Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Махаббат, қызық мол жылдар

Махаббат, қызық мол жылдар

Құдай-ау, қайда сол жылдар,
Махаббат қызық мол жылдар?
Ақырын-ақырын шегініп,
Алыстап кетті-ау сол құрғырлар,–деген Абай атамыздың осы бір өлең жолдарымен бастау алған Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын оқымаған жан жоқ болар, сірә. 1970 жылы қалың оқырманға жол тартқан бұл туынды бүгінге дейін маңызын жоймады.
Роман желісі бойынша жас солдаттың Алматы қаласындағы Қазақ университетіне түсіп, атаулы аудитория табалдырығын аттағаннан бастап, өмірі түгелдей өзгереді. Ондағы жайқалған гүлдей жиналған қыздар арасынан Меңтайды ғана көзі шалып қалғаны тағы бар. Иә, Ерболдың студент шақтарындағы маңызды дерлік оқиғалардың себепкері болған осы – Меңтай еді. Іштегі махаббат сезімінің маңыздылығы мен оны бір-біріне айта алмауы да шығармада әдемі суреттеледі. Ерболды көрген сәттен бастап-ақ оны «аға» деп атауы қыз тәрбиесінің қаншалықты жоғары деңгейде екендігін аңғартады. Меңтайдың өзге қыздардан ерекшелігі оның мінезі еді. Өзі сабырлы, көркем және ұяң мінезді қыз Ерболдың жүрегін тез жаулап ала алды. Бастапқы уақыттары сезімге ерік бермей, уақыт өте танысып, біліскеннен соң қаншама қиын кезеңдерде бірге төтеп беріп, адалдық туын тіреген қос жастың кіршіксіз таза махаббаты оқырманға терең ой салады. Екеуінің бірге лекция жазып, түрлі кітаптар оқып, оны талқылап жүрген сәттерде арада махаббат оты тұтанады. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» демекші, екеуі бір-бірін іштей түсінетін. Осы сәттерде Ербол қызға алғаш рет өлең шығарады. Ол туындыда былай баяндалады: «Көшеде арлы-берлі ыңылдаумен жүріп, өзімнің шорқақ тіл, олақ ұйқасыммен Меңтайға арнап алғаш рет өлең шығардым.» Жігіт өзінен-өзі ұялып, шығарған өлеңін Меңтайдың қолына тапсыруға батылы жетпей, кітаптың ортасына салып кетеді.  Бірақ араларына жауыз ойлы жағымсыз кейіпкер Тұманжан киліккенімен, екі жас түптің-түбінде жеңіске жетеді. Отбасылық өмірдің қызығын көріп, ата-ана атануға дайындалып жүреді. Алайда олардың жаздай жайнаған өмірлері бір сәтте күл-талқан болып, Меңтайдың кенеттен өмірден озуы ешкімді бей-жай қалдырмады. Ерболдың мазасызданып, өзін қоярға жер таппайтыны ерекше сипатталады.
Роман соңында жүректі жұбататыны – Ербол өз жарымен аз уақыт болса да бақытты күндер кешуі. Автор адам баласына өмірінде бір-ақ рет ғана берілетін махаббат хикаясының таза болуы керектігін осы шығарма арқылы оқырманға ой тастайды. Сонымен бірге туындыда автор қазақ қыздарының тәрбиесі мен өзін ұстауы жөнінде де айтып өтеді. Мәселен, Меңтайдың «Апамның айтқандары» деп қойын дәптеріне жазып алған ақылдары бүгінгі бұрымдылардың барлығы ұстау тиіс қағидалар. «Ешқашан ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады», «Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек». Ал халық арасында «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген нақыл бар. «Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың» деген секілді ана ақылдары бүгінге өнеге. Осы тұрғыда Ерболдың әр қыз баланы өз қарындасындай көріп, сыйлауы, оларды қорғауы, досқа адалдығы мен сезімге шынайылығы ер-азаматтар үлгі алар қасиет.
Ал бүгінгі күні махаббаттың адам баласы үшін қаншалықты маңызы бар? Қазірде махаббат қуанышы мен мұңы қандай? Иә, махаббат сөзін естігенде кімнің болмасын есіне өзі ұнатқан жан түсері анық. Қызықты оқиғалар барлығының басынан өткен де шығар. Бұрынғы заманғы сезімнің ұшқыны секілді махаббатқа адал бола алатын жандар жетерлік. Дегенмен ондай адамдардың түрі күн санап азайып бара жатқандай. Арадағы сәл-пәл түсініспеушілікке бола жолдарын екіге бөліп жататын жұптар да жоқ емес. Сол үшін танысып, білісіп, өз адамың екеніне көз жеткізіп барып бас қосқан дұрыс. Себебі махаббат өте нәзік сезім, жан-жүректі баурап алар құдіретті күш екенін естен шығармайық. Міне, жүрегі таза, адал жанға өзіндей адам жолығарына еш күмән жоқ.
А. НҰРЛАНОВА
12 шілде 2022 ж. 30 954 0