Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » А.А.Громыконың қабылдауында болған аралдық келіншек

А.А.Громыконың қабылдауында болған аралдық келіншек

Бұл туралы мен алғашқыда 2016 жылы «Сыр ардагері» (қазіргі «Ардагер айнасы») басылымында қызмет атқарып жүргенде республикалық «Түркістан» басылымының сол жылғы мерзімді санынан оқып білдім. Сонан соң 1986 жылғы болған Желтоқсан оқиғасына мақала кейіпкерінің қандай қатысы бар деп ұзақ уақыт ойға шомдым. Бұл мақаланың авторы, белгілі көсемсөзші Көлбай Адырбекұлының сол жылдары Желтоқсан оқиғасы туралы жазған топтамалары осы газеттің беттерінде ұдайы, тұрақты түрде жарияланып келе жатқан болатын. Енді, міне, «Түркістан» газетінің кезекті санында жарияланған жерлес қарындасымыз Қазынагүл Базарбаева туралы көлемді мақала жарияланып отыр. Сондықтан мен асықпай араға алты жыл салып әлгі мақаланы мұрағаттан іздеп тауып, жадыма жан-жақты тоқуға, зерделеп оқуға кірістім. Сонан білгенім, жоғарыдағы мақала кейіпкері Қазынагүл Базарбаева 1954 жылы 26 мамырда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Бөген елді мекенінде туыпты.
«Түркістан» газетіндегі жоғарыдағы мақаланың кейіпкері Қ.Базарбаева туралы деректерді замандас, құрбы-құрдастары (Бөген ауылынан шыққан) хабардар болар деп сұрастыра бастадым. Бірақ онымнан түк шықпады. Сонда да үмітімді үзбей алыс-жақындағы адамдардан Қазынагүл Базарбаева сияқты қайсар келіншектің өмірдерегі туралы жан-жаққа сұрау салдым. Сонан бір күні Қазынагүл Базарбаеваның жан жары Мырзағұл Әбдіқұловтың Желтоқсан көтерілісі кезіндегі талайлы тағдыры, нақақтан азап шеккендігі, ату жазасына кесілгендігі жайлы бүкпесіз жазған алматылық белгілі журналист Көлбай Адырбекұлына хабарласуға тура келді.
Ол өзіндегі бар мәліметті айтып, біздің кейіпкеріміздің сол кезеңдегі қазақ әйеліне тән қайсарлығын туған жеріндегі басылымдарда да баяндау артықтық етпейтінін тілге тиек етті. Сондай-ақ «Заман-Қазақстан» басылымының бас редакторы, белгілі көсемсөзші Ертай Айғали олар жөнінде кезінде драма жазып, оның сахналанғанынан хабардар етті.
Сонымен Желтоқсан оқиғасы тұсында жазықсыз жазаланып, жоғарғы соттың үкімімен ату жазасына кесілгендердің көш басынан көрінген жерлесіміз Мырзағұл Әбдіқұлов пен жұбайы, қайсар қазақ әйелі Қазынагүл Базарбаеваның бастан кешкендері туралы әңгімеге ат басын бұрайық.
Кіндік қаны Бөген елді мекенінде тамған Қазынагүл Базарбаева тағдыр қосып 1973 жылы Арал қаласы, Тоқтаров көшесі №23 үйдің тұрғыны Мырзағұл Әбдіқұлов деген жас жігітке тұрмысқа шығады. Біраз жыл сол үйде тату-тәтті тұрған ерлі-зайыпты екеуі тіршілік қамымен 1977 жылы Алматы қаласының іргесіне қоныс аударады. Арада он жылдан астам уақыт өткенде ерлі-зайыпты екеуі 3-4 перзентімен ірі мегаполиске таяу Қаскелең қаласына, сонан соң бірінші Алматы теміржол вокзалына жақын жердегі Шамалған стансасының маңайындағы Стаханов ауылына біржолата қоныс тебеді.
1986 жылғы 16-17 желтоқсан күндері қазақ жастарының сол тұстағы билікке қарсы бас көтеруі кезінде Мырзағұл Тәжіғұлұлы Әбдіқұлов Шамалған стансасындағы автожүргізушілерді дайындайтын оқу комбинатында курсант, жолдасы Базарбаева Қазынагүл мүйізді ірі қара фермасында сауыншы болатын. Ал отбасындағы төрт баласын 1913 жылы туған анасы Сұлуқас Әдбіқұлова бағып қалады. Негізінен Қазынагүл Базарбаеваның жолдасы 1951 жылы туған Мырзағұл Тәжіғұлұлы Әбдіқұлов осы облыстағы Жаңа-Қазалы (қазіргі Әйтеке би кенті) стансасында өмірге келген көрінеді. Кейін ата-анасымен бірге Арал қаласына қоныс аударған екен.
Алдымен Мырзағұл Әбдіқұловтың Желтоқсан оқиғасына қатысты, адам өлтірді деген күдікпен ұсталып, ату жазасына қалай кесілгендігі жөнінде кеңірек тоқталып кетейік.
1986 жылғы 19 желтоқсанда Арал қаласынан жездесі Қапал-Арасан шипажайына ем алуға, демалуға келеді. Соны күтіп алуға қарындасы екеуі мінген қалаға баратын жолаушылар автобусының үстінде жүргізуші мен оның жанындағы жасөспірім жігіт (екеуі де орыс ұлтынан) ұлтшылдық пиғылда Мырзағұлға қарсы үстемдік көрсетіп, тиісе бастайды. Амалсыз қорғану үшін қолындағы зат қарсы ұмтылған әлгі екеуінің бетіне қате тиіп, ол сол жерде көз жұмады. Қоғамдық тәртіп сақшылары күдікті М.Әбдіқұловты сол арада қамауға алады. Озбыр ниетті жандардан қорғанған Мырзағұлды ақыры адам өлтірді деген жалған жаламен айыптап, неше түрлі болмаған қылмысты үйіп-төгеді. Сөйтіп Қазақ ССР Жоғарғы сотының коллегиясы 1987 жылы 6 сәуірде 37 бап негізінде Мырзағұл Тәжіғұлұлын айыпты деп санап, ең жоғарғы үкім – ату жазасына кеседі. Бұл үкім ең соңғы талап арызбен шағым жасауға жатпайтын ең қатал үкім болатын.
Әуелгі қапаста Желтоқсан оқиғасының салдарымен ату жазасына кесілген әйгілі Қайрат Рысқұлбековпен аз уақыт бірге болып, ағалы-інілі адамдардай сыйласқан Мырзағұл Әбдіқұлов мұнан кейін үкім орындалу уақыты болғанша бұл жерде қаншама азап кешпеді дейсің?!
Айтпақшы, Мырзағұл Желтоқсан көтерілісінің нағыз қаһарманы, солақай саясаттың соқыр пәрменінен бейқапыл атылып кеткен атақты Қайрат Рысқұлбековпен әуелгі кездері Алматы түрмесінде бір колонияда отырады. Қазір оның бостандыққа шығып, елге тарап кеткен жасындай жырлары түрме қабырғасын жарып өтіп, туыстарының қолына жетуіне жерлесіміз М.Әбдіқұловтың болысқанын екінің бірі біле бермес. Тіпті Қайраттың Қазынагүл Базарбаеваны демеп, жұбату айтқан, болашаққа жігерлендірген хаттары да болыпты. Өкінішке орай ол хаттарды қорғаушы белгісіз себептермен жоғалтып алған көрінеді.
Сол қапастан, сол бір ауыр қазадан оны өмірлік қосағы, қарапайым қазақ әйелі, қайраткер ана Қазынагүл Базарбаеваның құтқарғаны қазір аңыз іспеттес. Бірақ бұл болған жағдай еді. Енді соны әңгімелеп берейік. Кейінгі жас ұрпақ бұндай қасіретке душар болмасын, тек оларға сабақ болсын деген оймен.
Сонымен Қазынагүл ату жазасына үкімі кесілген күйеуі Мырзағұл Әбдіқұловты құтқару мақсатына бел байлайды. Тумысынан өжет келіншек алған бетінен қайтпайды. Сөйтіп әуелі Қазақстан Жазушылар одағының сол кездегі төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, атақты ақын Олжас Сүлейменовтің алдынан бастайды. Сол мезгілде белгілі ақын Мұхтар Шахановтың қабылдауында болып, мұнан кейін Олжас Сүлейменовтің ақылымен және тікелей араласуымен КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Андрей Андреевич Громыкоға, сонымен бір уақытта Одақтық әйелдер кеңесінің төрайымы, атақты ғарышкер Валентина Терешковаға, жоғарғы қызметтегі Наталья Пуховаға арнайы хаттар жазылады. Артынан төркін жұртындағы туыстары жол қаражатын көтерген Қазынагүл жанына енесі Сұлуқасты ертіп, Кеңестер Одағының астанасы Мәскеуге сапар шегеді. Бірақ Терешкова да, Пухова да бұлардың өтінішіне салғырт қарап, Қазынагүлдің салы суға кетеді. Алайда жігерін жанып, қайратына қайта мінеді. Мұқалмайды, мұңайса да алған бетінен қайтпауға әбден бел буады. Құдды баяғы патшалық Ресейдегі желтоқсаншыл офицерлердің өжет әйелдері сияқты. Иә, олар да жер түбіне айдалған күйеулерін іздеп арып-ашып ақ қар, көк мұзда, ақ боранда жаяулап Сібірге бармап па еді. Екінші мәрте Мәскеуге жол тартқан ол бұл жолы КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы А.А.Громыконың қабылдауында болуды мақсат етеді. Кеңестік қоғамда Андрей Андреевичтің атқарған қызметі, алар орны айрықша еді. Сталиннің сенімді ізбасары, Кеңес Одағының бір кездегі елшісі, Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастап биліктің жоғарғы эшелонында өзіндік орны бар тұлға болатын ол. Кеңес Одағы тарағанша саяси бюро мүшесі атағынан айнымаған, ат арқасынан түспеген бірегей саясаткердің алдына бару айға барып-қайтудан анағұрлым азапты, ауыр екенін Қазынагүл сол барған сапарында түсінді. Себебі ол кісінің өзі Қызыл алаңдағы Кремльдің тышқан жорғалап кіре алмайтын төрінде отырғанмен, кезекке жазылу кеңсесі аулақта екен. Қайсар Қазынагүл қанша қарманғанмен, талай рет табанынан тозғанмен қапысын таба алмады. Өйткені одақтас 15 республикадан құрдай ағылып келіп өтініш-тілекпен осы арада отырған адамдардың қарасынан көз сүрінетін. Әне-міне кіру мүмкін болмайды. Сонан оны келесі айға кезекке жазады. Бірақ төрағаның қабылдауына кепілдік бере алмайтындығын түсіндіреді көмекшілері.
Амалсыз Алматыға оралған қайсар келіншек тағы да тағат тауып отыра алмайды. Бұл екі ортада Қазақ елінің астанасы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісі күллі әлемді аяғынан тік тұрғызып, дауыл күнгі теңіздей дүр сілкіндіріп жатқан болатын. Соған орай әлемдік қауымдастық КСРО басшылығына хат жолдап, жастарды жазадан босатуды талап етуді еселей түскен. Бұған Балтық жағалауы елдерінен құрылған тәуелсіз комиссия белсене кірісіп, нақақтан жазаланған жастардың ісіне ара түсіп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қарсы тұрған еді. Соған байланысты жерлесіміз Мырзағұл Әбдіқұловтың жоғарыдағы ісі бұзақылық емес, саяси қылмысқа жататынын, осыдан бір жылғы сот үкімімен келіспейтіндігін білдіреді.
Жазған құлда шаршау жоқ. 1987 жылдың соңына таман «шешінген судан тайынбас» дегендей қайратына қайта мінген Қазынагүл жолдасының ісін қайта бұздыру үшін үшінші рет тәуекелге бел байлап жолға шығады. Бұл жолы қасына орыс тілін ойдағыдай білетін таныс әйелді серік етеді.
Бірнеше тәулік жол үстінде жүріп шаршап-шалдыққан бұлар Мәскеуге жеткенмен, қонақ үйлердің біразын жағалап, бос орын таба алмай табандарынан тозады. Сөйтіп жүріп Мәскеу шаһарының орталығындағы «Россия» қонақ үйінің ауыздағы залындағы жұмсақ орындықтардан жай тауып, екі күн түнеп шығады. Сонан 1-2 күн өткенде осы қонақ үйдің еден сыпырушы әйелі түр-түсі бөлек әлгі екеуіне мейірімі түсіп, жағдайларын түсініп, өзінің пәтеріне әкеп орналастырады. Өзін Таня деп таныстырған қарапайым орыс әйелі Қазақстаннан келген екі келіншектің жай-жапсарына қанығып, жанашырлық танытады.
Жақсылық хабардан үмітін үзбеген Қазынагүлдің жүрегі дүрс-дүрс соғады, Кремльдің төрінде отырған А.А.Громыконың көмекшісіне әлгі өздері жайғасқан пәтердің телефон нөмірін қалдырып, үлкен кісінің шақыруын шыдамсыздана күтеді. Уақыт болса зымырап өтіп жатады. Ештеңеге зауқы соқпай Кремльден тағатсыздана хабар күтіп жүрген күндердің бірінде азанда Қазынагүл жатқан пәтердің телефоны безек қағып қоя береді.
Телефон тұтқасын көтерсе, Громыконың көмекшісі екен. Қазынагүлдің қысқа тілдесуден ұққаны, үлкен кісі сол жұма күнгі кешкі сағат бесте қабылдайтын көрінеді. Мұны Қазынагүл жақсылық ырымға жориды. Өйткені жұма қасиетті күн. Ата-баба әруағына сыйынған ол ертерек Кремль қақпасына келіп жеткен еді.
Әлденеше тексеру, тосқауылдан өтіп барып үлкен кабинеттің есігінің алдына да ақыры жетті-ау. Осы жерге жеткенше әр бұрылыста қаққан қазықтай қақшиып күзетшілер тұрған. Мұның тұла бойын тінте қарап әрі қарай тездетіп өткізіп отырды. Қолдарындағы байланыс құралдарымен бір-біріне «Женщина из Казахстана» деп хабарласып жатқан.
Үлкен емен есіктің алдында Қазынагүлдің жүрегі атқақтай соқса да бар күшін бойына жинап алды. Сонымен бірге өзін КСРО секілді алып держава басшыларының бірінің шынымен қабылдауына шақырды ма, бұл рас па деген ой бірер секунд ішінде жазғытұрғы жасындай жалт етіп келеді басына.
Ол Громыконың көмекшісінің ізін баса табалдырықтан аттай бере «Иә, Алла, ісімді оңғара көр, Мырзағұлдың жазасын жеңілдете көр» деп іштей сыйынып атшаптырым кабинеттің босағасында бір минут тұрып қалғандай болады. Жаңа әзірде үлкен адамның көмекшісі Қазынагүлге бар болғаны бес минут бөлінгенін, сол уақыт ішінде бар ойын жинақтап айтуды ескерткен. Тап осы жерде жазықсыз жапа шегіп, ең жоғарғы үкім кесілген күйеуінің тағдыры шешілетінін де өзі іштей сезеді. Сондықтан бар қуат-қайратын бойына жинап алған ол сәл-пәл ілгері аттады. Үлкен үстелдің арғы басында отырған Андрей Громыко көзілдірігінің үстінен күлімсірей қарап, бұған отыруға ишара жасады.
Иә, бұл кешегі келмеске кеткен қоғамды басқарғандардың бірі және бірегейі, дүние жүзін атақ-даңқымен дүр сілкіндірген державаны уысында ұстаған топтың көшбасшыларының алдыңғы қатарында болған Андрей Андреевич Громыко болатын. Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болатын нағыз көкжалдың өзі еді.
Ол Қазынагүл қолына тапсырған Олжас Сүлейменовтің, енесінің және өзінің өзіне жазған хаттарын мұқият оқып шығып, алдында тұрған қайсар қазақ қызының қайғы мен қасірет қонақтаған жүзіне ойлана қарады. Үлкен адамның жүзі жылы шырайлы екен. Талайдың суға батып бара жатқан соңғы үмітіне сенім берген, адасып жазықсыз жапа шеккен, талай тағдырларды тау қапастан арашалап алып қалған А.А.Громыконың ол міне, қарсы алдында тұр. Ол қазақ әйелінің қайғы-қасіреттен азап шеккен, бірақ қайсар түріне сүйсіне қарап жұмсақ үнмен:
– Жарайсың, қызым! Мен саған көмектесемін. Сенің болашағың алда,– деп тіл қатты. Тіпті сол мезетте Громыко оның қайғыға душар болған күйін тап басып танығандай:
– Уайымдама, бәрі жақсы болады. Ол енді ұзақ отырмайды,– деп, әлгі үш хаттың бұрышына қысқаша жазып, қол қойып көмекшісіне ұсынады.
Бір қызығы, А.А.Громыконың үкіметтік жеделхаты Мырзағұл Әбдіқұловтың ең жоғарғы ату жазасына кесу үкімі орындалатын күні таңертең ерте жетіп, ол тура келген ажалдан аман қалады.
Жоғарғы соттың ату жазасына кескен үкім сөйтіп, жиырма жыл түрмеге ауыстырылған М.Әбдіқұлов оны өтеу үшін әуелі Сібірдегі абақтыда отырады. Көп ұзамай 1991 жылы ел тәуелсіздігі есіктен енгенде Республика үкіметінің сұрау салуымен Желтоқсан оқиғасы тұсында жазықсыз жазаланғандар басқа елдерден еліміздегі түрмелерде жазасын өтей бастады. Сондай айтулы кезеңде М.Әбдіқұлов та өз еліміздегі Өскемен түрмесінен бір-ақ шығады. Кешікпей осы жерде он жылдай жазасын өтеп шыққан М.Әбдіқұлов отбасымен аман-есен қауышады.
Жан жарын басын бәйгеге тігіп ажалдан аман алып қалу үшін қаншама қасірет шексе де шегінбеген қайсар қазақ әйелі болса тап осы Қазынагүл сияқты айбатты, қайратты Арал қызындай болсын дейміз. Оның сүйікті жары Мырзағұл үшін кез келген адам кіре алмайтын Кремльдің тарс жабық қақпасынан көктей өтіп, кешегі алпауыт мемлекет басшысының бірі А.А.Громыконың алдында қабылдауда болуы кез келген әйел түгілі ер адамның қолынан келе бермейтін іс.
2002 жылы ҚР Жоғарғы соты сол кездегі мемлекет басшысының жарлығымен ақтап, біржолата бостандыққа шыққан жерлесіміз Мырзағұл Әбдіқұлов бұл күндері сүйікті жары Қазынагүлмен, бала-шағасымен бірге Алматы қаласының іргесіндегі Шамалған ауылына таяу Стаханов елді мекенінде өмір сүруде.
Кеш те болса әділдік салтанат құрды. Бәрінен бұрын ел-жұрт алдында ар-ожданы ақталды, абыройы асқақтады, тасбауыр тағдыр сынын жеңіп шықты. Соның басты тұлғасы – Қазынагүл сияқты қазақтың қайсар қызы қандай құрметке де лайық, кейінгі ұрпаққа үлгі болғандығын айтқымыз келді бәрінен бұрын.
Толыбай АБЫЛАЕВ
16 желтоқсан 2022 ж. 897 0