«Толқын» көшесінде...
Картадан Арал қаласының көшелерін тізбектей қарасаңыз «Толқын» көшесі деген көшеге көзіңіз түсер. Бір басы аудандық мұрағат («Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ Арал аудандық филиалы) ғимаратынан басталып, соңы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мекемесіне барып тірелетін бұл көшенің жалпы ұзындығы 300 метрдей болып қалар. Бойында ұзын саны 25 үйдей бар. Осы көшенің пайда болу тарихы туралы мәлімет іздеп «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ Арал аудандық филиалына хабарластық. Қолымызға 2000 жылдың 22 қыркүйегіндегі аудан әкімі шешімінің көшірмесі тиді.
Онда:
«Екінші шақырылған аудандық мәслихат (V сессия) пен аудан әкімінің шешімі.
Арал қаласы 2000 жыл 22 қыркүйек.
Аудандық ономастикалық комиссиясының Арал ауданындағы №82 «Қаратерең» орта мектебіне ат қою және Арал қаласындағы кейбір көшелердің аттарын өзгерту жөніндегі ұсыныстар туралы.
Аудандық мәслихат пен аудан әкімі аудандық ономастикалық комиссияның 2000 жылдың 19 қыркүйегіндегі №3 хаттамасы негізінде жасалған Арал ауданындағы №82 «Қаратерең» орта мектебіне ат қою және Арал қаласындағы екі көшенің атын өзгерту жөніндегі ұсыныстарды қарап шешім етілді:
1. Арал ауданындағы №82 «Қаратерең» орта мектебіне Жалаңтөс Баһадүр есімін беру жөніндегі аудандық ономастикалық комиссиясының ұсынысы мақұлдансын.
2. Осы шешімді бекіту Қызылорда облыстық мәслихат пен облыс әкімшілігінен сұралсын.
3. Арал қаласындағы Грибоедов көшесін өзгертіп, Сағынжан Ермағанбетовтің есімімен атау және Базар тұйығын "Толқын" газеті көшесі деп өзгерту жөніндегі аудандық ономастикалық комиссиясының ұсыныстары мақұлдансын.
Аудандық мәслихаттың V сессиясының төрайымы: А.Сәдуақасова
Аудан әкімі: А.Көшербай, – делінген.
Ауданда мұндай көшенің бары біз үшін мақтаныш әрине. Өйткені облысқа қарасты өзге аудандарда басылым атауына бірде-бір көше берілмеген. Тіпті республикада десек бұл сөзімізге ешкім таласа қоймас. Бұл жайлы аудандардағы әріптестеріміз арқылы да сұрап білдік. Мұның өзі аудан айнасына айналған «Толқын» газетіне деген құрметтің бір белгісі болса керек. Сол 2000 жылы газетіміздің 70 жылдығы аталып өтілген болса, газетке көше атауын беру қалай туындағанын білмек болып сол кезде газеттің редакторы болған Жұматәлі Әбдіраман ағамызға қоңырау шалдық.
– Бұл біріншіден, «Толқын» газетіне көрсетілген айрықша құрметтің белгісі. Қазірдің өзінде газетке көше атауын беру дерегі Республика бойынша саусақпен санарлық. Сол кезде еліміз бойынша бірде-бір ауданда газетке көше атауын берген жоқ. Аға басылым «Егемен Қазақстан» газетіне көше берілгенін білемін. Сосын бір-екі облыста облыстық газетте көше атауы болуы мүмкін. Одан басқа деректерді әлі естімедім. Сол 2000 жылдары аудан әкімі болған Айтбай Көшербай басылымға айрықша көңіл бөлді. Өзім аудандық мәслихаттың депутаты болып тұрған тұста бірнеше жанашыр азаматтар болып аудандық мәслихатқа ұсыныс тастадық. Нәтижесінде бұл бастама қолдау тауып, мерекеге орай күзде «Толқын» газеті көшесінің ашылу салтанаты болды. Бір ерекшелігі, көшені сол кезде «Толқын» газеті ғимараты тұрған көшеге берді. Мысалы, "Егемен Қазақстан" газетінің ғимараты да өзінің атына берілген көшеде тұр. Мұндай құрмет сол кезде қалам ұстаған қауымды ерекше шаттандырды. "Толқынның" 70 жылдығына орай тарту етілген бұл сыйлық кейінгі буынға айта жүретін тарих, өнегелі бастама деп ойлаймын, – дейді ардагер журналист Ж.Әбдіраман.
Қаладағы «Толқын» көшесінің тұрғыны, зейнеткер К.Айбосынов аталған көше тұрғындарының ауызбіршілігі мол, қай істе болмасын бірлесе қалатындарын айтады. Ал көше атауына келсек, бұрынғы Базар көшесінен Толқынға ауыстырарда ешқандай қарсы пікірлер болмағанын, керісінше тұрғындар бір ауыздан қолдай кеткенін айтады.
– Қазір осы көшеде 20-дан астам үй саны бар болар. Осы көшеде тұратын тұрғындардың жасы үлкені де мен шығармын. Осы уақытқа дейін көшемізден "бұзақы шығыпты не болмаса дау шығыпты" деген жайсыз хабарды естімеппін. Бәрі тыныш. Мереке күндері ауызбіршілік танытып, бір ауылдың адамдарындай қуанышты да көп болып өткереді, қайғыны да көп болып бөліседі. Әйтеуір бірлескен істе береке болатынын бұл көшенің тұрғындары бір кісідей ұғынады – дейді К.Айбосынов.
Иә, уақытпен үндесетін, тарихпен тілдесетін төл басылымның құрметіне көше берілгенін аудандағы қаламы жүйрік қауымның қайсысы болсын білетін болар. Сұрай қалсаңыз, сырын ақтаратын аға буын әлі күнге мұндай құрметті мақтанышпен айтады. Мұны сіз де біліп жүргейсіз, оқырман!
А.ҚАРАСАЙ