Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әке ұлағатымен өсіп-өндік

Әке ұлағатымен өсіп-өндік

Ата-бабамыз«Тәрбие тал бесіктен» басталады деп бекерге айтпаған. Ежелден біздің қазақ ұлтында ұрпағын қадірлеп, әлпештеп өсірген, оларға ата ұлағатын ұқтырып, санасына өнегелі салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сіңіруге тырысқан. Өмірде әр нәрсенің парқын білуге, қастер тұтуға, сол арқылы ғасыр­лар бойы ұлтымыздың құнды үрдістерін сақтауға тәр­бие­леді. Бүгінде сол ата-баба­мыздың рухани қазынасы қайта жаңғырып, олар түйіп кеткен тұжырым-ойлар ұлттық құндылығымызға айналды. Ұрпақ сабақтастығымен бізге жетті. Адам тағдырына, оның болашағына ықпал етер тәрбие бастауы отбасы болғандықтан, ондағы әке мен ананың орны бас­ты рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан бүгінгі менің әңгімем әкем мен анам туралы болмақ.
Әкеміз Қолғанат Жансүгіров төрт ағайынды – екі ұл, екі қыз. Әкем немерелердің үлкені болған соң атамыздың әкесі өз атына жаздырып, өз тәрбиесіне алған. Үлкен атамыз ертерек қайтыс болып, отбасының тауқыметінің бәрі атамыздың мойнына артылған. Сол себепті де жастайынан үйдің және жақын туысқандарының тіршілігіне ерте араласқан. Ағаларының ізінен еріп жас кезінде ел аралап, жер таныған. Ташкентке барып сауда-саттық жасаған. Жаманқала мен Орынборға барып, астық алып келген. Негізінде Жансүгір де, Махат та  ауқатты тұрған. Біздің әкемізді балаларының үлкені болғандықтан жастайынан  Қызылордаға оқуға жіберіп, жетіжылдық рабфакты бітіріп, ауылға келіп өзінен үлкен адамдарға сабақ берген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда, әдепкі кездерде мұғалімдерді соғысқа алмай бронмен қалдырған. 1942 жылы ешқандай бронға қарамай, соғысқа жарайтын ер адамдардың бәрін әскерге алған. Біздің әкеміз де 1942 жылы майдан шебіне аттанып, 1943 жылы ауыр жараланып, елге оралады. Соғыс аяқталып, ел жағдайы жақсара бастағаннан кейін Қызылордаға педучилищеге оқуға жібереді. Бірақ әкеміз 2 жыл оқып, толық аяқтамай, оқудан шығып, ауылға келеді. Бұған атамыз қатты ренжіпті.
Көктемнің кезі болса керек. Мақпал көлдің жағасында бақша егеді екен. Әкемнің бір қолы кетпен ұстауға жарамағандықтан қатты қиындық көреді. Сол жылы жаз айында газеттен оқуға шақырған хабарландыруды оқып, Орал қаласында колхоз басқармаларын дайындайтын оқуға барады. Ал атамыз болса бір сиырын сатып, ақшасын әкеміздің қалтасына салып оқуға жібереді. Әкеміз сол оқу орнын ойдағыдай үздік дипломмен бітіріп, елге оралады. Сөйтіп ауылға келген соң ұзақ жыл колхоз басқармасы болып қызмет етеді. Кейіннен үкіметтің саясатына байланысты колхоздарды біріктіріп, совхоз құрылғанда 1972 жылға дейін ферма меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1950-1960 жылдары бірнеше рет қауіпсіздік комитетіне (КГБ) жұмысқа шақырту алады. Бірақ әкеміз өзінің мамандығы бойынша жұмыс істегенді жөн көріп, келісім бермейді.
Шығыс поэзиясының аса көр­некті өкілі Ә.Науаи әкені – күнге, ананы – ай, жұлдызға балап, әспеттейді. Сондықтан ұрпақ тәрбиесінде  әйел-ананың орны да орасан. Өйткені жалпы адамзат баласының тыныс-тіршілігін, оның өсіп-өніп дамуын аналар-әйелдер қауымынсыз көзге елестету еш мүмкін емес. Анам Нағима әкемізбен бірге жарасымды ғұмыр кешіп, алты баланы тәрбиелеп өсірді.  Бәрімізге де жақсы тәрбие беріп, азамат қатарына қосуда анамыздың еңбегі ерекше. Ол соғыстан кейінгі қиын кездерде ауыл шаруашылығында әкемізбен бірге еңбек еткен. Асыл анамыз ерекше жаратылған, өте мейірімді, еңбекқор жан еді. Төрт түлік малды сауып, айран пісу, брынза басып, құрт, ірімшік қайнату және киіз, текемет басу анамыздың сүйікті ісі болатын. Оның дастарқаны қай кезде де жиылмайтын өте қонақжай кісі болатын. Ол кісінің дастарқанынан сол кездегі белгілі азаматтар мен жұмыс барысымен сырттан келген талай меймандар дәм татыпты. Сол кездегі ауыл үлкендері "Нағиманың шайы мен тамағы қатар жүреді" деп мақтап, ауыл келіндеріне үлгі ретінде айтып отыратынын естігенбіз.
Әкеміз 1972 жылы соғыстан алған жарақаты сыр беріп, совхоздың жұмысына денсаулығы жарамай жұмыстан шығып, Ақбай елді мекеніндегі сегізжылдық мектепке ботаника, зоология пәндерінің мұғалімі болып орналасады. 1977 жылға дейін мұғалімдік қызмет атқарады. Мен сол жылы институтты бітіріп, Қазалыға жұмысқа орналасқаннан кейін Қазалыға көшіп келдік. 
Өкінішке орай балаларының қызығын көре алмай әкеміз дүниеден ерте озды. 1983 жылы әкеміз өмірден өткенде мен небары 28 жаста едім. Қара шаңырақта отырғаннан кейін отбасымыздың барлық ауыртпалығы маған түсті. Әкемнің көзі тірісінде білім алдым, отбасын құрдым. Әкеміз дүниеден озғаннан кейін жоқтығын білдірмейін деп, бауырларымның білім алуына, жұмысқа тұруына қолымнан келгенше көмектесіп, қамқор болдым. Қазір Аллаға шүкір, бәрі де жоғары білім алып, түрлі салада қызмет етті, үйлі-баранды болып, кенже інім Сәкен мен қарындасым Айманнан басқамыз зейнетке шығып, қарттыққа қадам бастық. Ал анамыз көзінің тірісінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере сүйіп, олардың тойына куә болып, 82 жасында бақилық болды. Уақыт деген жүйрік қой, биыл, міне, әкеміздің туғанына 100 жыл, анамыздың туғанына 95 жыл толатын еді.
Биыл Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 77 жыл толды. Осындай мерейлі тұста бізге бейбіт өмір сыйлаған, соғыстан кейінгі қиын шақта ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге өзіндік үлесін қосқан, еліне елеулі, халқына қалаулы болған қадірлі әкемнің қайсар келбетін ұлықтауды мақсат еткен едім. Иә, осындай асқақ рухты әкеміз бен мейірімді анамыздың асыл бейнелері ұрпағы барда жүректен мәңгі сөнбейтіні ақиқат.
Серік Қолғанатов,
ұрпағы
17 тамыз 2022 ж. 1 414 0