Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бақытымның бағасы қанша еді?

Бақытымның бағасы қанша еді?

Мөлдір ауылдағы қыздардың алды болатын. Әкесі –қарапайым шаруа. Анасы – мұғалім. Кішкентайынан еркелеп өскен Мөлдір ешқашан жаман қылығымен көзге түскен емес. Үйден алған тәрбиесі оны үнемі ерекшелеп тұратын. Ешқашан «қазақ әйелінің қалпын» ұмытпаған.
Мектеп жасынан-ақ ауылдағы өзі қатарлы, тіпті өзінен бірер жас үлкен жігіттер қауымының көзіне түскен. Мамықтай таза бетті, қиғаш қасты, қыр мұрынды қыздың қалпын нәзік қимылы ерекше көрсететін. Жоғарғы сыныпқа көшкелі тіпті «сөз айтқыштар» көбейген еді. Бірақ Мөлдір ешбіріне назар аудармаған. Өзі үйдің үлкені әрі жалғызы. «Оқу бітіріп, жұмыс жасаймын. Кейін әкемдей жанды жолықтырып, өз үйімнен ұзатылып, адал, ақ босағамды аттаймын» деп армандайтын.
Мектеп бітірген соң, арман қуып Алматыға келді. Анасының мұғалімдік жолын жалғастыруды қалап, пединститутқа оқуға түсті. Қаланың ауыр тіршілігі Мөлдірге онша жаға қоймады. Сапырылысқан көліктер, шулы қала, күнделікті түрлі оқиғалар оны жайсыздандыратын. Мөлдір ауылдың қарапайым тіршілігіне, таза табиғатқа, жайлылыққа үйренген болатын. Демалыс уақытын асыға күткені де содан шығар. Оқу уақыты бітіп, емтихандарын тапсырып біткен күні кешке пойызбен ауылға қайтқан. Жолда келе жатқанда жүрегі ерекше лүпілдеп соққаны есінде. Тіпті кеудемнен шығып кетеме деп ойлаған. Ауылға асыққанымен, бір сәтке қаланың қызығын қимай бара жатқан секілді көрінді.
Ауылға жаңа жылға қарсы келген. Өзінің жинап жүрген шәкіртақысына қаладан ата-анасына, бауырларына шағын сыйлық та алған. Бәрі бірге жаңа жылды қарсы алды, бірге дастарқан басында отырып, әңгімелерін айтысты. Сол күні кешке ертең сыныптастарымен қыдыруға сұранған болатын. Анасы қызының есейгеніне қарап жай ғана күлімсіреді. Онысы іштей ризашылығы да еді. Егер сол қыдырыс өмірін түбегейлі өзгертетінін білгенде рұқсатын бермес пе еді?! Мөлдірдің сұранбасы да анық.
Ертеңгі күн әдетінше басталды. Ата-анасын жұмысқа шығарып салған соң, үй шаруасына кіріскен. Кешке дейін барлығына үлгеруге тырысқан. Сыныбымен кездесетіні есіне түскенде тіпті асыққанын өзі де байқамады. Бәріне үлгерді. Үйдегілер жиналған бетте кешкі астың дастарқанын жайған. Оны да асығыс ішіп, ертерек қайтуға тырысатынын айтып, үйден шығып кеткен. Ауа райының қолайсыздығы да көңіліне тимеген.
Келісілген уақытта бәрі жиналған екен. Сыныптағы құрбыларын көргеніне қуанып, оқудағы қызықтарын айтысты. Кімнің қай қалада оқитыны айтылды, мамандықтарының қиындығымен де бөлісті. Отырыстың қызған шағында бейтаныс жігіттің келмесі бар ма?! Қыздар жағы ұмытып қалған екен. Төменгі сыныпта оқып жүргенде сыныбындағы Бақыт есімді бала көрші ауылға көшіп кеткен. Нағашы туысқандары осы ауылда қалған көрінеді. Сол Бақыттың өзі. Сыныптың ер балалары әлі де араласады екен. Ауылға келгенін естіп, қонаққа шақырған көрінеді.
Бақыттың көзіне Мөлдір оттай басылды. Кішкентайында көп ойнамайтын, қоңырау кезінде де кітабы мен дәптерін алып тыныш қана отыра беруші еді. Қазір де мүлдем өзгермепті. Бақыт келгелі, тіпті ұялып қалған сияқты. Орнынан қозғалған жоқ. Енді қайтуға жиналған, Бақыт шығарып салуға сұранды. Жолай қазір оқу оқып жатқанын, ағалары үйленгенін, ендігі кезек өзінде екенін айтты. Мөлдірдің де көңілінде адамы жоқ екенін білді. Қайдан екені белгісіз үйге жақындай бергенде жандарына көлік тоқтап, Бақыт Мөлдірді итермелеп кіргізді. Мөлдірдің шыңғыруға даусы шықпағандай болды. Көзінен жас парлап қоя берді. Ендігі сәтте ғана байқады, көлікті жүргізіп келе жатқан өзінің сыныптастары, жанында Бақыт. Қанша айқайлап, жылап жатса да мән беріп жатырған ешкім жоқ.
Бақыттың үйіне келген бойда достары «сүйіншілеп» кетті. Аң-таң болған әке-шешесіне: «бүгіннен қалса енді үйленбейтіндей болып, Бақыттың «алып қашу» дәстүрімен қыз әкелгенін» айтты. Содан не керек шай қайнатым уақытта ауыл жиналып, шағын дастарқан жайылып, хабаршылар да дайын бола қойды.
Бөлменің бұрышында бүрісіп отырған Мөлдірге жеңгелері барған. Бәрінің айтатыны бір сөз. «Бәріміз де осылай келгенбіз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бақыт – пысық жігіт. Әлі-ақ жақсы отбасы болып кетесіңдер. Тек ата-анаңа еріп кетпе. Онда өзіңе де, отбасыңа да атақ-абырой келмейді». Мөлдір не тыңдап, не қойғанын білмеді. Тек отбасының қалай қабылдайтынын, олардың не айтатынын ойлады.
Таң ата аға-жеңгесі келді. Жағдайын сұрады. Жеңгесіне бәрін айтып берді. Әке-шешесінің рұқсат бергенін естіді. «Жұрт арасында түрлі қаңқу сөздер тарайды» депті. «Кеше сен келмеген соң іздеген екен. Құрбыларың сені үйге қайтып кетті депті. Хабаршылар да сол уақытқа таяу келсе керек. Ауыл арасындағы жолды жауып, біздің де келгеніміз осы. Өзің білесің ғой, қыздың бөтен үйде түнегені қате. Ауылда әлден өсек тарап жатыр. Артыңнан сөз ермесін деп келісімді берді. Әйелдің қырық жаны бар. Бұл оқиға да ұмытылады. Тек шыдамды бол. Мүмкін, бағың Бақыт шығар...» деді жеңгесі.
Бір аптада Бақыттың отбасы бәріне дайын болды. Дүркіретіп той өткізді, құдалық та болды, қалыңмалды да молынан беріпті. Тек Мөлдірдің ешнәрсеге зауқы соқпады. «Мүмкін, бағың осы үйде шығар...». Осы сөз ойында қайталана берді. Жанына демеу болатын адамы жоқ сәтте отбасының абыройын ойлап, өзін тыныштандыратын болды.
Бақыт – үйдің еркесі әрі тентегі. Бақуатты отбасынан шыққан ол серілікке басты. Мөлдірді келін болғалы екі апта өтсе де Бақыт бірнеше күн ғана үйде түнеген. Достарымен қыдырып, тойды әлі тойлап жүрді-мыс.
Демалыс уақыты бітіп, екі жас оқуларына қайтты. Мөлдірге бұл жолы Алматының ауасы да жақпады. Екі айдан соң ауырып, үйіне келді. Бақытты да сол уақытта ата-анасы үйіне шақыртқан. Бірнеше күн ауылда болып, Мөлдірге қарасқан болды, кейін оқуына қайтты.
Арада ай өтті. Мөлдір күнделікті үй шаруасын жасайды. Бұл уақытта ата-енесі де келін екенін айтып, оның жуастығын пайдаланып, үстем билік жүргізе бастаған. «Бақытқа әйел табылады» дегенді де еститін болды. Солай жүріп бойына бала біткенін білді. Ендігі жерде отбасы жақсы қарайтын шығар деп үміттенген. Әттең, олар тіпті күдіктенетінін қайдан білсін? «Бақыт оқуда, біз жұмыстамыз. Үйге кім келіп, кім кеткенін білмейміз» деп айыптауды шығарды. Жеріктік уақыты да қиын өтті. Иіс пен тағамдар қанша жақпаса да, күніге үш мезгіл ыстық ас пісіретін. Одан қалса даңғарадай үйді жинау, іштің-сырттың шаруасы өзінің мойнында болатын. Ата-енесіне келім-кетім қонақтар да көп еді. Осының бәріне «ұят» деп, «абырой» деп шыдаған...
Жаз шыға жары да оқуынан оралды. Алғашқы күндері жақсы-ақ жүрген. Мөлдір ендігі жерде «бағым – Бақытым» деп ойлайтын да болды. Қуанышы көпке бармады. Бақыт баяғы әніне басты. «Күнде думан, күнде той». Ерте кетіп, кеш келеді. Үйде болса серігі – ұйқы.
Осындай күннің бірінде Мөлдір ауырып қалды. Ауруханаға жедел жәрдеммен алып кеткен. Апаруға жараған отбасы – ізінен іздеп келуге жарамады. Тіпті, Бақыт та келмеді. Өзінің отбасын уайымға салғысы келмеген Мөлдірге сыныптас құрбылары тамақ әкеліп жүрді. Күннен-күнге солып бара жатқан гүлдей болған құрбысын көріп, олардың жаны ашитын. Дәрігермен де өздері сөйлесті. «Баласынан айырылып қалу қаупі бар. Немесе өзін ажалға қияды» деген. Ақыры бәрін Мөлдірдің өз отбасына айтуға мәжбүр болды.
Ана жүрегі қалай шыдасын. Естіген бойда Мөлдірді ауруханадан шығарып, қалаға апарды. Онда да осы жағдай. «Көп уайымға салынған, ұйқысыздық мазалаған. Жеріктік уақытында да дұрыс тамақтанбаған. Баланың жетілуі кеш» дейді. Амалы жоқ ана қызын үйіне әкелді. Сол күйі Мөлдірдің барған отбасы оны іздеп келген жоқ.
Алланың әміріне қарсы амал бар ма бұл жалғанда?! Екі айдан соң қоңыр күздің қоңыр күнінде бөпесіне жарық дүние сыйлап, бірер минуттан соң мәңгілік мекеніне аттанды. Соңғы сөзі: «бағымның бағасы соншама қымбат па еді? Апа-ау, қанша еді?» болды.
Г. МЫҚТЫБАЙҚЫЗЫ
28 ақпан 2023 ж. 994 0