Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қамшының қасиеті

Қамшының қасиеті

Қазақта ежелден бүгінге жеткен киелі жәдігерлер өте көп. Олардың барлығы да ата-бабалардың көшпелі өмір салтынан сыр шертеді. Ерліктің, қайсарлықтың белгісі болып, «ер қаруы – бес қарудың» қызметін қапысыз атқарған қамшы бұйымы. Бүгін қамшының қасиеті туралы айтпақпыз.
Қазақ халқында қамшы мал айдайтын құрал ғана емес, қанды шайқаста ердің бағын ашар, қас жаудан құтқарып алар сенімді серігі болған. Қамшыгерлiк тума қабiлет десек те, адам табиғатындағы ептiлiк, мергендiк, қарақтылық, сезiмталдық, өткiрлiк, батылдық, сескенбейтiн серттiлiк сияқты iшкi қасиеттермен ұштасып жататын өнер.Қамшы көп сәттерде ат үстi шайқастың қаруы. Қамшыны бiр-ақ рет ұрған, бiр ұрғанда дәл тигiзген және айтылған шарттарды бұлжытпай орындаған адам қамшыгер бола алады.
Ат-көлiктi айдау жабдықтарының бiр түрi – бишiк. Қамшы төрт таспа, алты таспа, сегiз таспа, он екi таспа, он алты таспа деп аталады. Таспаны тiлiп қырнап, сыдырып, өңдеуiне қарай жуан, жiңiшке болады. Қамшының сабынан өрiмi қысқа түрлерi де бар. Ерлерге, әйелдерге арналған, балалар мен шал-шауқанға арналған түрлерi молдау кезiгедi. Жастар мен жiгiт ағалары ұстайтын қамшылар алты тұтам ат қамшы, жетi тұтам жер қамшы деп аталады.
Қазақ халқында қамшыны ұстау мен қолданудың ережесі де бар. Әдетте қамшыны оң қолға екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін төмен қарата ұстау әдеп­сіздіктің белгісі саналады. Сондай-ақ жол көрсеткенде саусақпен емес, қам­шымен нұсқайтын болған. Ертеректе қазақ халқының салты бойынша қамшыны қолға ұстап үйге кіру бәленің басы саналатындықтан, сырт адам қашанда қам­шы­сын үй сыртына, ат үстіне қалдырып кететін. Ал егер үйге қамшысын ала келсе, онда дауласуға келгенін білдіреді.
Мұнан бөлек қазақта қамшымен байланысты көптеген дәстүр бар. Ол «қамшы ілу» деп аталады. Қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт кешігіп, не қыз айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген.
Қазақ сөз өнерінде де қамшыны «ойната» білген. Жүйрік атты қамшыдай қатқан, талаптанған жігітті өзін-өзі қамшылады,жүр­мейтін атты қамшы кесті шабан, жанына батқан істі қамшы боп тиді деп астарлай сөйлеген. Кейбір берекесіз жанды «қамшы алып беруге жарамайтын» деп кемітетін болған. Жүрдек атты қамшы салдырмайтын мал деп мадақтаған.
«Қамшының сабындай ғана қысқа өмір» деген тәмсілдің астарында үлкен мән-мағына жатыр. Қамшының сабы қалай қысқа болса, өмір де сол секілді тым қысқа. Міне, қазақтың көрегенділігі, қамшының қасиеті де осында.
К.Махсұт
09 қазан 2022 ж. 1 479 0