты әлгіндей жағдайлармен аяқталып жатса, оған кімнің жүрегі дауалай қойсын?!
Осыдан 20 жылдай бұрын Отан алдындағы әскери борышын өтеп, сарбаз болып сапта тұрған Мейрамбек ол кезде де әскери тәртіптің қатаң болғанын, алғашында ұлтқа, дінге қарамай қатарға қосатынын айтты. Алайда әскери өмірде жоқ деген жауап қабылданбайтыны, тапсырманы алғаның және оны уақытылы орындағаның міндетті түрде талап етілетінін айтты. Әрбір сарбаз Отан алдындағы әскери борышын адал өтеуге Ант еткендіктен, онда орын алатын қандай да бір кедергілерге шыдас беру керектігін айтады. Сол кездерде 2 жылдық әскердің қандай қиын екені, алайда ұзақтығымен өмір мектебіне айналғандығын жиі айтып жүретін. Қысқасы, біз пікірін білген аға буын сол әскер сапында жүрген күндеріне еш өкініш білдірмейді. Қайта жырақта жүріп шыңдалған.
– Мен 2 жыл құрлық әскері сапында болдым. Аз уақыт емес. Сол аралықта ағайынның да, ата-ананың да қадірін жете ұғынасың. Сағыныш деген сырлы сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елден келетін хаттарды күтіп, сарылатын сәттер жиі қайталанып тұратын. Хатты оқыған сәттерде сәл де болса елге деген сағыныш басылғандай болатын. Басқаны қайдам, біздің кезде әскерге бару абырой болатын. Сондықтан болар, бала күннен қызығушылық болды. Тіпті денсаулығына байланысты бара алмай, өкініш білдіріп жүргендер де болатын. Менің өзім бір-екі дене жарақатына байланысты облыстан өте алмай, кейін ем қабылдап барып қайта жолдама алдым. Қазіргі уақытта жігіттердің денсаулық жағдайына аса мән бермейтін болған-ау. Соңғы кездері жиі естіп кеткен сарбаз өлімі осындай немқұрайлылықтан болып жатыр ма деп ойлаймын, – дейді М.Жәнібеков.
Иә, жоспар орындаймыз деп жанталасатын жауаптылар өз құзыреті шеңберінде тапсырманың орындалуын талап етеді. Ол дұрыс та шығар. Алайда қоғамның әскери салаға деген қызығушылығы бар ма, жоқ па деген сауалға бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Нәтижесінде жыл көлемінде әлеуметтік желіде тараған қоғамдық орындарда жас балаларды ұстап, әскери бөлімдерге тасу деректері орын алады. Өйткені тапсырма орындалуы керек. Мұндай бақай есептің соңы ақырында адам шығынына алып келуі мүмкін. Соны жоғарыдағылар түсінсе деген ой ғой.
Түйін. Негізі әскерге денсаулық жағдайы 100 пайыз жақсы, әскери өмірге құлшынысы бар жастар тартылуы керек. Демек Президент айтқандай, қоғам болып жастарымыздың әскерге деген құлшынысын ояту керек. Бізге алдымен осы жағын ойластыру керек сияқты. Жастарды айыппұл немесе әкімшілік шара көрумен қорқыта бермей, өз еркімен баруға сұранатындай қандай да бір тетіктер ойластырған абзал. Мұнан кейін әскери салаларда орын алып жататын бассыздықтарға бақылау жасап, жөнсіздіктерді тыю маңызды. Әрине «ер шекіспей бекіспейді». Әскери өмірде тентекті тезге салатындай тәртіптің болғаны жақсы шығар, алайда ол шектен тыс қорлық көрсетіп, азаптау деген сөз емес қой. Жас сарбаздарды тәрбиелейтін сержанттар соны қаперде ұстаған жөн секілді.
А. БИСЕНОВ