Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есімі елдің есінде

Есімі елдің есінде

Қазақ халқы өзінің өткен өмір жолында талай-талай тар жол тайғақ кешу кезеңдерін басынан өткерген. Тәуелсіз бен теңдікке жету жолында ауыртпашылық пен азапқа, талай қиындық пен мехнатқа қабырғасы қайыса қарсы тұрып төтеп берген. Өз тәуелсіздігін бейбіт, демократиялық жолмен алуды көздеген зиялы саясаткерлер мен асқақ мұратты азаматтар болды. Әңгімеміз кеңестік дәуірде Қазақстан Республикасының қалыптасуына ұлттық зиялылар қатарында үлкен үлес қосқан азаматтардың бірі – Тәкей Есетов туралы болмақ.Бүгінгі әңгімемізді Тәкей Есетовтің адамгершілік, азаматтық болмысы туралы замандасы, ағалы-інілі болып араласқан мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановтың мына бір естелігінен бастағанды жөн көрдік. Ол: "Тәкең – тегін емес, текті, киелі азамат, тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы.Тегінде, тектілікті халық та, уақыт та, тарих та, ғылым да жоққа шығармайды. Ал Тәкеңнің тектілігінің тамыры терең, бұтағы бүтін, жапырағы жасыл, өзгелерден ерекшелеу тектілік. Тәкең 90 түйе сексеуілге өртесе де күймеген, жанбаған қасиетті әулие, атақты Қаз дауысты Қазыбек бидің пірі болған Сейітмамбет бабамыздың тікелей жетінші ұрпағы.
Тәкең ауданы бар, облысы бар бас-аяғы 27 жыл хатшы болды. Т.Есетов облыс тарихында өз замандастары, үзеңгілестері арасында жалпы хатшылық қызмет атқарған мерзімі ең ұзақ және республикалық Жоғарғы Ке¬ңес¬ке Арал ауданынан қатарынан үш рет депутат болып сайланған жалғыз хатшы. Ол ауданды, облыс¬ты басқарған кезде елде берекелі тірлік, сызат түспеген бірлік болды. Тәкеңнің өзінің мәртебесі, айбаты, жеке абыройы мен беделінің үстіне, Алаштың біртуар ардақты азаматы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, СОКП Саясы бюросының мүшесі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың Тәкеңе деген ерекше көзқарасы, сенімі мен өзара отбасылық, ағалы-інілік қарым-қаты¬насы, сыйластығы сол заманда елімізге, халқымызға үлкен қолдау, берік қорған болды.
Тәкеңмен қызметтес, сыйлас болдық, біріміз ұстаз, біріміз шәкірт болдық, біріміз аға, біріміз іні болдық, тәрбиесін алдық, қам¬қорлығын көрдік. Мен 1999 жылы Алматыдан зейнеткерлікке шығып, туған жерге, елге түпкілікті көшіп келіп Тәкеңе сәлем бере барғанымда: «Қарағым-ай, іргемізге бір ел көшіп келгендей болды ғой» деген шын көңілден шыққан ғибратты сөзі менің есімнен ешуақытта да шықпайды",– деген еді.
Тәкей Есетов 1923 жылы қараша айында Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын сауатсыздарға әріп үйрететін курста мұғалім болып бастаған кешегі Ұлы Отан соғысының ардагері аудандық сотта хатшы, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде, аудандық қаржы бөлімінде де қажырлы еңбек етті. Сонау 1955 жылы Ленинградтағы қаржы-экономикалық институтын бітірген соң, жолдамамен айдынды Аралға табаны тиеді. Сөйтіп, ұлы теңіз жағасындағы Аралға келісімен қызмет мәселесі де оң шешімін тауып, аудандық қаржы бөлімінің бастығы қызметіне тағайындалады.
Тарихи құжатқа сүйенсек, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тәкей Есетов туралы жарыққа шыққан "Тағдыр мен тағылым" атты кітапта әуелі Арал аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы, бір жылдан соң партия комитетінің екінші хатшысы болып абыройлы қызмет еткені жазылады. Міне, осы қызметтерде жүріп, ел жағдайын етене танып-біледі. Осы тұста халықтың әлеуметтік ахуалын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында мектеп, балабақша, аурухана, тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізіліп, аралдықтардың игілігіне берілуінде Тәкей Есетовтің қосқан үлесі зор болатын.
1957-1965 жылдары Арал аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болды. 1965 жылы Қызылорда облыстық партия комитеті Тәкей Есетовті Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындайды. Бұл ауданда колхоз, совхоздарда мал басы анағұрлым көбейіп, Аралдың атақ-даңқы асқақтап тұрған кезі еді. Осыған сәйкес аудан халқының тұрмыс-тіршілігі жақсара бастады. Елдің әл-ауқаты жақсарып, ауылдарда ауруханалар, білім, мәдениет ошақтары, кітапханалар салынып, тұрғындар игілігіне беріле бастады.
Міне, осындай ауқымды жұмыстарды атқаруда аудан басшысы Т.Есетов тамаша ұйымдастырушы, көреген басшы екендігін таныта білді. Ауданда атқарылған жұмыстардың қаржы көзін іздестіруде, оны уақытылы орындау мақсатында облыс, салалық министрлік, Үкімет орындарына дейін шығып, аянбай тер төкті. Сол кездегі жұмыстың өркендеуіне, елдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтар көп болды. Олардың қатарында Аралбалық комбинатының директоры (кейін Балық шаруашылығы министрі) Қ.Саржанов, Райым, Жамбыл балық колхоздарының төрағалары Б.Омаров, Ә.Жүсіпов, Бөген, Қаратерең балық аулау базаларының, Ұялы балық зауытының директорлары Ә.Әнесов, Ж.Әлжанов, Т.Ұйқасов, Д.Аймағамбетов, "Қарақұм", "Приарал", "Арал" кеңшарлары мен "Құланды" жылқы зауытының директорлары Б.Бижанов, М.Қазанбасов, Т.Сырымов, Ж.Жетесов сынды және де басқа көптеген азаматтар болды.
Ол ауданды басқарған 15 жылдай уақыт ішінде ел-жұртпен, үлкен-кішімен тіл табыса білген, сол кездегі өңір экономикасы мен әлеуметтік жағдайын дұрыс бағамдай білген, көпшіліктің алғысына бөленіп, бұқара халықтың сенімін арқалаған білікті басшы болды. Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына тікелей Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қолдауымен келді.
Шынтуайтында, Тәкей Есетұлы 1978 жылдан 1985 жылдар аралығында Қызылорда облысын басқарған кезеңде құрылыс қарқын алды. Облыс орталығында драма театр, музей, әуежай, басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысы сол кезеңдерде қатар жүргізілді, көптеген өндіріс орындарының жұмысы жандана түсті.
Елі үшін еңбек еткен азаматтың өнегелі істерін ел жадында қалдыру мақсатында Арал қаласының орталықтағы бір көшесіне Тәкей Есетовтің есімі берілген. Жас ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, қазақстандық патриотизмді арттыру үшін Қызылорда қаласындағы №264 мектеп-лицейге Тәкей Есетұлының есімі берілді. Осы шараға қатысқан сол кездегі облыс әкімі, қазіргі ҚР мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «1969 жылы Тәкей Есетұлы теңіз мәселесін көтеріп, Республика Үкіметі Аралға арнайы комиссия жібереді. Сол кезде теңіздің тартыла бастағаны, келе жатқан экологиялық апаттың алапат толқыны жайлы қозғау салған Тәкей Есетов екендігін екінің бірі біле бермейді. Елінің ертеңін ойлаған жанашыр азамат қана осындай ұлы істерге ұйытқы болады», – деп, халқы қадірлей білген азаматтың елеулі істерін атап өткен болатын.
Атам қазақ "Жақсы жар – азаматтың бақыты" деп бекер айтпаған. Азаматтың бақытты болуы, басына қонған бағының баянды болуы әйеліне тікелей байланысты. Тазагүл Сейтжанқызы тұз-дәмі жарасып Тәкеңмен отбасын құрды, бір ұл, бір қызды болды, оның үстіне Тәкеңнің бұрынғы отбасынан аналары қайтыс болған төрт баланың, әке-шешесі дүниеден өткесін сегіз сіңлісінің барлығы он төрт жанның тағдыры мен тәрбиесі мейірімді әйел-ананың пешенесіне жазылған екен. Тазагүл Сейтжанқызы тағдырдың аманатын, бұл жауапты да аса ауыр міндетті абыроймен орындады. Балаларының бәрін оқытып, жоғары білім беріп, тәрбиелеп, өзінің отбасынан он үш жанұя шығарып, шаңырағын көтертті.
Атпал азаматтың өмірлік серігі Тазагүл Сейтжанқызы өз естелігінде: "Ұлы Абай «Адам дүниеге келгенде есті болмайды, естілердің сөзін ескеріп, қажетіне жаратып жүрген адамның өзі де есті болып қалыптасады», – депті. Адам – өз заманының перзенті. Қандай қоғам болса да ондағы жасалған кереметтердің бәрі де адамның ақыл-ойының жемісі. Қазір қоғам өзгерді, заманы да, амалы да, тіпті адамы да басқа. ХХ ғасыр дүбірлі оқиғаларға толы болды. Аштығы, асыра сілтеуі, соғысы сияқты алаптардан Алланың қолдауымен аман қалғанның бірі – Тәкең екен. Өзі айтқандай, соғыстан кейінгі алпыс жылға жуық өмірінде тағдыр оған жақсы мен жайсаңдардың ортасын бұйыртқан. Тегінде, қанында болған қасиет оқуы, ортасы арқылы молая түскен. Алланың жұмыр басты пендесіне кездесер өмір тауқыметі бізді де айналып өткен жоқ. Тәкең отбасындағы күйбең тіршілікке көңіл бөлген жан емес. Кейде ірі-ірі бұрылыстарда ғана жол сілтер еді. Ол кісінің пікіріне қарсы келген жерім жоқ. Себебі дұрыстығын өмірдің өзі күнде дәлелдеп отырды. Сондықтан да Тәкеңді пір тұттым. Екі жақты қосқанда ордадан он үш отау бөліп шығарыппыз. Осының бәрін өз орнына қоюда азаматтың мол ақылы, менің күйбең бейнетім болыпты", – деп, асыл азаматының тек қызметте ғана емес, отбасылық өмірде де парасат-пайымы мол, текті жан болғандығын айрықша атап өтіп, еске алған еді.
Абзал азаматтың елдің мұрат-мүддесі жолындағы еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Үш мәрте "Еңбек Қызыл Ту", "Октябрь революциясы" ордендерімен марапатталып, мәртебесі асқақтады.
Тәкей Есетұлы – Сыр елінің ардақты ұлы, қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын тұлға, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, артына ұмытылмас із қалдырған азаматтардың бірі. Сыр топырағында дүниеге келіп, бар ғұмырын рәтті іске арнаған қайталанбас тұлға, атпал азаматты еліміз әрқашан мақтан тұтады. Артында ердің еңбегін бағалайтын елі барда, ізін жалғастыратын ұрпағы барда "Жақсының аты өшпейді" деген осы болар.
К. МАХСҰТ 
07 желтоқсан 2022 ж. 1 092 0