Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бір ауыз сөздің құдіреті

Бір ауыз сөздің құдіреті

Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөз бар. Сөздің адам баласының жан дүниесіне әсер ететін дара қасиеті де баршылық. Берекеттің бір ұшы, құт-берекенің қадір-қасиеті де осы «Сөз» деген ұлылықтан бастау алатындай. Қаншама ғасырлық тарихқа, шежіреге бай халқымызда қара қылды қақ жарып, әділдігімен бір руды, одан қалды, бір ауылды басқарып, жол сілтеп отыратын ақсақал қариялары болған. Олар «Сөз» құдіретіне бас иген. Осы тұрғыда мына бір әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Соңғы кездері оның әйелімен қарым-қатынасына сызат түсті. Екеуі бір-бірімен түсінісе алмайтын. Болмашы нәрселерге екеуі келісе алмай, пікірлері де бір жерден шықпай, араларында ұрыс-керіс көп болып тұратын. Екеуінің де бір-бірінен шаршағаны соншалықты, ажырасудан басқа жол жоқ деп ойлайтын. Өйткені екі жастың арасы суығанына байланысты құдалардың қарым-қатынасына да сызат түскен. Содан көп ойлана келе отағасы жұбайымен жап-жақсы басталған отбасылық өмірінің шырқы неліктен бұзылғанын, ұрыс-керістерінің, бітпейтін дау-жанжалдың неліктен жиі туындап тұратындығының себебін іздеп көрді. Өз бетінше себебін таба алмады. Сондықтан ол көпті көрген, ел мақтайтын бір қарияның ақыл-кеңестерін тыңдау үшін алдына барған еді.
Ол қарияға өзінің басында болып жатқан жағдайлар туралы айтып, кеңес сұрады. Сонда қария жігіттің бетіне бажайлап, ұзақ қарап отырды да: "Енді кеш, сен ажырассаң да, ажыраспасаң да пайдасы жоқ. Өйткені сенің бір айдың шамасындай ғана өмірің қалды. Не істесең де енді бұл өмірдегі жағдайдың саған мәні жоқ",– депті.
Аузы дуалы деген ел құрметтейтін ақсақалдың аузынан осындай сөздердің шығуы мұң екен, жігіттің жүзі бозарып, бір сөз айта алмастан үйден шығып кетіпті. Жолында кездескен таныс кісілерінен кешірім сұрап, оларға жылы сөйлеп, бір қимастық сезімінің бар екендігін аңғартыпты. Үйіне қайтып келе жатып, ойына неше түрлі оқиғалар келіп, өткен өміріне сырт көзбен қараса, өзінің жіберген қателіктерінің біршама екендігін түсініпті.
Сөйтіп үйіне келген соң әйеліне осы уақытқа дейін жасап келген мәмілесінің бұрыс жағын көре бастайды. Әйеліне: "Егер мені кешіре алсаң кешір және маған разы бол. Осынша уақыт бірге өмір сүріп келеміз, мен сені ренжіткен сәттерім өте көп болды. Мен саған жақсы күйеу бола алмадым. Қалауыңды орындауға тырыспадым" дейді.
Әйелі болса күйеуіне таңдана қарап "бұған не болған?" деп ойласа да, оның қазіргі халіне аяныш білдірді. Қуарып кеткен жүзінен мұның тегін еместігін сезген бойда: "Отағасы, керісінше, мен сізге әрдайым құрметсіздік көрсеттім. Сізді көп ренжіттім. Мені кешіріңіз", – деп ол кешірім сұрайды. Екеуінің де жүрегі жібіп, бір-біріне деген мейірімдері сол сәтте оянып, көздеріне еріксіз жас келіпті.
Кейін отағасы өзіне ренжіп жүрген қайын атасына барады. Ол кісіден де кешірім сұрап, татуласады. Әйелі де өз кезегінде енесінен кешірім сұрап, ендігәрі ренжітпейтіндей мәміле орнатыпты. Осылайша жанұяда тыныштық орнап, мамыражай күйге ене бастапты. Енді отбасында татулық орнап, жанұяға жылылық шуағы тарала бастапты.
Арада бір ай өткен соң, жігіт ойлана бастайды. Ол өзіне ақыл айтқан қарияның сөзін есіне алып, өмірінің "соңғы сәтін" күтумен болады. Бірақ сол айтылған күн "кешіге" бастайды. Мүмкін, ол толық бір ай деген жоқ, бір айдың көлемі деп еді ғой деп бойын үрей билеп жүргенде екі ай да өте шығады.
Сол кезде ғана ол қарияға барып "Ақсақал, сіз менің өмірімнің өлшеулі екенін айтқан болатынсыз. Бірақ сол күнді күтумен міне екі ай да өтті. Бұл қалай болғаны? Сіздің аузыңыздың дуасы бар деп сенетін едім. Алайда мен әлі тірі жүрмін" дейді.
Сонда таңғалған қария: "Өлгені несі? Бірақ мен саған солай деген болсам, оның да бір себебі бар. Мен сенің қашан өмір сүруіңді тоқтататыныңды білмеймін. Алла ғана білуші. Бірақ сен мынаны естен шығарма, бәріміз де тірі жанбыз. Ерте ме, кеш пе, біздің кеудемізде соғып тұрған жүрек бір күні соғуын тоқтататынын білген адам ешқашан өзіне берілген өлшеулі өмірін дау-жанжалмен өткізбейді. Мен саған соны түсіндірмек болған едім. Енді қалай? Өмірің өзгерді ме? Дау-жанжалсыз, тыныш өмір сүріп жатырсың ба?" деп сұрайды.
"Иә, айтысып-тартысуды ұмыттық, бір-бірімізге мейірімменқарай бастаған сияқтымыз", – дейді жігіт.
"Міне, өзіңнің де, менің де көздегенім осындай өмір емес пе еді? Енді әрдайым осылай тату-тәтті өмір сүріңдер. Бәрібір бір-біріңсіз өмір сүрсеңдер де жақсы өмірге қол жеткізе алмайтындарыңды түсініп, бақытты болуға, татуласуға ұмтылғандарың үшін рақмет",– дейді дана қарт.
Осынау шағын әңгімеден сөздің рухани қару екендігіне көз жеткіземіз. Қашан да ұрыс-керіс барға қанағат етпеу, шүкіршілік жасамау, шыдамсыздық танытып, қиындыққа төзбеуден туындайтыны рас. Әңгімеде отағасы данагөй қарияның бір ауыз сөзіне ден қойып, екі жақтан да өзгеруге талпыныс болмағанда, мүмкін бұл отбасы сақталып қалмас та еді-ау. Сондықтан қамшының сабындай қысқа ғұмырда бір-бірімізге, айналадағы қоршаған заттарға махаббат көзімен қарап, жылы сөз арнауға міндеттіміз. Сонда ғана өміріміз мәнге, мағынаға толы болмақ. Атақты бабамыз Мәшһүр Жүсіп: «Адам бойында үш асыл бар: бірі – көз, бірі – тіл, бірі – көңіл» деп тауып айтқан. Бұл расында адамзат баласын жақсы өмірге жетелейтін жақсы сөз, жарым ырыс.
К. МАХСҰТ
24 желтоқсан 2022 ж. 1 456 0