Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жыраулық өнердің шырақшысы

Жыраулық өнердің шырақшысы

 tolqyn.kz Төл өнердің туын көтеріп жүрген Арал өңірінің тумасы, жерлесіміз Айбек Тәңірбергенов бала кезден жыраулық өнерді бойына сіңіріп өсті. Әкеден дарыған текті өнердің шырақшысы болған Айбек аға – алдыңғы буыннан үйренген өнердің қыр-сырын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында еңбек етіп жүрген жан. Осы орайда, республикаға танымал жырау, жыршы, бірнеше дастандар мен толғаулардың авторы, халықаралық, республикалық жыр додаларының жеңімпазы Айбек Тәңірбергеновпен жыраулық өнерге келу жолы, қазіргі шығармашылық жәй туралы кеңінен әңгімелескен едік. 

– Айбек аға әңгімені дәстүрлік өнерге қалай келгендігіңіз туралы бастасақ...
– Әкем Жақсан таңды-таңға ұрып жырлайтын жырау болған кісі. Біздің бала кезімізде терме класы, үйірме деген болған жоқ. Жырға жақын жандардың бәрі әкеме келетін. Менің де өнерге деген құштарлығым артып, ізінде жүріп үйрендік. Әкем Жақсанның ұстазы атақты Бітімбай шайырдың баласы Жаңаберген жырау мен Сахитжан жырау деген жырау болған. Менің әкем сол Сахитжан жыраудан тікелей үйренген. Әкемнің нағашы жұрты да жыраулық өнерден кенде болған емес.Туған нағашысы Жұмабаймен туыс болып келетін Жұмабек жырау кешегі 1937 жылы репрессия кезінде атылып кеткен. Біздің әулетке жыраулық өнердің келетін жері осы түп нағашыларымыздан. Анамыз да тектіден туған, Сыман бидің туған немересі. Әкем 83 жасында өмірден озды. Оған дейін бізді дәстүрлі өнерге үйретуден бір жалыққан емес.
– Алғаш домбыраны неше жаста қолға алдыңыз?
– Біз әкеден туған 14 ағайынды жанбыз. Соның бәрі де өнерден кенде емес. Ал солардың ішінде халықтың көзіне түскен алдымен Бекұзақ болатын. Ағамның жолымен мен де үлкен сахнада танылдым. Біздің үйдің төрінде домбыра тұрушы еді. Оны үйге келген кез келген адам шертіп кетіп жүре беретін. Біз де бірімізден соң біріміз алып, қолдан-қолға тигізбей алып жүретінбіз. Арнайылап үйірмеге қатыспасам да, жай ғана дыңғырлатып жүріп үйреніп кеттім. Осылайша ең алғаш ауылдағы мәдениет үйінде домбырамен ән айттым. Содан бастап жұрт «дауысың жақсы екен» деп баға бере бастады. Ағам Бекұзақ пен ұстазым Сұрағанның ізіне көп ердім. 1988 жылы ең алғаш рет облыста болатын комсомолдар айтысына бардым. Міне, менің өнермен сабақтасқан өмір жолым осылай басталып кетті.
– Жыраулық өнерді дәріптеудегі еңбек жолыңыз қалай басталды?
– 1993 жылы ауылда жүрген кезімде ұстазымыз, марқұм Сұраған Мырзаев өмірден өтті. Сосын ауылдағы балалар өнер мектебінде терме класына сол кісінің орнына мені жұмысқа алды. 1996 жылы барлық жердегі музыка мектебі жабылған кезде, ауылдағы мектеп те жабылып қалды. Бірде 1999 жылы Қорқыттың 1300 жылдығына аймақтық жыраулар байқауы болды. Соған Арал ауданы атынан қатысып, ІІ орынды иелендім. Сонда мені облысқа жұмысқа шақырды. 17 жыл облыста халық шығармашылығын дамытуға үлес қостым. Қорқыт ата атындағы университетті дәстүрлі өнер – жыр мамандығы бойынша бітірдім. Оқу бітірген соң, аталған университетте сабақ бердім. 2016 жылы туған елге келіп, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлес қосып жатқан жайым бар.
– Алдыңғы буыннан кімдерді үлгі тұтасыз?
– Алмас Алматовтың көп көмегі тиді. Әңгімесін тыңдап, өнегесін алып өстік. Көптеген байқауларға қатыстырып, бізді шығармашылыққа бастады. Аралдағы жыраулардың үлкені – Демеу Көлімбетов, онан соң біз де үлкендікке жақындап қалдық. Жұмабек Аққұлов ағамның да жыраулық өнердің дәріптелуіне тигізген үлесі көп.
– Жыраулық өнердің өткені мен бүгіні және болашағы туралы не айтар едіңіз?
– Кешегі жыраулардың қоғамда атқаратын рөлі жоғары болған. Мәселен, Абылай ханның қасында Бұхар жырау жүретін болса, Кенесарының жанында Керейт Нысанбай жырау болған. Одан бері кешегі Жанқожа батырдың жанында Құрманай Төремұрат жырау жүрген. Кеңес үкіметінің кешегі 70 жыл үстемдік құрған шағында жоғалып кете жаздап, елдегі ақсақалдардан жалғасып келіп өркен алып кетті. Қазіргі жастардың талпынысы күшті. Бірақ бұрынғыдай халық арасында жырау шақыртып жырлату өте аз. Қадау-қадау жерлерге барып жүрміз. Күнді түнге ұрып жырлататын жер жоқтың қасы. Бір айта кететіні, Қазақстандағы оралмандар шоғырланған жерлерде жыраулық өнерді дәріптеу дәстүрі қатты сақталған. Жыраулықтың дәріптелетін жері – той мен ас. Мысалы, бұрындары бір адам өмірден өтетін болса, оның жылдық асында арты той болсын деген ырыммен жырау жырлатқан. Қазір ол біздің өңірде ондай болып тұрған жоқ. Қазақстанның өзінде некен-саяқ. Негізі, жыраулықты ұстап қалған Сырдың бойы мен Маңғыстау өңіріндегі қазақтар ғана. Қазақтың барлық жерінде болған, бірақ осы екі өңірде қазақы қаймағы бұзылмай сақталған. Көне мақам саздарына дейін жеткізіп отыр. 
– Авторлық туындыларыңызға тоқталып өтсеңіз...
– Бірнеше тарихи туындылар бар. 2005 жылы жазылған «Қира ат» деген дастан бар. Бұл бәйге аты туралы осы Арал өңірінде өткен оқиға желісінде жазылған. Қазір бұл жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына еніп, оқытылып жүр. «Көк арғымақтың баласы», елдегі ақсақалдардың қолқалауымен «Көлімбет жыры» кандай әулиелер, жыраулар, билер мен белгілі тұлғалар өткендігі туралы қамтылған туынды. Қазір «Татыран Тәжі палуан» деген жыр дастанды жазу үстіндемін. Өлгенше жауырыны жерге тимеген аруақты палуан болған екен. Соның әр жерден әңгімесін естіп, біледі деген ақсақалдарды үйге қонақ етіп, қона жатқызып әңгімесін тыңдадым. Қазір сол туынды жазылу үстінде. Одан бөлек, арнау, терме, көңілқостар баршылық.
– Эстрадалық бағытта да талай жас әншінің бағын жағып жүрген «хит» әндеріңіз қаншаға бағаланады?
– Мен өзімді сазгермін деп есептемеймін. Бұл – әуесқойлықтан ара-арасында туатын дүние. Ал енді қаламақы мәселесіне келер болсақ, ешқашан өз туындымды ақшаға сатқан адам емеспін. Көбі ұнатып, қолқалап алып кетеді. Қазір Роза Әлқожа, Заттыбек Көпбосынов, Досымжан Таңатаров сынды бірқатар танымал әншілер әндерімді орындап жүр.
– Бүгінде сізді үлгі тұтар жастар өсіп келеді. Шәкірт тәрбиелеу ісі қалай?
– «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді ғой. Ұстаздың қасіреті өз білгенін өзгеге үйретпей, өмірден өткені. Ондай адамның тек аты ғана айтылады. Ал білгенін жан-жағына үйрете жүрген жанның аты да, шығармасы да ешқашан өшпей, мың жасайды. Жыраулар мектебі қалай қайта ашылды, елдегі жүрген балалардың арасынан «жарқ» етіп талантты балалар шыға келді. Қазақтың қанында бар дүние ғой. Соның дәлелі, Аралдағы жыраулар үйінен оқып шыққан балалардың нәтиже көрсетуі тіпті ерекше. Біздің шәкірттер еліміздің түкпір-түкпіріндегі жоғары оқу орнында оқып, музыкалық білім алуда. Бүгінде Аманөткел мен Шижаға, Қарақұмда жыраулар үйінің кластары ашылған. Енді барлық ауылдан ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Сосын балаларға дайындалуға жақсы, жайлы жағдай да жасалуы керек. Қазірде жыраулар үйінің ғимараты ескіріп тұр.
– Айбек қатал ұстаз ба? Шәкірттен нені талап етесіз?
– Жырау қазақы тәрбиені бойына сіңірген, елдің рухын көтеретін адам болуы керек. Мен өз шәкірттерімнен бірінші кезекте жеті атасы мен руын, түпкі шыққан шежіресін білгенді талап етемін. Содан кейін өзі өскен өңірдің тарихын білуге ізденуі керек. Танымал билер мен шешендер, батырлар туралы төгіле сөйлеп тұруы керек. Сосын өзіңнің білгеніңді өзгеге үйретуден еш жалықпау керек деп айтып отырамын. Басты ұстанымым – өтінішпен келген адамның ешқашан бетін кері қайтармау. Жырау үлкейген сайын кемелдене береді, болдым деген өлдім деген. Ешқашан мен болдым деп айтуға болмайды. Білуге тиісті нәрсеміз әлі көп-ақ.
– Аралдың мақамының ерекшелігі неде?
– Бізде дауыстың әдемі толқыны бар. Иірімі көп. Үлкен әуез мамандары біздің мақамды қатты бағалайды. Сол себепті біздің шәкірттер көп жағдайда оза шауып, орын алып жатады.
– Бүгін қазақ өнеріне жаңа сарын, өзгеше лек келуде. Жаңалыққа көзқарасыңыз қалай?
– Жастар тез танымал болғысы келеді. Шетелге көп еліктейді. Тіпті сөздің мәнмағынасын түсінбейтін жастар толқыны өсіп келе жатқандығы да жасырын емес. Әуезінде де, сөзінде бір мағынасы, айтайын деген ойы жоқ әндер көбеюде. Тойда асабалар жаттап алып сөйлейді. Тіпті кейбір айтқан сөзінің мағынасын өзі білмейді. Халық та айтайын деген ойы жоқ арзан күлкіге әуес болып келеді. Мұның бәрі халықтың сөйлеу, ойлау мәдениетін төмендетуге әкеледі. Осындай жағдайларға қынжыламын. Дәстүрлі өнерді оқыған бала мен олардың арасы жер мен көктей. Біз әр сөзді жаттатқан кезде оның мән-мағынасын тереңдетіп оқытып, ашып түсіндіріп отырамыз. Жыр деген халықтың рухы ғой. Кенесары жауға шапқанда Керей Нысанбай жырау қолдың рухын көтеріп, дем берді емес пе?!
– Ағаңыз Бекұзақтың кейінгі ұрпаққа дәріптелуі жолында қандай бастамалар жасалуда?
– Бекұзақ – шоқ жұлдыздай жарқ етіп, өнер әлеміне шығып, халықтың ұраны болар сөздерді қалдырған біздің әулеттің ғана емес, тұтас бір елдің мақтанышы. Бүгінде Арал ауданында Бекұзақты еске алу шаралары жиі өтіп тұрады. Шижаға ауылынан жаңадан салынған мектепке есімі беріледі дегенді естіп жүрмін. Оны уақыт көрсетеді. Бекұзақ Тәңірбергенов атындағы дәстүрлі байқау өткізу де жүйелі түрде қолға алынуда.
– Ұлттық өнерді дамыту үшін не керек?
– Жалпы, қазақта жырау болған, атбегі мен саятшылық бар. Бұл – қазақпен біте қайнасқан ұлтпен бірге туып, бірге өлетін дүние. Бұлар халық көзінен таса болмауы керек. Ылғи назарда ұстап, тиесілі қолдау көрсету керек. Жайлы жағдай жасалса, халық болған жерде жолын жалғар жас толқын табылады. Бір өкініштісі, қаншама шәкірттеріміз оқу бітіріп келеді де, ауылда жағдай жасалмаған соң, сыртқа кетіп қалып жатады. Болашақта соларды туған елге тарту керек. Біздің де ізімізді басатын ұрпақ болу керек.
– Айбекті не қынжылтады?
– Қазір жыр тыңдайтын аудитория жоқ. Мені осы қатты алаңдатады. Бір шәкіртіме оқу бітіргенше төрт жыр дастан жаттаттым. Толғау, жырларын қоспағанда, бұл таңға дейін жырлауға жететін репертуар ғой. Тыңдайтын орта жоқтығынан солар ұмытып жүр айта алмай. Халық та жайлап бет бұрады деген үміт те жоқ емес.
– Жыраулықтан бөлек қандай қызығушылығыңыз бар?
– Мен бала кезімнен жүйрік ат пен құмай тазыға құмар болып өстім. Ат баптағанды жақсы көретін адаммын. Бір кездері мектеп бітірген соң да атым мен тазымды қимай, түсіп тұрған оқуыма бармай қалғанмын. Қазірде жер-жерден таза тазы тұқымын алдырып, қолға ұстап отырмын. Ал бәйге десе делебем қозып, көзбен көргенге құмартып отырамын.
–Әңгімеңізге рақмет! Өнердің өрінде жүре беріңіз! Аман болыңыз!
Әңгімелескен Назерке Бақыран
22 қараша 2022 ж. 692 0