Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Аралды қалай сақтап қалуға болады?

Аралды қалай сақтап қалуға болады?

1990-1996 жылдары жұмыс істеген Арал аудандық радио хабарын тарату редакциясының басты тақырыбы – Арал тағдыры болып, алуан түрлі үлкенді-кішілі материалдар хабар сайын беріліп тұрды. Баспасөз күні қарсаңында өткенді еске ала отырып, радиоредакцияның кезекті хабарындағы «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты репортажды оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.
1990 жылғы сәуірдің 20-25 күндері Арала қаласында «Аралды қалай сақтап қалуға болады?» деген тақырыпта халықаралық «Дөңгелек стол» болып өтті. Оған Жапонияның, Францияның, Грецияның, Италияның, Австрияның, Моңғолияның, сондай-ақ РСФСР-дің, Орта Азия мен Қазақстанның көрнекті ғалымдары, қоғам қайраткерлері қатысты.
Халықаралық симпозиум аудандық партия комитетінің мәжіліс залында өткізіліп, оның жұмысы тікелей радио арқылы орталық алаңда кеңінен беріліп тұрды.
Осы бір дүбірлі сәт аралдықтардың үлкен-кішісін елең еткізбей қойған жоқ. Орталық алаңға қала халқы тұс-тұстан ағылды. Ауа жұтып, желбезегі кеуіп, бір жұтым су аңсап, аузын ашқан балықтай халық репродукторлар орналасқан бағаналар түбіне ондап, жүздеп жиналып, әуе толқынына құлақ түруде. Бәрінің де жүздерінде «Тағдыры талқыға түскен қайран теңізге тамшыдай су құйылар ма, Арал қайтып орнына келер ме, берекелі жеріміз ақ сор басқан апаттан арылар ма?» деген сұрау бар. Осынау халықаралық мәжілістен жан сыздатқан жараларына ем болар бір жаңалық күткендей. «Дөңгелек столдың» алғашқы күні Арал теңізі мен оның аймағындағы экологиялық жағдайлар жан-жақты әңгіме болды. Бірақ ол халықтың көкейінде қордаланып жатқан көп сауалдарға өз мәнінде жауап бере алмады. Сондықтан аралдықтар өз ойларын ашық білдіргісі келді. Халықаралық «Дөңгелек столдың» келесі күні, 21 сәуірде Ленин атындағы орталық алаңға халық алғашқы күннен де көп жиналып, ол еңбекшілердің экологиялық бейбіт митингісіне ұласты. Олардың арасында омыраулары орден-медальдарға толы соғыс және еңбек ардагерлері де, көп балалы «Батыр аналар» да, қарт-қариялармен бірге жастар да болды. Олардың қолдарындағы «Теңізге у емес, су керек», «Арал – экологиялық апат аймағы» деп заңды түрде табылсын!», «Арал –  біздің қасіретіміз, Арал –   біздің үмітіміз» деген жүректерінен жарып шыққан жалынды сөздер жан тебірентеді...
Еңбекшілердің экологиялық бейбіт митингісін аудандық партия комитетінің І хатшысы Балтабай Ақпенбетов ашты:
–  Жолдастар! Бүгінгі митингіге қатысып отырған қонақтармен таныстырып өтейін. Мұхтар Шаханов – Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі Қазақ республикалық қоғамдық комитетінің председателі.  Пірмат Шермұхамедов – Аралды және Арал аймағын экологиялық апаттан құтқару жөніндегі Өзбек республикалық қоғамдық комитетінің председателі. Ғылымдар академиясынан профессор Жүрімбек Сыдықов, Ботаника институтының директоры, Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Сергей Алексеевич Бедеров, СССР Халық депутаты Тұрғанбай Маханов. Енді қалғандарын таныстырмай-ақ қояйын, оларды сіздер білесіздер.
Өздеріңізге мәлім, соңғы 3-4 жылдар ішінде Аралды құтқару жөнінде біраз жұмыстар істелді. Министрлер Советінің қаулылары қабылданды. Біраз қаржы бөлінді. Қаладан тігін фабрикасы, Электротехникалық зауыт, аурухана салынды. Ақпан айының өзінде Қазақ ССР Министрлер Советінде Қараманов жолдастың қатысуымен Аралға байланысты екі рет мәжіліс өткізілді. Онда Аралға суды қалай алып келу қажеттігі жайлы біраз министрліктерге тапсырма берілді. Одан бері 31 экологиялық сенбілік өткізілді. Одан табылған қаржының бәрі Арал қорына келіп түсті. Оның бер жағында 14 сәуірде Алматыда телемарафон болып өтті. Осының бәрі Арал халқының әл-ауқатын жақсарту, ол үшін әртүрлі объектілер салу болып табылады. Міне, кешеден бері бүкілдүниежүзілік «Дөңгелек стол» өтіп отыр. Италиядан, Грециядан, Жапониядан, тағы басқа елдерден келген ғалымдар өздерінің тілектері мен ой-пікірлерін айтып жатыр. Москвадан, Алматыдан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Қырғызстаннан, Қарақалпақстаннан келіп, олар да өз ойларын ортаға салуда. Ол кісілер бүгін таңертеңнен бері Бөгенге, Қаратереңге, Барсакелмеске, Жамбыл елді мекендеріне ұшып кетті. Олар онда сол жердегі халықпен кездесіп, жағдайларымен таныспақ. Енді міне, сіздермен митингіде кездесіп отырмыз. Осында да өздеріңіздің ой-пікірлеріңізді айтсаңыздар, сөйтіп осындағы академик, ғалымдарымызға, басқа да қатысып отырған қонақтарға сұрақтарыңыз бар ма, соны айтсаңыздар. Енді алғашқы сөзді Аралды құтқару жөніндегі аудандық комитетінің председателі Құмаров жолдасқа берсек:
–  Қадірлі жерлестер! Арал тағдыры бүкілодақтық, тіпті халықаралық ұйымдарды алаңдатып, кешеден бері «Аралға араша» деген тақырыппен халықаралық «Дөңгелек стол» мәжілістері біздерді қуантумен бірге біздің проблемамызға көңіл бөліп, қиыншылықтарымызға ортақтасып, көмек жасауға қол ұштарын беріп жатқан достарымызға шын жүректен алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдірейік.
Жасыратыны жоқ, ел қамын ойлаған, ел үшін балтыры сыздап, басы ауыратын, кез келген мәдениетті елде табылатын, әрбір мәдениетті жандардың қалтасында жүретін, үйінде тұратын экологиялық құралдардан құр қалып отырмыз. Бүкіл Қазақстан, Орта Азия елдері болып, біздің қасіретті жағдайымызды жаны ашып қол ұшын бергісі келген отандастарымыздың тілегіне қарамай, орталық астанадан бірқатар беделді азаматтар, үкімет адамдары бүкіл халқымыздың байлығы Аралды сақтап қалудың орнына, біздің бұл арадан көшкенімізді қалайды. Сонда партияның, үкіметтің Аралды құтқару жөніндегі қаулылары қайда қалған? Әлде жариялылықты пайдаланып, бізді алдағаны ма? Кейбір адамдар «Осы Аралдың болашағы бар ма, жоқ па?» деп сұрақ қояды. Белгілі, ардақты ақынымыз Мұхтар Шаханов айтқандай: «Жер бетіндегі тіршілік ХХ ғасырменен бітпейтіні рас болса, Аралдың да өмір сүретіні сондай ақиқат» деп жауап береміз. Олай болса үш жылдан бері республика қоғамдық ұйымдары тарапынан Арал экологиялық апат аймағы деп жариялайтын уақыт жетті ғой деп ойлаймын. Негізгі мақсат–  Аралды сақтап қалу. Арал сақталмаса табиғат жалғыз ғана Арал жағалауындағы ел үшін емес, бүкіл әлемге экологиялық қаупін төндіреді. Оны ғылым дәлелдеп отыр. Сондықтан орыс жазушыларының ықпалынан туған Сібір өзендерінің суын пайдалануға тыйым салған Орталық партия комитетінің қаулысы қайта қаралуы керек. Экология қаупін регионалдық, ұлттық талаппен шешуге болмайды. Аралды сақтап, оны бұрынғы қалпына келтіру, әрине, көп жылдың жұмысы. Сондықтан Сарышығанақ, былайша айтқанда Кіші Арал проблемасын тездетіп шешу керек. Егер Кіші Арал пайда болса, микроклимат өзгереді, ауру азайып, жұмыссыз қалғандарға жұмыс көбейеді. Біздің осы айтылған ұсыныстарымызды «Дөңгелек столға» жиналған, ел қамын ойлаған азаматтар қолдайды деп сенеміз.
Сөз соғыс және еңбек ардагері Құдайберген Жасекенов жолдасқа беріледі:
–  Қымбатты жолдастар! Мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің атынан сөйлеймін. Кеше соғысқа дейін, соғыстан кейін де толқып тұрған Арал еді. Міне, бүгінгі күні осындай жағдайға ұшырап отырмыз. Бұл – жан түршігерлік жағдай. Енді мен көп нәрсе айта берейін десем толып жатыр, оны өздерің білесіздер. Енді Сібір өзендерін Арал теңізіне бұру жөніндегі кейбір ғалымдарымыздың пікірлеріне, орыс ағайындардың жершілдікке салып қарсы болуына мен өте ренжимін. Кешегі Совет үкіметінің буыны қатпаған жылдары аралдықтар өздерінің аш-жалаңаштықтарына қарамастан Астраханның, Повольженің 7 миллиондай халқына өзінің балықтарын аулап, 14 вагон балық жіберген болатын. Біздің Аралға неге олар көмектеспейді, орыс жазушылары неге жершілдікке салынады деген ой туады. Енді өзім сөзімді қысқарта келіп, мынандай ұсыныс жасаймын:
Аралдың жағдайын тездетіп жақсарту үшін Сібір өзенін Аралға бұру керек, жершілдікті қою керек. Екіншіден, Арал аймағын Чернобыль сияқты апат аймағы деп жариялап, тиісті көмек көрсету керек. Арал қаласының және елді мекендердің тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін, оған мынау Сарышығанақ құрылысын тездетіп бастап, 2-3 жылда бітіру керек. Орта Азия мен Қазақстанның бауырластары, сіз бен біз тізе қоса отырып, Аралды сақтап қалуға күш қосайық. Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері, сіздер де біздей өз үлестеріңізді қосыңдар! Аралды қорғайық!
Әдепкіде жүздеп жиналған халық, орталық алаңға қаланың тұс-тұсынан ағылып, енді мыңдап біріге бастады. Бәрінің де көкейлерінде бір сұрақ, ол: «Аралды қалай сақтап қаламыз?» деген ой еді. Мұнан кейінгі кезекте сөз мәдениет майданының қарт жауынгері, соғыс және еңбек ардагері Әбілхан Махановқа берілді.
–  Ағайындар! Қазақта мынандай мақал бар: «Күлшелі бала сүймекке жақсы» деген. Мен бүгін өзімнің 100 сом пенсия ақшамды Арал қорына беремін. Екіншіден айтарым, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар. Мен үш жағдайды айтқым келеді: біріншіден – табиғи теңдік деген табиғаттың өзі бірі мен бірі мыңдаған жылдар бойы ұғынысқан. Осы табиғи теңдікті екі нәрсе бұзады. Біреуін апат бұзады, біреуін адам бұзады. Мысалы, «Есіккел» деген көл бір түнде жоқ болып кетті. Ол апат деген. Ал Аралды адам бұзып отыр. Міне, судың қайтқанына 30 жыл болды. Сол 30 жылдан бері осы су кетіп барады.
Енді менің айтарым, жаңадан болған көлдер бар. Мысалы, Өзбекстан мен Түрікменстанда жаңадан болған 6 көл бар. «Шардара», «Қамыстыкөл», «Сарыкөл», «Батпақты көл» деген. Міне, Аралдың суы осында жатыр. Соны қайтадан бермен қарай жығу керек. Екінші, осы 30 жыл ішінде ең азы аудандық партия комитетінің секретары болған, ең көбі министр болған, қанша мыңдаған адам, соның біреуі жауап берген жоқ. Мысалы, мемлекетке мың сомдық зиян салса соттайды, ал миллион сом зиян салса, ол адам сотталмайды. Міне, осыларды жауапқа тарту керек.
Үшіншіден, біздің Аралда дүние жүзінің барлық ауруының түрлері бар. Дені сау бір адам жоқ. Сондықтан өзіміз ішінде жүрген соң еш нәрсені білмейміз. Бірақ баланың, адамның өлімі Аралда күн сайын болып, азаймай отыр. Сондықтан осы ауруды толық шешетін, емдейтін бізде маманданған дәрігерлер жоқ. Міне, сондықтан бізге маман дәрігерлер келсін. Профессор келсін. Бізді медицинаның осы заманғы құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етсін, осыны сұраймыз.
Келесі кезекте аудандық еңбекке орналастыру бюросының қызметкері, қаладағы «Жасыл майдан» ресми ынталы тобының жетекшісі Қалмырза Қуатов мінбеге көтерілді.
–  Құрметті жерлес азаматтар! Бүгінгі экологиялық салтанатты жиналыста бізге партияның жариялылықты алып бергеніне рахмет айта отырып, осы жиынға ұйымшылдықпен қол жеткізгенімізді қол шапалақтап қарсы алайық.
Арал аймағының апаты қазір өзіміздің ауданымыздан шығып, дүние жүзін шарлап кетті. Бүкіл адамзат біздің осы шөліркеп жатқан Аралымызға көмек берсін. Қазір ауданымызда өтіп жатқан телемарафонды пайдалана отырып, біздер осы симпозиумға келген барлық профессор, ғалымдарға, басқа да Аралға көмек беруші тілектес азаматтарға алғыс айта отырып, біздің осы бейбіт митингіміздегі өз ой-пікірлерімізді өз елдеріне жеткізсін, Аралға су келтіруге көмектесуге шақырамыз!
Құрметті аралдықтар, біз бұйығылықтан арылайық. Аралға су керек. Мана Сібір өзендерін бұруға атсалысайық! Партия мен үкімет бізге өзінің қамқорлығын жасайды деп сенеміз. Бізге теңіз керек, қайран Арал керек! Теңізге барлық екі дарияның суын ағызсын! Бізге су керек!
Сөзді қонақтарға берейік:
–  Мен қасқақұландық едім.
–  Қазір, қазір...
–  Мұхтар ағаға берейік.
–  Ал фамилияң кім?
–  Кеулімжаев Амангелді. Қасқақұланда 1952 жылы 1 қаңтарда туып, 1968 жылға дейін сол жерде өмір сүрген адаммын. Содан кейінгі өмірім партия қатарында өтті. Партия мүшесімін. Қарағандыда политехникалық институтын бітірдім. Партияның, Лениннің идеясы жақсы, бірақ одан кейін барлық нәрсе бұрмаланды. Осы уақытқа дейін бұрмаланды, өліп қалған жоқпыз, тірі едік. Ол кезде сөйлей алмадық, сөйлетпеді барлығын. Осы митингіні ресми ынталы топ емес, қайта мендей мүшелері бар коммунистік партия жасауы керек. Қазір Қазалы ауданында да, Арал ауданында да 90 мың халық бар. Ал қазір митингіге қатысып отырған 4-5 мың ғана халық.
Біз сөйлеуіміз керек. Әрбір Совет азаматында өз пікірі болуы керек. Өзінің туған жері болуы керек әркімнің. Қасқақұлан қайда қазір, айтыңызшы маған жолдастар! Қуаңдария балық аулау базасының орталығы Қасқақұлан қайда? Көзжетпес қайда, Ұялы қайда? Қайда Қаратерең, қайда Тоқпан? Неге осындай өмірде қиыншылықпен өмір сүріп жатырмыз.
Мыңдаған халық жиналған митингіде аралдықтар теңіз жайлы, иесіз қалған туған жерлері жайлы осылайша тебірене айтты. Ал Қарақалпақстаннан келген ақын Пірмет Шермұхамедовтің аталы сөзі тірілер мен өлі әруақтарды да орындарынан бір аунатқандай болды.
Мұнан соң сөз алған КСРО Халық депутаты, Арал мен Балқашты қорғау жөніндегі Қазақ республикалық қоғамдық комитетінің председателі, ақын Мұхтар Шахановты аралдықтар зор ықыласпен тыңдады.
–  Осыдан үш жыл бұрын, біз алғашқы комитет құрып, Арал жөніндегі шындықты айта бастағанымызда көп азаматтар аузымызға қақпақ болды. Ал бірде комитетке «Правда» газетінен бастап «Пионерская правда» газетіне дейінгі редакциядан тілшілер шақырдық. Бір ауыз сөз жарияланған жоқ. Ал енді сол Арал жайлы шындықты айтуға атсалысқан жандардың барлығын экстремистер деп атады. Бізді әртүрлі өкпе, жалаға таңды. Ал енді біздің еңбегіміз далаға кеткен жоқ, жолдастар! Қазір Арал жөніндегі шындықты бүкіл дүние жүзі білді. Қанша дегенмен де шет елдің журналистерін қабылдама дегендерге қарамай сұхбат бердік. Мәскеуде, тағы басқа жерлерде сөз қозғадық. Өзбекстанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда ащы шындық айтылды. Ал бүгінгі дүние жүзінің ғалымдары бас қосып отырған Арал жөніндегі мәжіліс сол жұмыстарымыздың алғашқы нәтижесі. Ал енді қазір көпшілік айтып жатыр, сөз көбейіп кетті деп, дұрыс жолдастар. Сөз түзелмесе, іс түзелмейді. Біріншіден сөзді түзеп алуымыз керек, сол сөз әлі түзелген жоқ. Әлі Арал жөніндегі шындық толық айтылған жоқ. Әлі де бүгіліп жатыр. СССР Жоғарғы Советінің экология жөніндегі қаулысы шықты. Сол қаулыға екі пункт кірді. Сол екі пунктті кіргізудің өзі қаншама күшке түсті, жолдастар. Бірақ Арал жөніндегі тағы бір ұсынысымыз қабылданбай қалды. «Арал – апат аймағы» деген ұсынысты айтып едік, ол өтпей қалды, жолдастар. Енді сіздер дұрыс түсініңіздер. Біздің қолымыздан бар нәрсе келе бермейді. Тоқсан тоғыз ұсынысымыздың біреуі ғана өтуі мүмкін. Аянып жатқан жоқпыз. Халық енді оянып келе жатыр. Осыдан үш жыл бұрын сіздер осындай жиналдыңыздар ма? Көпшіліктеріңіз қорықтыңыздар. Сөз тиеді дедіңіздер. Ал бүгін міне, рахмет, Арал қайғысы бүкіл елге жетіп жатыр. Өткендегі телемарафон дәлелдеді, бүкіл ел Аралға деген көмегін білдірді. Енді міне, ең үлкен қуанышымыз мұз бұзылды. Бұл шындықты ешкім бөгей алмайды. Енді ақылмен шешуіміз керек.
Менің бірінші ұсынысым – міне, ұрандарыңызда көрсетіп отырсыздар: «Арал аймағын қайткенде де апат аймағы» деп жариялауымыз керек. Осы ұсынысымыз өткенше осы күресуімізді қоймауымыз керек. Ол үшін Қазақстанның барлық аудандарында Арал мен Балқаш проблемасының және Қазақ экологиясының бөлімдерін ашу керек. Бүкіл ел оған жәрдем беруі керек.
Екінші – биыл қыркүйек айына дейін СССР Министрлер Советі СССР Жоғарғы Советіне Аралды құтқару жөнінде өзінің ұсынысын беруі керек. Суды қайдан аламыз? Сібір өзендерін бұрамыз ба? Әлде Каспийге ауыз саламыз ба? Немесе басқа бір мүмкіндікті қарастырамыз ба?
Бірақ бұл қыркүйек айында біте қоймайды. Өйткені дүние жүзінің барлық ғалымдарын шақыруымыз керек. Бұл өте қиын шаруа. Енді қателеспеуіміз керек, жолдастар!
Бірақ бір шындық айқын. Мынау Сырдария мен Амударияның бойындағы тосқауылдарды азайту керек. Күрішті қысқарту керек. Мақтаны қысқарту керек. Сонда ғана тез арада теңіз маңындағы халықтардың жағдайын шешкен боламыз. Сібір өзендерін бұруға рұқсат бергенмен ол келгенше 20 жыл уақыт өтеді, ең кемі 15 жыл өтеді. Оған дейін Аралда не қалады. Қай кездері суды көп алдық қой, сонда Аралға су жақсы келді ғой. Ал кейін неге сол су келмеді. Өйткені, бізге қарсы күштер көбейіп кетті. Сондықтан күрішті, мақтаны, басқа да суды ысырап ететін барлық шараларды қысқарту керек.
Тағы мынандай бір мәселе болып отыр: мен мынандай ұсыныс жасағанмын кезінде. Анау Сарыағаштың маңынан үлкен бір ғимарат салсақ. Оған тек қана Арал аймағының адамдары дем алса, ана жақтан тіпті мен келсем де, оған рұқсат етпесе. Атын «Арал» деп қойсақ та артық емес, тек оған осы жақтың адамдары ғана демалатындай етуіміз керек.
Осыны мен бастап айтып едім, өздеріңізге өздеріңіз қарсы болдыңыздар. Ал енді менің мойнымда бірнеше міндеттер бар. Сіздер дұрыс түсініңіздер. Мен анау желтоқсан оқиғасымен шұғылданып жатырмын. Соған кедергі жасау үшін менің жұмысымнан бірқатар кемшіліктер тауып жатыр. Соның біреуі Арал. Арал жөнінде сөзді көбейтіп жіберді, істі азайтып жіберді деп. Ал мен не істеймін, жолдастар? Не істеуім керек? Өздеріңіз айтыңыздаршы. Бар дауысым жеткенше айттым осы шындықты. Сондықтан сіздер дұрыс түсініңіздер.
Содан кейін жолдастар, мынау космодромда істейтіндерге 40 пайыз қосымша бөлінді ғой. Ал біздің айқайымыздан кейін сіздерге 25 пайыз қосылды. Сонда қандай айырмашылық бар? Сондықтан сол екеуін теңестіруіміз керек. Қайткен күнде де. Тағы басқа да проблемалар бар. Осында жолдастар, көптеген қариялар, аналар маған хаттарын беріп жатыр. Осының өзі үлкен бір папкаға айналды. Осының бәрін біз зерттейміз.
Бұны үлкен істің басы деп білейік, жолдастар. Бірақ күрес алда әлі. Бірлік сақтайық, жолдастар. Бос байбаламға берілмейік. Ұзын сөздің қысқасы, сіздер сеніңіздер. Осы елдің табанына кірген шөңгені маңдайыма кірсін деп жүргендердің бірімін. Мақтанғаным емес, сондықтан сіздердің мұңдарыңызды мен өзімнің жеке мұңым деп қабылдаймын. Қашан Арал жөніндегі күресте жеңіске қолымызды жеткізгенше, қашан сіздердің осы ұсыныс-тілектеріңізден қорытынды шығарғанша біз де тоқтамаймыз. Менің айтарым осы.
–  Жолдастар, біздер жақтан Мұхтар, Қарақалпақстаннан Пірмет қосылса Арал қайтып орнына келеді деп сенеміз. Осы тұрған бәріміз болып мына гүл шоқтарын алып, бұрынғы теңіздің ортасында қалған кемеге апарып қояйық. Ол біздің Аралдың орнына қайтып келеді деген үмітімізді арттырсын. Сонда барайық бәріміз де. Жүріңіздер, ашыңыздар ортаны.
Үш күннен бері біздің Арал ауданында Аралды сақтап қалу жөнінде «Дөңгелек стол» жүріп жатыр. Кеше ғана экологиялық бейбіт митинг болып өтті. Біз енді осының барысы жайлы аралдықтардың ой-пікірін білгіміз келіп отыр. Соған орай жиналған аралдықтарға кезегімен сөз беруді жөн көрдік.
–  Мен Алмағанбетов Жайылған, 1937 жылы туғанмын. Міне, осы уақытқа дейін қайықшы, моторист болдым. Теңізге байланысты айтатын болсақ, ол күріш пен мақтаның көбейіп кетуіне байланысты болып отыр. Теңізді толтыру үшін Каспийдің суын құюымыз керек. Не болмаса екі дариядағы плотиналарды жоюымыз керек.
–  Мен Сәрсенбаев Жеткерген, 1937 жылы осы Арал қаласында балықшы отбасында тудым. Қазір теңіздің осындай халін көре тұрып жылағым келеді. Менің пікірімше, теңізді толтыру үшін Сібірдің суын бұру керек. Сонда ғана біздің хал-жағдайымыз түбірінен жақсарады деп ойлаймыз.
–  Ал енді мен Әбдәлиев Мейрам деген. Мен өзім теңіз жиегінде тудым. 1974 жылы осы судың қайтуына байланысты қалаға көшіп келдім. Мен көшіп келген 1974 жылы теңіз деңгейін ұстап қалуға мүмкіндік бар еді. Судың азаюы табиғатты күте алмағандықтан, оған мән бермегендіктің салдарынан осы жағдайға ұшырадық. Қазір қаладағы кешегі жастар бастамасын өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Әрине, бұл мұнан бұрын басталуы керек еді. Бірақ тоқырау заманындағы бюрократтық қалдықтардан әлі де сескенеміз, әлі де болса бұғамыз. Соған әлі де болса өткір сөздер айта алмаймыз. Енді кезегі келді.
–Менің атым Жылқышы Бисенбаев, бұрынғы кәсібім адмирал Нахимов қайығының моторисімін. Ал енді Аралдың бүгінгі жағдайы бүкіл халыққа батып тұр. Жаңа сөйлеп кеткен жігітіміз айтып отыр, Сібірдің суын  бұруымыз керек деп. Сібірдің суын орыс халқы бізге бермейді. Біз барлық мүмкіндікті өзіміздің регионымыздан іздеуіміз керек. Ол үшін Орта Азиядағы мақтаның гектар санын қысқарту керек. Күріш егудің санын қысқарту керек.  Бидай, арпа, сұлы, жүгері соғыстың жылында біздің ішімізді жарған жоқ. Екі бетіміз шиқандай болып жүрдік. Міне, суды аз тілейтін осындай дақылдарды егуіміз керек. Мыңдаған жылдар жатқан Арал теңізі астына у жинап жатқан жоқ, су жинап жатыр. Сол жер асты суын бұрғылап, қосымша болса да Аралға жеткізуіміз керек.
Мұнан кейін сөз алған СССР халық депутаты Тұрғанбай Маханов өз ой-пікірін айтып, халықтың Арал тағдыры жайлы сұрақтарына жауап берді. Орталық алаңда жиналған мыңдаған халық халықаралық «Дөгелек столды» пайдалана отырып, өздерінің өткір де, қарымды ұсыныс-пікірлерін анық айтып, қордаланып қалған  мұң-шерлерінен арылғандай болды.
Қорытынды. Демократия біздің ауданымызға 1990 жылдарда осылай келген еді. Бірақ кейін одан айырылып қалдық. Қазір орталық алаңға дәл осындай мыңдаған емес, он, жүз адам бас қосып, белсенділік танытып жатса, оларды оппозиция деп, қарсы топ деп қарсы шығамыз. Бірақ бәріне де уақыт сарапшы өз бағасын беретіні анық. Дегенмен Арал теңізі жолындағы күрес әлі аяқталған жоқ, жыл санап жаңа бағытта жалғасып келеді.

Жұмабай ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі.
25 маусым 2022 ж. 1 990 0