Даму деңгейі ерекше балалар орталығының бүгінгі жағдайы қандай?
Кейінгі кезде елімізде тағдыр тауқыметіне түсіп, туа бітті мүгедек болып жатқан бүлдіршіндер немесе жол-көлік апатынан ауыр халге ұшыраған жандар баршылық. Нәресте кезінен-ақ ми қысымының науқасына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі мен қан айналымы бұзылған, сондай-ақ көру қабілетінен айырылған бүлдіршіндер саны жыл сайын көбеюде. Мұндай балаларға елімізде қандай жағдайлар қарастырылған? Арнайы оңалту орталықтары балаларға қаншалықты көмегін тиігізіп жатыр? Міне, осы сынды маңызы бар сауалдар көп көкейін толғандырары анық.
Расымен де бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі балалар саны саңырауқұлақтай көбейіп келеді. Осы орайда мұндай балаларға мүлде көмек көрсетілмейді деу артық болар. Алайда онымен күресуде сәл селқостық болып тұрғанын айтпасқа болмас. Мәселен, осы кезге дейін даму деңгейі артта қалған балаларды оқыту жағы қиындық туғызып отыр. Мұндай балаларды оқытатын оқу орындары мен сауықтыру орталықтары саусақпен ғана санарлық. Тіпті арнайы мамандардың өзі жетіспеушілік тудырып отыр. Ал осындай жағдай шетелде қандай деңгейде? Мәселен, АҚШ-ты қарасақ мұндағы даму деңгейі артта қалған балаларды арнайы бейімдейтін оқу орындарымен толықтай қамтыған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың даму деңгейіне үлкен көмек ретінде оқытудың дәстүрден тыс әдіс-тәсілдері де кеңінен қолданылады. Сонымен бірге Корея, Жапония, Малайзия сынды елдерде дамуы артта қалған балалардың интеллектуалдық қабілеттерінің дамуына аса мән беріледі екен. Ал біздің елде ше? Иә, біздің елде де мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру орталықтары жоқ емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында даму деңгейі артта қалған балалары бар отбасыларға айрықша көңіл бөлу қажеттігін де айтқан еді. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлау алдындағы бағдарламамда айттым. Үкіметке енді осы мақсатқа үш жыл ішінде кем дегенде 85 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.»–деген болатын Президент осы жолдауында. Иә, осындай өзекті мәселеге биліктің де назар аударғаны дұрыс болар еді.
Бүгінгі күні елімізде оңалту орталықтарының ішіндегі ең ірісі – «UMC Балаларды оңалтудың ұлттық орталығы» болып отыр. Атаулы орталықта жалпы сыйымдылығы 856 стационарлық төсек және бір ауысымда 500 амбулаториялық-емханалық қабылдау мүмкіндігі бар. 2016 жылы атаулы орталық Қызылорда филиалын құрып, 2017 жылы UMC құрамына Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы кірді. Алайда 2019 жылдан бастап заңды түрде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қарауына берілген.
Біздің ауданда да «Арал аудандық мүгедектер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің күндізгі жартылай стационар бөлімі жұмыс істейді. Оңалту орталығы 2010 жылы Қызылорда қаласына қараса, 2016 жылдан бастап Арал ауданына қарады. Жалпы орталықта 1,5 – 18 жас аралығындағы даму деңгейі артта қалған балалар ем алады. Мемлекет тарапынан төсек-орын, үш мезгілгі тамағы, дәрі-дәрмектері мен балаларға арналған арнайы көлік қарастырылған. Мекемеде 11 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жөнінде координатор Шәмшәгүл Нұрадинқызы:
– Иә, даму деңгейі артта қалған балалармен жұмыс жасау оңайға соқпайтыны анық. Бізде дефектолог-логопед, педагог-тәрбиеші, психолог, аспаз және әлеуметтік мамандар сынды қызметкерлер балалардың қоғамдық ортаға бейімделуіне бар күшін салады. Логопед балалардың сөйлеу қабілетін дамыту мақсатында жұмыс істесе, мейірбике ЛФК массаж жасайды. Қазіргі кезде оңалту орталығында 20 бала бар. Негізінен 25 балаға дейін қамтылуы қажет. Мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша балалар қызмет алады. Яғни балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында жұмыс атқарамыз. Сонымен бірге жылдық жоспар бойынша орталықта балаларға арнайы 10 пән бойынша білім беріледі. Үш ай сайын жеңілдетілген бағдарламалармен мониторинг жүргізіледі. Оның барлығы тегін, әрине. Балаларды жасына қарай екі топқа бөлеміз. Мысалға 1,5 мен 10 жас аралығындағы балалар бір топ болса, 10 мен 18 жас аралығындағы балалар бір топ. Орталықтағы балалардың көбі сөйлемейтін болған соң билетіп, ойындар ойнатамыз. Сондай-ақ арнайы мерекелерде балалармен бірге түрлі іс-шара ұйымдастырып тұрамыз. Мәселен, 1-маусым балаларды қорғау күні қарсаңында дамуы артта қалған балаларды қаладағы «Алақай» демалыс орынына апарып, ойнатқан болатынбыз. Көктем мезгілінде орталықтағы арнайы көлікпен балаларды табиғатты тамашалауға алып шығамыз, сонымен қатар түрлі ойын алаңдарына да апарып тұрамыз. Тағы айта кетерлігі қаладағы ірі жеке кәсіпкерлер бізге көмек көрсетіп тұрады. Соның бірі – Ерлан Нұржанұлы біздің орталыққа жыл сайын демеушілік жасап келеді. Яғни мекемеге теледидар, кондиционер және балаларды билетуге арналған колонка секілді аса қажеті бар заттармен көмек көрсетеді. Сондай-ақ Рамазан айы немесе жаңа жыл мерекелерінде балаларға мерекелік сыйлықтар әкеліп қуантады. Ендігі кезекте бізге арнайы ғимарат пен құрылғылар қарастырылса жақсы болар еді. Себебі қазір №262 мектеп-гимназияның бір бөлігінің 2-ші қабатында отырмыз. Жүріп-тұра алмайтын балалар үшін 2-ші қабатқа көтерілу де оңай емес. Біздегі барлық мамандар әр баланы өз баласындай көреді. Ешкімді жатсынып, шеттету деген жоқ,–дейді.
Атаулы оңалту орталығы жайында ата-ана Жаңагүл:
–Мен ауданда осындай оңалту орталығының барына қуаныштымын. Себебі балалар білікті мамандардың тәрбиесін аса қажет етеді. Осы арқылы балам өз ортасын тауып, замандастарымен араласып, ойлау қабілеті де дамып келеді. Өзім күнделікті жұмыста болған соң, баламды осы орталыққа сеніп тапсырдым. Себебі Нұршат күнде сабақтан келе сала, апайлардың не үйреткенін және оларды қалай жақсы көретінін айтып отырады. Ендігі кезекте елімізде оңалту орталықтары саны көбейіп, балаларымыздың болашағын бірге құрсақ деймін,–деді.
Иә, мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты статистика күннен күнге артып келе жатқаны кімнің болмасын көңілін құлазытары анық. Оңалту ісіне физикалық та, оңалту медицинасы да, қоғам мен отбасы да, психологтар мен педагогтар да белсенді қатысады. Ендігі бір мәселе – дамуында ерекшеліктері бар балалар үшін арнайы орталықтардың өзіндік мәселесіне назар аударсақ, сондай-ақ атаулы орталық санын көбейтсек нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы емес пе?! Сол үшін қоғамда болып жатқан барлық дерлік мәселелерге ден қойып, оны орындауға атсалысқанымыз жөн. Әр бүлдіршін бақытты болуға лайықты!
А. НҰРЛАНОВА