Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кітаптың иісі

Кітаптың иісі

Осыдан алты-жеті жыл бұрын «Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің журналистика факультетінің студентімін» деп Баян деген жас қыз хабарласты. Кітаптарымды, жазғандарымды сұрады. Айтуынша, оған курстық жұмысқа менің шы¬ғармаларым, яғни кітаптарым туралы жазу тапсырма етіп беріліпті. Әрине, мұндай сөзге бір пәсте болса қуанып қаласың ғой. Кітаптарымды реті келсе жеткі¬зіп беретіндігімді айттым.Ұзамай Қызылордаға барған сапарымда болашақ журналист Баян келісім бойынша іздеп тапты. Тиісті сұрақтарын қойып жатты. Әріден-беріден қозғап жауап беріп жаттым. Сондағы әңгіме сан-салалы болған-ақ шығар. Бірақ осы күнге дейін оның бір ауыз айтқан сөзі есімнен кетпей келеді. Өйткені ол ерекше бір сөз еді. Жүрекке жақ¬ын сөз.– Біздің Нұрлан Нұрмаханов ағай өте қызық кісі, бізге мамандық бойынша сабақ береді. Ағай сабақ үстінде бірде әкелген классик-жазушының кітабын мақтап алып, сосын мұрнына апарып, демін жұта бір демалды да: «Кітаптың иісі қандай керемет! Иіскей бергің келеді...» деп жүзі бал-бұл жанып кетті... Студенттердің біразы ағайдың мына қылығына күліп те жіберді. Бірақ сол сөз мені біраз ойландырып тастады... Кейде өзім қатты ұнатқан кітаптарды иіскеп қоямын... Шынымен де ғажап бір иіс бар сияқты... –деп Баян қарындасым жымия қарады.
Иә, кітап деген адамзат ойлап тапқан бар кереметтердің кереметі. Адамзаттың ықылым заманнан бері ақыл-ойының қазына-маржандары. Балалық шақтан бергі оқыған кітаптардың кейбірі әлі күнге дейін есімде. Үнемі еске алып жүремін, өйткені осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын оқыған кітаптарымның мұқабасы, иллюстрациялық суреттері, авторы, мазмұны, кейіпкерлері, тіпті бағасына дейін екібастан жадымда жатталып-ақ тұр...
Кітап... Адамзаттың өркениет шыңына шығуға ең басты себеп болған не десе, әрине ойланбастан ол – кітап дер едік. Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтеді, сезімін дамытады, сенімін нығайтады. Өзімізге дейінгі қол жеткізілген барша ғылыми, рухани жетістіктер бізге кітап арқылы жетіп тұр емес пе? Кітап адам ойын ұштайды, дамытады. Туындап жататын тың идеялар, асқақ ойлар – кітап оқитын адамның ақылының жемісі. Кітап арқылы өмір-тіршілікті танимыз, бұрынғы, кейінгі адамдардың жақсы-жаман әрекеттерін, түрлі ниеттерін, қилы-қилы сезімдерін таразылаймыз. Жақсысын алып өнеге, үлгі қыламыз, нашарынан жиренеміз, іргемізді аулақ саламыз. Сөйтіп жан әлемімізді нұрландырамыз.
Кітаптың адамзаттың өміріндегі орасан зор орны туралы қанша айтсақ та таусылмас. Адамның адам болып туып, адам болып қалмағының өзі осы кітапқа байланысты екендігін сезінеміз. Кітап – біздің өмірміздің бұлжымас айнасы.
Мен 40 жылдай мектептерде ұстаз болған кісімін. Қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ бергендіктен де, «Кітап – жан азығы» деген ұстанымды нық ұстап, шәкірттерімнің бойында кітап оқуға деген құштарлықты қалыптастыруға бар ынта-жігерімді салып жұмыс істедім десем болар. Әдебиет – ұлттың ұлт екендігін білдіретін негізгі бір арна. Әр оқушымның мен мынандай кітап оқыдым дегенін жетістігім деп отырдым.
Бірде біраз жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен Қазғұлова деген оқушым көшеде мені көріп қалып, кілт бұрылып, қуанып кеткендей жүзі алабұртып маған беттеп келе жатып:
– Сағынып жүрмін... Сағынып жүрмін...– дей берді. Қолымды алып жатып жаңағы ауанымен:
– Сағынып жүрмін... Ағай, әдебиет сабағын сағынып жүрмін... – дей берді. Менің жүрегім селт етті. Бұдан артық ұстазға қандай бақыт керек. Ең бастысы, оның әдебиет сабақтарын, кітап оқуды үйренген кездерін сағынғаны жүрекке жылы тиді. Ол кітап оқудың бақытын сезінгенін білдіріп тұрды.
Алдыңғы ұрпақ, жасыратыны жоқ, кітап оқу бақытын жақсы сезініп өтті. Өйткені баспадан шыққан кейбір кітапты қолға тигенше алтын іздегендей іздейтін. Біреуде бар екенін білсе: «Оқып болған соң маған берші» деп қолқалап сұрап жататын. Ал сол іздеген кітабы қолға түскенде, бақыт құсы қолына қонғандай шаттық күйде болатын. Оқып бітіргенше асығатын. Өйткені ұжымда болсын, әріптестер арасында болсын оқылған кітап әңгіме өзегіне айналатын.
Өткен ғасырдың 60-80 жылдар аралығында бүкіл қазақ халқы боп оқыған «Қан мен тер», «Көшпенділер», «Махаббат қызық мол жылдар», «Аласапыран», «Қайдасың, қасқа құлыным», «Үркер», «Ақиқат пен аңыз», тағы басқа жұртымыздың рухын көтерген, тарихын түгендеген, иманын қалыптастырған дүниелер еді. Әлгі оқушым сияқты осы күні сол кітаптарды, одан алған ұлан-ғайыр ой-сезімдерімізді сағынамыз. Бұл – біздің жан әлеміміздегі мәңгілік сағыныш... Тарқамайтын сағыныш...
Реті келгенде айта кетейік, кейінгі кезде «Қазір ешкім кітап оқымайды» деп айтушылар бар. Алайда біз бұл пікірмен келіс¬пейміз. Өйткені қаладағы кітапханаларға барып жүргендіктен де білеміз, өзін-өзі рухани байытқысы келетіндер, заман көшінен қалып қойғысы келмейтіндер кемінде жылына бірнеше кітап оқиды. Ал әрбір оқыған кітап – адам ойының көкжиегін кеңейте береді. Әр кітапты оқыған сайын адам адамзаттың рухани қазынасын ілгері апарушы, жаңа толқынға жеткізушісіне айналады.
Америкалық жазушы Рэй Брэдберидің «Фаренгейт бойын¬ша 451 градус» атты атақты романы бар екен. Онда кітап оқымайтын қоғамның өте қорқынышты келбетін суреттейді. Яғни кітап оқымайтын қоғам болу – ізгіліктен безінумен, адамзаттың жауы болуымен бірдей делінеді. Және де осы романда кітапты өртейтінін білген адам әлгі кітапты жаттап алып, өзі кітап-адамға айналды. Сөйтіп қалың мұқаба ішінде жасырылған маңызды мазмұнды болашаққа жеткізеді. Айтса айтқандай, бізде Қырымның қырық батырын жырлаған Мұрын жырау, жүздеген мың жолды жатқа білген Жамбыл мен Нұрпейіс бастаған халық ақындары нағыз кітап-адамдар емес пе?! Қайбір жылы аудандық Абай оқуларында ұлы хакім Абайдың 300-дей өлеңін, қарасөздерін жаттап алған оқушыны көрдік. Бұл – нағыз ғажап қой. Сондай-ақ мыңдаған мақал-мәтел, жүздеген аңыз-ертегі білетін құйма құлақтарымыз да жетерлік. Осындай құйма құлақ дарындыларымыздың көптігінен де қазақ ауыз әдебиетінің қоры бүгінде әлемде теңдесі жоқ дүниеге айналып отыр. Бірнеше жүздеген томға арқау болған көркем туындылар ұрпаққа аманат боп жетті. Бұл да ақыл-ой қорымыздағы ғажаптардың ғажабы болды.
Біздің айдынды өңірдің мақтанышы боп қазақ әдебиетіне қаншама ақын-жазушылар енді. Әлем таныған Әбдіжәміл Нұрпейісов, қазақ фантастикасының іргетасын қалаушылары Абдул-Хамит Мархабаев, қайыспас қайсар қаламгер Зейнолла Шүкіров, балалар мен жасөспірімдер әдебиетінде керемет туындылар жасаған Сайлаубай Жұбатыров, Қази Данабаев, парасатты поэзияның пырағына қол жеткізген Жарасқан Әбірашұлы, Шөмішбай Сариевтар, оның бержағында туған жерден кіндік үзбей мық¬ты шығармалар жазған Мешітбай Құттықов, Әмірадин Әленов, Серік Сейітмағанбетов, Жұмабай Жақ¬ып, Толыбай Абылаев, журналистика саласындағы очерктері ғаламат Шәкірат Дәрмағанмбетұлы, өңір жырау-жыршыларын қайта тірілткен Мұрат Сыдықов бастаған келесі толқын Оңталап Нұрмаханов, Оңталап Базаралиев, Талғат Тілеулесов, Бекұзақ Тәңірбергенов, Тәңірберген Дәрменов, Үргенішбай, Болат Қуатовтар, Аманкелді Өткелбаевтың кітаптары өз оқырмандарын қапысыз тауып, ой-сана қазынасы, өрелі өнер, терең тарих тәлімдері жерлестеріміздің рухани әлемін жан-жақты байытып, үлкен арналы мектепке айналдырды. Осылардың қатарында он бір кітап шығарған біз де бармыз. Алдыңғы ағаларымыздың кітаптарын қаншама мәрте оқып, қаншама мәрте парақтағанымды санамалап айта алмаспын. Ол кітаптар – өзімнің жазу столымның жанында «бізден қандай мағлұмат керек» дегендей самсап тұр. Жүрегімді солар нұрландырады. Ақы¬лыма өлшеусіз ақыл қосады. Мүмкін соларды түгел оқыған соң да бүгінде кітап жазып жүрген шығармыз. Өйткені Олжас Сүлейменовтің «Бір кітап жазу үшін жүз кітап оқу керек» деген сөзі бар. Біздің жазуымыз сол айтқан ойдың айғағы сияқты.
Менің өмір бойы өзгермеген іңкәрларым – шетел халықтары мен Алаштың алыптары мен арыстарының шоқтығы биік кітаптары. Кейде көңілімді тасытатын, кейде жүрегімді тыныштандыратын да осы қазыналы кітаптар.
Осы жасқа келгенше қолыма кітап ұстамаған күнім аз. Кітаптардың керемет иісі менің де тынысымды ашады. Өмірге құлшындырады.Қиялмен алыс-жақынды шарлатады. Дүние сырын аңдатады.
Сіздер де кітаптың осынау керемет иісін сезініп жүрсіздер ме? Кітап иісін ұмытпайық!
Е. ЗЕЙНЕТҰЛЫ
21 ақпан 2023 ж. 826 0