Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бағаламасаң бақ қонбас

Бағаламасаң бақ қонбас

Баяғыда Әлімнің Жақайымында Үйез деген бай өткен екен. Ел іші айтатындай, сол кісі малды да, жанды да болыпты. Малының есебінен жаңылысып қала беретін көрінеді. Жаңылыспас үшін жанынан есепке жүйрік көмекші ұстаған. Ақылдасып отыратын көзі қарақты адамы да болған. Сол Үйезге табиғат тамыршысы келесі жылғы қыстың өте қатал болатынын ертерек ескерткен. Оның айтқаны қоңыр күзде белгілі бола бастайды. Үйез бай кеңесшілерімен ақылдасып алғасын баласы Қадыр мырзаны шақырып алып: «Жылқыларды ойға алып бар. Үргеніш жерінде қар жатпайды. Жылқышыларыңды сонда қыстатып қайт. Бұл тарапта әкеңді білмейтін ел жоқ. Қосты Үйез байдың баласы Қадыр мырза бастап келеді екен деп, сені сынар хақында әркім әртүрлі бұйымын айта келер. Мырзалығыңды көрсетпе демеймін, көрсет. Есіңде болсын, астыңдағы Аққолтық атыңа өзгенің тақымын тигізбе. Келгендерге асыл тұқымды Қосанәлінің үйірінен мал шығындаушы болма. Мырзалығына басқа үйірлер де жетіп жатыр ғой»,– деп жолға шығарып салады.
Қадыр мырза Үргеніш жеріне жете алмайды. Жолда бара жатқанда құдды қас қылғандай аспаннан жауып, жерден борап, не ілгері, не кейін жүре алмай, жеткен жерінде қыстап қалуға тура келеді. «Ел құлағы – елу» деген. Үйез байдың мырзасына жол болсын айтушылар саябырсымайды. Келгендерге Қадыр мырза қонағасы беруден тарылмайды. Барымташылар да тиісе бастайды. Сондай күндердің бірінде Қадыр мырза Аққолтық атынан айырылып қалады. Қосанәлінің үйірі де шығынға ұшырайды.
Қыстың ауыртпалығы өтіп, жер аяғы кеңіген кезде Қадыр мырза елге қарай қозғалады. Көңілсіз. Жылқы шеруінің ең соңында ілбіп келе жатады.
Қадыр келе жатыр дегенде әкесі алдынан шығып, мән-жайға қаныққасын, түсін суытып: «Бұтың атқа, ернің аққа тимесін, балам» деп назаланыпты.
Ақыр аяғында әкеден қалған мал балаға мал болмапты. Қадыр мырза кейін уақыт өте келе кедейленіпті. Кейінгілерге осындай аңыз қалыпты.

(Ел аузынан)

Фото: ​natumbe.kz​​​
08 қаңтар 2023 ж. 911 0