Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Тылсым

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның шығармалары көбімізге таныс болар. Ол туындыларының көбіне әйел-аналарды арқау етеді. Ерте кездегі нәзік жандылардың басынан өткерген түрлі оқиғаларымен бірге, олардың психологиясын көркем суреттеп, бүгінгі қыз-келіншектерге ұғындырғысы келеді. Бүгінгі талдайтын шығармамыз да әйел тақырыбы болып отыр. Оның «Үлкен үйдегі үрей» атты туындысы шытырман оқиғаларға толы, сонымен бірге оқырманды лезде өзіне тартып әкете алады.
Автор бұл туындысы жөнінде: «Осы «Үлкен үйдегі үрейді» жазуға көп іздену керек болды. Бұл туындының жазылуына кездейсоқ оқиға себеп болды. 2005 жылы жолдасым Дүкең (Дүкенбай Досжан) екеуміз балаларды алып, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына демалысқа барғанбыз. Қарқаралы кентіндегі Құнанбай салдырған мешітте болып, есік алдына шыққанымызда, қарама-қарсы бетте тұрған үш қабатты ескі үй көзімізге түсті. Сол үйдің мән-жайын сұрап едім, оның өзіндік тарихы бар екенін білдім. Ол ХІХ ғасырда салынған дәулетті адамның үйі екен», – дейді.
Атаулы роман сол кездегі адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынасты суреттейді. Мейірім мен зұлымдық, тоқтық пен жоқшылық, адалдық пен тәкаппарлық сынды қасиеттер жайында сыр шертеді. Туындыны оқу барысында басты кейіпкерлерінің бірі Арсланның өліміне не және кім себепші болғаны қалың оқырманға жұмбақ бола түседі. Арслан негізінен татар ұлтынан шыққан бай кісі. Осы тұста кімнің болмасын ойына Арсланның қазақ жеріне қалай келгендігі жөнінде сауал туындары анық. Ендеше тоқталып өтейік. Сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысында орын алған Орыс империясының отарлау саясаты туындыда баяндалып өтеді. Яғни сол жылдары қазақ еліне орыстар көшіп келгенін барлығымыз білеміз. Олар мәйегінен майы тамған құт өлке Қарқаралыға табан тірегенде-ақ кәсіп бастап, өз беттерінше байи түседі. Ал шығарманың басты кейіпкері Арслан сол бай-манаптардың ұрпағы болған.
Шығарма барысында қазақ пен татар ұлтының мінез-құлықтарындағы айырмашылық та баяндалады. Қазақтар саудаға шорқақ, кез келген адамды мейіріммен қарсы алып, үйіне шақырып тұрады. Ал татарлар болса сауданың жілігін шағып, майын ішкендер. Ендігі кезекте Арсланның өміріне оралайық. Арслан алғаш отасқан жарымен он жыл бірге болса да, араларында бала болмады. Иә, кімнің болмасын артынан жалғастырар ұрпағы қалмаса, оған байлық пен мансаптың түкке де қажеті болмайды емес пе?! Мұндай жағдайда ерте кезде бабаларымыз төрт әйел алған деген сөз бар. Әрине, ешкім ұрпақсыз бұл дүниеден өткенді қаламайды. Бұл мәселені жайдан жай қозғап отырғанымыз жоқ. «Үлкен үйдегі үрейде» тоқал алу туралы сөз болып, арты кикілжіңге жалғасқан болатын. Күндердің бір күні Арслан өзге жерлерде іссапармен жүріп бойжетіп отырған қазақ қызы Хадишаға көзі түседі. Осылайша қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығын дерлік орындай отырып, Хадишаны кең сарайдай үйіне әкеледі. Дегенмен Хадишаға керегі Арслан емес еді. Оған осы сарайдағы байлық пен зыр жүгірген қызметшілер керек болды. Алтынмен апталып, күміспен қапталып жүріп, Арсланның бәйбішесі Нұрияға күн көрсетпейді. Себебі мұншама байлықты іштарлықтан ешкіммен бөліскенді қаламады. Бұл жерден ұғарымыз, қанша жерден байлықты жиып-теріп, барлық ақыл-ойымызды тек байлыққа аударсақ өзімізге сор болып келері анық.
Туынды кейіпкері Хадишаның байлыққа құнығып, көзі көрмей кеткені сонша, өз күйеуі Арсланның өліміне себепкер болды. Осылайша Хадиша жалғыз ұлымен зәулім сарайда жалғыз қалады. Кейін үйді сақтап қалуым қажет деген сылтаумен, Арсланның шаңырағына өзге ер адамды әкеліп алады. Бұл екеуінің де көкейін тескен – дүние, зәулім үй және қымбат киімдер. «Апама жездем сай» дегендей, Хадиша кейін отау құрған күйеуімен бірге Арсланды өз қолдарымен о дүниеге аттандырып, денесін қоймаға тас¬тайды. Себебі Хадиша мен оның жолдасы Арслан бар байлықты тартып алады деп қорқады. Романның осы тұсын оқи отырып, Хадишаның дүниеге соншама берілгеніне налисың. Байлық үшін адам жанын қиғаны көңіліңді құлазытады. Бірақ әрбір істеген ісіміздің өтеуі бар екендігін еске салайық. Арсланды өлтірген Хадиша өзі жасаған қастандығынан өзі зардап шеге бастайды. Ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, ара-тұра есі ауысып кетеді. Кей кездері оның көз алдына бұрынғы күйеуі еніп, түнімен мазалайтынды шығарады. Хадиша осылайша алдаған елеске еніп, із-түссіз жоғалып кетеді. Кейін Хадишаның істеген әрекеті өзге отбасыларға да осы көріністе қиындық тудыра береді. Себебі о бастан көмусіз қалған дене тыныштық таба алмай, үйге қонған адамдардың үрейін туғызатын.
Мұнан соң бұл үй біраз уақыт бойы иесіз бос қалады. Жақын маңдағы жұршылық арасында зәулім үйдің тарихы туралы әңгіме айтылғанымен, ешқайсысы Арсланның денесі барын білмейтін. Бірақ бұл дүниеде ешнәрсе жасырын қалмайды. Барлық сыр түптің түбінде ашылары анық. Бұл сыр да күндердің бір күні, ешкімнің зерттеуінсіз ашылды. Күндердің бір күні үлкен үйдің тұрғындары ойда жоқта үйілген отынның астынан Арсланның денесін тауып алып, қазақы жөн-жоралғымен дұға жасап жерлейді. Содан кейін үлкен үйдегі үрей де сейіледі. Міне, осылайша ғасырдың басында болған сұмдықтың шымылдығы ашылып, ақиқаттың жарыққа шығатынын дәлелдейді.
Иә, байлық, дүние, ақша барлығы уақытша екенін білеміз. Шектен тыс байып, көзі көрмей қалатын жандар да болады екен. Атаулы туынды мына өмірдің мәні ақша мен байлықта емес екендігін өз оқырманына айтып тұрғандай.

А. НҰРЛАНОВА
23 тамыз 2022 ж. 1 139 0