Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жайсаңдар жатқан жер әулие

Жайсаңдар жатқан жер әулие

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп білетін біздің жұртымыз үшін киелі жер, әулиелі жер – жақсылар мен жайсаңдар мәңгілік қоныс қылған ата-баба қорымдары. Ата-баба бейіттері тұрған жерлер әр қазақ үшін атамекен саналады. Сондықтан да аталас, руластар басқа өңірде дүниеден өтіп жатса да, осы күнге дейін ата-баба қорымдарына әкеліп жерленеді. Әдетте зираттар көрнектілеу жерлерге, биіктеу төбешіктерге салынады. Халқымыз бұл дәстүрді барынша ұстануға тырысады. Бұл жөнінде ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов кезінде: «Молалар әрқашан қырат жерлерге, керуен жолдарына, өзен және көл бойына орналасады. Бұл жүргіншілер өлгендердің басына ерекше аят (бата) оқып кетсін деген мақсатпен салынады» деп жазған екен. Ертеден қалыптасқан мұсылмандық дәстүр бойынша, зираттың қасынан өтсе қайбір пенде де сәл аялдап, тізе бүгіп, аруақтарға арнап аят оқып, «Иманды болсын» айту, «Аллаһу акбар» деп бет сипап өту қазақы ортада әлі күнге сақталып келеді. Өйткені өлгендерге дұға бағышталса, марқұмның имандылығы еселенеді әрі аруақтар өзі мен отбасын және ағайын-туысын желеп-жебейді.Қазіргі мәліметтерге қарағанда Арал қаласы мен маңында үлкенді-кішілі, жаңалы-көнелі 12 бейіт бар екен. Оларға жергілікті органдардан ресми түрде айдарлап атау берілмеген, бірақ халықтың берген өз атаулары бар. Олар «Жарбол» қорымы, «Ермек» қорымы, «Көне қорым», «Нысанбай» қорымы, «Төртқара» қорымы, «Уәйіс» қорымы, Ш.Уәлиханов көшесіндегі қорым, «Орыс» қорымы, «Жұмаш» қорымы, «Молжігіт» қорымы, автожол бойындағы қорым. Бұдан ертеректе қаланың оңтүстік-батыс жағында «Қалмақ» қорымы болатын, уақыт өте жермен-жексен болып, бүгінде ол жер құрылыстар астында қалды. Қазір бір-жар белгілері ғана тұр.
Аралдағы қорымдардың барлығы дерлік соңғы жылдары мұқият қоршалып, бұрынғыдай мал тұяғына тапталмайтын болды.
Бүгін осы тақырыпты қозғау үшін қалам алдырып отырған жай – жақында ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған Гүлбаршын Айтжанбайқызының «Ұлылар қорымын неге ұмыттық?» атты мақаласын оқыған соң өзіміздің көкейімізге түсіп, ойымызға оралған жайлар. Мақалада бір сөз болатын нәрсе – қазір дамыған өркениетті елдерде зиратта жатқан қабірлердің картотекасын, цифрлық платформасын жасайтындығын айта келіп, осы істер бізде де іске асуы керек дейді. Өйткені қорымдарда жерленген марқұмдардың орнын жоғалтып алу арқылы тарихи жадымызды да жоғалтатынымызды айтады. Бұл – енді өмірлік мысал. Басқаны қойғанда, қазір басқа аймақтарда тұратын жерлестеріміз ұзақ жылдардан кейін келгенде, қалың бейіт ішінен іздеген өз ата-бабаларының қабірін таба алмай жүргендерді де құлағымыз шалып қалады. Мақалада және де Алматы қорымдарындағы ұлы, белгілі тұлғалардың бейіттерінің іздеусіз, тасада қалуын сөз етеді, қабір мен құлыптастарының күтімсіздігін тілге тиек етеді.
Ал осы тұрғыдан келсек, әр өңірдің экономикалық-әлеуметтік, рухани, мәдени дамуына зор үлес қосқан атпал қайраткерлер, абырой-даңққа бөленген азаматтары бар емес пе?! Міне, осындай жұмыла жұртқа жаққан жайсаңдардың қабірстандарыныңжай-жағдайы қандай? Тиісті жергілікті орындар, жалпы әлеумет оларға тыңғылықты көңіл бөліп отыр ма деген сауалдар көкейге оралады, түрлі сұрақтар туындатады. Белгілі кісілердің, ата-бабалардың іздеусіз қалуы – ұрпақтардың арына сын.
Арал қаласындағы ең белгілі үлкен қорым – «Жарбол» аталады. Жақында қаламыздың жоғарыдан түсірілген спутниктік суретін көргенбіз. Осы «Жарбол» қорымы өте ауқымды жерді алып жатқанына көз жеткіздік. Қаншама мыңдаған адам осында мәңгілік тұрақ тауып жатыр десеңші?!
«Жарбол» қорымы туралы әңгімені әріден бастасақ деймін. Бұдан 60-70 жыл бұрын қаламыздың шеті болып саналатын бұл аумағында бөлек-бөлек, дөңгелене-дөңгелене орналасқан үшқорым болатын. Аралары алшақтау орналасқандықтан да, олар – «Жарбол», «Орман», «Ақөте» аталатын. Қалыптасқан үрдіс бойынша, жалпы біздің өңірде көбіне-көп қорым атауына сол жерде ең алғаш жерленген адамның аты беріледі. Бұл үш қорымның аталуы да солай болған.
Әлгі үш қорымның қаланың батыс іргесіне өте таяу орналасқаны – «Жарбол» қорымы болатын. Халыққа танымал дін ғұламасы, емші Жарбол әулие Көтібарұлы 1854 жылы туып, 1928 жылы қайтыс болған. Атасы жауына найза тіреген Толыбай батыр, одан Көтібар батыр туады. Оның екінші әйелінен әулие баба өрбиді. «Көкілташ» медресесінде білім алып, өңірдің діни-ағартушылық дамуына үлкен үлес қосқан. Әулие баба осы жерге алғаш жерленген. Кезінде басына тілеухана да салынған екен. Сөйтіп бұл қорымның ашылғанына да биыл 95 жыл болып отыр.
Бұл қорымнан әрірек, тағы бір беткейге орналасқан бейіттерді «Орман» деп атайтын жұрт. Ол да тегін адам емес-тін. Өз кезеңінің белгілі дін иесі. Орман молда Жарылқасын баласы 1896 жылы Аманөткел маңындағы Шеңгелтүбек деген мекенде туған. Діни білімінің тереңдігі сондай, Құран кітапты оқып отырып, оны қазақшаға еркін аударып отыратын деңгейге жеткен. Ол 1959 жылдың шілде айында 63 жасында дүниеден өткен соң, тың жерге алғашқы боп қойылған екен.
Ал үшінші бөлік қорым атын алған Ақөте Найзабекұлы да уақытында ел-жұртқа қадірменді кісі болған. Үлкейген шағында өз қолындағы азын-аулық малын өріске шығарыпжүргенде үлкендеу, айыр басты қалың темірді Орман қорымынан күн батысқа қарай тұрған қыраттау тұсқа қада қылып қадап, өз ұрпақтарына «Мені осы белгі тұрған жерге жерлеңдер» деп өсиеттеген екен. Кейін уақыты болғанда балалары әке аманатын орындаған.
Міне, біз ес білген кезімізде қаланың батыс бетінде үш биіктеу жерге қатар түскен осындай«Жарбол» қорымы, «Орман» қорымы, «Ақөте» қорымы болатын. Аралары ол кезде алшақтау болғандықтан, араларынан машина жолдары өтетін. Тіпті балалар жаздай қозы-лақтарын олардың аралықтарындағы көкпеңбек шөпті беткейге жаятын, бұзауларын арқандап байлап қоятын. Ал сол қорымдардың күнгей жақ етегіндегі құмдауыт жиекте түйе, сиыр ұстайтын осы беттегі тұрғындардың мал суаратын құдықтары кешегі бір уақытқа дейін тұрды.
Жылдар өте Арал қаласының халқы еселеп өсе түсті. Үш бөлек қорымдардың арасын бірте-бірте жаңа бейіттермен толысып жалғаса-жалғаса үлкен аумақты алып жатқан бір қорымға айналды да, жұртшылық барлығын «Жарбол» қорымы деп атап кетті. Бүгіндері енді Арал қаласындағы көпшілік жерлеу рәсімін өткізіп жүрген «Жарбол» қорымына бөлінген жер аумағы толып болып қалды. Қазір алдағы уақытта өмірден өткен марқұмдарды қаланың кіреберісіндегі «Ермек» қорымына жерлеуді ұсынып жатырған жайы бар.
«Жарбол» қорымында өңірімізге, аймағымызға, тіпті есімі елімізге белгілі көптеген ірі тұлғалар жатқанын білеміз. Солардың бірі – 1921 жылғы «Арал эпопеясы» атанған, Ресейдің Волга бойындағы аштыққа ұшыраған балаларғақайырымдылық ретінде 14 вагон шикі балық жөнелткен Арал балықшыларының көшбасшысы Төлеген Медетбаев. Ол 1890 жылы туып, 1949 жылы қайтыс болып осында қойылған. Әрине кезінде еңселі болып тұрғызылған бейіті бүгінде біраз көнерген. Кірпіштері мүжіліп, кей жерлері түсе бастаған.
«Жарбол» қорымынан мәңгілік жай тапқандардың бірі – киелі Түркістан өңірінің соңғы датқасы Байзақ атты ғұлама. Кеңес өкіметі қарудың күшімен орнап, дін иелерін, бай-манаптарды қудалай бастағанда, қызыл биліктің шеңгеліне ілінуден сақтанған Байзақ датқа өзінің дос-жараны, белгілі аралдық азамат Жағал Таушановқа еріп келіп, осында паналап, Арал қаласындағы Базар алаңы көшесіндегі бір үйдің ауласынан жертөле салып алып, өмірінің қалған бөлігін елеусіз өткізген. Оның есімі сонау жылдары Әзірет Сұлтан кесенесінде жазылып тұрды дейтін. Қазақ жерін қан сасытқан қызылкөз большевиктердің қиғылықтарынан соң, туған жеріне орала алмай соңғы датқа 1939 жылы дүниеден өтіпті, Жарбол әулие маңында жер қойнына беріліпті.
Иә, аталмыш үлкен қорымда әр жылдары айдынды өңірде ел басқарған айбынды азаматтар, елге, жерге еңбек сіңірген тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, өнер мен мәдениет қайраткерлері, мемлекеттік түрлі атақтар мен марапат иелері, халық қалаулылары мәңгілік жай тапқан. Осыдан кейін барып, әлгінде айтқандай, қорымдағы белгілі-белгісіз қабірлердің картотекасын, цифрлық платформасын жасасақ, кейінгі ұрпаққа аманаттаған үлкен ісіміз болар еді дейміз. Біздің қазақ халқы қанша уақыт өтсе де, ата-баба қорымдарын өздігінен ешқашан жоймайтындығын ескерсек, келесі ғасыр адамдары бабаларын сұрау салып іздегенде қолдарында бүкіл ақпараттар тұрар еді.
Сондай-ақ үлкен тұлғаларымыздың, атақты арыстарымыздың көнерген бейіттерін жаңалап тұрса да құба-құп болар еді. Мысалы, жаңағы айтқан Арал десе есімі еске оралатын Төлеген Медетбаевтың бейітін, Жарбол әулиенің бейітін жаңаласа, мұнда келіп зиярат етушілер үшін де, марқұмдар үшін де сауапты бір іс болатыны даусыз. Әдетте бізде белгілі тұлғалардың, батыр-билердің, ақын-жазушыларлың зиратын жаңалау тек өз ұрпақтары, ағайын-туыс, рулас-аталастары тарапынан ғана болып жатады. Ал ауданға, қалаға, тіпті мемлекетімізге өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер азаматтардың зираттарын жаңалау жергілікті әкімшіліктерде, салалық мекемелер тарапынан да қолға алынса қандай ғанибет.
Жақында Арал қаласының қала мәртебесін алғанына 95 жыл толуына орай үлкен мерейтойлық шаралар легі болып өтті. Жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан «Балықшылар аллеясы» кешені ашылды. «Арал» атты қалың томдық кітап-антология жарық көрді. Алайда осы қаланың, туған жердің өркендеуіне зор үлес қосқан, бүкіл саналы ғұмырын халқына арнаған арыстардың басына барып Құран бағыштау болмаған секілді. Әйтпесе, үлгі ретінде айтып кетуге болады, тәжірибеде бар, көбіне көп өнер, әдебиет адамдарын еске түсіруге арналған байқаулардың іс-шарасына қатысушылар мен қонақтардың марқұмдардың бейітіне барып бата қылу міндеті бар пункт болып жазылып, міндетті жұмыс болып енгізіліп жүр. Еске алу кеші, байқаулар алдында, мысалы, Шижаға ауылында қорымда мәңгілік үйін тапқан жыршы-термешілер Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Қосжар ауылындағы қорымда ақын, сазгер Дархан Оразымбетовтің рухына тағзым етіп қайтқанымыз есімде.
Кейде аралдықтардың өздері белгілі тұлғаларының қай қорымда жатқанын білмей қалып жатады. Бір жас ақынымыздың осыдан біраз бұрын:
– Осы ақиық ақын Зейнолла Шүкіровтің бейіті қай қорымда. Басына барғым келеді. Көп адамнан сұрадым. Қайда екенін айта алмайды...– дегені бар.
Поэзия саңлағын іздеген жас талап әулие орынға барып тәу етіп қайтты.
Ал енді осылай іздеп қалған жастар болса, тұлғаларымыздың бейітін тауып бере аламыз ба деп ойланып қалдым. Ұлы Отан соғысының қас батыры Мұса Сәдібековтің, ақын-жазушылар Серік Сейітмағанбетұлының, Сағындық Тұрдалиевтің, Әбілхан Махановтың, сұңғыла күйші Қапар Жармағанбетовтің, дарабоз жыршы-термеші Рысбек Әшімовтің, қазақ жастарының арасынан шыққан тұңғыш акробатика шебері Құттымұратовтың, Үмбетәлі жыраудың Социалистік Еңбек Ері, балықшы Ұштап Өтеулиеваның, халық қалаулылары Әлсейіт Жұбаниязовтың, Ұлдай Есмағамбетованың, сазгерлер Дабыл Омаровтың, Дастан Көзмағанбетовтің, тағы басқаларының бейіттерінің қай қорымда екенін тап басып айта алар ма екенбіз. Бұлар туралы мектеп оқушылары, студенттер түрлі ғылыми жобалар қорғап, туындыларын орындап, есімдерін құрметпен атап мақтаныш тұтып жүр емес пе?!
Зиярат ету – қазақы исламдық дүниетанымда бақилық болған, ел ішінде беделді мәртебемен өмір сүрген жақсы мен жайсаңдардың мазарларына, қайтыс болған ата-баба бейітіне арнайы барып дұға қылу, тәу ету. Бұл сөзді араб тілінен аударғанда «мезгіл, мезгіл келіп тұру», «тәуап етуге», «құрмет көрсетуге» бару деген мағыналарды білдіреді. Бұл – әрбір пендеге парыз.
Ал зиярат етіп бару мәдениеті – өз алдына бір мағыналы әңгіме. Зиярат етушілерге қойылатын талаптар да бар. Зиратқа барар алдында алдымен дәрет, бойдәрет алып, адал көңілмен шынайы ниет етіп шығу керек. Зиратқа кірер кезде алдымен сәлем береді. Зират басында марқұмдардың дүниеде істеген жақсы істері, үлгі-өнеге айтылады. Қабір басында ғайбат сөздер айтуға, қатты сөйлеуге тыйым салады. Әулиелі орындарға, мазарларға кіргенде марқұмдарға құрмет ретінде оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығады, шұғыл бұрылып артпен шығып кету әдепсіздік болып табылады.
Қазір Қазақстанда «Бекет ата», «Марал ишан», «Домалақ ана», «Үкаша ата», тағы басқа да қасиетті бабаларымыздың, аналарымыздың аттары қастерленіп, сакральды орындарға айналып отыр.
Дәл сондай деңгейде болмаса да, «Жарбол әулие» қорымы – Арал қаласындағы көп тұрғындардың аяулылары, абыздары, ардақтылары жатқан орын. Ал қасиетті, киелі орынның уақыт шаңына көміліп, өшіп қалмай, қайта сәулеттеніп, тап-таза болып тұрғаны жөн.
«Сіздер де біздей болғансыздар, біздер де сіздердей боламыз» деп тобалықпен тәу етіп, өмірден өткен аруақтарды ешқашан ұмытпайық. Еліміздің туған жеріміздің жақсылары мен жайсаңдары жатқан жерді әулие орын десек болады. Оларға деген адами, имани құрметіміз ешқашан сарқылмасын!
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ
12 ақпан 2023 ж. 560 0